Абай және ислам

Абай және ислам

Абай және ислам
ашық дереккөзі
2111
Дін ісін әкімшілендіру Орынбор өл­ке­сі­нің генерал-губернаторы О.Иге­льстром­ның бастамасымен жүргізілді. 1785 жылдың 27 қарашасында О.Игельстром Сенаттың бұйрығын алады. Онда: «Снабжение разных родов киргизских муллами немалую пользу в делах наших при­нести может; почему вы и старайтесь опре­де­лить о них, и изтребовать из Казани та­тарс­ких людей надежных, дав им потребные нас­тавления к удержанию киргизцев в вер­ности к нам, и к удалению их от набегов и хищничества в пределах границ наших» де­лінген болатын. Түбі бір түркі, тілі ұқсас, алайда ақ пат­шаға шын ниетімен берілген татар-ноғай молдалары бұл іске тартылды. Олар қа­зақ даласына аттанбас бұрын, патша өкі­ме­тінің заңнамасы бойынша белгілі бір сы­нақ­тан өтіп, «указной молда» деген атақ ала­ды. Осылайша, қазақ даласында еркін жү­ру­ге құқық алған молдалар бір жағынан Ре­сей өкіметінің ресми өкіліне айналды. «Бұл саясаттың арғы жағында қазақ ара­сында дін жаю емес, дінді пайдаланып, қа­зақтарды патшаға мойынсал ету үрдісі жат­қа­нын» отаршылық кезеңді зерттеуші Бекен Қайратұлы да айтып өтті. Автор олардың қазақ балаларын орыс рухында оқытуға міндетті болғанына тоқталады. Зерттеуші татар молдаларының берген білім жайлы Шоқан Уәлихановтың мына сөзін келтіреді: «Бұлардың үйреткені өлі, схоластика және бірден-бір нақты ой-санаға құралмаған» деп сынағанын айтады. Указнойлардың қазақ жеріндегі қыз­меті сол кезеңдердегі ақын мұра­ларын­­да кездеседі. Ол туралы сол заманның ақы­ны Шортанбайдың: «Ал мынау указной шыққалы, Ұзатқан қызда неке жоқ, Өлгендерде ысқат пенен құран жоқ» де­ген жолдары осы сөзімізге дәлел бола алады. Ал Құрбанғали Халидтың «Тауарих Хам­са» («Бес тарих») кітабында былай делінген: «Мол­далар күймелермен желдіртіп, указ­дарын алып, мойындарына шынжыр баулы сағат салып тойлап қайтқандай болып келіп, кетіп жатты-Низам (ереже) бойынша туу тура­лы куәлік дәптер, туған, өлген, неке, талақ сияқты істі тіркеп отыру үшін арнайы қағаз­дарымен рұқсат алып келді. Бұл сөз біреуді мақтау, біреуді даттау емес, хақ сөз құлақ салуға керек. Қағаз алған молдалар сондай бір істер істеді: онымен не дінді, не дүниені ұстай алмайсың. Бір адам өлсе указной молда болмаса, яки оның атынан біреу бармаса «жа­наза оқымай кейбір жағдайларда өлікті са­сытып, обалына қалмайық деп біреулер жа­наза оқып қойса, ол адам қуғынға ұшы­рай­тын болды. Оны – указной молда қайда жүрсе де тапсырып алып жазалатып, штраф (бодау) төлетіп (айып төлетіп), әуре ететін болған соң, тіпті жаназаға ешкім жоламай, указной молданы кай көрге кіріп кетсе де іздеп табу ақы иесінің мойындарында үлкен бір борыш болды». Бұл – «указнойдан» ыққан қазақ­тар­дың дерегі. Алайда патша өкіметі бұл іске өз көзқарасы тұрғысынан кірісті. Осылайша, отаршылардың ыңғайына қарай жығылып, ислам діні де ресми­леніп, екіге бөліне бастады. Патша тарапынан шектеусіз мүмкіндік беріп қойған соң Қазан мен Уфадан ағылып келіп жатқан татар­лар­дың саны да, ықпалы да артты. Осы жыл­дар­дағы дерекке сүйенсек, Семей өңірінде ғана 9 479 татар болыпты, осындағы 28 мешіттің 15-сі Орынбор мұсылмандары діни-рухани жиынына қарасты. Жиын патшаның орталық билігін аймақтарда бекітуді мақсат етіп қой­ды. Патшалық Ресейдің ислам жөнінде ең маңызды жарлықтарының біріне 1788 жылдың 22 қыркүйегінде Екатерина II қол қояды. Жаңа мекеменің бастығы болып, мүфти, Орта Азия мен Кавказдағы орыс­тың барлаушы офицері, патша өкіме­ті­нің сенімді адамы М.