241
Қызылордада 200 орындық балалар емханасы ашылды
Қызылордада 200 орындық балалар емханасы ашылды
Қызылордада 200 орынға арналған көпсалалы балалар емханасы ашылды. Ашылу салтанатына Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев және академик, қазақстандық педиатрияның негізін салушы Камал Ормантаев қатысты.
Қырымбек Көшербаевтың айтуынша, 2013 жылға дейін қызылордалықтар сапалы медициналық көмек алу үшін Алматы мен Астана қалаларына баруға мәжбүр болып келген.
«2014 жылы қызылордалық дәрігерлер республикада төртінші болып бүйрек ауыстыру отасын жасады. Біздің медициналық қызметкерлер алыс-жақын 28 мемлекетпен байланыс орнатып, 6000-ға жуық маман халықаралық бағдарламалар бойынша қайта даярлау курстарынан өтті. Соңғы үш жылда денсаулық сақтау саласының қажеттіліктеріне бөлінген қаражат көлемі 9 млрд. теңгеге артып, биыл оның бюджеті 32 млрд. теңгені құрады. Медицина саласын қаржыландыру бойынша республикада алда келеміз», – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, нысанның құрылысы 2014 жылдың тамыз айында басталды. Мұнда 11 бөлімше, 5 ота жасау блогы, 12 орындық жансақтау бөлімшесі, анестезия және консультативтік-диагностикалық бөлімше жұмыс істейді. Аурухана заманауи озық медициналық құралдармен жабдықталған.