Төрт кестелі Төрежан

Төрт кестелі Төрежан

Төрт кестелі Төрежан
ашық дереккөзі
1351
– Аға, сіздің ауылда сойып жазатын сой­қан сықақшы бар екен. Танисыз ба? – Кім? – Төрежан Мәндібаев... – Е-е, ол көкеңді білем. Жаратылысы жақ­сы адам. Қожанасырлау мінезі бар. Өзі мек­тепте мұғалім. Физика-математикадан са­бақ береді. Жасы менімен шамалас. Қы­рық­қа таяғанда қисайып, сын-сықақтың сы­пырғысын ұстап, біздің «ауылға» келгіш­теп жүр. Түбі сықақшылармен қоңсы боп, қо­ныстанып қалады-ау. Жалғандыққа жаны қас, жақсы жазады. ...Түбiрдiң түбiн түсiретiн айтулы мате­ма­тик, сындары сынадай, сықақтары сыпыр­ғы­дай Төрежан ағамыз Алматыға бiр келге­нiн­де: – Оспанхан ағамен таныстыршы, – деп қыз­ға ғашық болған жiгiттей қиылды. – Жарай­ды, Төке! «Құр қол бару ұят-ты» деп арақ-шарап­тың түрлi «руын» түгендеп алып, айтыскер ақын Баянғали Әлiмжанов үшеумiз Осекең­нiң үйiне тарттық. Барсақ, мәссаған, безгел­дек! Осекеңнiң ұнжырғасы түсiп кеткен. Нұр­сұлу жеңгей ашулы. Үй болғасын ыдыс-аяқ сылдырлаған сияқты. – Ағаларың сендерсiз де дымқыл, – дедi жең­гей қабақ шытып. – Өздерiң кiшкене ауыз тиiңдер де, ауызғы үйден қайтыңдар. Бол­ды, болды... Ағаңа көп құйма! Төрежанның жаны қалмай қалбалақтап, жең­гейдiң рөмкесiне арақ тамызайын деп ұмсы­на берiп едi: – Iшпеймiн! – дедi шорт кетiп. – Онда – коньяк... – Жоқ! – дедi жеңгей шекесi шибарқыт­та­нып. – Онда шампаннан көресiз бе? – Iшпеймiн! – Әлде қызыл шарап... – Оны да iшпеймiн! Төрежан төбесiн қасып: – Ояа-а-ба-а-й, Ос-аға, – дедi, – жеңгемiз ен­дi не iшедi? Оспанхан омпа тұрған асықтай оды­райып: – Жеңгең тек менiң қанымды iшедi! – де­дi. – Ал жiгiттер, қатынның күшi атомның кү­­шiмен бiрдей. Жарылып кетсе жаман бо­лады. Осы тойғандарыңмен қайтыңдар!.. – Қайтпайсыңдар, – дедi Нұрсұлу жеңгей. – Отырыңдар. Тек ағаларыңды шаршат­паң­дар! – Жеңгей, – дедi Төрежан қарап тұрмай, – сiз Осекеңнiң сықақтарын жатқа бiлесiз бе? – Бiлем, – дедi жеңгей де желпiнiп. – Аға­ларыңның балаларға, маған арнаған өлең­дерi көп. Долы қатын долданды: – Тауып кел! – деп, – етiктi. Етiк тауып келгенше Байға тиiп кетiптi. Бiрақ бұл мен туралы тақпақ емес. Жеңгемiз жымиды. Қазаны да қайнай бастады. Дастарқан жайылды. Дәм үстiнде Төрежан: – Оя-а-ба-ай, – дедi таңырқап, – Осекең­нiң қалжыңы қазанды да қайнатты-ау! – Тс-с! – дедi Баянғали сыбырлап, – жең­гей естiп қойса қазаны емес, қаны қайнап кетер! Қазанын қайнатып, жеңгемiздi жайна­тып, ағамызды үйiне байлатып, қас қарая қайттық. Сексен бестің сеңгіріне, сатираның зең­гері­не шыққан Төрежан Мәндібаевтың сан алуан сауалға қайырған жауабын зерделе­сеңіз, парасат-пайымы