1617
Әділ сайлау – адал әкім
Әділ сайлау – адал әкім
6 наурыз күні Мемлекет басшысы әкімдердің қызметіне қатысты құжатқа қол қойды. Әкімдердің халықпен кездесуін өткізу туралы Жарлық арқылы олардың халыққа есеп беру тәртібі жіті реттелмек.
Әкімдер бірінің орнына бірі келіп, ауысып жатады. Немесе бір орында бірнеше жылдап отыратындары да бар. Бірақ қордаланған мәселелер шешілмеген күйі қала береді. Содан да болар, жүйесіздік пен дұрыс ұйымдастырылмаған жұмыстың себебімен емес, салдарымен күресуге тура келеді. Ал оның салдары жеңіл бола бермейтіні белгілі.
Енді аудан әкімдері сайланады Соңғы уақытта әкімдердің жұмысына қатысты мәселелерге барынша назар аударыла бастады. Мәселен, Мемлекет басшысы 2021 жылғы мамырдың соңында сайлау заңнамасына енгізілген түзетулерге қол қойды. Құжатқа сәйкес, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың және ауылдық округтердің әкімдері тікелей сайлау арқылы сайланатын болады. Негізі, жергілікті әкімдерді сайлау тәжірибесі елімізде 2013 жылы қолданысқа енгізілген. 2013 және 2017 жылдары елдегі 2 500-ге жуық әкімнің 1 416-сы жанама түрде сайланған. Яғни, әкімдерді тікелей тұрғындар емес, мәслихат депутаттары сайлады. Оның үстіне, бұған дейін әкімдікке кандидаттарды одан жоғары тұрған әкімдер, яғни аудан әкімдері ұсынатын еді. Айналып келгенде сайланды деген аты болмаса, іс жүзінде мұндай сайлаудың тағайындаудан айырмашылығы шамалы еді. Осының бәрін ескерген саяси сарапшылар сол кездегі әкімдердің сайлауын «демократияның декорациясы» деп атаған. Президент сайлаудың өзгеше болатынын, яғни тұрғындар әкімді тікелей және төте дауыс беру арқылы сайлайтынын атап өтті. VІІ шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев: «Биыл ауылдық округтерде сайлау өтеді. Біз жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін ең төменнен бастап нығайтуды көздеп отырмыз. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан алдағы уақытта ауыл әкімдерін сайлағаннан кейін аудан әкімдерін сайлауға көшуге болады» деген еді. Шілде айында ауыл әкімдерін сайлау өтті. Ел тарихында мұндай сайлау бірінші рет ұйымдастырылып, жалпы алғанда 730-дан астам елді мекеннің әкімдері сайланды. Әрине, сайлаудың жоғары деңгейі мен саяси бәсекенің сапасы туралы айту әлі ертерек. Бірақ «көш жүре түзеледі» деген сөзді де қаперге алған артық етпейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Аmanat» партиясының кезектен тыс XXII съезінде енді елімізде аудан әкімдері сайлана бастайтынын мәлімдеді. – Жақын уақытта біз аудан әкімдерін тікелей сайлауға көшеміз. Бұл туралы мен өзімнің Жолдауымда айтамын. Аудан әкімдерін сайлауды кейінге шегерудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Процесті жылдамдату керек. Сондықтан біздің партиямыздың қарқынды бәсеңдетуге құқығы жоқ. Алдымызда азаматтардың қолдауына ие болған лайықты кандидаттарды ұсына отырып, осы сайлау науқандарына белсене қатысу міндеті тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Халықпен кездесу жанданбақ Қабылданған Жарлықта Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі әкімдердің жыл бойы халықпен кездесулер өткізуін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етуін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндіруін міндеттеді. Сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері жыл сайын 15 қаңтарға дейін мынадай міндеттерді орындауға тиіс: жарты жылда бір рет облыс әкімінің әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесуін; республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің қаланың әр ауданында тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін; аудан әкімінің әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін; облыстық және аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ әкімінің қаланың, ауылдық округтің құрамына кіретін әр ауданда (шағынауданда), ауылда, кентте тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін; ауыл, кент, қаладағы аудан әкімінің тоқсан сайын кемінде бір кездесуін өткізу көзделген әкімдердің халықпен кездесулерінің икемді жылдық күнтізбесін (бұдан әрі – күнтізбе) әзірлеп, оны мәслихатпен келісу бойынша бекітіп отыруы керек. Қажет болған жағдайда күнтізбені мәслихатпен келісу бойынша түзетуге жол беріледі. Әкімдердің халықпен кездесуінде дайын сұрақтардың қойылуына жол беруге болмайтынын Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков айтты. Бұл – көптің көкейінде жүрген мәселелердің бірі. Себебі әкімдердің халыққа есеп беруі жаттанды қалыпқа әлдеқашан түсіп қойған. – Алдын ала дайындалған адамдардың әкімдерге сұрақ қоюына ешқандай да жол беруге болмайды. Аудиторияны қадағалаған кезде әкімдікке жақын, әкімдіктің сөзін сөйлейтін адамдарды емес, «келемін», «қатысамын» деген белсенді адамдардың кездесуге келіп қатысуын қамтамасыз еткен дұрыс. Кез келген есепті болсын, тұрақты болсын кездесуге келіп қатысамын деген адамға ешкім шектеу қоя алмайды. Өкінішке қарай, бейресми шектеулердің болғаны рас. Бірақ алдағы уақытта жергілікті атқарушы билікпен бұл мәселені шешеміз. Оны Ұлттық экономика министрлігі ғана емес, Президент Әкімшілігі де жіті қадағалап отырады, – деді вице-министр. Оның атап өтуінше, жергілікті жерлерде мұндай шектеулер болған жағдайда заң аясында тиісті іс-шара қабылданады. Сонымен қатар ол әкімдердің азаматтарды жеке қабылдау күндерін көбейту мәселесі де қаралғанын айтты. – Әкімнің кездесуі өткеннен кейін ол азаматтарды жеке қабылдауға тиіс. Жеке қабылдауға кім қатыса алады? Сол жиынға келген кезде сауал жолдауға уақыты жетпеген, қойған сұрағына тиісті жауап ала алмаған адамдар жеке қабылдауға кіре алады. Ол жерде тек әкім емес, жергілікті атқарушы биліктің өкілдері, прокуратура, ішкі істер органдарының қызметкерлері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері көтерілген мәселені дер уақытында шешуге тырысады, – деді Бауыржан Омарбеков. Жалпы, Жарлықта айтылған мәселелер өздігінен орындалуға тиіс әкімдердің негізгі қызметінің ажырамас бөлшегі болғанымен, оның керекті деңгейде орындалмауы осындай қосымша шара қабылдауға әкелгендей. Әкімдердің рейтингі қандай? Елімізде әр жыл сайын әкімдердің түрлі рейтингі шығарылып жатады. Әрқайсысының көрсеткіштері де әртүрлі. Президенттің пәрменімен жасалып жүрген рейтингті Президент Әкімшілігі жанындағы арнайы комиссия сараптайды. Барлық мәлімет Статистика агенттігінен алынады. Сонымен бірге облыс әкімдігі де өз алдына рейтинг түзіп, тоқсан сайын үздіктерді анықтап отыратыны белгілі. Одан бөлек, еркін, тәуелсіз рейтингтерді де көзіміз шалып қалады. Ол жерден көрсеткіші нөлден де төмен түсіп кеткен, яғни минусқа кеткен әкімдерді де байқауға болады, мұндай сынға көбіне бір орында қаншама жыл отырған әкімдер іліккенін атап өткен жөн. Кей сарапшылар ауыл, аудан әкімдерін сайлау облыс әкімдерін тікелей сайлауға ұласатын болады деген пікір айтқан еді. Егер сайлауды расымен ашық, еркін, таза өткізуге дағдыланар болсақ, мұның халық үшін игілігі де көп болар еді деп айтуға болады. Ауыл әкімдігіне кандидатқа дауыс берген халықтың кейін сайлауалды бағдарламаны қатаң бақылауына, ал халықтың дауысын жинаған әкімнің жауапты жұмыс істеп, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, дер кезінде іс-қимыл жасауына жол ашады. Ол үшін сайлау ашық және әділ өтіп, қатаң бақылануға тиіс. Жалпы, сайлау дегеніміз – халықтың үні, халықтың пікірі. Сол үнді үзбей, пікірді бұрмаламай жүзеге асыру әділ қоғам құрудың алғышарты мен іргетасы екені анық. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясының басты принципі – сол.