Қазақтілді ортаға қайыры жоқ қоғамдық ұйымдар

Қазақтілді ортаға қайыры жоқ қоғамдық ұйымдар

Қазақтілді ортаға қайыры жоқ қоғамдық ұйымдар
ашық дереккөзі
2669
Соңғы жылдары азаматтық қоғамды дамытудың бір құралына айналған қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің қызметін заңнамалық қамтамасыз етуге және қаржыландыруға мемлекет тарапынан баса назар аударылып келеді. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде болып жатқан оқиғалар билік пен халық арасындағы байланыстың маңызын көрсетіп берді. Қаңтар оқиғасы – ел тұрғындарының басым бөлігі, соның ішінде қазақтілді қауым мен коммуникацияның ақсап отырғанының айқын дәлелі. Бұл мәселе мемлекеттік аппарат пен азаматтық қоғамның арасындағы «алтын көпір» саналатын үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне де тікелей байланысты. Алайда мемлекеттік тілдің коммуникация құралы ретінде толыққанды қолданылмауы қазақтілді қауымның қоғам мүшелерінің барлық тобын қамтуға тиісті іс-шаралардан тыс қалуына әкеп соғып отыр. Үкіметтік емес ұйымдар немен айналысады? Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігі­нің мәліметі бойынша, 2020 жылғы сәуір­дегі жағдайға сәйкес, 22 344 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның ішінде қызметін тұ­рақ­ты атқаратын 16 426 қоғамдық ұйым бар, ал 800-ге жуығы әрекетсіз деп танылған. Бүгінде үкіметтік емес ұйымдарда мыңдаған адам жұмыс істейді. Қоғамдық ұйымдар мы­на бағыттарда қызмет етеді: халықтың әлеу­мет­тік осал топтарын қолдау; денешы­нық­тыру және спорт; азаматтардың, ұйымдардың заң­ды мүдделері мен құқықтарын қорғау; жастар саясаты және балаларды қорғау; білім және ғылым; қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту; саламатты өмір салтын насихаттау; денсаулық сақтау; мә­дениетті және өнерді дамыту; қоршаған ор­таны қорғау; мұқтаж адамға (отбасына) кө­мек көрсету; тарихи-мәдени мұраны қор­ғау; отбасылық-демографиялық және ген­дерлік мәселелерді шешуге жәрдемдесу; көп­балалы, толық емес отбасыларға және же­тім балаларға көмек; ақпарат саласы және та­ғы басқа. Бұл ұйымдардың негізгі жұмыс тә­сілі – тұрғындарды ақпараттандыру, тегін кон­сультациялар беру, азаматтардың құ­қық­тарын қорғау, демеушілік қызметтер көрсету, тре­нинг-орталықтар құру. Қоғамда өте танымал ҮЕҰ-лардың бір тобы – қайырымдылық қорлары. Мәселен, А.Саинның қайырымдылық қоры, Ә.Тасмағамбетова басқаратын «Сәби» қоры елі­міздегі мұқтаж азаматтар мен мүгедек­терге материалдық көмек көрсету, науқас балаларды емдету және басқа қайырымдылық іс-шараларымен белгілі. Әйткенмен, қазір әлеу­меттік желіде халықтан жәрдем сұраған өті­ніштің көптігі мұқтаж адамдардың қайырымдылық қорларынан қолдау тап­пай­тынын байқатады. ҮЕҰ-лар негізінен билік органдарымен ын­тымақтастықта жұмыс істейді. Бұл ын­тымақ екіжақты, яғни қоғамдық ұйымдар билік­ке халықтың тілегін жеткізумен бірге, би­лік органдары қабылдаған шешімдердің тиім­ділігі және оған халықтың көзқарасы тура­лы мәліметтерді ұсынып отырады. Әлеуметке арналған әлеуметтік тапсырыс ҮЕҰ дегеніміз жекеменшік ұйымдар және олардың негізгі мақсаты пайда табу жә­не оны өзара бөлісу емес. Қоғамдық ұйым­дардың міндеті – қоғамдағы