50365
«Қазақстан Ресейге санкция салуға қосылады»: министр пікір білдірді
«Қазақстан Ресейге санкция салуға қосылады»: министр пікір білдірді
Қазақстан Ресейге қарсы санкцияларға қосылуға ниетті ме? Бұл сұраққа Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді жауап берді деп хабарлады turkystan.kz.
Министр «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында Қазақстан бейбітсүйгіш мемлекет екенін, кезінде өз еркімен ядролық арсеналынан да бас тартқанын еске салды. Сондай-ақ ол Қазақстанның халықаралық қарым-қатынастағы даулы мәселелердің де бейбіт шешімін жақтау тұрғысында берік ұстаным ұстанатынын нығарлап жеткізді.
«Біздің мемлекет келіссөздер, соның ішінде дипломатия арқылы Ресей-Украина шиеленісінің бейбіт жолмен тезірек шешілуінен үмітті. Шиеленістің алғашқы күндері Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентімен де, Украина Президентімен де телефон арқылы сөйлесіп, тараптарды мәселені бейбіт жолмен шешу жолдарын қарастыруға әрі келіссөздерді бастауға шақырды», - деді ҚР СІМ басшысы.Оның айтуынша, біздің еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарлары бойынша салынған санкцияларды есептемегенде, мемлекетаралық қатынастарда қысым көрсету құралы ретінде санкцияларды қолдануға дәстүрлі түрде қарсы.
«Тәжірибе көрсетіп отырғандай, кез келген экономикалық немесе саяси санкцияларды қолдану халықаралық даулар мен жанжалдарды шешудің ең тиімді тәсілі болып табылмайды. Сондықтан Қазақстан Ресей Федерациясына жасалып жатқан санкциялық қысымға қосылуға және қандай да бір жолмен Ресей мүддесіне селкеу түсіретін және біздің әріптестігіміздің рухына қайшы келетін қандай да бір қадамдар жасауға ниетті емес», - деді Мұхтар Тілеуберді.