мен оның жан дүние­сін аңғарасыз. – Әдебиетке, оның ішінде әзіл-сықаққа ке­луіңізге не себеп? – Әу баста сатирик болам деп ойлаған емес­пін. Әдебиетпен әуестенетіндер ең әуелі осы мамандыққа бейімделіп, сол саланың оқуын оқиды ғой. Мен Қызылорда қаласын­дағы пединституттың физика-математика фа­куль­тетін 23 жасымда бітіріп, мектепте мұ­ғалім болдым. Ол кезде ауылдағылардың екі-ақ ермегі бар-тын. Не арақ ішесің, не кі­тап оқисың. Асқазаным ауыратындықтан, ма­ған арақ ішуге мүмкіндік болмады. Содан кі­тап оқуға көштім. Француздардың роман­ти­калық шығармаларын, сосын орыстың алтын ғасырдағы кітаптарын оқып тауыс­тым. Бір күні түс көріп, неше түрлі оқиғалар есімнен кетпей қойды. Соны жазғым келеді. Бірақ ойлаймын, жазушылардың бәрі жас кезінен машықтанған. Мен болсам 35-темін. Бұл жаста не бітіріп оңдырам? Тәуекел! Ба­сым­ды шырмап алған нәрсені қағазға түсі­ріп, ең алғаш «Гипертония» деген әзіл әңгіме жаздым. Жап-жақсы дүние екенін ішім сезді де, жаңадан шығып жатқан «Жалын» аль­манагына жібердім. Көп ұзамай бас редак­тордың орынбасары Дулат Исабековтен хат келді. «Әңгімеңіз жақсы екен, жақында жа­рия­ланады» депті. Ой, қуанғаным-ай! Ра­сында, сол дүнием 1975 жылы «Жалынның» бірін­ші санында басылды. Кейін Дулат «Се­нің осы әңгімеңдегі оқиғаны тойларға бар­ған­да айтып, елді қыран-топан күлдірем» де­ді. Төлен Әбдік «Сөз өнері дертпен тең. Дерт­ке шалдыққан екенсің. Сен енді осы дерт­­тен жазылма!» деп күлдірді. Оразбек Сәр­­сенбаев Жазушылар одағының жылдық қоры­­тындысында «Биылғы жылдың ең үздік әңгі­­месі – Төрежан Мәндібаевтың «Гиперто­ния­сы» деп бағалады. Ауылда жүрген жаман мұға­лімнің жазған дүниесін жалаулатып көкке көтергенде жұлдыз боп кете жаздадым. Одан кейін «Жалында» жарияланған «Арал­дың ар жағынан қыз алып ек» деген әзіл әң­гімемді қалың елге мәлім Халық әртісі Құ­дайберген Сұлтанбаев «Тамашада» орын­дап, атағымды асқақтатты. Кітабым болмаса да жұрттың бәрі мені жазушы деп тани бас­тады. Екі кітабым шыққасын Жазушылар ода­ғының мүшелігіне қабылдандым. Комис­сияның төрағасы Ғабит Мүсірепов, оның хатшысы Әкім Тарази екен. Қабылдауында болдым. Бет-жүзін бірінші рет көруім. Әкім: «Ақын-жазушыларды құртып жүрген ру­шылдық, жершілдік, жүзшілдік. Сен ондай бол­ма. Біз аз халықпыз. Бөлініп, бөріге жем бол­сақ оңамыз ба?!» , – деді. Жазушылардың кейінгі жылдық қоры­тын­дысында баяндама жасаған Абдрахман Асылбеков «Оңай деймісің» атты екінші кіта­­бымның «қол-аяғын» жерге тигізбей «Өмірім­де мұндай сықақ оқыған емеспін!» деп мақтапты. Көңілім көтерілгесін көркем дүниеге біржолата бет бұрдым. – Қазір