Мен көргім келетін «Жаңа Қазақстан»
Мен көргім келетін «Жаңа Қазақстан»
Мен кішкентай ғана ауданның жалпы орта білім беретін мектебінде 9-сыныпты бітіріп, ал жоғарғы 10,11-сыныптарды елордамыздағы ең жақсы деген лицейлердің бірінде аяқтадым. Қаншалықты мойындауға қиын болса да, өсе келе түсінгенім, біздің қоғам білімділердің интеллектуалдық деңгейін игілікке айналдыруға аса басымдық бермеген екен. Өзіме таныс мысалдарға тоқталайын. – Менің ауылдағы құрдастарымның арасында «Болашағы бар» деп сенген ең жақын достарымның өсе келе қылмыскерлер мен бұзақылардың қатарынан табылғанын көрдім; – Қазақты «өнерлі халық» деп бағалайтын болсақ, соңғы жылдардағы өнер жұлдыздарына қатысты жаңалықтарды ақтарып қараған кезде «анархиялық» көріністердің куәгері боламыз; – 2022 жылдың қаңтар оқиғасы бізді «диктатуралық билік» пен «экстремизмдік қозғалыстардың» куәгеріне айналдырды. Осыдан кейін жоғарыдағы күмәнді сұрақтарға қарсы қандай пікір айта аламыз? Ешқандай. Қазақ қоғамындағы қанағатшыл, шығармашыл, бақытын еркіндіктен тапқан, әділдікті ту етіп алған, «тура жолға» ұмтылып жүрген білімді адамдардың болмысы өз қадірін, өз бағасын таба алмай келе жатыр. Бұл үшін біз кімдерді кінәлай аламыз? Тарихты ма? Әлде осындай «білімсіз» кейіптегі «қоғам қайраткерлері» атанған популистер мен жалған ұлтшылдар немесе әсіре діншілдерді ме? Меніңше, біз бұл жағдайда ешкімді де кінәлай алмаймыз. Жеткенімізден жетпегеніміз көп, жас мемлекетпіз. Сонымен қатар дәл қазір білім саласына да ерекше көңіл бөлініп отырғанын атамай өтуге қақымыз жоқ. Бұған қарапайым мысал ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстаздар мен білім саласындағы қызметкерлердің еңбекақысын көтеру туралы тапсырма бергенін және бұл тапсырмасы өз деңгейінде жүзеге асырылып келе жатқанын айтуға болады. Педагог мамандарымыздың әлеуметтік мәртебесін көтеріп, экономикалық жағдайының жақсаруына Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп отырғаны қуантады. Дәл осы кезеңде мәдениет саласының дамуына да қолдау көрсетілсе деген ұсынысымды айтқым келеді. Себебі біздің Үкімет мәдениет саласының дамуына салғырт қарайтындай көрінеді. Өнер адамдары табиғат сыйлаған өнерімен өз күндерін өздері көре алады дейді ма екен, әлде? Жаңа Қазақстан құрғысы келсе біздің қазіргі билік «қазақта білім жоқ», «қазақта мәдениет жоқ» деген көзқарасты түп-тамырымен өзгертуге жұмыс істеуі қажет. Ол үшін, ең алдымен, осы салада қызмет етуді таңдаған мамандарымыздың «кәсіби маман» ретінде қалыптасып, өсуі мен дамуына қажетті бар жағдайды жасаған дұрыс. Мәдениет дегеніміз не? Мәдениет дегеніміз, ең алдымен, ол – ұлттың әдебі, таным-түсінігі, тәрбиесі, адамгершілігі. Мәдениет дегеніміз – ұлттың болмысы, өзге ұлттармен байланыс орнататын тілі. Ал біздің қоғам қазір «қазақта мәдениет жоқ» деген көзқарастан өзін-өзі ақтап ала алмайды. Мысал ретінде деректер келтіріп көрейін: – Менің астанада бірге оқыған көп сыныптастарымның «тағы бір жыл жұмыс істеп, ақша жинағаннан кейін Кореяға көшемін», «Польшада оқуымды бітіргеннен кейін сол елде қаламын, ең бастысы, мешіті бар мемлекет қой» деген сөздерін естідім. Қаншалықты ауыр естілсе де, мәдени тұрмыспен тіршілік етуді таңдаған саналы қазақтардың көпшілгі елде қалмағанына куә болдым. Өз елінен көшіп кетіп жатқан замандастарымыз қазіргі күнге дейін азайған жоқ. – Біз жастардың «білімді тұлға» ретінде қалыптасуына керекті бар жағдайды жасағымыз келеді. Бірақ шынайы білімді тұлғалардың ортасына түскен қазақтардың «орыс тілі» мен «ағылшын тілінің» мәдениетіне бейімделген, өз тілінде сөйлеуге арланатынын күнделікті өмірде көріп жүрміз. – Мәдениет саласының негізгі шаңырағын «театр» деп атайтын болсақ, еліміздегі театрлардың даму жағдайы туралы айту тіпті ұят. Қазіргі педагогика саласындағы РІSA зерттеулерінде «академиялық тұрақтылық», «академиялық адалдық» деген терминдер бар. Мектеп пен университет қабырғасындағы әрбір білім алушының «академиялық адалдығының» жоғалмауы, «академиялық