598
«Бабамның көздеріндей көзім барсың...»
«Бабамның көздеріндей көзім барсың...»
Бүгінде қаныңды тасытып, рухыңды биікке самғататын патриоттық әндер аз емес. Алайда оның бәрі бірден көкейде жатталып қала бермейді. Уақыт өте келе заман көшіне ілесе алмай, санадан сызылатындары да кездеседі. Ал тыңдаған сайын құлақ құрышыңды қандырып, делебеңді қоздыратын ерекше әндер қашан да халық жадынан өшпейді. Сондай намысыңды жанып, жігеріңді қуаттандыратын әннің бірегейі ақын Алмас Ахметбекұлының сөзіне жазылған сазгер Ермұрат Зейіпханның «Көк тудың желбірегені» атты әні десек, артық айтпаған болар едік.
Бұл өлең де, ән де оңай туған жоқ. Мұнда жырақта өмір сүріп жатқан қаншама қандастың ыстық сәлемі мен ішкі тебіренісі есіп тұрғандай. Аумалы-төкпелі заман шебінде елден алыстап кеткен ағайынның бар арман-мұраты – атамекен топырағына табаны тиіп, жұпар ауасын жұту еді. Осынау бақытты сәтті аңсаған қандас-бауырларды өлең арқылы ұйыстырып, ән арқылы шалқытқан авторлар өз міндетін атқарғандай көрінеді. Себебі жүректің қылын шертіп, көңілдің пернесін басқан «Көк тудың желбірегені» қазақ шекарасынан асып кеткен талай қазақтың басын біріктіріп, патриоттық рухын асқақтатты.
«Көк тудың желбірегені» әнінің авторы Ермұрат Зейіпхан атақонысқа Тәуелсіздік алған жылдары оралды. Дала әуенін бойына сіңірген дарынды жастың әрбір тамырының бүлкіліне дейін «қазақ» деп соқты. Елге келгенге дейін-ақ бірнеше өлең мен әннің авторына айналған ол ата-бабасының мекенінде де ерекше шабыттана түсті. 1999 жылы прозалық еңбегі «Сыбызғы сарыны» деген атпен жарық көрсе, 2002 жылы «Өзіңе арнадым» атты поэзия кітабы оқырманға жол тартты. Ал шығармалары республикалық газет-журналдарда үзбей жарияланып, жырақтағы қандастарға үшбу хаттай самғап отырды.
Талантты адам қай істе де талантты. Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер оқу орнын тәмамдаған Ермұрат Зейіпхан дарынды әнші, актер ретінде таныла бастады. Кең дауысты өнерпазды Абай атындағы Опера және балет театры жұмысқа шақырып, құшақ жая қарсы алғанда, оның төбесі көкке жеткендей болды. М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында актерлік қырынан танылған Ермұрат Зейіпхан кез келген өнер ұжымында абыройлы қызмет атқарып, зор құрметке бөленді.
2000 жылдан өмірінің соңына дейін ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблінде негізгі әнші әрі фольклор бөлімінің көркемдік жетекшісі, сонымен қатар, Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығының мәдени орталығын басқарды. Елден тысқарыда өмір сүрген қаншама қандастың үмітін үкілеп, жүрегіне сәуле шашқан Ермұрат Зейіпхан бастаған қазақ жастары ұлы көштің алғашқы қарлығаштары іспеттес.
Алайда өзекті өртейтін өкініш бар. «Екі дүниеде жалғызым – Қазақстан» деп әннен ескерткіш орнатқан Ермұрат Зейіпхан небәрі 45 жасында жасындай жарқ ете қалды. Қазақ елін, қазақ жерін, қазақ баласын, Қазақстан мемлекетін тұла бойымен сүйген азаматтың атамекен дегенде жаны бөлек еді. Ата-бабасының туған топырағын ұзағынан алшаңдап баса алмай кеткен жүректі ұлдың арманы шексіз болатын. Жырақтағы қандастардың елге оралуы үшін алтын көпір орнатуға жанын салып, бүкіл күш-қайратын жұмсаған азаматтың жүрегі ерте тоқтады. Биыл көзі тірі болса ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі ақын, сазгер, актер Ермұрат Зейіпхан ердің жасы 50-ге келер еді. Әттең, оның өмірі қамшының сабындай ғана қысқа өрілді...