не жазып жатырсыз? – «Қазағым, қайран жұртым!» деген кіта­бым дайын. Демеушілер табылса оқы­р­ман­дар­дың қолына тиіп қалар. Негізінен бүгінгі күн мәселесі қамтылған. Қаза­ғым ұлт ретінде жойылып кетпей ме? Қа­зақ тілі неге қауқарсыз? Дөң басында отыр­­ған дөкейдің бәрі орысша сөйлейді. Депу­тат, министрлер де жиналысты орысша өткізеді. Қазақ тәуелсіздіктен кейін де ба­лаларын орыс мектебіне береді. Ажырасып жат­қан ерлі-зайыптылардың көбі орысша бі­лім алғандар. Баяғыда бабаларымыз еш уа­қытта ажыраспаған. Ұлттық дәстүрін сақ­та­ған. Солар теңін тауып қосылған дейсің бе? Бала өсіріп, ұрпағын сақтау үшін шаңы­рақтарын шайқалтпаған. Қазіргілер ше? Қара­­қан басының қамы үшін, өз жанының ты­ныштығы үшін өмір сүруге көшті. Міне, мәселе қайда? Сондықтан біз өз тәрбиемізді өрге сүйреуіміз керек. – Қазақтың тілі мен ұлттың болашағы бар ма? – Оны болдыру керек. – Қалай жазасыз? – Мен басымды көп қатырмаймын. Бір же­ті толғанып, кейде екі жеті толғатып жү­рем. Піскен кезде отыра қап қағазға түсірем. – Біз қазақ қайраткерлерінің өмірбая­ны­на үңілсек, дені басқа ұлттан әйел алып, ба­ла тәрбиесіне онша мән бере бермеген. Сіз өз ұрпағыңызға қалай қарадыңыз? – Балаларымды орысша оқытуға мүм­кін­дігім болды. Бірақ жүрегімде бар баламды қа­зақ қып өсірем деген қағида қатып қалған еді. Бәрін қазақ мектебіне бердім. Қазақстан мем­лекетін ұстап тұратын – қазақы тәрбие. Қа­зақтың жоғалуы – ұлттың жоғалуы. Бая­ғы­да 21 мың ұлт болған екен, қазір соның 6-ақ мыңы қалған. Қалғандары қайда? Саны көп ұлт аз ұлтты жұтып қойған. Бірінші тілін жұт­қан. Тілі жұтылған ұлттың өзі де жұты­лып, жойылып кетуі – заңдылық. Мысалы, 800 мың халқы бар шешендер Ресеймен соғы­сып, жартысы ғана қалған еді. Ұлттың болашағын ойлаған олар әр еркекке төрт әйе­лден алуды заңдастырып, қазір олардың саны 1 миллион 200 мыңға жетті. Шешендер елінде тек өз тілінде сөйлейді. Ахмет Байтұрсынұлының «Өзге тілде бі­лім алған адам сол елге қызмет етеді» деген сө­зіне құлақ асып жүргендер кем. Қайраткер қарын­дасымыз Оразкүл Асанғазиеваның бір сөзі есімде. «Баласын орысша оқытқандар қарт­тар үйінде жатыр», – дейді. Міне, ұлттық мүд­денің тамыры қайда! –Бір сұхбатыңызда «Мен өлгеннен кейін шығатын бір кітап бар» депсіз. Ол қандай кі­тап? – Әлгінде айттым ғой, «Қазағым, қайран жұр­тым» деген кітап. Іші толған уайым, қай­ғы. Көзім тірісінде ешкім шығара қоймайтын шы­ғар... – Математика мен сатираның арасында жа­қындық бар ма? – Бар деп айтады. Бар. Меніңше, екеуінде де дәлдік бар. – Күлдіремін деп біреуді ренжітіп алған ке­зіңіз болды ма? – Мен жалпы жуас адаммын. Кекетіп, ке­­кесін сөйлеу табиғатымда жоқ. Өнер адам­дарында бірін-бірі көреалмаушылық, қыз­ған­шақтық бар екен. Оны кейін байқадым. Мен педагогпін. Бізде жиі айтатын бір сөз бар, «Кешірімді бол!» деген. Жақсы сөз! ...