725
Ордалы әулеттің отанасы
Ордалы әулеттің отанасы
Осы мақаланы жазбас бұрын біраз ойландым, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық кітапханаға карантин жағдайы болса да кіріп, көптеген кітап пен журнал қарадым, ақпарат құралынан да іздедім. Іздеп жүргенім мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов көкемнің үйіндегі апам Айман Мағзиқызы туралы ақпарат еді.
Айман апам – қазақтың талай дарынды ұлдары мен Алаш қайраткерлері дүниеге келген Керекудің қызы (Павлодар облысы). 1947 жылғы 1 мамырда Мағзи ата мен Бал апаның шаңырағында көпбалалы отбасында өмірге келген. Үлкен ағалары мен әпкелері, өзінен кейінгі інілері мен сіңлілері оқыған озық ойлы жандар. Бүгінде бауырлары Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Павлодар облысында тұрып жатыр. Әрқайсысы – үлгілі отбасылар.
Қуаныш көкем жастық шағында оқуға жүйрік, сөзге шешен, белсенді жас болғанымен қатар, сұлу қыздарға да жағымды жігіт болған. Олай дейтініміз, Жамбылда техникумда, Мәскеуде академияда оқып жүргенінде небір сол заманның өресі биік, маңдайы жарқыраған қыздарымен жақсы байланыста болған, осы күнге дейін де бірге оқыған замандастарынан қол үзген емес. Бірақ жас жігіт Екібастұз, Баянауыл, Майкүбі, Майқайың, Кереку аймағын ен жайлаған текті әулеттің тұлымды қызына тоқталды. Өз дәуірінің перзенттері атанған Шорман бидің балаларының ішіндегі Мұсасы мен Мұстафасы заманында қатар басшылық жасаған, әдебиет алыптары Жүсіпбек Аймауытов пен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың елі атанған, қазақ ғылымының негізін қалаған Қаныш Сәтбаевтың кіндік қаны тамған, мүйізі қарағайдай академик ғалымдарды дүниеге келтірген Павлодардың қызына күйеу болды, төс мүжіді.
Көкем 1970 жылы 29 сәуірде шаңырақ көтеріп, апам алғаш рет оңтүстікке табан тіреді. Атасы Айтахан қария мен апасы Айжамалдың қара шаңырағына, яғни Отырарға келін болып түсті. Алдағы мереке
1 мамыр біртұтас Кеңес халықтарының бірлігі мен ынтымақтастығы күнінде Шәуілдірде дүркіреген той да болып өтті. Алыстан ағайындар келді, ауылдағы жақындары келінге құтты болсын айтып, жаңа құрылған отбасына бақыт тілеп жатты. Міне, көптен күткен ұлы той да басталып кетті.
Көкем мен апамның өткен өмірлеріне қарап отырсақ, желдің өтінде, қылыштың жүзінде жүргенін көресіз. Әр заманда көкемнің орны күлтөбедегі күнде жиында ел қамымен болса, апам отбасы дейтін бір төбеде биік болды. Күндіз де, түнде де үйіне ертіп келген жолдастарының алдында жерге қаратпады. Қашанда қазаны асулы, дастарқаны жаюлы, шайы бұрқырап қайнап тұрды. Бұл көрініс күні бүгінге дейін де осылай жалғасып келеді.