Бабамның көздеріндей көзім барсың,
Көктегі тәңір барда – өзің барсың.
Тәңіртау – сен пәнилік, мен бақилық,
Тым құрыса өзің жайлы сөзім қалсын, – деген өлең жолдарымен аяқталатын «Тәңіртау – Тәңірім» деп аталатын тамаша әннің мәтінін ақындық жүрегімен жыр ғып, сағынышқа толы сыр ғып та жеткізген әнші, сазгер, ақын Ермұрат Зейіпханның ата жұрт, баба таумен қоштасқаны ма деп қаласың? Міне, өнер өлкесінен өзіндік мәнерімен ойып орын алған асыл азамат 2011 жылы бақиға аттанды. Десе де, ел есінде, жұрт жүрегінде әсем дауыс, әдемі ырғақ, ойлы жыр, азаматтық үн қалды...
Биыл Қазақстан мемлекетінің Тәуелсіздігіне – 25 жыл. Еліміздің кез келген мерейін асқақтатқан дүбірлі тойы мен толағай табысты күнінде шырқала жөнелетін «Көк тудың желбірегені» әні халықпен бірге жасап келеді. Қазақ барда, әрбір жанның жүрегінде жатталып, тілінде сайраған рухты ән де мәңгі өмір сүре бермек. Себебі бізге бәрінен де еліміздің егемендігі баянды боп, ашық аспанда Көк тудың желбірегені қымбат.
Біз әнші, сазгер, ақын Ермұрат Зейіпханның шығармашылығы, адами қасиеті жайында тереңірек білу үшін өмірде, өнерде үзеңгілес болған азаматтардың пікірін білген едік.
Алмас Ахметбекұлы, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері:
Алыстағы ағайында атамекенге сағыныш сөнген жоқ
– Біз шетелде туып-өстік. Алмағайып заманның қуғын-сүргін жылдары Қазақстаннан ауып барған қаншама Алаш зиялылары біз тұрған мекенге қоныс тепті. Сол себептен алыстағы ағайында бостандыққа деген арман, атамекенге деген сағыныш сөнген жоқ. «Көк тудың желбірегені» өлеңі сол сезімдердің бейнесі. Өлең әнге айналған соң талай байрақты бәсекеде жанкүйердің делебесін қоздыратын туынды болды. Білім ұяларында, оқу орындарында жиі айтылады. Себебі бұл ән бүкіл қазақтың Тәуелсіздікке деген рухын, бостандыққа деген құлшынысын, асыл сезімдерін дөп басты. Біз Ермұрат Зейіпхан бәріміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ елге оралдық. Ол кезде аз едік. Жақын қарым-қатынаста болдық. Одан басқа да ортақ шығармашылық жұмыстарымыз болды. Ол осында білім алды, жұмыс істеді. Ол көп жылдар бойы Абай атындағы Опера және балет театрында, басқа да ұжымдарда еңбек етті. Ермұрат кез келген өлеңді, поэманы жатқа оқитын. Есте сақтау қабілеті ерекше жан. Оның Тілеубек Қожанұлы деген досы бар. Екеуі дуэтпен ән айтқанда тебіренбейтін жан болмайтын. Екеуі бір ауылдан, үнемі бірге жүретін. Үшеуіміз жиі кездесіп тұрдық. Ермұрат Зейіпханның адами тұрғысына келсек, ол өзінің 45 жылдық ғұмырында романтикамен, таза өнермен өмір сүрген адам. Ол бүгінгі стандартқа сыйған жоқ. Дүние қууды білмейтін. Сондықтан оның көкірегінде әрқашан күй ойнап, өлең төгіліп тұратын. Бүкіл болмысы шығармашылықтың адамы. Дауыс диапазоны кең әнші еді. Халық әндері, опералық әндер демей тамылжыта