Хусейнов тағайындалды. Сол кездегі армия генерал-майорының жа­лақысына тең келетін 1500 рубль жалақы алуға құқылы еді. Оның көмекшілігіне Қазан татарларының ішінен іріктеп алынған үш «заседатель» тағайындалып, жылына 120 рубль төлейтін болып бекітіледі. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этно­логия институтының ғылыми қызметкері Г.Сманова келтірген мына деректерге назар аудара отырайық. «Создавая это учреждение во главе с муф­тием, царское правительство прежде всего ставило целью укрепить центральную власть на местах, подчинить жизнь, быт, образование му­сульманского населения надзору духо­венства, которое в свою очередь подчинялось русской администрации в лице Уфимского наместника, а с 1796 г. Оренбургского воен­ного губернатора. Татарские муллы были также активны в политической жизни степей ХІХ века. В целом, там, где доминировало ка­захс­кое обычное право, муллы обладали зна­чительной государственной властью и были ответственны за толкование и передачу правительственных распоряжений. В 1850-х годах русские власти в Оренбурге даже штра­фовали на 3 рубля казахские аулы, которые по­сещались бухарскими и хивинскими мул­лами. Татарские муллы были также активны в дипломатии. Двое татарских мулл получили золотые медали в 1817 году от власти им­перии за свои советы хану Старшего жуза Суюку Аблаеву подчиняться России. (соискатель Института истории и этно­ло­гии имени Ч.Валиханова МОН Республики Ка­захстан Г.Сманова)». Осылайша, қазақтың тұрмысының барлығын қамтыған татарлану үрдісі қазақ даласында жылдам белең алды. Патша жар­лығын сылтау етіп, қарапайым дала қаза­ғы­ның кеңпейілдігін пайдаланып, орыстың заңы­нан кәрінен қашқан, саудагерлер мен сол­даттықтан қашқан татар-башқұрлар да ел­ді толтыра бастады. Қазақтар татарлардың са­туға алып келген айна-тарағынан бастап бар­лық затын тұтынатын болды. Олардың киім киісі де үлгі болды. «IRGO Орынбор департаментінің «Извес­тия­сы» осыған орай тіпті «молда сөзінен бұл жер­де міндетті түрде дін қызметкерін көрмеу керек» деген. Молданың қазақ қоғамындағы қоғамдық қызметі тек құдайға сыйынумен шек­телмеген. Молдалар сауатты болып, ауыл­ға жіберілген қағаздарды, кеңес берушіні, тәлім­герді, кейде дәрі-дәрмек дайындайтын, науқастарды емдейтін және мұның бәріне қоса балаларды оқытатын, сонымен қатар ұсақ саудамен айналысатын тәжірибелі адам ре­тінде қызмет етті. Кейде тіпті малын көбей­тіп, жайып жүрген жайы да болды. М.Кра­совский былай деп жазды: «Егер сауда-сат­тық­пен айналысуға мүмкіндік болса, молда, әри­не мұны жасайды және ақ сәлдесін ықы­ласпен шешіп тастайды». (Машанов М.А., профессор Казанской духовной академии, миссионер. Доклад на съезде православных миссионеров 1905 год.) https://forum-eurasica.ru/topic/664-туран-и-пантюркизм/page/23/) «Бұл, әрине отаршылардың ойындағысы емес еді. Генерал-губернатор Фон-Кауфман 1867-1881 жылдар аралығындағы Түркістан өл­кесін басқару бойынша есебінде «қырғыз да­ласына қатысты біздің мемлекеттік сая­сатымыздың негізгі міндеттерімен келіс­пей­тін жалпы мұсылмандық ағым мен ұмты­лыс­тардың толып кетуінен қырғыз халқын қор­­­ғауды белсенді түрде қолдады». Ал ХІХ ғасырдың орта тұсында патшаның қазақ исламиятына көзқарасы басқа деңгейге түседі. Бұл кездерде анықтап