Өмірі өнегеге толы...

Өмірі өнегеге толы...

Өмірі өнегеге толы...
ашық дереккөзі
1549
Зиялылық – адамның жоғары мәдениеттілігінің ақыл-парасаты мен адамгершілік қасиеттерінің жиынтығын білдіретін ұғым. Бұл орайда Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қай­рат­кері, Қызылорда облысындағы Жалағаш ау­данының Құрметті азаматы Сәбит Иман­ғалиевті сөз арқауындағы зиялылық пен пара­саттылық тұғырындағы тұлғалық бол­мысы тұрғысынан бағалаймыз. Сексен жас­тың сеңгіріне көтерілген абыз ақсақал­дың ғұмырнамасындағы еңбек белестері ата-бабалық өнегелі өмір сүру ұлағатын ай­­­­қын аңғартады. Сәбит аға ғұмырнамасының алтын арқауы – туған жеріне, ауылына, сол арқылы кең-байтақ Отаны Қазақстанға арналған перзенттік-азаматтық махаббаты. 1942 жылы Қазалы ауданының К.Маркс атын­дағы колхозындағы мектеп дирек­торы болып қызмет істейтін Иманғали Жұ­мағұловтың отбасында ел аралап шы­ғар­машылық іссапарда жүрген классик жазу­шымыз Сәбит Мұқанов құрметті қо­нақ болыпты. Қаламгердің әйгілі «Сыр­да­рия» романын жазуы үшін Сыр өңірін ара­лап жүрген кезі шығар. Халық жазу­шы­сы құр­метті қонақ болған сол кеште дү­ние­ге ке­ліп жатқан нәрестеге Сәбит есімі қо­йы­­лыпты. Сөйтіп ол Қызылорда облысының Жа­лағаш ауданындағы «Аққыр», «Жаңа­талап», «Мәдениет» ауылдары орна­лас­қан Мақпалкөл өңірінде жұмысын жал­ғастырған ағартушы-ұстаз Иманғали мен абзал ана Мәрияның көпбалалы отба­сын­да тәрбие алып өсті. Ол балалық, жасөс­пірімдік кезеңдерінде ата-бабалық киелі салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды сана­сына сіңіре білді. Әкесі Иманғали Қазақстан тарихын­дағы көрнекті мемлекет және қо­ғам қайраткері Темірбек Қараұлы Жүр­ге­нов­пен бірге өсіп отызыншы жылдары Таш­кенттегі Орта Азия мемлекеттік уни­вер­ситетінде бірге оқып ағартушылық жұ­мысында қызметтес-әріптес болған. Әке­нің кейін мектеп директоры болып, ба­лаларының оқып білім алуына, зиялы, па­расатты болып өсуіне ықпалы тигені анық. Бұл – тектілік қасиеттің бала бойына дарып ағартушылық қызметтегі өркениет­тің гуманистік дәстүрі десе болғандай. Сәбит 1959 жылы жоғарыда атаған «Мақ­палкөл» орта мектебін бітірген­нен кейін Қызылорда қаласындағы меди­ци­на училищесін фельдшерлік мамандығы бойын­ша бітіреді (1962 ж.). Мұнан соң Жаңа­талап колхозында фельдшер, кейін көр­ші Аққыр ауылында жаңадан ашылған аурухана меңгерушісі болып еңбек жолын бастайды. Осындай өркениетке құштарлық ық­па­лымен Сәбит Алматыдағы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінен «Қазақ тілі мен әде­биеті» ма­мандығы бойынша жоғары білім алады. Ме­дициналық және филологиялық-педа­гогикалық қос мамандықты игерген оның ендігі еңбек жолы ауылындағы №188 орта мектептің мұғалімі, оқу ісінің мең­герушісі (1970-1973жж.), одан кейін «Мә­де­н­иет» совхозындағы орта мектептің ди­рек­торы (1974-1980жж.) қызметтерімен жал­ғасты. Сол кезеңдегі кеңестік басқару жүйе­сіндегі озбырлық саясат бойынша қазақ жастарын онжылдықты бітіргеннен кейін қой бағу, егін егу жұмыстарына ерік­сіз қалдырып, талай дарынды жастардың ұлт­тық әлеуетін танытуына кедергі жасал­ды. Бұл Сәбит ағамыздың ұлттық-азамат­тық көзқарасындағы намыс отын тұтатқан айрықша саяси-әлеуметтік жағдай болды. Мұны жаңа буын ұрпақтың өркен­деуін дамытуға арналған жаңа қыз­меттері арқылы жүзеге асыра бастады. Сөй­тіп 1980 жылы Қызылорда қаласына қо­ныс аударып, қалалық «Қазақ тілі» қо­ғамын басқарған, тоқсаныншы жылдары қа­зақ тілінің мемлекеттік мәртебесін жол­ға қоюда көптеген іс-шараларды ұйымдас­тыр­ды. Украинадан жазу машинкаларын ал­дырып, оған қазақ әріптерін енгіздірді. Мер­зімді баспасөз беттерінде өзекті мәсе­ле­лерді көтеріп, бірқатар мақаласын жа­рия­­лады. Облыстық радио мен телеарнадан ар­найы сұхбаттар ұйымдастырып, еңбек ұжым­дарының жиындарында қазақ тілі­нің мәртебесі туралы мазмұнды баян­да­ма­лар жасады. 