51209
Сағыз ауылында Ноғайты өзенінің тасуы тоқтап, қауіп сейілді
Сағыз ауылында Ноғайты өзенінің тасуы тоқтап, қауіп сейілді
30 наурыз күні Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылы ішімен өтетін Ноғайты өзенінің арнасынан шығып, тасуы салдарынан ауылдағы жиырмадан астам үйді су басу қаупі туындаған еді. Қауіпсіздік үшін аталған үйдің тұрғындары уақытша эвакуацияланған болатын. Су тасу қаупі сейілгендіктен олардың барлығы үйлеріне оралды деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Жергілікті әкімдіктің тиісті жұмыстарды жедел атқаруының арқасында су басу қаупінің алды алынды. Ешқандай үй мен қора суға кеткен жоқ. Алдын ала да қауіпсіздік жұмыстары жүргізілген болатын. Қауіпсіздік жұмыстарына 20-ға жуық техника, әкімдік қызметкерлері, ауыл тұрғындары, өзге де мекеме өкілдері мен еріктілер, барлығы 200-ден аса адам жұмылдырылды. Олар су басуы мүмкін деген жерлерге арнайы құм салынған қаптар мен топырақтарды толтырып бөгеттер тұрғызды.
Тұрғындардың айтуынша, Ноғайты өзенінің мұндай тасуы бұрын-соңды болмаған. Биыл ақпан айынан бастап осымен үшінші рет тасуда. Қазір Ноғайты өзенінің арнасы төмендеп, тасу қаупі сейілді.