2737
Қазақша кітап нарығы ауадай қажет
Қазақша кітап нарығы ауадай қажет
Мен қазір 4-курс студентімін. Алматы қаласында оқимын, ал өндіріс тәжірибесін Орал қаласынан өтіп жатырмын. Арасында бос уақытым болатынын ескеріп, мен де басқа студенттер секілді қосымша жұмыс қарастырдым. Сөйтіп, «Интеллект» кітап клубына жұмысқа тұрдым.
Кітап клубының иесі Қалу аға – қазір зейнеттегі кісі. 1991 жылдан бастап кітап саудасымен айналысқан. Клубтың қорында әртүрлі жанрдағы шамамен 5 000-нан астам кітап бар. Мұндай кітаптарды университет кітапханасынан да, қалалық кітапханалардан да өте сирек кездестіруге болады. Кітап клубының тұрақты оқырмандары, тіпті өзінің «Оқырмандар тобы» бар. Олар әр апта сайын түрлі кітаптарды оқып, қызу талқылайды. Бірақ олардың көпшілігі өз ойларын орыс тілінде білдіретінін байқадым. Қазақша түсінгенімен, ойларын қазақша нақты жеткізе алмайды. Бір күні Қалу аға оларға қазақ драма театрына баруға ұсыныс білдірді. Басында бұған бәрі қызығып, келіскендей болды, бірақ қойылым болатын күні театрға тек аралас орыс-қазақ мектебін бітіргендері келді де, ал таза орыс мектебін бітірген қазақ жастары келмеді. Кітап клубының мүшелері – 20-27 жас аралығындағы жастар. Олардың бәрі тәуелсіз Қазақстанда туып-өскен.
Мені қойылым болар күнге дейін де, қойылым болатын күні де «Олар қазақша қойылымды түсіне ме?» деген сұрақ мазалады. Расында да, театрға барған күні олар қазақша қойылымды дұрыс түсіне алмады. Мен оларға сәт сайын әр сөздерді аударып, көмектесумен болдым. Қазірдің өзінде ойымыз басқа жаққа ауып бара жатса, сонда біздің болашағымыз не болмақ? Қазақ тілі неліктен ұмыт болып бара жатыр? Ана тіліміздің мәртебесін қайта көтеріп, дамыту үшін не істеу керек? Осы секілді сұрақтарымды Қалу ағаға қойып көрдім.
Енді Қалу ағаның ойын тыңдап көрейік.
– Ұлттық тілді дамытуға бір ғана Білім министрлігінің, бір ғана Мәдениет министрлігінің күші жетпейді. Бұл жерде жалпы кітап өндірісін нарық жолына шығару қажет. Бұл – экономика. Сондықтан Қаржы министрлігі және Экономика министрлігі кітап саласына қосылған құн салығын (ҚҚС) алып тастау қажет, тура Еуропа елдеріндегі сияқты. Еуропада әр 10-15 мың адамға бір кітап дүкенінен келеді. Олар жалдамалы төлемнен де босатылған. Себебі олар мәдениет және ғылым орталығы саналады. Қазпоштаның тарифін 3-5 есе арзандату қажет, жай бандерольға қарағанда, дәл Германия секілді. Сонда ғана автор мен оқырманның арасында байланыс болады, тіл дамиды. Бұл бастама шын мәнінде тұрақты болуы үшін және қолданушы ортамен тығыз байланысқа түсуі үшін монотизацияға өтуі қажет. Сонда біз оқырманның талғамын түсінетін боламыз. Оны өсіру үшін не істеу керегін біле аламыз. Мысалы, Францияның 66 миллион халқына 30 мың баспагерден келеді екен. Егер Қазақстанның халқы 18 млн болса, бізде кемінде 2-5 мың баспагер болу керек деген сөз. Сонда ғана ұлттық авторлық, редакторлық, аудармашылық мектептер пайда болады.
Бір сөзбен айтқанда, «Қазақкітап» мекемесін және 1 560 кітап дүкенін қайтадан ашу қажет дегім келеді.
Себебі бұл инфрақұрылым баспагерлерге бүкіл кітап нарығынан, 18 миллион халықтан жинақталған микроинвестицияларды әкеледі. Бұрын сол кітап тарату инфрақұрылымынан айырылған соң, 1997-1999 жылдары ұлттық баспа ісі бюджетке ілініп, бағынышты болды. Бұл жолда біз «Атамұра», «Алматыкітап» баспа монополияларына ұрындық. Қазірдің өзінде қазақ тіліндегі дүниелерді іздеушілердің қатары сиреп кетті десек те болады. Қалада тұратын қазақтардың басым көпшілігі бір-бірімен орыс тілінде сөйлесіп, өзара ойларын орыс тілінде білдіріп жатады. Ал жастарға келетін болсақ, олар тіптен орыс тіліне қарай ауып бара жатыр. Олар шет тілдеріндегі авторларды қазақ тілінде кітап сөрелерінен таба алмай, орыс тілінде немесе тағы басқа тілде оқиды.
Халық өзі-ақ авторлық, редакторлық және аудармашылық мектептерін асырайды. Өзге тілдегі шығармалар да қазақ тілінде жарыққа шығады. Сонда ғана Қазақстан азаматтары мемлекеттік тілді үйренуге талпынады.
Орта Азия басшыларының тағдыры бір-біріне өте ұқсас. Алдымен халықтың есебінен байып, одан кейін сол капиталды туыстардың арасында бөліске салып, оның соңы отбасылық жанжалға ұласады. Бұл – біздің еліміздегі бұрыннан келе жатқан жүйе. Сөйтіп, ақыр аяғы еліміздегі кітап дүкендерінің жабылуына себеп болды.
Қорыта келе адамзатты адам ретінде ұстап тұратын да, аздырып-тоздырып, ыдырата алатын да сөз дей аламыз. Нақты айтсақ, баспасөз. Қарапайым халық әлдеқашан «Тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар» деп түйіндеп кеткен екен.
Айдана АЯН, «Интеллект» кітап клубының жұмысшысы Орал қаласы