салатын. Саксафон, фортепиано, гитара, домбырада еркін ойнай беретін. «Көк тудың желбірегені» әнінің сөзі сонау Тәуелсіздік алған 1993 жылдары жазылды. Сол жылдары өлең ретінде көп оқылды. Жыр мүшәйраларынан бас жүлде алды. Кез келген қазақтың жүрегіне жол тапқан өлең болды. Бұл өлеңге сол тұста біраз азамат әуен жазды. Бірақ көбісінің әнінің диапазонына көңілім толмады. Бұл әуендер сәтсіздеу болған соң, 1999 жылдың соңында Ермұратпен оңаша отырып: «Мына өлең халық арасында көп оқылды. Керемет әнге сұранып тұрған өлең. Сен Мұқан Төлебаев жазған әнұранның идеясын негізге алып, он нотадан кем емес ән шығарсаң, қалай болады?» деген әңгіме айттым. Ол ойланып отырып «Жарайды, көрейін...» деп кетті. Екі күннен кейін екі ән алып келді. Балаларым музыкант болған соң, үйде екі фортепиано тұратын. Бірден күйсандыққа отырып, айта бастадық. Сөзі мен әні қабыса кетті. Сонымен не керек, бүгінгі орындалып жүрген осы әнге тоқталдық. Мен әннің байғазысы ретінде «Лирика» атты маркалы белорус фортепианосын Ермұратқа сыйладым. Бүгінге дейін сол фортепиано үйінде тұр. Сосын әнді Майра Мұхамедқызына берсек деген ой келді. Майра 2001 жылдың мамыр айында республика сарайының сахнасында сәтті орындап шықты. Өзіміз де тебірене тыңдадық. Одан кейін де басқа сазгерлер ән жазуын қойған жоқ. Бірақ Ермұраттың әуеніне ғана тоқтайтынымды айттым. Кейін бұл ән жас әнші Ибрагим Ескендірдің орындауында кең таралды. Бірде Ақтөбе қаласындағы бір кездесуде Марат Базарбаев деген ақсақал маған ризашылығын білдіріп: «Алмас бауырым, Ермұрат екеуіңнің «Көк тудың желбірегені» әндерің азаттықпен бірге Отанға оралған үлкен туынды. Сендер бодандықтан босаған қазақ халқының жүрегінде патриоттық төңкеріс жасадыңдар» деді. Бұл ән Ермұраттың рухын, жан дүниесін, әншілігін, музыкалық кәсіпқойлығын мәңгілік әйгілейді. Биыл Ермұрат көзі тірі болса 50-ге толар еді. Бұл ән Ермұраттың рухын халыққа жеткізуге әлі талай қызмет ете береді.Нұршат Зейіпхан, Ермұрат Зейіпханның інісі:
Нағыз ер дауысты, өр дауысты жан еді
– Ағам Ермұрат Зейіпханұлы 1966 жылы 30 желтоқсан күні қасиетті Іле аңғарының өр төсіндегі Күнестің әйгілі алма мекені – Алмалы ауылында өмір есігін ашқан. Алып Көкшоқының қалың қара орманы мен тоқтаусыз жөңкіп аққан Күнес өзеніне кішкентай сәби Ермұраттың іңгәлаған дауысы араласып, тұңғыш рет туған даланың кәусар ауасын қақ жара шартарапқа таралып жатты. Шырқы бұзылмаған шырын даланың көркем табиғатына елітіп, атыз-алқаптарындағы шаруалардың қызу еңбек дүбірі мен жон-жоталарындағы шопандарға қызықтай барлап, сәби санасына сәулесін құйған Ермұрат бала кезден жан-жағына талпынып өсті. Біз Ермұрат екеуміз тете болдық та, біріміздің ізімізді біріміз басып, көп балалы отбасында ержеттік. Әкеміз Зейіпхан Ахметжанұлы мен шешеміз Оралқан Нүптебекқызы отбасында алты ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген көзіқарақты, білімді, абзал жандар еді. Әкеміз Зейіпхан әйгілі би Сасан Киікбайұлының немересі Ахметжан Қасекеұлының отбасында 1916 жылы Күнес өңірінде дүниеге келіп, бала кезінде діни мектептерден сауатын ашып, ержете келе Құлжадағы гимназиядан білім толықтырған. 