396
Үздік ақын-жазушылар анықталды
Үздік ақын-жазушылар анықталды
Алматыда биылғы жылдың үздік ақын-жазушылары анықталды. «Алтын қалам» байқауында үздік шыққандарды оқырмандардың өздері таңдаған. Айта кету керек, бесінші рет өткізілген әдеби жүлденің ауқымы жыл сайын кеңейе түсуде. Бұл жолы оған шетелдік қаламгерлер де қызығушылық танытыпты. Осылайша, байқауға жалпы саны 900-ге тарта шығарма келіп түскен.
Ал байқаудың негізгі мақсаты – оқырмандарды бүгінгі қаламгерлермен таныстырып, көркем әдебиетке ынталарын ояту.
«Алтын қалам» әдеби байқауының ұйымдастырушысы Расул Жұмалы: "Арнайы интернет желісінде сайт ашылып, әрбір шығармаға дауыс беріліп, жүлдегерлерін біз марапаттадық. Бұл шын мәнінде әділ, халықтың ойынан шығатын шығармалар", - деді.
Осылайша, «Жылдың үздік поэзиясы» аталымында Дәурен Айманбетов, «Үздік проза» бойынша алматылық Жанел Әбузарова жеңімпаз атанды. Сайлау Байбосын - үздік сатиралық шығарманың иесі. Ал «Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті» аталымын павлодарлық Гүлнұр Бауыржанова жеңіп алды. Ол 14 жасында кітап жазып, көпшілікті таң қалдырып отыр.
Байқау жеңімпазы Гүлнұр Бауыржанова: "Басында өзім үшін жаза бастадым. Уақыт өте келе менің жеке оқырмандарым пайда бола бастады. Сол оқырмандарым арқылы мен өзіме шабыт тауып алып, кітабымды әрі қарай жазуға күш таптым" дегенді жеткізді.