223
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай рақымшылық жасауды ұсынды
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай рақымшылық жасауды ұсынды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның 61-бабының 1-тармағына сәйкес өз бастамасымен Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын енгізді.
Рақымшылық шарасы заң бұзған азаматтарға қатысты ізгілік актісі, мемлекет тарапынан мейірім мен сенім білдіру көрінісі болып саналады.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Елбасы бастамашылық еткен заң жобасы негізінен азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын, кәмелетке толмағандарды, жүкті әйелдерді, кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерді, қарт адамдарды, мүгедектерді, сондай-ақ болмашы және ауыр емес қылмыс жасаған адамдарды қылмыстық жазадан босатуды көздейді.
Сотталғандардың басқа да санаттарына қатысты рақымшылық олардың жасаған әрекетінің жеңіл-ауырлығын ескеріп, шектелген ауқымда және жіктелген түрде, сондай-ақ келтірілген шығынды толық өтеген жағдайда қолданылады. Сондай-ақ, заң жобасы аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық жасауға тыйым салады, бұл қылмыстық жағдайды қиындату қаупіне жол бермейді. Заң жобасын Парламент палаталарында таныстыру Бас прокурор Жақып Асановқа тапсырылды.