әлеуметтік-эко­н­омикалық немесе саяси жағдаятты жақ­сарту мақсатымен белгілі бір қызметтер көр­сету және мемлекет пен қоғамда қалып­тас­қан ахуалды өзгертуге талпыну. Әрбір қо­ғам­дық бірлестік өзі айқындаған міндет­тің төңірегіне бірігеді, сол топтың мүддесін қорғайды. Қазір ҮЕҰ-ны қаржыландырудың негізгі кө­зі – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жә­не шетелдік қаржыландыру аясындағы грант­­тар. Қоғамдық ұйымдарды қаржылан­дыру­дың тағы бір көзі – отандық бизнес. Оның ішінде «Самұрық Қазына» АҚ Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қоры­ның қызметі танымал. Мемлекеттің қоғамдық ұйымдарды қолдауын әлеуметтік тапсырысқа бөлінген қаражаттың жылма-жыл өсуіне қарап байқауға болады: 2004 жылы – 9,7 мил­лион теңге, 2005 жылы – 59,7 миллион теңге, 2006 жылы – 200 миллион теңге, 2007 жылы 299,028 миллион теңге бөлінген (ашық деректер). 2020 жылы ҮЕҰ-ға 1,8 мил­лиард теңге бөлінген. ҮЕҰ-ларды қаржыландыратын гранттар түрлі саланы қамтиды. Мәселен, 2020 жылы бөлінген қаражаттың басым бөлігі жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдауға бағытталған (554,1 млн теңге). Білім, ғылым, ақпарат және денешынықтыру мен спорт саласындағы қызметті қолдауға 231,5 млн теңге, ал әлеуметтік осал топтарды қолдауға 114,6 млн теңге жұмсалған. Еліміздегі ҮЕҰ-лар шетелдік қар­жы­ландыру арқылы да қызметін жүр­гізе­ді. Бұл қаражат 2018 жылы 5 миллиард теңге болған (ашық деректер). Шетелдік қаржыландырудың негізгі үлесі (70 пайызы) АҚШ-қа тиесілі. Қа­зақ­станда 53 халықаралық ұйым, 30 шетел­дік мемлекеттік ұйым, 77 шетелдік үкіметтік емес ұйым бар. Олардың барлығы заңды тір­келген. «Үшінші секторға» көлемді қаражат бө­ле­тін ұйымдар – БҰҰ агенттіктері, Еуро­па­да­ғы қауіпсіздік және ынтымақтастық жө­нін­дегі ұйым (ЕҚЫҰ), Бүкіләлемдік банк, АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігі (ЮСАИД), Фридрих Эберт қоры, «Сорос Қазақстан» қоры. Сондай-ақ АҚШ, Герма­ния, Ұлыбритания, Жапония, басқа да мемлекеттердің елшіліктері де түрлі грант­тар бөліп отырады. Әлбетте, бұл ұйым­дар мен қорлардың өзіндік мақсат-мүддесі болуы – заңдылық. Мәселен, «Сорос Қазақ­стан» қоры батыс құндылықтарын насихат­тауы­мен танымал. Халықтың өзекті проблемаларын шешу мақсатында мемлекеттік әлеу­мет­тік тапсырыс бойынша қаражат бөлінеді. Үкіметтің Жарлығына сәйкес, ҮЕҰ-ны грант­тық қаржыландыру саласындағы оператор – Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігі­не қарасты Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы. Бұл ұйымның міндеттері заңмен белгіленген. Қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттарды осы Азаматтық бастамаларды қолдау ор­та­лы­ғы бөліп отырады. АБҚО, сондай-ақ әдіс­темелік, аналитикалық, ұйымдастыру­шы­лық және консультациялық қолдау көр­сетеді. Гранттық қаржыландырудың бағыт­тары Қазақстанның мемлекеттік саясаты­ның ба­сымдықтары, Қазақстанның стратегиялық және бағдарламалық құжаттары, Президент Жол­даулары, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ ұсыныстары негізінде қалыптасады. Грант­тарды бөлу үшін алдын ала конкурстар ұйымдастырылады. ҮЕҰ өкілдері ұсынған жобалар бойынша өтінімдерді сыртқы кон­курстық комиссия