айтсақ, 60-жыл­дары патша әскері Қоқан ханын құлатып, Таш­кент пен Бұқараны алып қаймағы бұзыл­маған мұсылман елінің тізесін бүктірген еді. Діндес мұсылмандардың күшеюінен қорыққан патша бұл елді шоқындыруға ден қоя­ды. Татарлардың басымдық алып, дала қаза­ғының бұқар шапанын тастап, татар киі­мін киіп, қолына Құран ұстап мешітке баруы орыстарды сескендірді. Өйткені жергілікті халықтың патша күткендей «орыстануы» емес, «татарлануы» отаршылардың түпкі мүд­десі емес-ті. Осыған орай тарих ғылымдары­ның докторы, профессор Анатолий Ремнев былай дейді: «Поворотным пунктом в им­перс­кой политике в отношении ислама в ка­захс­кой степи стала деятельность Степной ко­мис­сии 1865-1868 годов. В числе прочих воп­росов на комиссию была возложена задача выяснения степени распростра­нен­ности ислама у казахов, а также возможности их хрис­тианизации. Предшествующая политика заигрывания с мусульманством и исполь­зования татар как культурных посредников была признана ошибочной. Теперь предлагалось принять активные меры к охранению древних казахских верований, пос­кольку их можно будет заменить со вре­менем христианством (1865-1868 жыл­дардағы Дала комиссиясының қызметі ислам­ға байланысты қазақ даласындағы импе­риялық саясаттың бетбұрысты жері болды. Басқа мәселелердің қатарында комис­сияға қазақтар арасында исламның таралуы дең­гейін анықтау, сондай-ақ оларды мүм­кіндігінше шоқындыру міндеті жүктелді. Мұ­ның алдындағы мұсылмандықпен ойнау жә­не татарларды мәдени көпір ретінде пай­далану әрекеті саяси қателік болып мойын­далды. Ендігі тұста қазақтардың ежелгі на­ным-сенімдерін қорғауға байланысты бел­сенді іс-шаралар қабылдану ұсынылды, себебі уақыт өте келе оны христиандықпен ауыс­тырып жіберуге болатын еді). Осылайша, татар молдаларының ық­палымен белең алып бара жатқан да­ла қазағының ислам дініне қарсы қоюға орыс тілін, орыс мәдениеті мен православ ді­нін насихаттау идеясы жүзеге асырылды. ХІХ ғасырдың 80-90- жылдары аймақта Қыр­ғыз православ миссиясы қызметі ұйым­дас­тырылды. Оның мақсаты – исламға қарсы на­­сихат. Тарихшы-ғалым Ремневтің мына сөздеріне тағы да бір назар аударайықшы: «1880-х годах степной генерал-губернатор Г.Кол­паковский так оценивал современную ему ситуацию в казахской степи: «...Старые нравственные устои народной жизни рас­шатаны, а новых еще не создано, естественно, что народ ищет духовной опоры в религии и поэтому прислушивается к проповеди вероу­чения Магомета, распространяемой купцами та­тарами и бухарцами». Ақырында 1905 жылы Дала губернаторы­ның «Дала өлкесіндегі ислам жағдайы жө­нінде» бұйрығы шығып, дін таратушы татар­ларды қазақ жеріне жолатпау жайлы шешім қабылданады. Бұл кезде, әрине ақын өмірден өткеніне бір жыл болған. Алайда осы қақ­ты­ғыстар Абай өмірінің соңғы жылдарына, өлең­­дерін жазып кемелденіп, айналасына шә­кірттерін жинап қалыптасқан кезеңіне тап келді. Келешегінен үміт күткен балаларын орыс оқу орындарына бергенімен, інісі Шәкәрімді Шығыс ілімінің ізіне салғанына қарап, білім алуда да, дін мәселесінде де ақынның жеке ұстанымы болғанын байқаймыз. Оның бір мысалын мына өлеңнен түюге болады: Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім. Ержеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім. Бұл махрүм қалмағыма кім жазалы, Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім. Адамның бір қызығы бала деген, Баланы оқытуды жек