ҚАЗАҚТЫҢ СӘУЛЕСІ

ҚАЗАҚТЫҢ СӘУЛЕСІ

ҚАЗАҚТЫҢ СӘУЛЕСІ
ашық дереккөзі
615
Дәстүрлі ән өнерінің жампозы, қазақтың күміс көмей әншісі Сәуле Жанпейісованы білмейтін қазақ жоқ бүгінде. Жамбыл облысы, Сарысу өңірінің тумасы, әншілігін ұстаздықпен ұштастырған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Стаханшылқызының өз жетістіктерін былай қойғанда, одан қазақ өнерінің қыр-сырын үйренген шәкірттерінің өзі халқымызға кең танымал өнерпаздарға айналып отыр. Қызылордалық Берік Жүсіпов, Эльмира Жаңабергенова, Арнұр Көшенеев, маңғыстаулық Айгүл Қосанова, Елдос Еміл, ақтөбелік Өмірқұл Айниязов, Айгүл Елшібаева, Ырысты Сүлейменова, атыраулық Т.Құттымұратов секілді дарынды әншілердің бәрі Сәуле Жанпейісованың шәкірті екенін айтсақ, ол кісінің дәстүрлі қазақ ән өнеріне қаншалықты терең еңбек сіңіріп жүргенін артық сөз тізбелемей-ақ байқауға болатын шығар. Ол кісінің ұлтымыздың ұлылығын паш ететін ән өнерінің сиқырын шәкірттерінің жүрегіне жеткізіп, бұл киелі өнердің құдіреттілігін таныту жолында жұмсақтық танытпайтыны – ұстаздың принципшілдігін байқатады. Кішкене осалдығың байқалса соны ыммен-ақ жеткізіп, астарлы әзілмен түйреп, шәкірттерінің жігерін жанып отыратын қасиеті Сәуле апайды бөлекше даралап қана қоймай, оның тәлімі мол, өнегесі берік екенін көрсетеді. ...Консерватория табалдырығын аттай сала үйренген әнім «Он алты қыз» деген халық әні еді. Бірде Сәуле апай сынақ алып – әндерімізді орындатып, тыңдап отырған. Кезегім келгенде мен де «Он алты қызды» зуылдатып айтып шықтым. Сонда апайымыз басын шайқап, менің ән орындауыма көңілі толмай: – Сенің алдымен бұл әннің тарихынан хабарың бар ма? Білмесең айтайын. Мұны өзіңдей жас кезінде бір сері жігіт шығарған. Бір ауылға тойға барып, ән салған өнерпаз жігіт сол жерде бірі-бірінен өткен он алты аруды көріп, бәріне бірдей ғашық болған. Оларға әннен ескерткіш орнатқысы келген. Содан ешқайсысын бөле-жармай бәріне бір ән арнап, ішіне арулардың атын тізбелеп өлеңін шығарған. Әндегі әр қыздың атын айтқанда есімін құбылтып, іңкәрлікпен тамсана шырқайтыны сол. Соны сезіну керек, өйтпеген күнде әннің әсері болмайды. Ал сенің мына айтқаныңа қыз түгілі, кемпір де «сынбайды» ғой, шырағым-ау», – деді сөзінің соңын әзілге бұрып. Екі бетім ду етіп, құлағыма дейін қызарып кеткендей болды. Ал апай мені одан әрі қыспаққа алып, өзіммен бір топта оқитын Венера, Құндыз, Жадыра, Мәншүк, Айданаларға қарап: «Не қарап жүрсіңдер, мына балада түк сезім жоқ. «Он алты қызының» қызуы жоқ. Бірдеңе үйретсеңдерші бұған», – деді. Кемшілігіңді әзілмен түйрей отырып көрсеткен, айтарын жаныңды ауыртпай-ақ әдемі жеткізген адамға қалай сүйсінбессің?! Нағыз өнеге сол емес пе?! Көп ұзамай, тағы бірде «Махамбеттің толғауын» орындадым. Толғауды әбден жаттап, терменің мақамына салып айтуға дайындалып келгенмін. «Ей! Мен, мен едім, мен едім, Мен Нарында жүргенде, Еңіреп жүрген ер едім...», – деп бастап, аяғына дейін орындап шықтым. Айтып болғаным сол еді, ұстазым орнынан тұрып, қатқыл дауыспен сөйлеп кетті. – Әй, жігер қайда? Махамбетше неге айтпайсың?! Махамбет Жәңгір ханға кектеніп шығарған бұл толғауын! Ашу, ыза, кек қайда? Махамбет саған келіп: «Күнқожа, мен бір толғау шығарып едім, сен орындап көрші» десе, сен осылай көзіңде от жоқ, өзіңде жігер жоқ айтып отырсаң, қылышымен басыңды шауып тастар еді, – деді ашуланып. Мен бірінші курстың студентімін ол кезде. Махамбет бабамның ханға деген ыза-кегін түсінетін өре қайдан болсын. Ешнәрседен хабарсыз шәкірттеріне осындай мысалдарымен түсіндіретін ән-жыр, терме табиғатын. Ол кісі шәкірттерінен Махамбеттің жігерін, Мұхиттың арынын, Ғарифолланың отын көргісі келетін. «Өнерде де, өнерпазда да мінез болу керек» дегенді үнемі айтатын. «Әдебиет пен өнер – егіз» деп, ҚазҰУ-дің филфагы мен журфагына жиі ертіп барып, концерт қойдыратын. Мұнысы «Сендер де білгендеріңді былайғы жұртқа көрсете жүріңдер, халық өнерін жастар арасында насихаттай жүріңдер» дегені еді. Ол кісінің тағы бір ерекшелігі – оқу бітіріп кеткен шәкірттеріне кездесіп қалғанда, сол баяғы ұстаздық қалпымен не істеп, не қойып жүргенін сұрап, біліп отырады. Өзіміз де әлі күнге дейін кезігіп қалып, сәлем бергенімізде: «Әй, жыршылықтан алыстап кеткен жоқсың ба», – деп сұрайтыны бар. «Ия, апай, ұмытқан жоқпын. Айтып жүрмін жиын-тойда» деп ақталып жатамыз. Ол кісі біз үшін сол баяғы қатал да әділ ұстаз! О баста республикалық эстрада-цирк өнері студиясында әйгілі ән мэтрі Ғарифолла Құрманғалиевтан батыс ән өнері бойынша дәріс алған Сәуле Стаханшылқызы өнерден қол үзбей жүріп, туған жеріне барып мектепте ұстаздық жасайды. Соңынан әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдайды. Кейін Ұлттық консерваторияны аяқтап, «Қазақконцерт» бірлестігінде әнші болып жұмыс істеді. Атыраудағы музыка академиясында қызмет жасап, одан Алматыға оралғасын Құрманғазы атындағы консерваторияның ән кафедрасының меңгерушісі болды. Жамбыл облыстық филармониясын басқарды. «Қазақ әдебиетіндегі әнші ақындар бейнесі» деген тақырыпта ғылыми диссертация қорғады. Көптеген ғылыми мақалалар жариялап, «Әуен-сыр» атты кітабын баспадан шығарды. Ұлттық телеарнада «Бұл әнді білесіз бе?» атты авторлық бағдарламасын жүргізді. Халық айтатын, нағыз «сегіз қырлы, бір сырлы» жанның өзі. Нағыз дарынды өнерпаздар ғана халықтың назарында болады. Көрінбей кеткен сәттеріңде іздеп, есімің аталғанда елеңдеп, әрбір салған әнің жұрт көңілінен шығып жатса – нағыз әнші бақыты деген сол емес пе?! Халық Сәулені солай іздесе, ол да өз кезегінде елін іздеп, көрермендеріне әннен шашу шашып тұрғанды өзіне парыз санайды. Оның халық әндерін, Мұхит, Ғарифолла әндерін шырқап жүргеніне де отыз жылдан аса уақыт өтіпті. Қалай салсаң, олай сал, Иісіңе барайын, Иілген мен бір тал шыбық, – демейтін бе еді бұрынғы жыраулар. Сол айтқандай Сәуле Жанпейісова бір өңірдің ғана әндерімен ғана шектеліп қалған жоқ. Қасиетті Тараз өңірінде дүниеге келген әншінің репертуарынан қазақтың бар өңіріндегі әншілік мектептердің әндері табылады. «Мың бұлбұл таңдайына ұя салған» (Төлеген Айбергенов) Ғарифолла сияқты дүлдүлден тәлім алған әнші Мұхит, Махамбет, Ғарифолла шығармаларымен шектеліп қалған жоқ. «Мынау Арқаның әні», «Мынау Сырдың әні» деп бөлген емес. Әншілікпен бірге күйші-домбырашы да. Консерваторияда Құбыш Мұхитовтың класынан бітірген ол домбырада қазақтың барлық өңірінің күйлерін де күмбірлетеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бүгінде халыққа кең танымал болған талай әншілер Сәуле Жанпейісованың шәкірттері. Олардың ішінде дәстүрлі ән өнерінде де, эстрада жанрында да ән шырқап жүргендері бар. «Құс қанатымен ұшады, құйрығымен қонады» деген асыл сөздің мәнін терең түсінетін Сәуле апай шәкірттерінің өзінен де атақты, өзінен де танымал болғанына тек қана қуанады. Халқының өнерін өлтірмей, ұлтына адал қызмет еткендеріне риза болады. Әуелете ән шырқап, төгілте терме айтқан, күмбірлете күй тартқан сан қырлы өнер иесі Сәуле апай соңғы кезде жігерлі де жалынды әндер шығарып, композиторлық қабілетін байқатып жүр. Оның қазақ поэзиясының жарық жұлдыздарының бірі Төлеген Айбергеновтің «Ақ қайыңдар», «Ақ жаңбырлар», «Ортаңа келді өз балаң», «Сағыныш», «Ақ жайық»; ақын Маралтай Райымбекұлының «Жас ғасыр – жаңа замана», «Алатау» атты өлеңдеріне жазылған әндері өзінің лирикалық саздылығымен, жігерлі екпінімен ерекшеленеді. Қазір бұл әндер радиодан жиі беріліп, халықтың ықыласына бөленуде. Жасынан әншілік өнерді жанына серік етіп, халық әндері мен халық композиторлары тудырған ғажайып сазды ән-күйлердің кәусарынан қанып ішкен Сәуле Жанпейісова бүгінде «Қазақтың Сәулесі» атанған, дабысы жалпақ жұртқа кеткен өнерпаз. Халқының аты есіміне қосарлана айтылған әнші ғана шын әнші болса керек.

Күнқожа ҚАЙЫРУЛЛА,

дәстүрлі әнші

Серіктес жаңалықтары