таңдайды. Конкурстық комиссияның сарапшылар тізілімі ҮЕҰ мен мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде жасалады (2022 жылы – 62 адам). Сарапшылар тізіміне Мәжіліс депутаттары­нан, қоғам қайраткерлерінен, академиялық құрамнан және басқа белсенді тұлғалар кіреді. Қағажу қалған қазақтілді қауым «Халық салығынан жиналып, қазынадан бө­лінетін қыруар қаржы қалай бөлініп, қа­лай іске асуда?» деген сұрақ туындауы – заң­­ды. Бұл ретте қаражаттың бөлінуі мен қа­зақ тілінің мүшкіл жағдайы тура пропор­цио­нал болып отыр. Азаматтық бастамаларды қолдау орта­лы­ғының 2021 жылға арналған есебінде: «Мем­ле­кеттік және орыс тілдерін меңгерген сарап­шылардың үлесі – 50 пайыз (22 пайыз болған). Орталықтың ақпараттық саяса­тын­да толық қостілділік қамтамасыз етілді» деп жазылған. Алайда сарапшылар нақты жағ­дай мүлде басқаша екенін айтады. BasQaru қоғамдық қорының жетекшісі Марғұлан Ермағанбетұлы «Көптеген жо­баны іске асыруда тек орыс тіліне басым­дық беріледі. Сәйкесінше қазақтілді өңірлер аз қамтылады және қазақтілді қоғаммен жеткілікті байланыс жоқ» деп тұжырды. Мысалы, 2021 жылы мынадай жобалар іске асырылған: – Қазақстанның мүдделерін әлемдік дең­гейде ілгерілету мақсатында волонтерлік ұйым­дардың халықаралық диалог алаңдары­на қатысуы – 25 млн теңге; – Жастардың психикалық денсаулығына ық­пал ететін жобаларды іске асыру – 17 млн тең­ге; – Жоғалған адамдарды іздеу, зілзала қау­пін азайту және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі жобаларға волонтерлерді тарту бойынша Birgemiz: Úmit жалпыұлттық жо­басын іске асыру – 22 млн теңге; – Жастардың құқықтық мәдениетін арт­тыруға бағытталған іс-шаралар өткізу – 19 млн теңге; – Тарихи-мәдени мұра объектілерін сақ­тау жөніндегі Birgemiz: Asyl Mura жал­пыұлт­тық жобасын іске асыру – 22 млн тең­ге; – «Қайырымды істер марафоны» жобасы – 59 млн теңге; – «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасын іске асыру – 24 млн теңге; – ҮЕҰ академиясы – 55 млн теңге; – Қоғамдық кеңестер институтын да­мыту – 24 млн теңге; – Қазақстанның ҮЕҰ арасында әлеумет­тік кәсіпкерлікті ынталандыру және таны­мал ету – 16 млн теңге; – Ауылдық елді мекен тұрғындарының құ­қықтық сауаттылығын арттыру – 15 млн және т.б. Марғұлан Ермағанбетұлының ай­туын­ша, бұл жобаның барлығы ресми тілде атқарылған. Яғни, қазақтілді қауым, оның ішінде қазақтілді жастар атал­ған іс-шаралардан тыс қалған. «Жобалардың қазақ тілінде орындалмау себебі: біріншіден, конкурстық тапсырыстарға баға беруші сарап­­шылардың басым бөлігі мемлекеттік тілді қажетті деңгейде білмейді. Олар мемле­кеттік тілде жазылған гранттық ұсынымдар­дың мәні мен мағынасын дұрыс түсінбейді, үстірт қарайды. Екіншіден, грант алушы ұйым­дардың басшылығы қазақ тілін түсін­бейді. Жобаны іске асыруда қазақ тілін қол­дану және сол аудиторияны қамту назардан тыс қалады. Үшіншіден, Азаматтық бастама­лар­ды қолдау орталығы басшылығы қазақ ті­лін қажетті коммуникация жүргізу дең­гейін­де білмейді. Тілді білмеу – сол тілдің өркен­деуі­не кері әсер етеді. Бұл – аксиома», – дейді сарап­шы. Мәселен, «Ауылдық елді мекендер тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арт­тыру» атты өте өзекті