Ғасыр мен ғасыр тоғысында Қазақстан темір­жолының 100 жылдығына байланысты үгіт-насихат пойызының құрамында Шал­қарға бара қалдым. Әкімшілікте өтетін жи­на­лысқа Төрежан ағамды шақырттым. Кел­­ді. Қатысты. Қабағы қату. Дастарқан басында да әкімқараларды жақтырмаған сыңай танытты. Бақсам шекесі жылтыраған шенеуніктер тура сөйлеп туғанына жақ­пайтын Турабидей Төрежан ағамды «оппо­зи­ционер» деп есептейді екен. Сықақ­шы­лардың бәрі сыбағасынан құр қалып жүргені де жауынгер жанрдың жалауын ұстағаннан-ау?.. Күндердің күнінде Төрежан ағамның ме­німен де «оппозицияға» кеткен кезі бар. «Қалай?» дейсіз бе? Әуелі мына эпиграмманы мұқият оқып шығыңыз. Сонда түсінесіз. САТИРА СТАДИОНЫНДА «Сатира» командасының негiзгi құрамы: Асқар ТОҚМАҒАМБЕТОВ, Қазақ ССР сатира «федерациясының» председателi. Қақпашы: 1. Садықбек Адамбеков. Қорғаушылар: 2. Балғабек Қыдырбекұлы, 3. Сақтапберген Әлжiков, 4. Жүсiп Алтайбаев (капитан), 5. Сейiт Кенжеахметов. Жартылай қорғаушылар: 6. Ғаббас Қабышев, 7. Есенжол Домбаев, 8. Оспанәлi Иманалиев. Орталық шабуылшылар: 9. Шона Смаханұлы, 10. Үмбетбай Уайдин, 11. Оспанхан Әубәкiров. «Запаста»: Абдрахман Асылбеков. (Негiзгi топта ойнайтын шамасы бар, Бiрақ ептеп жылайтын «баласы» бар). Аға жаттықтырушы: Темiрбек Қожакеев. Бұларды жұрт қашанда Құрметпен қарсы ап жүр. Мыналар ғой: 1. Мыңбай Рәшев, 2. Қойшығара Салғарин, 3. Қажытай Iлиясов Командаға бiр келiп, Бiр кетумен шаршап жүр!.. Не ұқтыңыз? Осыншама сықақшы­лар­дың ішінде Төрежан Мәндібаевтың аты-жөні жоқ. Неге? Себебі бұл достық рәуіш 1972 жы­­лы «Қазақ әдебиеті» газетінде жариял­ан­ған болатын. Ол кезде Төрежан ағам сықақ­шы­лардың есігінен сығалаған жоқ. Арада 30 жыл өткен соң осы эпиграмманы мақалам­ның ішінде кірістіріп, «Қазақ әдебиетіне» қайта жаңғыртып жарияладым. Бітті шаруа! «Сықаған сықақшылардың тізімінде мен неге жоқпын?» деп шамданған ағам шалқа­сы­нан түсіпті. Оппо-о-о...зиция! Кәмпитке өк­пелеген бала секілді, айналайын ақкөңіл ағам-ай! Кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа кіріп, Қазақстан Жазушылар одағының жа­нындағы «Найзагер» атты сықақшылар қауым­дастығының №1 билеті тапсырылған Төре­жан Мәндібаевқа Ақтөбе қаласынан пәтер беру жөнінде өтініш айттым. Реті кел­меді ме қайдам, айтқан шаруамыз аяқсыз қал­ды. Бірақ бұл жолы Төкең төбеме жаңғақ шағып, «оппозицияға» кеткен жоқ. Сталин шіркеудің оқуын оқып, се­ми­нарист