көрмедім. Баламды медресеге біл деп бердім, Шен алсын, шекпен кисін деп бермедім... Қилы кезеңдегі жағдайға қысқаша шолу жасау арқылы, Абай өмір сүрген ортаның діни тартыстарын, осылайша көз алдымызға елестетуге тырыстық. Шынды­ғын­да, заманынан озып туған, Абайға осындай соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп, халқын соңы­нан ертіп, өзіндік жол табу мұраты тұр­ды. Сол жолдың ақырына таяу өзінің қара сөзінде айтқанындай, «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық, әурешілікті көре-көре келдік» деп, «енді қалған жасымда не қылмақпын?» деген сауалына өзі жауап береді. Ел-мал-бала, ғылым бағудан өзін азат етіп, «софылық қылып, дін бағудың» да реті жоғын айтып, «Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елге, осы жерде не қылған софылық?» деп түсіндіреді. Ақырында өмірден түйгенін қағазға жазып, таңдауды оқырман еншісіне қалдырады. Бұл ретте Мұхтар Әуезовтің роман-эпопеясын «Абай жолы» атауының да құпиясы ашылғандай болады. Күрделі өзгерістер мен қайшылықтар орын алған, бұрынғы құндылықтар мен қоғамдық құрылымдар құлап, жаңа тәртіп аяғынан тік тұра алмай шатқаяқтаған сәтінде дүниеге келген, сол кезеңнің ауыртпашылығын арқалап жүріп кемелденіп өскен, хакім дәрежесіне көтеріліп, халықтың маңдайалды ұлына айналған Абай Құнанбайұлы шынымен де рухани қазығын айнымай тауып, өз жолының жауһарын жазып кетіпті. Г.Колпаковский айтқан «Старые нравствен­ные устои народной жизни», яғни, «халық өмірінің көне құндылық негіздері дегені не еді? Исламның тағы бір құндылық­тарын қырға алып келген кімдер еді?» деген сұрақтың жауабын да қарастыруымыз керек. Жалпы, бүгінгі қазақ деп кең өлкені жайлап отырған елде ислам тари­хы­ның өзіндік тарихы мен дәстүрі бар. Тарих­шы Тұрсынхан Зәкенұлы «749 жылы Орта Азияда арабтардың Омея хандығы құлап, оның орнына жаңадан Аббасидтер хандығы құрылды. Бұл хандық Орта Азияның оңтүстік бөлігін тездетіп өз ықпалына алуға ұмтылды. Арабтардың бұлайша күшеюі бұл аймақта Екінші Түркі қағанатының ықпа­лы­ның жоғалуына байланысты болды. 745 жы­лы Екінші Түркі қағанаты құлағаннан кейін, Ашына түріктерінің бұл жерлерге орнатқан бақылауы жойылды. Осы сәтті пайдаланып аймақта өз үстемдігін орнатуды көздеген Араб, Түбіт (Тибет) және Таң жаулаушылары бір-бірі­мен бәсекелесе, жанталаса қимыл­да­ды» деп ерте тарихтан хабардар етеді. Қазақ сахарасына ислам осы арабтар­дың Түркі қағанатымен бірлесе оты­рып, Таң империясын жеңгеннен кейін келді. Дін есігін аша келген Бабтардың ықпалымен ис­лам өркениеті өркендеп, орта ғасырда Ясауи, Бақырғани секілді сопылардың жаңа демі­мен гүлденіп, қазақтың хандық құрылы­мын­да айтулы орын алды. Сол дін тұтастығын айтқан Құнанбайдың Меккеге қажылыққа барғандағы сөзі көп айтылады. Ол Мәшһүр Жү­сіптің 1928 жылғы жазбасынан бізге жетті. «Біз мәскүп-сәскүбіңді де білмейміз, Бұқар тіл-сүқардікін де білмейміз, тіріміздің билігі ал­дияр ұранды төреде, өліміздің билігі Алда ұранды қожада, жайылуы мал сықылды, жусауы аң сықылды бетімен өскен қазақ деген жұрт боламыз», – депті. «Қазақ дегенде жұрт болады екен-ау!» деп аң-таң қалысыпты. Тарих ақтарып, шежіре қаратыпты, таба ал­мап­ты. Көпте не жоқ, бір бурыл бас сөйлепті: – «Бұл тарих табылса, Бағдат шәрифте Имам Ағзам кітапханасы деген үй бар, жау талама­ған, ешқайда шашылып бытырамаған, табыл­са, сонан табылады» деген соң Бағдат шәриф­ке желмая мінгізіп, кісі