жобаны «ҮЕҰ акаде­мия­сы» іске асырған. Қазақстанда ауыл тұр­­­­ғындары негізінен жергілікті ұлт өкілдері еке­ні белгілі. Алайда жобаны іске асыруда орыс тіліне басымдық берілген және орыс­тіл­ді аудиторияға бағытталған. Марғұлан Ермағанбетұлы «былтыр мил­лиондаған теңге бөлініп іске асырылған қайырымдылық марафонының қайтарымынан гөрі бір ғана Құрмет Талап­қазы деген қарапайым азаматтың құрғақ­шы­лықтан зардап шеккен Маңғыстау облы­сына жасаған көмегінің әсері зор болды», – дейді. Сондықтан да сарапшы қоғаммен жұмыстың форматы мен мазмұнын өзгерту керек деп есептейді. Оның ішінде қазақтілді ортамен тығыз байланыста жұмыс істеу – мемлекеттік органдар үшін басты міндет. Ұлттық құндылықтан аяған қаражаттың қайтарымы жоқ Азаматтық қоғаммен жұмыс саласын­да­ғы орны толмас олқылықты биылғы қаңтар оқиғасы ашып көрсетті. Алаңға шыққан жас­­­­тардың басым көпшілігі – әлеуметтік тең­сіз­діктен зардап шеккендер, идеологиялық іс-шаралардан тыс қалғандар. Олардың бар­­лығы дерлік қазақтілді екені тағы белгілі. Сон­дай-ақ бұл дүрбелең қоғамға төніп тұр­ған рухани азып-тозу жөніндегі дабыл бол­ды. Азаматтық қоғамды дамыту тұжырым­да­сында: «Елде де, одан тыс жерлерде де ұлт­тық мәдениеттің рөлін тану және іл­гері­лету» міндеті атап көрсетілген. Ұлттық мә­де­ниет дегеніміз – ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр, тіл мен дін, әдет-ғұрып. Қазір барлық қала мен облыс орта­лық­тарында Азаматтық орталықтар ашыл­ған. Олардың өз сайты бар. Алматы қаласы Азаматтық орталығының сайтындағы үкі­мет­тік емес ұйымдар анықтамалығындағы мә­ліметке сәйкес, қалада барлығы 608 қо­ғам­дық бірлестік тіркелген. Олардың ішінде: ардагерлер ұйымдары – 19, қайырымдылық– 131 ұйым, әлеуметтік осал топтарды құқық­тық қол­дау – 21, құқықтық қызмет – 48, ген­­дерлік ұйымдар –31, балалар мен жас­тар­мен жұмыс – 57, экология – 34, денсаулық сақтау – 36, білім мен ғылым са­ласында – 31 ұйым, ақпараттық зерттеу орта­лықтары – 63, мәдениет саласында – 35, этникалық мә­дени орталықтар – 49, шағын және орта биз­нес бойынша – 12 бірлестік, 28 халық­аралық ұйым бар. Аталған ұйымдардың басым көпшілігі – ресми тілде қызмет атқаратын бірлестіктер. Ал қазақ халқының ұлттық құндылықтарын насихаттайтын ҮЕҰ саусақпен санарлық. Атап айтқанда, «Ұлт тағдыры» қозғалысы, «Ел шежіре» қоғамдық қоры, «Құндылық» қо­ғамдық бірлестігі, «Адырна» ұлттық- этног­рафиялық бірлестігі, «Бәйдібек баба» қоры, «Көшпелілер өркениеті мұрасы» қо­ғамдық бірлестігі, «Алтын арқау» әйелдердің мәдени-этнографиялық бірлестігі, «Отбасы хрестоматиясы» қоры, «Жанашыр» қайырым­дылық қоры секілді қоғамдық ұйымдар­дың мақсат-міндеті ұлттық салт-дәстүрді, ру­хани-мәдени құндылықтарды насихаттау деп көрсетілген. Бұл ұйымдардың қызметі қа­зақтілді ортада біршама танымал. «Құндылық» қоғамдық бірлестігінің бас­шы­сы Думан Нүсіпақын Азаматтық бас­та­ма­ларды қолдау орталығы ұйым­дастырған кон­курстарға көптеген жоба ұсынғанымен, бірде-бір рет өтпегенін айтады. Қор басшысы бұл орталықтың грантынан күдер үзгенін жа­сырмады. «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру және «Ана алақаны» жобаларының авторы Тұрар Сәттарқызы Азаматтық бастамаларды қол­дау