болған кезде Сергий деген митро­по­лит Петербург Дін академиясының ректоры еді. Сталин шіркеудің мұқтаждарын білгісі кеп митрополиттермен сөйлескенде, олар діни оқу орнын көптеп ашу керегін, шіркеуде діни қызметші кадрлар жоқтың қасы екенін баяндайды. Осы тұста Сталин бүйірден сұ­рақ қояды. «Ал сіздердің неліктен кадрларыңыз жоқ? Олар қайда кеткен?» дейді. Сонда өзінің ректоры болған баяғы Сергий митрополит «Кадрлар болмауының түрлі себептері бар, Ст­а­лин жолдас, – дейді саспастан. – Оның бірі мынау: біздің священник етіп оқытқан ада­мымыз Совет Одағының маршалы боп кетті...» Бұл жауапқа диктатор мырс етіп күлсе керек. Біздің де күлетін жағдайымыз бар. «Ол не күлкі?» дейсіз бе? Төрежан ағамыз мате­матиктің оқуын оқыды да, ақыр аяғын­да сати­рик боп кетті. Қазақстанда Асқар Жұма­ділдаев секілді мықты математиктердің кем болу себебі де сол-ау, сірә? Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні не? Математиканың арғы атасы арифметика бол­са, сол есеп-қисабыңызды түгендейтін төрт кестеңізді жаттап өспейтін жан баласы жоқ шығар-ау? 1.Алу. 2.Бөлу. 3. Қосу. 4. Көбейту. Ақтөбенің ақ мылтығы Төрежан Мән­ді­баев төрт кестеңізді бала жастан жадына сақ­тап өсіп, машықтанғасын математик бол­ды. 1. Сүйек жаңғыртып, сүйген қызын алды. Яғни, жар алуды білгенмен, пара алуды біл­меді. 2. Қосағымен қоса ағарып, қайда барса да қоса апарып, бөлінбеген. Яғни, үйленуді біл­генмен, үй бөлуді білмеді. 3. Қазақтың санын көбейтіп, балаға ба­ла­ны қосуды білгенмен, лауазым қуып, өсуді білмеді. 4. Жарына да, жанрына да адал болды. Са­тираны көбейтуді білгенмен, жарының сау­сағына салатын сақинаны көбейтуді біл­меді. Дүниеге емес, көркем дүниеге қызықты. Чехов дәрігер болғанмен, әдебиет үшін әбігер болған классик екені әмбеге аян. Төре­жан аға – сондай. Математик мамандығына қара­мастан, қалжыңдарын қазақ әдебиетіне қазықтай қағып кіргізді. Күлкінің күбісін пісіп, сатираның сарымайын айырған сар­баз. Әдетте математиктер есеп шығарғанда сан қилы сандарды түбірдің астына түсіріп, одан оны үстіне шығарып қидалап, қиқулап жатушы еді ғой. Төрежан ағам да әлгі тәсілді әзіл-оспаққа шебер қолданып, шекесін қыз­дырған сықақшы. Мысалы, қазақта «Тас­пен ұрғанды аспен ұр» деген мәтел бар. Біздің Төкең сол мәтелдің мәнін өзгерткен. Қалай дей­сіз бе? «Таспен ұрғанды таспен ұр» деп, тү­бін түсіріп жазатын қаламгер. Бәрінен де әрі тартқанды бері тартып, түлендерді түртіп ойнайтыны жақсы. Математиктің тілімен айтқанда, жүзіңіз жарқын боп, жүз жасаңыз, аға!

Көпен ӘМІРБЕК, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Серіктес жаңалықтары