тұрақтылығының» бұзылмауы – педагог мамандардың жіті қадағалауындағы құбылыс. Ал өмір бойы «оқушы» позициясында өмір сүруді таңдаған адамның осы құндылықтарын сақтап қалуына көмектесетін шаңырағы, ол – театр. Театр өнері пайда болған кезеңнен бастап әрбір адамның бойында болуы тиіс дәл осы «академиялық адалдық» пен «академиялық тұрақтылықтың» негізгі дәнін себуді, сол дәннің өмір бойғы тіршілігін қадағалауды өз жауапкершілігіне алған сала. Мұны дамыған мемлекеттердегі дамыған театрлардың тұрақты көрермендері өте жақсы түсінеді. Ал біздің мемлекетіміздегі театрлардың қазіргі жағдайы қандай? Теориялық тұрғыда театры жоқ орталық «қала» деп аталмайды, ол орталықты тек «аудан» немесе «ауыл» деп қана атайды. Дамыған мемлекеттердегі қалалардың театрын алып қарайтын болсақ, олардың театры «көрермені жоқ бос қабырға» ретінде тұрмайды, сахналық қойылымдарын он шақты көрерменмен өткізбейді. Сондай-ақ біздің елдегі театрлар сияқты шарасыздықтан оқушылар мен студенттерді жинап әкеліп, тегін қойылымды бір рет қана көрсетіп кете салмайды. Себебі өзге дамыған мемлекеттердің театрға келетін көрермендері бұл өмірді «Жаратушының өнері» ретінде бағалауға, сол өнердің өзімен тыныстауға үйренген жандар. Ал біздің қазақ қоғамы дәл осы шынайы таза өнердің бағасын біле ме? Меніңше, біздің қоғамның адамдары тарихи қиындықтардың себебінен өздерін осы өмірге жай ғана келіп-кететін зат сияқты сезінуге үйреніп қалғанға ұқсайды. Олар өнермен тыныстаудың не екенін білмейді, театрдың тынысын мүлдем танымайды. Театрдың тұрақты көрермендерінің қатарына қосылғаныма бір жылдан астам уақыт болды. Мен бұл ордадан өзім көргім келетін «таза қазақ тілінде сөйлесетін», «ұлттық әдеп-тәрбиеден аттамайтын», «шынайы өнердің бағасын білетін» ортаны таптым. Осы саладағы нағыз кәсіби мамандардың «қайтарымы жоқ» еңбекпен қызмет етіп жүргенін түсінген кезімде қатты күйіндім. Олар мен сияқты «мәдениет» деген ұғымнан ешқандай хабары жоқ, ол туралы түсінігі қалыптаспаған қарапайым көрермендерді дәл осы «таза өнермен тыныстайтын» деңгейге жеткізу үшін жанын салып еңбек етеді. Көңілімді қуантатыны қазақта «мәдениет» саласына адал қызмет етіп жүрген шынайы өнерпаздар бар. Театр өнерпаздары қоғамды мәдениеттіліктің биік деңгейіне көтеруге қаншалықты тырысқанымен, атқарушы билік тарапынан толыққанды жүйелі қолдау жеткілікті болмаған соң бүкіл қоғамның мәдениетін қалыптастыруға бірді-екілі театрдың күші қалай жетсін? Осы орайда қоғамдық пікірді қалыптастырушы ақпарат саласы жөнінде де ойымды қоса кеткім келеді. Көптеген қазақ журналистерінің жан-жақты, терең ізденіс жасамайтыны өкінішті. Көбісінің табиғатына «жалаң сөз» бен «жалтақ пікір» ғана тән. Көптеген телеарналар ұлт пен мемлекет болашағы үшін емес, рейтинг үшін ғана жұмыс істеуді әдетке айналдырды. Кәсіби журналистер «әйтеуір танылған» әлеуметтік желінің уақытша жұлдызының артынан «қуалап» жүр. Қазақ журналистикасының деңгейі театр таланттарының «таза өнерінің» танылуына қызмет етуге қашан қол жеткізетіні белгісіз. «Мәдениет» деген ұғымды, ең алдымен, «ұлттың тәрбиесі» ретінде қарастырайық. Бауыржан Момышұлының «Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы» деген сөзі бар. Сондықтан Жаңа Қазақстанда «білім» және «мәдениет» салаларының етене тығыз байланыста дамуына керекті бар жағдайды жасалса екен деймін. Себебі «Гамлет», «Ревизор», «ДонКихот» сынды әлемге әйгілі шығармалардың негізгі мән-мазмұнынан хабары жоқ педагог әлемдік бәсекеге қабілетті шәкірттерді қалыптастыра алады дегенге мен сенбеймін... Яғни, театр көрермендерінің қатарына, ең бірінші, педагог мамандарымызды тартуымыз қажет. Ал БАҚ өкілдері осы екі салада қызмет етіп жүрген кәсіби мамандардың еңбегін зерттеп, қоғамға кеңінен танылуына ықпал ете білсе екен. Себебі бұл екі саланың мамандары – қазақ қоғамының негізгі айнасы. Өзге мемлекеттер біздің ұлттық болмысымызды, ең алдымен, осы екі саланың жағдайына қарап таниды.
Жұлдыз ҚАДІРОВА, Нұр-Сұлтан қаласы