орталығының жұмысына көңілі тол­майтынын жеткізді. Ұлттық құндылықтарды бел­сенді насихаттап жүрген ұлт жанашыры­ның жанайқайы орынды. «Өкінішке қарай, қазір өскелең ұрпаққа рухани құндылықтарды насихаттау жөнін­дегі жобаларға мүлде назар аударылмай отыр. ҮЕҰ-ға арналған гранттар туралы ақ­парат қазақтілді ортаға жетпейді. Өйткені Аза­маттық бастамаларды қолдау орталы­ғы­ның басшылары жергілікті ұлт өкілдерімен жұ­мыс істеуге қызықпайды. Тіпті, олар «ұлт» де­ген сөзден үрейленеді. Мәселен, этно­пе­да­го­­гика бағытындағы жобалар АБҚО тара­пы­нан еш қолдау тапқан емес. Олар жобаның мақсатын түсінбейді, өйткені қа­зақ тілін білмейді. Орыс тілінде әзірленген жо­балар орыстілді аудиториямен жұмыс іс­тейді, бірен-саран жағдайда шақырылған қа­зақтілді спикерлер болуы мүмкін. Менің «Ер­тегілер ертеңі» атты жобам, «Айтшы, әже­тай» атты балалар журналы қаржылық қиын­дықтарға байланысты тоқтап қалды» деп налиды Т.Сәттарқызы. Сарапшылардың айтуынша, комиссия мүшелері кейбір жағдайда Google ау­­­дармашыны пайдаланады, бірақ бұл ау­дар­маның сапасы сын көтермейді. «Этно­пе­да­гогикалық, ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту жай­лы жобаларға комиссияның салғырттық та­­нытуы қазақтілді қауымға жасалған дискриминация емес пе? Бұл АБҚО тара­пы­нан жасалып отырған әділетсіздік», – дейді. Т.Сәттарқызы денсаулық жағдайына бай­ла­нысты мүдегектікке душар болған адамдарды қолдаумен қатар, рухани мүдегектіктің ал­дын алуға арналған іс-шараларды қолда­майын­ша, қоғамдағы қайшылықтар шешімін таппайтынын айтады. Мақсатты аудиториямен қазақ тілін­де жұмыс істейтін қоғамдық қор қыз­меткерлерінің идеялары мен алға қойған жо­ба-жоспарлары сан алуан. Мәселен, Тұрар Сәт­тарқызының «Ана алақаны» атты жобасы қыз-келіншектерді әлеуметтік кәсіпкерлікке баули отырып, ұлттық бала тәрбиесіне бейім­­­­­деуге арналған. Алайда мемлекеттік грант­тарға қол жеткізе алмауы себепті сырт­тан демеуші іздеуге мәжбүр. Осылайша қар­жы­лық қолдау таппаған көптеген жоба қағаз күйінде қалып отыр. «Адырна ұлттық-этнографиялық бір­лес­тігі» қоғамдық қорының жетекшісі Арман Әу­бәкір АБҚО гранттарын ұтқан ұйым­дар­дың өткізген іс-шаралары туралы ақпарат қазақтілді БАҚ-та жарияланбайтыны, бұған ол жобалардың тек ресми тілде өтуі себеп еке­нін атап айтты. «Өтініш беру тілі орысша бол­са, олардың грантқа қол жеткізу мүм­кін­дігі де жоғары. Кейбір кезде жүздеген мил­лион теңге көлемінде атқарылатын іс-шара­лар­дың пайдасын бірде-бір қазақтілді аза­маттың көрмеуі – әділетсіздік. Мұндай жағ­дайлар өте көп. Жобалардың 90 пайызға жуы­­ғы ресми тілде іске асырылады. АБҚО оты­рыстары да тек ресми тілде өтеді. Бұл қа­зақтілді ҮЕҰ-дың дамуына кері әсер етеді», – деген А.Әубәкір қазақтілді көпшіліктің пі­кірін жеткізді. Мәселен, civilcenteralmaty.kz сай­тын­дағы мә­лімет бойынша, өткен жы­лы 140 ҮЕҰ-дан 263 өтініш келіп түскен, оның ішінде 17 қоғамдық ұйым қазақша 42 өті­ніш берген. 