1954 жылы Күнес ауданында тұңғыш мәдениет үйі шаңырақ көтергенде сонда басшылық міндетін атқарған, домбыра мен скрипканы жетік меңгерген, сауықшыл, аңғарлы адам еді. Ал аяулы анамыз Оралқан Нүптебекқызы отбасы берекесінің ұйытқысы, өмірден түйгені көп, білімді жан еді. Жағымды дауысымен ара-тұра той-томалақтарда айтысқа түсетін, ертегілер мен аңыз-әңгімелердің алуан түрін айтып, құлақ құрышымызды қандыратын шешен адам болды. Сондықтан да мынау ғажайып өнердің бастауы сол өнерлі отбасының қайнарынан нәр алған деп айта аламыз. Ермұрат өнерге алғаш рет сурет салу өнерімен көзге түсе бастаған. Әлі есімде, 1979, 1980 жылдардың жаз айларының бірінде, бұл күндері аты әйгілі қылқалам шебері Аман Абзалбекұлы Мұқанов туған ауылына – біздің Алмалыға шығармашылық сапармен келе қалды. Айға жуық уақыт жүрді. Ептеп сурет сала бастаған ұлының талантын ұштауға таптырмас орай екенін бірден сезген байқағыш әке Ермұратты Аман ағаның соңынан ілестіріп жіберген еді. Бір аптаға жуық ілескен Ермұраттың балалығы ма, жоқ, әлде ұзақ ілесуге шарты келмеді ме, ол кісіден көз жазып қалды. Дегенмен, сол кезден бастап бала суретші атанған Ермұрат кәдімгідей «Іле өрендері» газетінде «Жайлауда», «Сауыншы», «Көл бойында» сияқты туындыларын жариялап үлгерген еді. Мұнымен қоса бастауыш мектепте оқып жүргенде «Су бойында», «Мың бір түн», «Абай» және «Абай жолы», «Қазақ солдаты», «Ботагөз», «Ұлпан» сынды көзі көріп, қолы жеткен кітаптарды құныға оқыған кітапқұмар баланың бірі еді. Кейде ептеп мақалалар мен өлең, тақпақтар жазып та қоятын. Ән-күйге деген әуесімен орта мектеп оқып жүргенде таланты ұштала бастап, кейіндеп домбыра, гитарамен өзі сүйемелдеп ән салатын болды. Талантының осал еместігін байқаған Ернар Сыламқанұлы қатарлы сол кездегі музыка мұғалімдері мектептегі көңіл ашу қимылдарына қатыстыра бастады. Төселе келе Ерекең толық ортаны бітіре сала аудандық кәсіптік ән-би үйірмесінің сахнасына көтерілді. Ол кезде Іле өңіріндегі аудандарда кәсіптік үйірмелердің алғаш құрыла бастаған мезгілі еді. Әбдіжәлел Оразбайұлы, Тоқтаубай Әлімқұлұлы, Дамужан Тоқтарбайұлы, Алдаш Аяпбергенұлы қатарлы өнерлі майталмандардың маңайында қатардағы кәсіптік әнші болып қызмет істей бастады. Жүйріктің даңқын, әрине, дүбірлі жарыстар шығарады емес пе? 1985 жылы тамыз айында бұрынғы Іле аймағына қарасты шығыс бес ауданның кәсіптік көркемөнер үйірмелерінің байқауында Ермұрат қатардан оза шауып, жеке ән орындау шеберлігінің бас бәйгесін жеңіп алды. Ерекеңнің өнердегі алғашқы қадамы осылай сәтті басталған еді. Сол жылы Іле Қазақ автономды облыстық кәсіптік көркемөнер колледжіне қабылданып, профессор, ән мұғалімі Сағи Қайрасұлының тәрбиелеуінде ән мамандығы бойынша үш жыл білім алып, үздік нәтижемен тәмамдады. 