50838
Алва Робинсон, түрколог-журналист (АҚШ): Қазақ мәдениетінің әсерімен тұлға болып қалыптасып келемін
Алва Робинсон, түрколог-журналист (АҚШ): Қазақ мәдениетінің әсерімен тұлға болып қалыптасып келемін
Хьюстон (АҚШ, Техас) қаласында тұратын түрколог Алва Робинсон қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тарихын бізден артық білмесе, кем білмейді. Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезінде түркітілдес халықтардың қалайша көшпенділер салтын ұстанғанына қызыққан ол Америкаға оқуға келген қазақтар, түрікмендер, өзбектермен дос болып, өмірін түркологиямен байланыстырғанын айтады. Магистрлік диссертациясын жоқтау жырының мәнін түсінуге арнаған Алва қазір докторантурада «Құтты білік» пен «Диуани лұғат ат-түрік» еңбектеріндегі мақалдарды зерттеп жүр. Одан бөлек, Aramco world журналында түркітілдес халықтар туралы қалам тербейтін редактор қызметін атқарады. «Тұлға болып қалыптасуыма қазақтардың қосқан үлесі зор» деп ағынан жарылған Алваға хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Әлеуметтік желіде түркі елдерінің, соның ішінде қазақ мәдениеті мен әдебиеті туралы пост жазып, америкалықтарға насихаттап жүрген сізді әу баста сол жақта жұмыс істеп жүрген Орта Азия тумасы деп ойлаған едім, бірақ қателесіппін. Біздің мәдениетке қызығуыңызға не түрткі болды? Өзіңіз туралы бірер сөз айта кетсеңіз.
– Аты-жөнім – Алва Робинсон. Техас штатының тумасымын. Өмір бойы осы штатқа қарасты Хьюстон қаласында тұрып келемін. Бойымда мексикалық, америкалық және неміс ұлтының қаны бар. Ал түркі елдерінің мәдениетіне қызығуымды айтар болсам, ол сонау бала кезден басталған. Оқушы кезімде жергілікті газеттің қиындыларынан қазақтар, өзбектер, қырғыздар, түрікмендер туралы деректер оқитынмын. Әсіресе, олардың көшпенді өмір салтын ұстанғанын оқығанымда, күллі халықтың қалай көшіп-қонып жүретінін, палаткада қалай тұратынын түсіну қиынға соқты. Шынымды айтсам, бастапқыда мұның барлығы оғаш көрінді. Бірақ көшпенді атануға не себеп болғанын іздеп жүріп оқығанда бұл тақырыпқа қызығушылығым ояна бастады. Жоғары сыныпқа көшкен кезде КСРО құрамында болған елдердің діні туралы презентация әзірледім. Сол кезде Орта Азия елдері туралы зерттеу жүргізіп, бұған көп уақытымды арнадым. Содан соң Хьюстонда тұратын түрікмендермен танысып, дос болдым. Олар өздері ұстанатын дәстүрлердің нюанстарын түсіндіріп, түркі әлемінің есігін ашты. Сырттан келген қонақтың асты-үстіне түсіп күту, дастарқанға шақыру, асты құрметтеуді үйретті. Сосын 2002 жылдары осында оқуға келген қазақ, өзбектер жастарымен таныстым. Дәл сол жылдары біздің қаладағы университетке «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түскен қазақтар саны көп болды. Студент қазақтармен араласқанға дейін түркі елдерінің мәдениеті туралы түсінігім болса да, олардан да көп нәрсе үйрендім. Жалпы, түркі елдерінің қарапайымдылығы таңғалдырмай қоймайды. Әсіресе, оларға тән ерекше қасиет – үлкендердің көзіне тіке қарап сөйлемеуі, олармен екі қолмен амандасуына тәнті болдым. «Құтты білік» дастанын оқыған кезде ойыма Хьюстондағы достарымнан үйренген әдеп-ғұрыптар есіме оралады. Жалпылама айтсам, әр ұлттың маған бергені көп болды. Асырып айтқаным емес, бірақ олармен араласу арқылы тұлға болуды үйрендім. Соның ішінде қазақтар туралы сөз етер болсам, олардың бас қосқан кезде үлкендерге ерекше құрмет көрсетуі, рухани әлемді, ән мен күйді қадірлеуі таңғалдырды. Сондай-ақ үлгі тұтуға және кімді болса да ынталандыруға тұрарлық