130 ҮЕҰ-ның 221 өтініші орыс тілінде жазылған. Бұл цифрлар қазақтілді жоба­лар­дың үлес салмағы өте аздығын анық көр­сетеді. Сарапшы қазақ тіліндегі жобаларды ұсыну кезінде көптеген азаматтың құжат толтыру жағынан қателік жіберетініне де тоқталды. Салдарынан жақсы жобалар кері қайтарылып жатады. Жалпы, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы қызметінің бір бағыты – жоба ұсынушы қоғамдық қор­ларға әдістемелік көмек көрсету, семинарлар ұйымдастыру. Ал Алматы қаласы Азаматтық орталығының сайтындағы негізгі ақпарат тек ресми тілде (civilcenteralmaty.kz). Жаңа­лықтар, бейнематериалдар, мамандар кеңесі, семинарлардың дені – орысша. Қазақша парақша бар болғанымен, мәлімет мардым­сыз. ҮЕҰ анықтамалығы да ресми тілде беріл­ген. Демек, ресми тілді меңгермеген қо­ғам­дық қор қызметкерлері ақпарат алу мүм­кіндігінен тыс қалған. BasQaru қоғамдық қорының жетекшісі Марғұлан Ермағанбетұлы жуырда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өткізген жиында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша берілетін гранттардың қазақтілді және орыстілді жобаларға ең болмағанда тең­дей бөлінуін (50/50) талап етті. Ал Тұрар Сәт­тарқызы әлеуметтік тапсырыс ұлттық жо­баларға басымдық беріп, 70/30 пайыз үлес­пен бөлінуге тиіс деп санайды. «Жаңа Қа­зақстан құратын болсақ, осы мәселені на­зар­ға алу қажет», – дейді қоғам белсендісі. Тіл мен ділді, ұлттық құндылықты дәріп­тей­тін жобалар қолдау таппаса, ұлттың да көсе­гесі көгермейтіні, қазақтілді ортада билікке сенімсіздік туатыны шындық. Өзім дегенде енжарлық пен жалтақтық танытудың соңы жарға жығады. Азаматтардың салығынан құралған бюджет қаражатын бөлетін меке­мелер әлеуметтік топтардың барлығын тең қам­туға мүдделі болуға тиіс. Тағы бір өзекті мәселе, Азаматтық бас­­­­тамаларды қолдау орталығының есебінде: «Енді мемлекеттік грантты басынан аяғына дейін еліміздің ең шалғай ауыл­дарын­дағы ҮЕҰ online режимінде жүзеге асыра алады» деп жазылған. Әзірге ел тұр­ғын­дарының 40 пайызы тұратын ауыл адамдары үкіметтік емес ұйымдар қызметіне мүл­де дерлік тартылмаған. Жергілікті ат­қару­шы органдар да ҮЕҰ-ны қолдауға аса мүд­делі емес. 2021 жылғы халық санағы мемлекет құрау­шы ұлттың қоғамдағы үлес салмағы 80 пайызға жуықтағанын көрсетті. Бұл – қазақ­тілді қауымның әлеуеті өскенін білдіретін айқын көрсеткіш. Cондықтан да қазақтілді сарапшылар «Азаматтық қоғаммен дұрыс жұ­мыс істеудің бірден-бір және негізгі жолы – әлеуметтік жобаларды іске асыруда қазақ тілінің қолданысын міндеттеу шараларын жүзеге асыру» деп санайды. Ол үшін «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеу­меттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйым­дарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» Қазақстанның 2005 жылғы 12 сәуір­дегі №36 заңына және оны іске асырушы заң­­намалық актілерге мемлекеттік тілді қол­дануды міндеттейтін құқықтық норма енгізу қажет. Осы бағытта әрекет етуші мем­лекеттік орган мен оған қарасты ве­до­мство­лар­да мемлекеттік тілді және орыс тілді еркін білетін мамандарды тағайындаған аб­зал. Бізге қаңтар оқиғасы сабақ болуға тиіс. АҚДМ Азаматтық бастамаларды қолдау ор­талығы басшылығына ұлттың тілін біле­тін тұлғаны тағайындауы қажет». Сонда ғана тұжырымдамада көрсетілгендей, түрлі әлеу­меттік топтар тарапынан азаматтық қоғам инс­титуттарына сенім деңгейі артады, әлеу­меттік жобалардың игілігін қазақтілді қауым да көреді.

Дина ИМАМБАЙ

Серіктес жаңалықтары