1989 жылы күзде кескін-келбетіне сай жағымды қоңыр дауысы бар Ерекең Іле облыстық телеарнасының емтиханынан өтіп, тележүргізуші қызметіне қабылданды. 1991 жылы Қазақстан әлемге өз тәуелсіздігін жариялады. Дербес мемлекет ретінде халықаралық қарым-қатынас, мәдениет, ауыс-түйіс орната бастады. Қытаймен достығы күшейе түсті. Осы орайда Қазақстан жағы елімізден қазақ жастарын негіз еткен бір топ мәдениет, көркемөнер дарындыларын жетілдіріп беруді мақсат етіп, автономиялы районымыздың орталығы Үрімжі қаласында 14 баланы саралап алған болатын. Әне, сол жеңімпаздардың қатарында Ермұрат та бар еді. Ол Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының актерлік класына қабылданып, сахналық өнердің сан қыры мен сырын жете меңгерсе, енді бір жағынан әйгілі жазушы, драматург Әкім Таразидың арнаулы класына түсіп жазушылық, ақындық өнерін жетілдіре бастайды. Әр жанрдағы алған білімдері мәуелеп жеміс беріп, арнасы толып, арыны арта түсті. Өзі көздеген асыл арманы, асқақ әуені осылайша өмір мен өнердің қан базарына еркін жетелеп әкелді. Ермұраттың әндері өз жүрек түкпірінен қайнап шыққан нағыз кіршіксіз мөлдір мелодиялар мен жыр маржандарынан өрім тапқан шынайы құнды туындылар. Себебі Ермұрат қоғамдық өмірдің бар сырын барлай білген, әр кәсіптен хабары бар, әлемдік тосын құбылыстар мен тарихи бетбұрыстарды да зерттеп зердесіне тоқыған, әлем ойшылдарының шығармаларын тереңдей оқып, сол арқылы халқымыздың тарихи болмысын бойына дарыта білген, салыстыра білген нағыз «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат. Оның әрбір әні жай ғана тыңдай салуға арналған емес, қайта әр әні әр тақырыптан сыр шертіп, түсіне білген жанды елітіп, рухани жан әлемін дұрыс жолға бастай жөнелетін құдіретті күшке ие қасиетімен ерекшеленеді. Ермұрат өз әуендеріне өзі өлең жазып, өз жыр шумақтарына өзі ән шығаратын, сосын қоңыр домбырасын бебеулетіп асқақтата, мамырлата ән шырқайтын. Қоңыр үні қоңыраулаған нағыз ер дауысты, өр дауысты бірегей әнші екенін зиялы қауым әбден біледі. Ерекеңнің сазгерлік өнері 1980 жылдардың соңы, студент шағында көріне бастады. Ұмытпасам, алғашқы әні 1987 жылы жазғы демалыс күндері жайлауда дүниеге келген, «жасаған кешегі бабамның мекені» деп басталатын «Жайлауым – әнім» ән болып, көп ұзамай кәсіптік әншілердің таласа-тармаса орындауында ұлан-ғайыр кең өлкенің түкпір-түкпіріне тез таралып кетті. Одан кейін «Сәбилер-ай, сәбилер-ай, базар ғой өздеріңмен бар үйлер-ай» деп әуенін де, сөзін де өзі жазған «Сәбилер» әні жарыққа шықты. «Достық туралы», «Бақытты