кеңпейілділік, батылдық, шынайылық мінездеріне қарап қайран қалдым. Сосын халықтың батылдығын сипаттауға да сөзім жетпейді. Мұны Желтоқсан оқиғасы кезінде ерлікпен қаза тапқан жастарға арнап шығарған Мұхтар Шахановтың өлеңдерінен аңғаруға болады. Тағы бір айта кетерлігі, сіздерде мені ерекше тамсандырған даналық бар. Сіздердегідей жасы үлкен кісілердің дана болуға талпынатынын басқа еш жерден көрген емеспін. «Сен менен бір жас кішісің, мен сенен дана болуым керек» дегенді басқа еш жерден байқаған емеспін. Үлкендеріңіз жастарға айтар ойын електен өткізіп, сөз арасына ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен мақал-мәтел қосып сөйлейтінін байқадым. Бұрын-соңды мұндайды ешқандай жерде көрмеген мен бұған қатты таңырқадым. Хьюстондағы қазақтар бір көшеде тұрды, олар сол ауданды қазақ ауылы деп атайтын. Сол кезде айналам қазақтарға толы болғанына қуанып, марқайып жүрдім. Осындай ортада жүрген менің тұлға болып қалыптасуыма қазақтар өз қолтаңбасын қалдырды. Әлі есімде, қазақтармен бірге Техас штатының көптеген өңіріне жиі саяхаттайтын едік. Сондай керемет сәттерде Техастың жеріне таң-тамаша болған қазақтар Қазақстан жерін көргендей болып, «біздің елге ұқсайды екен» деп үнемі салыстырып отыратын. Сол кезде қазақтар тек салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, ата-бабасымен емес, жермен де байланысы бар екенін түсіндім. Туған жері әркез есінде. Шыны керек, оған дейін мұндай байқампаз халықты кездестірген емеспін. Жалпы, түркітілдес халықтардың ішкі жан дүниесі терең, тіпті мұхиттан да тұңғиық. Сондықтан олардан көп нәрсе үйренгім келді. Үйреніп жүрмін де. Осылайша, өмірлік тәжірибемді байытып алсам деген мақсатым бар.
– Ерте кезден түркі әлеміне осыншалық қызықсаңыз, мамандығыңыз да түркологиямен байланысты шығар?
– Хьюстон университетінде әлеуметтану және салыстырмалы әдебиет мамандығы бойынша білім алдым. Кейін қазақтар, өзбектер, түрікмендермен етене араласқандықтан, Вашингтон университетінің магистратура бөлімінде салыстырмалы түркі әдебиеті факультетінде оқыдым. Онда Күлтегін жазуларынан бастап бүгінгі әдебиет өкілдері Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Әуезовтің туындыларына дейін зерттеу жүргіздім. Қазір Германияның Freie университетінде докторантура бөлімінде білім алып жүрмін.Мәдениеттің өзегі – әдебиет. Әдебиет осы күнге дейін жеткен кітаптармен шектеліп қалмайды. Бұл тұрғыда ауыз әдебиетінің де үлесі зор. Осы ретте түркі әдебиетіндегі мені таңғалдырған жайттарды айта кетсем. Түрікмендерде ата-аналары баласы алыс сапарға шықса Махмұтқұлының «өз тамырыңды ұмытпа» деген рухта жазылған өлеңдер жинағын береді екен. Қазақтар Абайдың қара сөздерін, өзбектер Әлішер Науаидың шығармаларын, қырғыздар Манас жырын аузынан тастамай айтып жүреді. Мұның барлығы түркі әдебиетінің ерекшелігін байқатады.
– Орта Азия елдерін, әсіресе Қырғыз Республикасында біраз уақыт болғаныңызды әлеуметтік желідегі парақшаңызға жүктеген суреттеріңізден байқадым. Онда студенттер алмасу бағдарламасымен келдіңіз бе әлде саяхаттап келіп пе едіңіз?
– Алғаш рет Қырғыз Республикасына 2007 жылы бір аптаға саяхаттап бардым. Кейін 2009 жылы Fullbright бағдарламасы бойынша барып, онда бір жылдай уақыт жұмыс істедім. Сол уақытта Алматы қаласына барып, салыстырмалы түркі әдебиетіне ден қойып, зерттеу жүргізіп жүрген әріптестеріммен кездескен едім. Одан кейін 2011 жылы Қырғыз Республикасына тағы жол түсті. Сол кезде жақын маңда орналасқан Тараз, Шымкент және Түркістан қалаларын араладым.
– Қазақстанда сіз аралаған қалалардың қайсысы ерекше есіңізде қалды?
– Байқағаным, Қазақстанда екінің бірі домбыра тарта алатын секілді көрінді. Домбыраның үні естілсе болғаны, барлығы ұйып тыңдайды екен. Жастардың жақсы қыры – домбыра ойнай білуі керек деп түсіндім. Домбыраны тартып қана қоймай, ән айтуды да білетін секілді көрінді. Мұның барлығы – мен бағана сөз еткен тұңғиық терең жан дүниенің белгісі. Ең алғаш табаным тиген жер Алматы қаласы әдемілігімен тамсандырды. Бірақ аумағы жағынан тым үлкен қала болғандықтан, оны мен тұра алмайтын қалалардың қатарына қосып қойдым (күліп). Алматыда тұру Нью-Йоркта тұрумен тең секілді. Тараз шағын аумақты алып жатса да, әсем әрі тарихи шаһар екені есімде қалыпты. Тіпті, тамыз айында да қатты жел соққанына таңғалғаным бар. Шымкент пен Түркістанның да өзіндік ерекшеліктері бар. Шымкентте түрлі этникалық топтар шоғырланғандықтан, тамақтың түр-түрімен «танысып» қайттым. Бір күн ішінде түскі асқа қазақша ет берілсе, соңынан палау ұсынғаны есімде. Тағамдардың дәмі тіл үйіреді. Адамдардың эмоциясы, жаздың шыжыған ыстығы, тіпті жердің түсі де өзім туып-өскен штат – Техасты есіме түсірді. Бір жағынан Мексикаға да келеді. Бір қызығы, жергілікті халық Шымкентті Техас деп атайды екен. Бір күні Түркістандағы музейді аралауға барғанда кіреберісте тұрған күзетші қай жақтан келгенімді сұрады. «Техастанмын» деп қазақша жауап берсем, «Жоқ, шыныңды айт, қайдан боласың?» деп сенбей қойғаны бар (күліп). Жалпы, Шымкенттегі бай мәдениет пен ондағы әртүрлілікке таңдандым. Ал Орта Азияның Меккесі саналатын Түркістанда бірегейлік пен өздерінің кім екенін аңғартатын self-realization процесін ұтымды іске асырғанын байқауға болады. Бұл қалалардан бөлек, Нұр-Сұлтан қаласына барғым келген еді, бірақ алыста орналасқандықтан, бұл жоспарым іске аспады. Сол кезде ұшақпен ұшуға үрейленетінмін, себебі Бішкектен Ошқа барған кезде тау үстінен ұшқанда пайда болатын турбуленцияға бола бойымда қорқыныш қалып қойған еді. Ал астанаға автобуспен 17-18 сағат жол жүру қиынға соғары анық. Оған қоса, Нұр-Сұлтанның ең суық өңірлер қатарына кіретінін естігенім тағы бар. Дегенмен алдағы уақытта онда барып, ел мақтап жүрген бас қаланы өз көзіммен көріп қайтқым келеді.
– Тағы сол әлеуметтік желіде мақал-мәтел жариялап жүргеніңізге қарап, қазақ тілінде сөйлей алмасаңыз да түсінер деп ой түйіп отырмын. Солай ма?
– Иә, қазақша аздап түсінемін. Вашингтонда оқып жүргенде қазақ тілі курсына қатысып, үйрене бастағанмын. Бірақ практика жасауға мүмкіндік болмағандықтан, біраз ережесі ұмыт қалады. Одан бұрын Ыстанбұлда түрік тілін үйренген едім. Содан соң кейбір сөздерді жаттауға, мағынасын түсінуге оңай болды. Негізі, қазақ тілі – «жұмсақ» тіл. Түрік пен қазақ тілінің құрылымы ұқсас болса да, америкалық болған соң грамматиканы түсіну жағынан біраз қиналғаным бар. Бірақ мен курсқа барып үйренбесем де, барған жерімде сыйға тартқан кітаптардан оқып, үйреніп жүрмін. Маған сыйлаған кітаптардың арасында 1-сынып оқушыларының «Әліппесі», тіпті ересек оқушыларға арналған «Қазақ әдебиеті» кітабы бар. Мақалдар кітабы да бар. Мақалдар демекші, осы ретте неліктен мақалдарға ерекше ден қоятынымды түсіндіре кетсем. Газетті ашып қалсаң мақалдар, жол бойында орнатылған билбордтарда да мақалдар жазылған, ауылға саяхаттап барсаң да мақалдар «алдыңнан» шығады. Көлікте отырсаң да «Атам баяғыда былай айтатын», «Әжем айтушы еді» деп айтып отырады. Мақалдар – қазақтардың әрбір іс-әрекетінің ажырамас бөлшегі, сонымен қатар әдебиеттің негізі. Қырғыздар, өзбектерде де солай. Қазір докторантурада «Құтты білік» пен «Диуани лұғат ат-түрік» еңбектеріндегі мақалдарды зерттеудемін. Сондықтан біразының мағынасын түсінген кезде лезде түртіп аламын.
– Әңгіме арасында жоқтау туралы біраз дерек білетініңізді байқағанымда не айтарымды білмей қалғаным бар. Осы ретте сұрайын дегенім, сізді салт-дәстүріміздің кемі 50 пайызын біледі деп айтуға бола ма?
–Жоқ, білерім әлі көп. Тіпті, көп рет барған қырғыз елінің дәстүрлерін білмеймін. Мұным ұят екенін білемін. Жоқтауға келсек, бұл магистрлік диссертациямның тақырыбы болған соң көп дерек білемін. Америкаға немесе Ресейге барып, еліне қайта оралған қазақтар «адам жерлеп жатқанда осылай айтып не керек? Бұл мәдениет көшінен қалған нәрсе ғой» деп айтып жатады. Бірақ бұл – ешқандай да көштен қалу емес, керісінше ерекше астары бар ғұрып. Жоқтауды зерттеу кезінде үш нәрсені ұқтым. Біріншісі, жоқтау арқылы қайтқан адамның осы өмірде атқарған игі істері, қандай адам болғаны, құрметке қаншалық лайық болғанын аңғаруға болады. Оның қандай адам болғанын жоқтау естіп-ақ түсініп аласың. Екіншіден, жоқтау арқылы туған-туыстары оны қалай сағынғанын білдіріп, адам төзгісіз ауыр сезімді сыртқа шығара алады. Оны Білге қағанның інісінің жоқтау-жыр жолдарынан байқауға болады. Үшіншіден, жоқтау өмірдің өтпелі екенін, біреу дүниеге есігін енді ашып жатса, біреудің дәм-тұзы таусылғанын еске салады.
[caption id="attachment_175272" align="alignnone" width="2048"] Қазақ мәдениеті мен әдебиетін зерттеуге үлкен үлес қосан америкалық ғалым Ильзе Циртаутас Мұхтар Шаханов және Шыңғыс Айтматовпен бірге[/caption]
–«Абай жолынан» біраз жазбалар түртіп жүргеніңізді де байқадым. Осы туралы мақала жазып жатырсыз ба әлде?
– Қазір саналы ғұмырын түркологияға сарп еткен, соның ішінде Қазақстанда құрметке бөленген, қазақ әдебиеті туралы көп жазған, домбыраны ерекше аспап деп санаған профессорым марқұм Ильзе Циртаутас туралы естелік еңбегімді аяқтауға жақын қалдым. Оған есімі елге белгілі ғалым Ісмет Кеңесбаев ментор болып, қазақ тілі мен әдебиетін дамыту және түсінуге көп көмектесті. Өзіңіз байқап отырғандай, профессорымның маған да көмегі көп тиді. Ол кісінің құрметіне орай мақала жазу үшін алдымен «Абай жолына» жүгіндім. Есіңізде болар, романның бірінші бөлімінде ананың адам өміріндегі атқарар рөлі туралы баяндалады. Қазақ тілінде маған ұнайтын ерекше бір сөз бар – апа. Ол тек біреудің әжесі я апасы ғана емес, осылай атау арқылы әйел адамға көрсетілетін құрметті айқындауға болады. Апа сөзіне «жүктелген» жауапкершілік үлкен, бір қарағанда қарапайым естілгенімен, берер мағынасы зор. Апа бәрінен қорғайды, жол көрсетеді, бар білгенін үйретеді. Әдетте апа бар білгенін әке-шешесінен естіген мақалдар, болған оқиғалар, ыңылдап айтқан әндер арқылы оқытады. Сол үшін маған бар білгенін үйреткен профессорымды апа деген атқа лайықтап жазып, қазақ әдебиетіндегі осы сөздің мағынасына үңіліп жүрген жайым бар. Жалпы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінде қызыға таңданатын көптеген элемент бар. Батыс пен Ресейде түркітілдес халықтар туралы түсінік «көшпенділер» деумен ғана шектеледі. Осыны түзеу қажет. Біздің, яғни америкалықтардың Орта Азия елдері мен мәдениеті туралы түсінігіміз «Борат» секілді фильмдер арқылы ғана қалыптасады. Ал онда бізге жете бермейтін көп дүние бар. Сондықтан мұны түзеп, шынайы қалыпта ұсынуға тырысу қажет.
[caption id="attachment_175260" align="alignnone" width="2000"] Шыңғыс Айтматовтың қарындасы Роза Айтматовамен бірге[/caption]
– Байқауымша, қазақстандық эстрада әншілерін тыңдайды екенсіз. Қай әншінің шығармашылығына жоғары баға бересіз?
– Негізі, мен – Райымның фанатымын. Оның әндеріндегі сөзі, әуені, барлығы да әдемі естіледі. Ә дегенде ол орыс тілі мен қазақ тілін араластырып, ән айтып жүретін еді. Қателеспесем, 2019 жылдан бастап тек қазақша айтуды қолға алды-ау деймін. Бұл оның ана тіліне деген құрметін көрсетсе керек. Жақсы музыкант екенінен бөлек, оны кең жүрек иесі екенін байқадым. Райымнан бөлек, q-pop жанрына жаңа леп әкелген DNA тобының әндерін де үздіксіз тыңдаған едім, өкінішке қарай ол топ бүгінде тарап кетті.
– Сөз соңында өзіңіз еңбек ететін Aramco world журналы туралы аз-маз айта кетсеңіз. Онда түркітілдес халықтар туралы қалам тербейсіз бе? Түрколог ретінде зерттеу жасауды жалғастырасыз ба әлде журналистикамен шектелесіз бе?
– Saudi Aramco мұнай компаниясы демеушілік жасайтын Aramco world журналында мұсылман елдері мен америкалықтар немесе басқа ұлттар арасындағы өзара түсіністікті жақсартудағы көпір болуға тырысып жүрмін. Онда редактор болып жұмысқа кірген күннен бастап-ақ түркітілдес халықтар туралы бар білгенімді шынайы жазып келемін. Әр сұхбаттасқан кейіпкер, қалам тербеген тақырыпқа ерекше құрметпен қарауға тырысудамын. Олар туралы жазған әр мақалам білмеген адамға пайдасы тисін деген мақсатпен жазып жүрмін. Тарих беттерін қопарып, түркітілдес халықтардың арасынан шыққан мықтылардың қосқан үлесін зерттеудеміз. Бүгінде көпшілік мақтан тұтатын үлкен еңбектерін де қарап жатырмыз. Ал түрколог ретіндегі зерттеуімді сұрасаңыз, өкінішке қарай түркология ғылымы қазір тоқырауда. Орта Азияда бұрынғыдай салыстырмалы түркі әдебиеті деген жеке сала жоқ. Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстанға барсаңыз сол елдің тілін түрік тілімен байланыстыра оқытады. Америка мен Германияда мұндай мамандық бар, бірақ оның да болашағы бұлыңғыр. Сондықтан алдағы уақытта осы сала бойынша профессор атанып, мыңдаған америкалықты түркітілдес халықтардың әдебиетімен таныстырамын деген арманым орындалмайтын болды. Мақсатым туралы сұрасаңыз, сізге оғаш естілуі мүмкін, бірақ көздеген мақсатым – күндердің бір күнінде Алва ата атану. Жоғарыда айтып өткендей, апа сөзі қандай қастерлі болса, ата сөзі де сондай қастерлі болса керек. Сондықтан белгілі бір деңгейге жетіп, құрметке лайық болған соң, ата атанғым келеді. Профессорым Илзье апа аузынан тастамай айтқан үш нақыл сөз бар: біріншісі – не істесең де, бар ынта-шынтаңды салып істе. Екіншісі – бастағаныңды соңына дейін жеткіз. Үшіншісі – батыста бәрі жақсы емес, егер жеткен жетістігіңе көңілің толмаса, өткеніңе үңіл, ата-бабаларыңның айтып кеткенін тыңда. Осы үш сөз – менің өмірлік ұстанымым, алдағы өмірімді бағдарлайтын темірқазық.
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