жіберіпті. Бұлар өз ор­тасынан Кіші жүзде Досжан халфені жі­беріпті. Барған кісілер: «Табылды, қазақ деген жұрт Әнес сақабадан өсіп-өніп, өрбіген екен» деп нұсқа көшіріп алып келіп, сонан кейін бұл 120 кісі ортасынан расход шығарып, «Қазақ тәкиесі» деген тәкие салдырып, ол үйді Құнанбай атына жаздырып, «Мұнан былай қазақтан келген қажы осында түсетұғын болсын» деп сонан былай қазақ та ел-жұрт, пұсыр­ман екені әйгіленген». Қазақ жеріне ислам аша келгендерді қазақтар, арабша есік деген мағына бере­тін Бабтар деп атады, кесенелері Қаратау­да тұр. Күні бүгінге дейін өлісінің билігі қо­лын­да болған қожалардың дені осы өңірде, Түр­кістан мен Сыр бойында жасаған. Олар­дың Тобықты ортасына қалай келгені туралы біржақты мәлімет жоқ. Марқұм Бекен Исабаев шежірешінің айтуынша: «Біздің үлкендерде қожа аталарына Кеңгірбай би: Менің елім надан. Сақал-мұртын баса бермейді. Киімді олпы-солпы киеді. Арам өліп қалған малды «сенің өлгенің жаңа, менің көргенім жаңа» деп жей береді. Малдың бауыздаған қанын да қуырып жейді. Сіз бізге ұстаз болыңыз, біз мүридіңіз болайық!» деп ертіп келіп, қожалар содан қа­лыпты деген сөз бар. Біреулер Бердіхан қо­жаға бұл сөзді Құнанбай айтып, Түркіс­тан­нан Қожаны сол кісі әкелді» дейді. Енді бір дерек­көзінде «Шыңғыстауға Қожаларды Кең­гірбай би әкелді деген нұсқаны» айтады. Оған дәлел келтіріп, тобықтылар – мұсылман ді­ні­не Әнет бабаңнан бастап айрықша бой ұрған жұрт. Сондықтан да Тобықты басшылары Қара­менде, Кеңгірбай Төреден Абылайға бейім, Қожаларда Бақшайысты пір тұтқан», – дей­ді. Қаратаулық қожаларды Ақтайлақ бидің алып келгені де айтылады. М.Әуезовтің өзі туралы жазған естелігінде «Тобықты іші ертеден соншалық діндар, сон­ша­лық надан да ел болмаған сияқты. Ӏшінен Құнан­бай, Абай сияқты кісілер шыққан соң бос фанатизм, қараңғы наным азайып, ақылға бой ұрғыш, көзі ашықтау ел сияқты болғанға ұқсайды. Сондықтан бұл елдегі қожа да көптің ауқымына түсіп, бұрынғы атакә­сібінен жаңылып кеткен сияқты. Менің үлкен әкем 1918 жылы өтті. Өз әкем 1909 жылы өтіп еді. Бұлардың ішінде қайсысында да діндарлық, сопылық сияқты ерекше белгісі жоқ, қайта әр нәрсеге Абай үлгісімен, ақылы­мен қарауға тырысушы еді. Абайдың сондай ұстаздық, үгітшілік әсерін мен кішкентай бала кезімнен өз әкелерімнің қалпынан да анық көруіме болушы еді» деп жазады. Деген­мен сар даланың көнесін, Абай заманы­ның сарқыншағын көріп қалған жазушы: «Осы күні көп жұрттың қолжаулық қылып жүрген «қожалығын» мен он жастың шамасына келгенімде ғана көрдім. Бір жылы күздігүні ауылымызға біздің қожалардың Сыбан ішін­дегі бір ағайындары екі қожа келеді. Бірі әкесі, бірі баласы еді. Бұлар келгеннен-ақ ауылы­мыз­ға бір суық жат тәртіп ала келгендей бол­ды. Бізді олардың үстіне ылғи тағзыммен сәлем бергізіп кіргізіп, жалаңаяқ кіргізбей, кемпір-шешеміз батасын ал деп, алдарында болымсыз қызмет істетіп, солар кеткенде қара қазақ болып кеткен біз сияқты бейбас­тық балалары үшін қысылғандай болып жүрді. Бала күнімде өз ауылымызға келіп-кетіп жататын қонақтардың ішінде солар сияқты ауыр көрінген қонақ болмаған сияқты. Бұл екеуі нағыз қожа сияқты болатын. Бастарында сәлделері бар. Қайта-қайта намаз оқиды, намазды өте ұзақ оқиды. Ас артынан ылғи Құран зулатады. Біз екі-үш бала, бұлар отырған жерге көп жолағымыз келмей сырға­лаң­дап жүрсек те таңертеңгі намазда қол­дары­на ұзын-ұзын тасбих алып, «зікір» салған