1967 жылдың күзінде отбасылық ода­ғын құрған жары Зүбайра Қыстаубаева екеуі ата-бабалардан жалғасқан ұлағатты дәс­­түрін лайықты деңгейде дамытты. Зү­байра – Қызылорда қаласындағы М.Мә­ме­това атындағы педагогикалық училищені, одан кейін Н.В.Гоголь атындағы педагоги­ка­­лық институтты «Қазақ тілі мен әдебиеті» ма­мандығы бойынша бітірген жоғары білім­ді, білікті маман. Ол өзі туған Жалағаш ау­да­нындағы «Аққыр», «Мәдениет» ауыл­дарын­дағы орта мектептердегі ұстаздық еңбек жолында тиянақты қызмет етуімен танылды. Жас маман қыздың көпшілікті ұйым­дастырушылық қабілетін байқаған ау­дан басшылығы Зүбайраны Жалағаш ау­дандық комсомол комитетінің бөлім мең­герушісі қызметіне тағайындаған еді. Бұдан кейін ол Қызылорда қаласындағы кеш­кі жұмысшы жастар мектебінде ұстаз­дық еңбек жолын жалғастырды. Осы қыз­метте жүріп Алматыдағы көрнекті фи­ло­лог ғалымдармен бірлесіп, жоғары сы­нып­тар­ға арналған «Қазақ тілі» оқулығын («Мек­теп» баспасы) шығарды. Осы еңбегі­нің нәтижесінде 1989 жылы өзі жоғары бі­лім алған Қызылорда мемлекеттік педа­го­гикалық институтының аға оқытушысы қызметіне қабылданып, көп ұзамай Қа­зақ­стан білім беру ісінің үздігі атанды. 1999 жылы олардың отбасы Алматыға қо­ныс аударғаннан кейін отағасы Сәбитпен бірге Алматы экономика және статистика ака­демиясында, сонымен қатар өзі Қазақ-Аме­рика университетінде аға оқытушы бол­­­­ды. Ерлі-зайыпты қаламгер ұстаздардың бір­лесіп жазған «Қызылорда көшелері» (1993, 2009 ж.ж.) атты танымдық-анықта­ма­лық кітаптары тілтану, елтану тұрғы­сын­дағы маңызымен жұртшылықтың жы­­лы қабылдау ықыласын иеленді. Олар­дың он мың сөзден тұратын «Орысша-қазақша сөздік» атты еңбегіндегі қазақ тілі­­нің мемлекеттік мәртебесін дамыту ба­ғытындағы іс қағаздарының қазақша үл­гілері мен тіл дамыту тараулары халық­тың әлеуметтік топтары мен тіл үйірмелері үшін таптырмайтын пайдалы кітап болды. Ол Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ар­қылы республиканың облыстарына тара­тыл­ды. Үш тілде жарық көрген «Аст­а­на­лар­дағы көшелер» атты көлемді еңбегі Қы­зыл­ор­да, Алматы, Астана қалаларына арналды. Еліміздің үш астанасы болған қалалары жай­лы еңбек 2014 жылы Германияның және Түрікменстанның астаналарындағы Ха­лықаралық кітап көрмелеріне қойылып, құн­ды материалдар әлем халықтарына таныстырылды. Бүгіндері 80 жасқа толған Сәбит аға мен 75 келген сүйікті жары Зүбайра – үл­гілі от­ба­сы иелері. Олардың жанұясында үш ға­лым, екі Журналистер одағының мүшесі, екі Құрметті азамат, білім және мәдениет с­а­ласының екі үздігі және отбасы мүшелері жаз­ған он жеті кітап жарық көрген. Өрке­ниет кеңістігіндегі қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерімен қалыптасқан, домбырамен күй тартатын, ән салатын, бірнеше тілді мең­герген бұл отбасы – зиялылықтың, па­ра­саттылықтың көрнекті көрсеткіші. Ха­лық­аралық «Қазақстан-Zaman» газеті жария­лаған «Үлгілі отбасы» байқауының жүл­дегері (2008 ж.) болды, ал 2018 жылы өт­кі­зілген республикалық «Мерейлі от­басы» ұлттық байқауында «Иманғалиевтер от­басы» Алматы қаласы бойынша қатысқан 131 семьядан Бас бәйгені (Гран-при) жеңіп ал­ды. Олар республикалық байқауға ар­найы жолдамамен ұсынылып, онда да «Ға­лымдар отбасы» номинациясымен үлгілі от­басылар қатарында бағаланды. Бұл – әлем өркениетіндегі зиялылық пен пара­сат­тылық қасиеттер тұтасқан озық сапалы адамзат ұрпақтарымен деңгейлес қазіргі қазақ отбасыларының биіктігін танытатын жо­ғарғы баға екені даусыз. Сәбит те, Зүбайра да педагогикалық жә­не қоғамдық-әлеуметтік қызмет са­лаларындағы және отбасындағы ата-ана­лық қызметтері аясындағы өмір сапарында көңіл күй тебіреністерін өлеңмен де өр­нек­теп келеді екен. Әкесінің де, анасының да өлең­дерін және олар туралы естелік мақа­ла­ларды «Қос шынарым» атты жинаққа топ­тастырған, осы әулеттегі ғалым, фило­ло­гия ғылымдарының кандидаты, Қазақ­стан Журналистер одағының мүшесі, та­ри­хи тұлға Темірбек Жүргенов туралы дис­сер­тация жазып қорғаған, монография шы­ғарған Бауыржан Сәбитұлы перзенттер аты­нан тебірене толғаған екен: «Ата-анамызға қандай да бір жақсылық, сый жасасаң да олардың бізге істеген, бізге төк­кен мейірім-шапағатын өтеу мүмкін емес. ...Алатаудай әкешім, бұлақтай мөлдір пәк анашым! Біз ауылда тудық, қалада өмір сүріп жатырмыз. Сіздерден үлгі-өнеге алып, бер­ген тәрбиелеріңізден нәр алдық. ...Осы­лай өмір көші, өмір ағысы жалғасып жа­тыр. Жандары сергек, еңбекқор, жүректері із­гілікке толы асыл Әкешім, ардақты Ана­шым! Шынар ағашындай ұзақ жасаңыздар! Біз­дің қызығымызды көріп бақытты бо­лыңыз­дар! Шығармашылық табыс, тұлпар­дай шабыс тілеймін!» (Иманғалиев Б.С. «Қос шынарым» кітабы – Алматы: 2012ж. – 168 б.; 3-4-бб.). Біздің кейіпкеріміз Сәбит Иманғалиев – текті әулеттің ұрпағы, үлгілі отба­сы­ның иесі, халқымыздың тарихындағы көр­некті зиялыларымыздың дәстүрін өне­ге­лі өмірімен жалғастырған парасаттылық биігіндегі азамат. Жас кезінде ақын болуды да арман­да­ған азамат, туған жерге, бала­лар­ға арналған өлең, әңгімелері де кезінде мер­зімді баспасөздерде жарияланып тұра­тын. Жалағаш ауданындағы туған ауы­лы­ның топырағынан қуаттанған перзенттік махаббаты өлең жолдары бо­лып қағазға түсіпті. Солардың бірі – «Бала­лы­ғым» атты өлеңінен оның балдәурен ба­­лалық шағы мен қазіргі абыздық-ақса­қал­­дық асуындағы тебіреністерімен ортақ­та­самыз: Көргем жоқ дүниенің талдап бәрін, Ба­­ла­­лық, ештеңені аңдатпадың. Тек ғана шыбық атты мініп алып, Есімде ауыл сыртын шаңдатқаным. ...Өмірден өгей болып қалады кім?! Өкін­бен, сырға толы әр адымым. Тек ғана өзім жүрген шаң ішінде Бұл­ды­рап қалыпты ғой балалығым. (Иманғалиев С. Балалығым. «Қос шы­нарым». кітабы, 2012 жылы, Алматы 72-73-бб.). Темірбек Жүргенов қоғамдық қоры­ның төрағасы, еңбек ардагері Сәпен (Сәби) Әбдіқадырұлы Аңсат ағамыздың «Ай­тарым бар» атты тарихи-танымдық, кө­се­мсөздік кітабындағы «Адам киесі» та­қыры­бында мынандай ойлар айтылады: «Киелі, қасиетті адамдар болады, «Оқ өт­пей­тін адам болмайды, оқ тимейтін адам бо­лады» дегенді газеттен оқыдым, осыған өзім иланамын. ...Бақ қонып, Қыдыр дарыған киелі әу­лет осындай болады, ол дүние-мүлікпен, мол байлықпен өлшенбейді. Киелі әулеттен тараған ұрпақтар оны ұстап тұрулары ке­рек. Ұстай алмағанның жазаға, қарғысқа ұшыра­ғандарын көріп жүрміз» (Аңсат С.Ә. Айтарым бар: Публицистика. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2019. – 280 б. 89-б.). Қорыта айтқанда, сексен жылдық ғұмыр­намасында ол халқымыздың киелі, асыл дәстүрлерін азаматтық ұстанымымен дамыта жалғастырған. Сол арқылы зиялылық пен парасат биіктігінің үл­гі­сін көрсеткен. Қазақстан Респуб­ли­ка­сының қазіргі және болашақ ұрпақ­тары­на мағыналы, сұлу өмір сүру ұлағатын та­нытқан Сәбит Иманғалиев – біздің ұлттық келбетіміздің шынайы сипатын танытатын жан. Лайым, ата-бабалық киелі дәстүр­лері­мізді адамгершілік-имандылық қасиет­тері­мен дамытқан өнегелі тұлғалар ұлағаты жаңа буын ұрпақтарымызға жалғаса бер­гей!

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымдарының докторы,профессор

Серіктес жаңалықтары