2854
Әнші Таңжарбай
Әнші Таңжарбай
Бүгінге дейін халық әні аталып жүрген «Бағила» әні Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің орындауында насихатталып келді. Әндегі «Менің атым сұрасаң – Таңжарбаймын» деген жолдар ән авторын анықтап тұр. Атақты Мұхит салмен қатар жүріп, ел аралап ән салған Таңжарбайдың өз заманында өзіндік орны бар әнші болғаны даусыз. Десек те, Таңжарбайдың өмірі мен өнернамасы жөнінде мәліметтер өте мардымсыз. Тіпті, туған жеріне қатысты мәліметтер де нақты емес. Кей деректерде әншінің Мөртөк, кейде Доңызтау өңірлерінде туғаны айтылғанмен, бұлардың бәрі дәлелсіз болжамдар ғана. Бір анығы – Таңжарбайдың Батыс Қазақстан, Бесқала (Қарақалпақстан) аймақтарын тегіс аралағаны.
Бүгінде Қ.Жұмажановтың «Қарақалпақ аймағындағы қазақ әдебиеті» монографиясындағы: «1920-1924 жылдар Қоңырат атырабындағы ағайын-туыстарына келіп, сол маңда қалып қояды» деген дерегін алға тартып, «Таңжарбай Бесқалаға өмірінің соңына қарай барған» деген тұжырым жасаушылар бар. Біздің пайымдауымызша, Таңжарбай Бесқала өңірінде өмірінің біраз жылын өткізген. Оған айтар мынадай бірнеше уәждеріміз бар. Біріншіден, Таңжарбайдың мұралары негізінен Қарақалпақстан қазақтары арасында сақталған. Оған Таңжарбайдың Әму бойында күні бүгінге дейін айтылатын бірнеше әні, одан бөлек, ән-күйлері, жыр-күйлері де дәлел бола алады. Екіншіден, Қ.Жұмажанов айтқандай, 1920-1924 жылдары барып, 1926 жылы дүниеден қайтқан болса, оның бес-алты жыл ғана өмір сүрген жерінде барлық мұрасы сақталмас еді. Мұны Т.Бекхожинаның Таңжарбай жөнінде айта келіп: «Әндері қарақалпақ жерінде кең тараған» деген мәліметтері де растайды. Таңжарбайдың әндері Бесқала әнші-жырауларының көбінің репертуарынан берік орын алған. Таңжарбай әндерін қарақалпақстандық әнші-жыраулар – Жақсылық Мамытұлы (1899-1961), Төребай Құрбанов (1910-1977), Наурызбек Нұржаубайұлы (1931-1994), Атаубай Мәмбетұлы (1931-1977), Өсербай Сәрсенбайұлы бабына келтіре орындап насихаттаған. Ал Таңжарбайдың ән-күйлері мен жыр-күйлері де бүгінге мойнақтық Жұмалы Ембергенұлы, кегейлілік Молдағали Балымбетов, нөкістік Биман Кенжебаев сияқты күйшілердің орындауынан жазып алынып жетіп отыр. Жалпы, Батыс Қазақстан әншілерінің репертуарында Таңжарбайдың «Бағила» атты жалғыз әнінен өзге мұрасы сақталмағаны белгілі. Үшіншіден, Таңжарбайдың поэзиялық туындылары да Әму бойында сақталып қалған. Төртіншіден, Таңжарбайдың Бесқала аймағында өмір сүріп, халыққа танылғанын сол өңірдегі жыраулардың туындыларынан да кездестіреміз. Теңізбай жыраудың шәкірті Тұрғанбай Жаңабайұлы:
Табыннан өткен – Таңжарбай,
Жырларын халқым ұнатқан.
Ортаға түсіп бәйгі алып,
Соңғыларға сөз қалып,
Озып шыққан сынақтан, –
десе, Наурызбек, Алдаберген жыраулардың репертуарындағы толғауларда да Таңжарбайдың халық арасында дарынды әнші адам болғаны баяндалады:
Табыннан өтті Таңжарбай,
Әннің болды арнасы-ай.