уақыттарында ылғи есіктен қарап, қатты қызық көруші едік. Жат та, қызық та көріне­тін. Солардан соң толық қожаны көрген емес­піз». Бала Мұхтардың есінде қалған бұл мезет дала исламының бір белгісінен хабар береді. Бәлкім, алдыңғы тарауда ай­тылған, діндегі түрлі қысымдардан кейін ескі бұлақ суалып қалған да болар, бірақ Абай да оның әкесі де заманында осы қайнардан керегінше сусындағаны анық. Қалай болғанда да Тобықты елінде тұрақтап қалған қожа­лар­дың үлкен аталығы Хазірет Камаладдин шайх-Бақсайыс бабаның ұрпақтары. Қожа­лардың насабнамасы бойынша, (оның бірі Әуез атасының қолында болғанын, кейіннен оның өртеніп кеткенін Мұхтар Омарханұлы да өз өмірбаянында растайды) ол – сопылық ағымның ірі өкілі. Хазірет Камаладдин шайх­тың даңқы «Бақсайыс әулие» деген атпен қа­зақ арасына ғана емес, бүкіл Орталық Азия­ға кеңінен жайылды. Қазақтың ұлы жазу­шысы Мұхтар Әуезов қожа нәсілінен, оның ішінде дәл осы Бақсайыс табынан шық­қан. Дегенмен бұл қаратаулық қожалардың ықпалы кем болды деген сөз емес. Татарлану мен шоқындыру саясатының ара­сын­да қыстырыла жүріп, шама-шарқынша қазақ­тың өлісінің де тірісінің де мұсылман жо­лымен жүруіне атсалысқанын жоққа шы­ғара алмаймыз. Оларды ислам тарихынан ізде­генде, алдымыздан Ясауи, сопы Аллаяр, Ба­қырғани деген есімдер шығады. Рас, бұлар сопылық ілімінің «әрифтері» (ойшылдары) еді. Орта ғасырдан бері ке­ле жатқан Түркістан өлкесінің асыл ділі, ақ жо­лы еді. Өзбек шығыстанушысы Бахтияр Ба­­­бад­жановтың пікіріне сүйенсек: «Исто­ричес­ки сложилось так, что в этом регионе суфии часто брали на себя миссию идеологов многовекового и сложнейшего процеса исла­миза­ции местного населения, затем становясь основными носителями и толкователями мусульманских законов и обрядов для боль­шей части населения региона и, в осо­беннос­ти, для простых людей, среди которых су­фийс­кий шайх всегда оставался самым рес­пектабельным лицом… В годы русской ко­лонизации суфийские шайхи не раз ста­новились идеологами и вдохновителями ан­тиколониальных выступлений, которые чаще всего проходили под знаменем газавата (борьбы за веру)». Бұл жағдай Мұхтар Әуезов өмір сүрген Кеңес заманында да орын алады. Алғаш­қы ұлт-азаттық көтерілістер, Кеңеске қарсы қозғалыстардың басында дін басшы­лары ишандар жүрді. Бұл сопылық құрылым­мен «мүршид-мурид» (ұстаз-шәкірт) болып қалыптасқан ұйым еді. Сол себепті де патша өкі­меті кезінде де, Кеңес үкіметін орнатуда да соққы алдымен дінбасыларына бағыш­тал­ды. Егер Мұхтар Омарханұлы отаршылдарға қырын келіп тұрған ескілік жолдан саналы түрде бас тартпаса, Абайдың мұрасын да, өзі­нің басын да қатерге тігерін біліп айтып отыр­ғанын түсінуіміз қажет. Бұл дегеніміз Абайдың сопылық іліммен хабары болмады деген сөз емес. Бүгінгі қара сөздері деп айтылып жүрген еңбегінің өзі үш кітаптан – «китабин ахилы» («Ғақлия» ақыл кітабы), «Китап тасдиқ» (иман кітабы), на­сихат, «Сократ хакімнің кітабы» деп ата­латын үш бөлімнен тұрады. Оны кезінде бас­паға берушілер заман ағымына қарай Абай­дың қара сөздері деп жалпылама атпен жариялап жіберген. Ол туралы айтқан шы­ғыстанушы ғалым Төрәлі Қыдыр Абай қол­жазбаларының текстологиясын зерттеп, оның шығыстық белгілерін тануда айтар­лықтай үлес қосты. Бұл еңбектер Абайдың хакімдігінен, «жүрегінің перзенттері» халқы­на қалдырған ойшылдың өсиеті деп ұғынуы­мыз тиіс.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары