1536
Ұлт мәдениеті субмәдениетке ұтылмаса игі
Ұлт мәдениеті субмәдениетке ұтылмаса игі
Q-pop және K-pop. Бұл – бізге таныс атаулар. Себебі бұл екі сөздің айырмашылығын естіп-білмеген жастар кемде-кем. Субмәдениет өкілдері – жастар қауымы. Өзгелердің мәдениетіне қызығушылық танытып қана қоймай, оған еліктеудің нәтижесінде біздің елімізде де субмәдениет қалыптасты. Ал субмәдениет дегеніміз не? Оның қазақ мәдениетіне тән емес тұстары қандай? Осы жөнінде ой бөліссек.
«Субмәдениет» терминін америкалық социолог Дэвид Райзман алғаш рет 1950 жылы енгізген болатын. Бұл мәдениеттің қалыптасуына музыкалық топтар тікелей ықпал етті. Салдарынан қарапайым адамдардың өзі киіну стильдері мен өмір сүру салтында түбегейлі өзгерістер пайда болды. Бұл үрдістің дамуына әсер етуге тырысты. Бір сөзбен айтқанда, қарапайым қоғамнан бөлектеніп, өзіндік өмір сүру салты қалыптасқан мәдениет белең алды.
Ол мәдениет Қазақстанды да айналып өтпегені баршаға мәлім. Кореядағы субмәдениет жүйесін алғаш Қазақстанға енгізіп, поп музыканың таралуына әсер еткен – Ninety one тобы және оның продюсері Ерболат Беделхан. 2015 жылы «Айыптама» әнімен Q-pop жанрын дүниеге әкеліп, Қазақстанды елең еткізген еді. Халық даттаушылар мен жақтаушылар болып екіге бөлінді. Көпшілігі K-pop жанрынан бастау алған Q-pop жанры қазақ мәдениетіне мүлде сай емес деп наразылықтарын білдіріп жатты. Расымен, біздің елімізде бұрын-соңды болмаған өзгеріс еді. Сол үшін де елдің тосырқап, жат санауы орынды. Ер адамдардың құлағына сырға тағуы мен шашын түрлі түске бояуын өр мінезді, намысшыл елдің ұрпағымыз дейтін көпшілікке дұрыс қабылдау қиынға соқты. Сондықтан заман ағымына қарай бейімделген топ осы қадамдар арқылы Қазақстанға алғаш музыкалық субмәдениетті енгізді деуге көп негіз бар.
Уақыт өте келе наразылықтарға қарамастан, Ninety one тобының жанкүйерлер саны артып, өнер жолында да қолдайтындар көбейді. «Иглз» деген түсінік қалыптасты. Яғни, олар – Ninety one тобының жанкүйерлері. Q-pop жанры Ninety one арқылы жастардың жүрегін жаулап, олардың түсінігінде еркіндікке шақыратын бағыт сияқты қабылданды. Еліктеу нәтижесінде бойзбэнд, герлзбэнд топтар, әншілер көбейді. Себебі жастарға тек сол бағыттағы әндер ұнайды. Әннен бөлек киім кию, шаш қою стилі де соған икемденіп кеткенін аңғару қиын емес. Q-pop арқылы K-pop-қа қызығатын кәріс сериалдарын, әндерін тыңдап, табынатындардың қарасы артты.
Заманауи музыка арқылы жаңа мәдениет қалыптастырған Ninety one тобының атауын олар, 1991 жылғы ел тәуелсіздігінің құрметімен байланыстырады. Яғни, сол арқылы музыка, стиль, ой жағынан да еркін тәуелсіз екенін байқай аламыз. Q-pop жанрын олар әлемнің 120-дан астам еліне танытып үлгергенін мақтанышпен айтады. Сол арқылы қазақ тілін әлемге насихаттап жүрміз дейді. Топ продюсері бұл жөнінде: «Q-pop – тек қана сөз емес. Бұл – нағыз сөздің практикада жүзеге асқан істің көрінісі. Бұл – ұлттық сана-сезімді оятудың саласы. Қазақ тілінің тек күнделікті тіршілікте емес, көркемдігі мен өткірлігін әлемдік деңгейге көтеруге болатынын көрсету, дәлелдеу. Сонымен қатар жасөспірімдердің ұлт тіліне деген қызығушылығын арттырып, дамыту. Яғни, Q-pop – ұлттық патриотизмді дамытудың жаңа белесі деуге болады», –дейді. Тағы бір сөзінде: «Q-pop – Корея жүйесі болғанымен, мен оны өзіміздің менталитетке сай, көзқарасымызға қайшы келмейтіндей адаптация жасадым, өзгерттім. Ол дегеніміз – біріншіден, жаңа көзқарас» деген еді. Дегенмен дәл осылай салт-дәстүр мен стильді өзгертпей, әлемге танылуға мүмкіндіктер көп секілді. Әлемді аузына қаратқан Димашпен салыстырып қарайтын болсақ, қазақ тілін қазақтың халық әнімен де танытып, насихаттауға болатынын байқаймыз. Жоғарыда айтылған «ұлттық патриотизмді Q-pop-пен дамыту қаншалықты қисынды? Қаншалықты менталитетке сай? Неге жастар жеңіл әуенді тыңдауға әуес?» деген секілді сұрақтар туындайды.
Заман ағымына еріп, трендке ілесіп, көштен қалмайық деген желеу бізді ұлттық болмысымыздан ада етіп бара жатқаны көңіл қынжылтады. М.Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», – дейді. Бұл құдды жастарға айтылып жатқан сын сөзі секілді. Расымен, тал бесіктен басталатын тәрбиеге еліктеушілік сан ғасырлық тарихы бар қазақ халқының ұлттық құндылықтарына зиян келтірмесе екен. Жоғарыда айтылған мәселелерге ең алдымен өзіміз себепші екенімізді ұмытпауымыз керек. Субмәдениет деп заманалар өтсе де, қаз-қалпында сақталған салт-дәстүрмен, болмысымыздан, өз мәдениетімізден алыстап қалмасақ игі. Мысалы, 91 тобының әндерін өміршең қазақ әндерімен салыстырсақ, дәрежесі әлдеқайда төмен. Оны кейбір жастар жеңілдікке үйренгені соншалық, мойындағысы келмейді. Бұл – талғамның төмендігі ме, әлде әйтеуір жаңашылдыққа ұмтылу деген сылтау ма? Әрине, көкейде сұрақ көп.
Сондықтан өз болмысымызды теріске шығарып, өгейсітетін іс-әрекеттерге бармасақ екен. Талғамға, әрине талас жоқ. Әйтсе де, біз – тәуелсіз елдің ұрпағымыз! Бізді басқалардан даралайтын, тек өзімізге тән құндылықтарымызды ешкімге еліктемей сақтай алсақ, бабалар аманатына жасаған құрметіміз болар еді. Біз – Мағжан сенген өр рухты өрендерміз! Осыны жадымызда сақтап, ұмытпай жүрсек, нұр үстіне нұр. Заманауилық пен қазақилықты сәтті ұштастыруға тырыссақ, біздің де, біздің ұлтымыздың да ғұмыры ұзақ болары сөзсіз.
Дариға НЫСАНҚҰЛ