бол, бауырым», «Ерен тауым» сынды шынайы өмірден алынған жақсы әндері туындай бастады. Ал Қазақстан топырағында шығарған, елді, жерді аңсаған, сағыныш сәлемдері ретінде «Күнес-ай», «Тәңіртау – Тәңірім», «Ақша бұлт жел айдаған», «Дүниеғапыл», «Дәурен-ай», «Көк тудың желбірегені», «Күнге көлеңке түспейді», «Түсімдегі ана», «Жанар қыз» сынды әндерімен қоса «Кенесары» сияқты кең толғанысты патриоттық әндері бұл күндері халқымыздың ән әлеміне жұлдыздай жарқырап көтерілген, шоқтығы биік, жұрт жүрегіне терең жол тартқан өшпес туындылар.Тілеубек Қожанұлы, Ермұрат Зейіпханның досы:
Досқа деген адалдығы биік еді
–1991 жылы Алматы қаласындағы Т.Жүргенов өнер академиясына бірге кеп, оқыдық. Ермұрат достыққа берік, адал, қарапайым жігіт еді. 1994 жылы Күләш Байсейітова атындағы байқауға қатысып, мен бірінші, Ермұрат екінші орын алды. Сол кезде екеуміз қатты қуанып, ерекше шабыттанғанымыз есімде. Іле-шала бізді Абай атындағы Опера және балет театры шақырып, талай жыл бірге еңбек еттік. 1999 жылдары М.Әуезов атындағы театрда бес жыл жұмыс істедік. Екеуміз бірге жатақханада тұрдық. Сол кездің өзінде де Ермұрат шығармашылығын қалт жібермейтін. Өзінің 40 жасқа толған мерейтойында үлкен концерт берді. Ғажайып кеш болды. Себебі Ермұрат шығарған әндердің 80 пайызына куәмін деп айта аламын. Әннің қалай туғаны, қалай жазылғаны, бәрі көз алдымда. Ал оны танымал еткен ақын Алмас Ахметбекұлының сөзіне жазылған «Көк тудың желбірегені» әні. Ермұрат осы әннен кейін құлашын кеңге сермеді. Ол қазақ халқына әннен ескерткіш салып кеткен композитор. Құдай қаласа, желтоқсанның 7-і күні «Екі дүниеде жалғызым – Қазақстан» атты еске алу кешін ұйымдастырып жатырмыз. Шараны кең көлемде мазмұнды түрде атап өтуге атсалысып жатқан жайымыз бар.Ибрагим Ескендір, «Көк тудың желбірегені» әнін орындаушы:
Бұл әнде қандастардың арманы бар
– Табиғатым патриоттық рухтағы әндерге жақын болғандықтан ба, «Көк тудың желбірегені» әні бір тыңдағаннан-ақ мені баурап алды. Себебі «Көк тудың желбірегені» әні адамға ерекше күш, рух сыйлайтын ән. Бұл әнде сонау қиырда өмір сүріп жатқан қандастардың арманы мен талап-тілегі жатыр. Отаншылдық, ұлттық рухтың лебі ескен әнді алғашқы кезде Майра Мұхамедқызы орындады. Әуелгіде опералық нұсқасын тыңдадым да, «неге аздаған өзгеріс енгізіп, Алтайдың мақамын қосып, сазсырнаймен әуелетпеске?!» деген ой келді. Сосын ән авторларының рұқсаты мен батасын алып, дәстүрлі әнге бейімдеп, жарыққа шығардық. Әнді шырқаған авторлардың шынайы жүрекпен жазғанын сездім. 2012 жылдан бастап әнді тұрақты орындап келемін. Бұл үлкен аманатты орындау деп түсінемін. Осынау уақыттың ішінде әнді тебіренбей тыңдамаған адамды көргенім жоқ. Бәрі де қосыла кетеді. Жүрек қылдарын шертетін, адамға патриоттық рухтың дәнін себетін ән мәңгі жасай береді деп сенемін.