482
Қазақстанның 25 құрдасы «Нұр Отан» партиясының мүшесі атанды
Қазақстанның 25 құрдасы «Нұр Отан» партиясының мүшесі атанды
Бүгін тәуелсіз Қазақстанның 25 құрдасы «Нұр Отан» партиясының мүшесі атанды. Олардың қатарында ғалымдар, спортшылар, дәрігерлер, ветеринарлар, әртістер, кәсіпкерлер, мұғалімдер, журналистер, фермерлер және мемлекеттік қызметкерлер бар.
Жас патриоттарға партиялық билеттерді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхммед тапсырды, деп хабарлайды аталған партияның баспасөз қызметі. Партия Орталық аппаратының ғимаратында өткен салтанатты шарада Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Ертең Қазақстан халқы мемлекетімізді қалыптастырушы - Тұңғыш Президент күнін атап өтеді. Ал екі аптадан кейін ең ұлық мерекеміз - Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық торқалы тойы. Бұл екі мереке Елбасымыз, партия Лидерінің есімімен тығыз байланысты. Елбасымыздың кемеңгерлік басшылығымен тәуелсіз Қазақстан бүкіл әлемге танылды. Нұрсұлтан Әбішұлы әсем Астанамызды салып, оны дүние жүзіне жарқырата көрсетті. Әлем халқы біздің Астанамызды «Болашақтың қаласы» деп атайды. Ал болашақ - сіздердікі. Бүгін сіздер Елбасы партиясының қатарына қабылдандыңыздар. Бұл сіздерге үлкен сенім ғана емес, зор жауапкершілік те жүктейді. Сіздердің Елбасы сенімін ақтайтындарыңызға кәміл сенемін, - деді.
Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары: «Бүгінде Астанада 300 мыңнан астам жас буын өкілдері тұрады. Ақмола еліміздің елордасы атанған тұста қала халқы бұдан да аз болатын. Сондықтан Астананы жастар қаласы деп толық сеніммен айтуға болады. Өкінішке қарай, астаналық жастардың тек 5 пайызы ғана «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Бұл айтарлықтай аз. Сол себепті, партиямыз жастардың мүшелікке өту белсенділігін қолдайды. Бүгінде еліміздегі министр, әкім, депутат, ұлттық компания басшыларының арасында жастар жетіп артылады. Табандылықпен жұмыс істесеңіздер сіздер де солардың қатарынан көрінесіздер. Бұл жолда мен сіздерге шын жүрегіммен сәттілік тілеймін», - деді.
Тек биыл ғана партияға 23 мыңнан астам жастар өкілі мүше болды. Ал қазіргі таңда «Нұр Отан» сапындағы жас буынның жалпы саны 170 мыңнан асады.