Қуаныш көкем Мәскеудегі К.Скрябин атындағы Мәскеу малдәрігерлік академиясын бітіріп, жолдамамен сол кездегі Шымкент облысының Алғабас ауданына (қазіргі Бәйдібек ауданы) қарасты XXII партсъезд атындағы совхозда еңбек жолын бастап кетті. Ал Айман апам Керекуде, Мәскеуде өткен балалық, жастық, студенттік шағымен қоштасып, оңтүстіктегі келіндік жолын бастады. Жаман келін болған жоқ, сыйлы, сырбаз келін еді. Алғаш отау болып енші алғандағы Алланың бұйыртқан қорғаны тұрмыстық комбинаттың жанындағы бір бөлмелі пәтер болатын. Міне, осы жерден өсіп-өнді, кемелденді, бүгінге жетті. Ері айтты істеді, тыйды, көнді. Өстіп жүріп маңайдағы ауыл келіндерімен, көкемнің әріптестерінің келіншектерімен аралас-құралас бола жүріп, оңтүстіктің салты мен дәстүріне, қазақи болмыс-бітіміне, тілдік диалектіге, үлкенді сыйлау мен әдепке үйренді. Ауылда тұрған соң ауыл тіршілігі дейтін күйбең тірліктің үдәбірәсінен шыға білді. Бұған дейін естісе де жасап көрмеген, істеп білмеген ыстық табаға көң қалап нан пісіру, сиыр сауып сүт пісіру, айран ысытып, күбі пісу секілді дүниетанымдарды сол ауылдың сайыпқыран келіндерінің ісіне қарай жүріп, білмегенін сұрай жүріп үйренді, жасады. Апам ұйытқан қою айранынан ішіп, жайған құртын қарыны ашқанда аузына салып сорып, құмдағы қойшылардың ауылын аралағанда термосқа құйып берген шайын ішіп, алғашқы отбасылық шынайы тәтті сезімнің балдай дәмін татып жүрді.
Біраз уақыт өткенде ауыл тұрғындарымен, еңбек адамдарымен, жас келіндермен ет жақын араласып, ауылға төселе бастады. Алғашқы сәбилері де осы ауылда дүниеге келді. Бұл кездерде көкем де еңбекте озат жұмысшыға айналып, өзін адал еңбегімен айналасына таныта бастаған кез болатын. Совхоз директоры, көкемнің алғашқы өмір мектебіндегі ұстазы Стефан Гарбатенко Айтаханов отбасына сенім артып, ауыл орталығындағы босаған кең пәтерді бергізді. Ал апамның алғашқы өмір мектебіндегі ұстазы, XXII партсъезд атындағы совхоз өмірі болып шыға келді. Осылайша, жас жұбайлардың ауылдағы күнделікті тұрмыс-тіршілігі жалғасын тауып жатты.
Көкем, әр жылдары қызметтік жолымен оңтүстіктің бірнеше ауданында қызмет атқарды. Ал апам жанында жүріп, әрбір бастамасына қолдау білдіріп, тілекші болды. Отырардан бастау алған Айман апамның келіндік жолы көкеммен қатар Алғабас, Қазығұрт, Шардара, Арыс, Сайрам, Созақ аудандары мен Алматы және Шымкент қалаларында өз жалғасын тапты. Көкем басқарған аудандардың бірінші ханымы бола жүріп, өзін биік санамады. Әрқашан бетегеден биік, жусаннан аласа болды. Көкемнің басшылық істеріне араласып, берекесін алмады. Балаларын өсірді, тамақтандырды, киіндірді. Еш нәрседен кем қылмады. Солтүстікте дүниеге келіп, батыста білім алып, 35 жыл оңтүстікте тұрып, үлгілі келіндердің көшін бастады. Бүгінде Оңтүстіктегі қай аймаққа барсаң да Айман апамды білмейтін жан жоқ, еңбектеген баласынан, еңкейген кәрісіне дейін Айман айтулы келін, Қуаныш елдің баласы дегенді естімеген адам кемде-кем шығар.
Ордалы елдің баласы Қуаныш Айтаханов қызметтік жолымен 2005 жылы Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты болып оңтүстіктен сайланды. Сайланып қана қойған жоқ, екі рет бағы жанды. Міне, осы уақыттан бастап апам мен көкем қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында тұрып келеді.
Елді сағынып, ауасын аңсап жүргенде жаныңа жағымды сөздерді есту кез келген адамды бір көтеріп тастайтыны жасырын емес. Айман апам өте таза, бауырмал, кеңпейілді, жылы жүзді, мінезі ашық, нұрлы адам. Менің білетінім, Нұр-Сұлтан қаласында жүргенде басына орамал тартып, қайнылары мен үлкендерге осы күнге дейін қазақы салтпен сәлем салатын жалғыз апам. Айман Мағзиқызы туралы жаза берсе таусылмайды. Себебі сіз – Қуаныш көкемнің бағын ашқан жансыз. Оңтүстікте басқан ізіңіз, көрсеткен ізетіңіз сайрап жатыр.
Сүндет Каримов, Нұр-Сұлтан қаласы