Наурызбек Нұржаубайұлының шәкірті Өсербай жырау Сәрсенбайұлының «Толғау, толғау сөйлейін» атты туындысында:
Табыннан өткен Таңжарбай,
Шырқап әнді салғанда,
Жетеді, – дейд, – дауысы,
Қарауымбеттен Қоңыратқа-ай, –
дейді. Мұндағы айтылатын Қарауымбет те, Қоңырат та – Бесқала аймағындағы елді мекендердің атаулары. Мұндай мәліметтер Таңжарбайдың сол өңірде өмір сүріп, ел есінде қалғанын дәлелдейді.
Профессор Қ.Жұмажанов «Қарақалпақ аймағындағы қазақ әдебиеті» монографиясында Таңжарбайдың өмірі мен мұраларына қатысты біршама мәлімет қалдырып, оның әкесінің есімін және бүгінге дейін беймәлім болып келген туған, дүниеден қайтқан жылдарын жазып қалдырған. Онда: «Таңжарбай Бәкірұлы (1872-1926). Ән өнерінің жүйрігі, ару сазды кісі. Руы Табын, Қоңыр» дей келе: «Туған жері Ақтөбе облысында. Өмірінің соңында 1920-1924 жылдары Қоңырат атырабындағы ағайын-туыстарына келіп, сол маңда қалып қойған» дейді. Бұл мәліметтің ел ішінен жиналып, өзге деректермен салыстырылмағаны байқалады. Бұл Қ.Жұмажановтың Таңжарбай мұраларын зерттеуге арналған еңбегі емес, сондықтан қолына тиген деректерді ғана пайдаланғаны анық. Ол шынымен бар өмірін Ақтөбе, Орал жерлерінде өткізіп, Бесқалаға өмірінің соңында барған болса, оның түгел дерлік мұралары Әму бойындағы қазақтар арасында сақталып қалмаған болар еді.
Енді осы айтылған және өзге де мәліметтерді бір-бірімен салыстырып қарасақ, Таңжарбайдың өміріне, мұраларына қатысты біршама деректер жүйеленеді. Мысалы, Қ.Жұмажановтың жоғарыда аталған еңбегінде әншінің 1926 жылы дүниеден қайтқаны айтылса, Т.Бекхожина «Қазақтың 200 әні» атты музыкалы-этнографиялық жинағында: «Әннің авторы Таңжарбай, композитор және әнші, туған жылы белгісіз, 1933 жылы Қарақалпақстандағы Қоңырат қаласында өлген» дейді. Т.Бекхожина Қарақалпақстанға фольклорлық экспедициямен барған 1960 жылдары елде Таңжарбайдың көзін көріп, әнін тыңдаған адамдар баршылық еді, соған қарамастан әншінің туған жылы мен туған жері туралы нақты мәліметтер бере алмаған. Профессор Қ.Жұмажанов зерттеулерінде Таңжарбайдың әкесінің есімін Бәкірұлы десе, өзге мәліметтерде әншінің әкесінің аты Қазыбай деп көрсетіледі.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Басығараевтың 2019 жылы жарық көрген «Аққудай Әлима едім қонған көлге...» атты еңбегінде күйші Б.Басығараевтың репертуарындағы «Таңжарбайдың әні» жарияланды. Ән авторы жөнінде берген мәліметінде: «Әнші, композитор Таңжарбай Бәкірұлы 1872 жылы туған, Бесқала өңірінде (Қарақалпақстан) өмір сүріп, ел аралап ән-жыр айтқан. Кезінде Қарақалпақстанға, Ақтөбе өңірі мен Қазақстанның батыс аймақтарына танымал болған. Әндері Бесқала қазақтары арасында сақталған» дейді.
А.Жұбановтың «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» еңбегінде Мұхит пен Таңжарбайдың сапарлас болғанын айта келіп: «Мұхит жалғыз емес, оның өзінше пікірлес, өнерлестері болды. Олар да біреуі әнші, біреуі жыршы, біреуі ақын болып, Мұхитты дәріптеді. ...Міне, соның бірі Таңжарбай әнші. Таңжарбай өнерге бай әнші бола тұрса да, малға кедей адам екен. Таңжарбай өзінің кедеймін деп қорланбайтынын дәлелдеп бір өлеңінде:
«...Сұрасаң, менің атым Таңжарбаймын,
Болсам да малға жарлы, әнге баймын.
Өкшесі қара етіктің сынық сүйем,
Болсам да өзім кедей қыз таңдаймын...» −
деп, өзін өзі көтерген болса, енді бір өлеңде «Саламын сал Мұхиттың «Айдайына» деп, Мұхиттың мәртебесін көтеріп, оны бір үлкен бел етіп ұстайды. Мұхитты дәріптейді, аспанға шығарады» деген аз ғана дерек ұшырасса да, оның туған жеріне, өмірі мен шығармашылығына қатысты мәліметтер кездеспейді.
Шынында, Таңжарбай 1920 жылға дейін Батыс Қазақстан, Ақтөбе аймақтарында өмір сүрген болса, қазақ музыкасын сол тұстардан бастап жинастыра бастаған А.Затаевич, А.Жұбановтардың еңбектерінде оның әншілігі мен өміріне қатысты бір ауыз болса да нақты мәліметтер табылар еді.
Енді Таңжарбай мұраларының баспа бетін көруі туралы айтар болсақ, тұңғыш рет А.Затаевичтің 1925 жылы Орынбор қаласынан шыққан «Қазақ халқының 1000 әні» жинағында авторы көрсетілмей, мәтінсіз «Бағила» әні жарияланған. Әнді этнографқа Жымпиты уезі Тамды болысының тұрғыны Досқайыр Бабасов орындап берген. Таңжарбайдың тағы бір әні араға жарты ғасыр уақыт салып, Т.Бекхожинаның «Қазақтың 200 әні» музыкалы-этнографиялық жинағында жарияланды. Т.Бекхожина әншінің бұл әнін 1960 жылдары Қарақалпақстанға фольклорлық экспедициямен барғанда Хожелі ауданында тұратын Төребай Құрбановтан жазып алған. Кітап соңында берген түсініктерінде ән авторына қатысты айта келіп: «Әндері Қарақалпақ жеріне кең тараған» деген мәлімет береді (Т.Бекхожина. Қазақтың 200 әні. Алматы, «Ғылым», 1972. 213-б). Сонымен қатар әншінің «Таңжарбайдың күйі» деп аталатын күйі бесқалалық М.Балымбетовтің орындауында «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» домбыра күйлері антологиясына енсе, «Мәдени мұра» ұлттық жобасы аясында 2010 жылы жарыққа шыққан «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антологиясында Ғ.Құрманғалиев, Ө.Сәрсенбайұлы, М.Өтебаевтардың орындауындағы Таңжарбайдың «Бағила», «Таңжарбайдың әні» (1-нұсқа), «Таңжарбайдың әні» (2-нұсқа) сынды әндері жарияланған. Сондай-ақ Таңжарбайдың екі әні Кеңес дәуіріндегі пластинкаларда да жарық көріп, Қазақ КСР халық әртісі Ғ.Құрманғалиев (1909-1993) орындаған «Бағила» мен Өзбек КСР-інің еңбек сіңірген әртісі
М.Өтебаев (1928-1976) орындаған «Таңжарбайдың әні» ел ішіне тараған. Соның ішінде Ғ.Құрманғалиев орындаған «Бағила» әні халық арасында кең тарады. Бүгінде сахналарда жиі орындалатын ән де осы нұсқада.
Қарақалпақстанға фольклорлық экспедициямен 1959 жылы А.Серікбаева, 1962 жылы Т.Бекхожина, 1982 жылы музыкатанушы-ғалым Б.Қарақұлов пен аудармашы, журналист Е.Сафуанилардың барғаны мәлім. Осы сапарларда қоңыраттық Жақсылық Мамытұлы мен Наурызбек Нұржаубайұлынан хожелілік Төребай Құрбановтан Таңжарбайдың әндері магнит таспаларына жазып алынған. Бір қызығы, Наурызбек, Атаубай жыраулар Таңжарбайдың әніне Балуан Шолақтың:
Айым да сен, Ғалия, күнім де сен,
Оң қабағым тартады күлімдесең.
Менің көңлім Ғалия дауалансын,
Ауған түйе секілді бейімделсең, – деп басталатын «Ғалия» әнінің сөзімен орындаған.
2019 жылы жарық көрген «Бесқала қазақтарының әндері» атты ноталық-музыкалық жинағымызда Жақсылық Мамытұлы (1899-1961), Төребай Құрбанов (1910-1977), Бақыт Басығараев (1926-2001), Наурызбек Нұржаубайұлы (1931-1994) сияқты танымал әнші-жыршы, күйшілердің орындауынан жазып алынған Таңжарбайдың бес әнін нотасымен жарияладық. Таңжарбайдың өзгеше тағы бір әнін күйші Б.Басығараевтің жеткізгенін жоғарыда айттық, ол әнді Бесқала өңірінде өсіп, сондағы Жұмалы Ембергенұлы (1891-1975), Дәулеткелді Жармағамбетов (1899-1950) тәрізді дәулескер күйшілерден өнеге көріп, күйші ретінде Әму бойында қалыптасқан Б.Басығараевтың сол өңірден алып келгені сөзсіз.
Таңжарбай әнші ғана емес, «Кенесары-Наурызбай», «Қыз Жібек» жырларын жырлаған жыршы да болған. Десе де, халық оны жыршы ретінде емес, әнші деп танығанға ұқсайды.
Әншінің «Сұрасаң менің атым Таңжар атым, елдегі есен бе екен қыз бен қатын?!» басталатын әнінің шығу тарихын 1982 жылы музыкатанушы-ғалым Б.Қарақұлов пен журналист, аудармашы Е.Сафуанидың Наурызбек жыраудан жазып алады. Онда атақты жырау Н.Нұржаубайұлы әннің шығу тарихын былайша баяндаған: «Бұрынғы уақыттары айтады екен, елден тысқары шығып, елге қайтып келе жатқанда өзінің қатар-құрбыларын сағынып, Таңжарбайдың мынау ойға қарай (Бесқалаға) қырдан құлап келе жатқанда әні екен». Мұнда айтылған ән тарихы Таңжарбайдың Әму бойына өмірінің соңында барды деген мәліметтті жоққа шығарып, Бесқала әншінің өмір сүрген мекені болғанынан хабар береді. Себебі әншінің өзге аймақтарды да аралап, елге, Бесқалаға қайтып келе жатқанда шығарып айтқан әні екені анық баяндалған.
Т.Бекхожина, Қ.Жұмажанов, Қ.Аралбаев сияқты музыкатанушы, әдебиеттанушы ғалымдардың еңбектерінде әншінің Қарақалпақстан аймағынан жазып алынған мынадай өлеңдері жарияланған болатын:
Ей, қусаң да жеткізбейді ғой арман дүние,
Бұрынғы ата-анадан қалған дүние.
Барында оралыңның ойна да күл,
Бір күні өте шығад жалған дүние.
Барында оралыңның ойна да күл,
Өтерін сұм дүниенің ойла да біл.
Алдында жақсылардың мереке етіп,
Ән салып, түрлендіріп, сайра бұлбұл.
Сұрасаң менің атым – Таңжарбаймын,
Болсам да өзім кедей, әнге баймын.
Өкшесі қара етіктің қарыс сүйем,
Болсам да қасқа кедей қыз таңдаймын.
Сұрасаң менің атым Таңжар атым,
Елдегі есен бе екен қыз бен қатын?!
Елдегі есен болса қыз бен қатын,
Құдайға құдай жолы жалғыз атым.
Таңжарбай жыршы етіп атандырдың,
Жақсымен несібемді қатар қылдың,
Шебері қызыл тілдің болсам-дағы,
Құдай-ау, айдар малға мәттәл қылдың.
Сұрасаң қайталаймын – Таңжар атым,
Елдегі есен бе екен азаматым,
Елдегі есен болса, азаматым,
Беремін сүйіншіге жалғыз атым
Шауып шықтым басына қызыл қырдың,
Сырты бүтін, іші алтын бұзылғырдың.
Қауын болып қайсысыңа жарылайын,
Бірі өтеді бірінен қырылғырдың.
Жалпы, Бесқала қазақтарының арасында Таңжарбайдың оннан астам музыкалық мұралары сақталған.
Қоңырат өңірінде өмір сүрген Ізбан күйші кейінгі жас өнерпаздарға Таңжарбайдың жатқан жерін көрсетіп жүреді екен, кейінгі ұрпақ ұмытпай, келіп тұрсын дегені болар. Кіші жүз аймағын түгел аралап ән салып, артына біршама мұра қалдырған Таңжарбай ХХ ғасырдың бірінші ширегінде Қоңырат ауданының қазіргі «Жаслық» стансасында дүниеден өтеді. Қазіргі әскери қалашықтың шығысындағы қорымда жерленген.
Күнқожа ҚАЙРУЛЛА, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы