Мұрат Жұрынов: Нағыз ғалым ешқашан бос болмайды

Мұрат Жұрынов: Нағыз ғалым ешқашан бос болмайды

Мұрат Жұрынов: Нағыз ғалым ешқашан бос болмайды
ашық дереккөзі
732

Ол – ғалымдық пен қайраткерлікті бір арнаға тоғыстыра білген тұлға. Ол – талай шәкірттің санасына сәуле түсірген ұстаз. Ол – еліміздегі алғашқы халықаралық университеттің негізін қалаушылардың бірі. Ол – қазақ ғылымының дамуына үлесін қосудан шаршамаған ғалым. Ол – ел танитын академик, кейінгі жастар үлгі тұтып, ақыл сұрайтын профессор. Біз суреттеп отырған азамат – ҚР ҰҒА Президенті, химия ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұрат Жұрынұлы Жұрынов. Қазақ ғылымының бүгінгі тыныс-тіршілігіне алаңдаулы оқырман назарына академик Мұрат Жұрыновпен болған сұхбатты ұсынып отырмыз.

– Биыл Ұлттық Ғылым академиясына 70 жыл толды. Еліміздің ғылым саласында академияның орны ерек. Соғыстан кейін, аса ауыр жылдарда Ғылым академиясының құрылуы ерекше құбылыс десек те болады. Сөйте тұра, айтулы академияның дәл қазақ елінде құрылуына қандай алғышарттар әсерін тигізді? – Ең әуелі 1932 жылы Қазақстанда КСРО Ғылым академиясының базасы ашылды. Онда негізінен жер асты байлығын зерттейтін ғалымдар – геология, тау-кен ісі саласының мамандары жұмыс істеді. Одан кейін бұл база 1936 жылы КСРО ҒА-ның Қазақстандағы филиалына айналды. Сол филиал 1946 жылы еншісін алған академия ретінде өз жұмысын жалғастырды. Академия президенті ретінде Қаныш Сәтбаев сайланды. Қаныш Сәтбаев сол уақытта-ақ қазақ ғылым тарихындағы маңызды тұлға болатын. Соғыс жылдарында елімізде ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысу ісі қарыштап дамыды. Өйткені соғысқа арналған әр түрлі әскери құралдарды жасау үшін металл, ал металды қатты күйге келтіру үшін вольфрам, ванадий, хром сынды қосымшалар керек болды. Мұндай элементтер Қазақстан жерінен табылғандықтан, арнайы технология әзірленіп, көптеген зауыттар жұмыс істеп жатқан. Ол кезде ғылыми жұмыстарды жүзеге асыру технологиясын Мәскеудің, Украинаның ғалымдары әзірледі. Сол уақытта қазақ жеріне В.Вернадский, Л.Гумилев, В.Комаров секілді белгілі ғалымдар келіп, қазақстандық ғылыми зерттеушілермен қоян-қолтық жұмыс істеді. Сөйтіп, арнайы ғылыми мектептер құрыла бастады. 1946 жылы академия өз алдына бөлек шаңырақ көтергеннен кейін ғылыми зерттеу институттарын құрып, журнал ұйымдастырып, ғылыми жұмыстардың нәтижелерін жарыққа шығара бастады. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін Ғылым академиясында реформа жүргізілді. Алдымен академия Ғылым министрлігімен қосылып, 1996 жылы «Ғылым министрлігі – Ғылым Академиясы» деп аталды. Бірақ екі бірдей іргелі органның бірге жұмыс істеуі қиын еді. Өйткені министрліктегілердің жоғарыдан алған орындауға тиісті тапсырмалары, ал ғалымдардың өзіндік ой-пікірлері бар. Екі жақтың пікірлері бір арнаға тоғыспағандықтан, 1999 жылы министрлік пен академия қайта бөлініп, Ғылым академиясының 45 институты министрліктің құрамында қалып кетті. Заң бойынша, қазынадан тек мемлекеттік орган, яғни, министрлік қана қаржы бөле алады. Ал әлгі институттардың бәрі мемлекеттен қаржы алатын болғандықтан, министрліктің құрамында қалды. Осылайша, ғылыми институттарсыз бөлініп шыққан академияның функциясы қысқарды. Ол кезде академияның штаты да шағын болатын. 2003 жылы академия «республикалық қоғамдық бірлестік» деген статус алды. Бұл статус Елбасының жарлығымен бекітілді. Біз Америка, Франция, өзге де Еуропа елдеріндегідей мемлекеттік емес Ғылым академиясына айналдық. Өкінішке қарай, біздің заңдарымызды дамыған елдермен салыстыруға келмейді. Мәселен, Америкада қазынадан қаржы бөлу үшін мекеменің мемлекеттік болуы міндетті емес. Қоғамға кім пайда келтіре алады, мемлекет соны қаржыландырады. Ал бізде мемлекеттік емес органдардың қазынадан тікелей қаржы алуға мүмкіндігі жоқ. Мемлекеттік емес ұйымдар мұндай мүмкіндікке тек конкурс арқылы ғана ие болады. Ал конкурсқа қатысу өте қиын дүние. Әрине, бәріне бірдей қара күйе жағудан аулақпын. Бірақ тендер мәселесімен бірге кейбір жемқорлық әрекеттердің қатар аталатыны да рас. Бұл қоғамға да, ғылымға да кесірін тигізеді. Осындай жағдайлардың әсерінен қоғамдық бірлестікке айналған Ғылым академиясының жағдайы алғашқы жылдары біраз қиындап кеткенін жасыруға болмайды. Қазір академия қайта жанданып, даму жолына түсіп келеді. Мемлекет басшысы академик Нұрсұлтан Назарбаев академияға қолынан келгенше қамқорлық жасап отырғанын айта кеткеніміз жөн. Елбасының қолдауының арқасында, Қазақстандағы ғылым туралы ұлттық баяндама әзірлеу және академияның 8 журналын шығару үшін жыл сайын қаржы бөлінуде. Ғылым саласындағы өзекті мәселелер мен түйткілдерді жіпке тізетін ұлттық баяндама әзірлеу жұмыстары Франция академиясының тәжірибесі бойынша қолға алынған. Бүгінде ҰҒА-ның 1946 жылдан бері шығып келе жатқан ғылыми журналдары бар. Бұл журналдар әлемнің 73 еліне таралады. Біз бұл жұмысты тоқтатпауымыз керек. Журналдарымыз Англияның, Германияның ұлттық кітапханаларында реестерде тұрады. Кеңес үкіметінің ғылымдағы беделі жоғары болған кезде академия осындай жетістікке қол жеткізген. Қазір одан шығып қалсақ, қайта кіру үшін тағы 10-20 жыл қажет. Сондықтан мұны сақтауға тиіспіз. Жақында бір журналымыз халықаралық «Elsevier Scopus» қорының арнайы тізіміне енді. Бізге арнайы сертификат тапсырылды. Журнал «ҚР ҰҒА хабарлары» деп аталады. «ҚР ҰҒА хабарлары» – Орталық Азиядағы 5 елдің ішінде «Elsevier Scopus» қорының тізіміне енген алғашқы журнал. – Бір сұхбатыңызда «Экспертиза – ғылымның шешуші тұсы» депсіз. Экспертизаны ҰҒА академиктеріне беру туралы Елбасыға ұсыныс та білдірген едіңіз. Бұл мәселе шешімін тапты ма? – Жалпы, Елбасының қабылдауында болғанда 6 мәселе көтерген болатынмын. Елімізде Мемлекеттік сыйлықтан басқа мемлекет қаржы бөлетін Қ.Сәтбаев, Ы.Алтынсарин, Д.Қонаев атындағы әр саланың сыйлықтары бар. Енді сол сыйлықтардың иелерін академия анықтайтын болады. Президент экспертиза мәселесін де оң шешіп берді. Келер жылдан бастап мұның бәрі өз қолымызда болады. Жаңадан сайланған Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те академиядан көмегін аяп жатқан жоқ. Экспертиза мәселесін министр Ерлан Сағадиевке айттық, ол біздің ұсынысымызды құп алды. Сөйтіп, барлық жұмыстарды шетелге экспертизаға жібере беруге тыйым салды. Қазір жағдай түзеліп келе жатыр. Ғылыми жұмыстарды шетелге экспертизаға жіберу отандық ғалымдарға сенімсіздік білдіргеніміздің белгісі. Осыған дейін 5 мыңға жуық жобаланған жұмыстар шетелге кетіп жатты. Оған 7 млрд теңге қаржы бөлінетін. Мұндай әрекетке бірде-бір мемлекет бармайды. Сол 7 млрд теңгеге 15 ғылыми институтты толық қаржыландыра аламыз. Бекерге далаға кетіп жатқан ақша. Сондықтан экспертизаны өзіміз жасауымыз керек. Күрделі мәселе шыға қалса, шетелден білікті маман шақыруға болады. Бірлесіп отырып шешеміз. Шетелден келген маманға ары кетсе 200-300 мың теңге ғана жұмсаймыз. Оларға өзге елден арнайы шақырту алғанның өзі құрмет. Ал миллиардтап ақша жұмсап қажеті не? Сондықтан мұның бәрін қазір Білім және ғылым министрлігі бір тәртіпке келтіріп жатыр. – Кеңес дәуірінде ғылыммен айналысатын азаматтар үлкен құрметке, беделге ие болатын. Ал бүгінгі күні ғалымдардың еңбегі өз деңгейінде ескеріліп жүр ме? – Қазір ғалымдардың еңбегі өз деңгейінде ескеріліп жүр деп айта алмаймын. Кеңес үкіметі кезінде ғалымдар ең жоғарғы деңгейде жалақы алатын. Ол кезде әр республикадағы партия басшысы мемлекет басшысы ретінде саналды ғой. Ал ірі ғалымдардың айлығы партия басшыларының жалақысынан көп болатын. Өзім Қарағандыда бірінші дәрежелі академиялық институтта директор, академияның корреспондент-мүшесі болдым және университетте дәріс оқыдым. Сол кездегі менің айлығым Қарағанды обкомының бірінші хатшысы Александр Коркиннің айлығынан екі есе көп болды. Ғылым академиясының президенті болған Анатолий Александровтың айлығы Л. Брежневтің жалақысынан артық еді. Міне, Кеңес үкіметі кезінде ғылымға деген көзқарас осындай болды. Ол кезде ғылымға барлық талантты жастар арнайы конкурспен ғана келетін. Соның арқасында ең талапты, ең талантты, ең іскер азаматтар ғылыммен айналысты. Содан кейін ғылым саласы өркендеді. Ал қазіргі жағдай мүлдем бөлек. Қазір ең төменгі жалақы алатындар – ғалымдар. «Жастар ғылымға бет бұрмайды» деп айыптаймыз. Жастар қалай ғылыммен айналысады? Мысалы, біздің академиялық институттарда университетті қызыл дипломмен бітіріп келген жас мамандарға ең үлкен мөлшерде беретін айлығымыз – 70 мың теңге. Ал олар бұл жалақыға қалай күн көреді? 50 мың теңгесін пәтерге береді. Сонда ол 20 мың теңгеге бір ай тамақ іше ме? Қалай өмір сүреді? Талапты жастардың ғылымға келмеуінің бір себебі осында. Ғылымға бүгінде кімдер келеді? Ғылымға келетіндер – негізінен бақуатты отбасынан шыққан немесе мүлдем жұмыс таба алмаған жастар. Алғашқыларына бұл жерден алатын жалақы аса маңызды емес. Себебі олардың басында баспанасы, астында көлігі бар. Бірақ олар жан аямай қызмет етіп, ғылымға үлкен еңбек сіңіреді деп ойламаймын. Олар 6 сағат жұмыс уақытын өткізеді де, үйіне тайып тұрады. Нағыз ғылымды сүйетіндер бұрын таңертеңнен түнге дейін зертханада жүретін. Одан кейін бізге еш жерде жұмысқа орналаса алмай, бос жүрген жастар келеді. Оларды жұмысқа қабылдамасқа амал жоқ. Себебі бос жұмыс орны тұр, қордаланған жұмысты әрі қарай жүргізу керек. Оны кім істейді? Ал олар ғылымды дамытуға жан-тәнімен күш салады деу қиындау. Дегенмен, ғылымды шын сүйетіндер айлық мөлшеріне қарамастан келетін шығар. Бірақ олардың саны өте аз. Мүмкін 5-10 пайыз болар, одан аспайды. Ғылымды мықтап қолға алмаған елдің болашағы ешқашан жарқын болмайды, ғылымсыз қоғам да, мемлекет те дамымайды. Бұл – аксиома. Бұл – барлық заманның қағидасы. – Соңғы жылдары елімізде шетелден шақырылатын ғалымдар саны аз емес. Бұл нені білдіреді? Бізде мамандар аз ба? Әлде біліктілігі төмен бе? – Шетелден келген ғалымдар біздің тәжірибемізді байытады. Бұл барлық уақытта қоғамға пайдалы. Бірақ қазақстандық ғалымдардың мүмкіндігі олардан төмен деп санау қателік. Мысалы, өзім басқаратын институттың ғалымдары шетелдік, халықаралық қорлардан гранттар ұтып алып жатыр. Біздің ғалымдар нашар болса, олар неге бізге гранттарын береді? Мұның бәрі халықаралық конкурс бойынша беріледі. Бұл біздің ғалымдар шетелдіктермен бірдей жұмыс істейді деген сөз. «Ауыл баласының аузы сасық» деген сөз бар ғой қазақта. Ғылыми жұмыстарды өз ғалымдарымызға қаратпай, шетелдік сарапшыларға жіберуге құмар. Ал шетелдік экспертизаға жіберілген жұмыстарды ірі ғалымдардың өздері қарамайды. Мысалы, Қазақстанға ғылымы төмен Африка елдерінен жұмыстар келіп жатса, біз қараймыз ба? Біз оны кандидаттарға ысыра саламыз. Үлкен ғалым өз елінде ешқашан бос болмайды. Олардың біз жіберген жұмыстарды саралауға уақыты жоқ. Сондықтан біздің жіберген жұмысымыздың бәрін үлкен ғалымдар қарайды деу қателік. Егер біздің ғалымдар шеше алмайтын күрделі мәселе болса, ғылымның жаңа бағыты болса, жұмысты шетелге жіберу емес, ғалымдарды біздің елге шақыру керек. Сонда олар жұмысқа атүсті қарамайды. Біздің ғалымдармен бірге отырып мәселені талқылайды. Сөйтіп, өз пікірлерін айтады. Бұл біз үшін тиімді. Ал поштамен жіберген жұмысымызға келген пікірді аспанға көтереміз. Ол үлкен ғалымдардың сөзі емес, солардың қарамағында жұмыс істейтін қатардағы қызметкерлердің пікірі. Бізге қатардағы шетелдік ғалымдардың пікірі соншалықты құнды ма? Ондай пікірді өз ғалымдарымыз да айтады. Ғылым саласында осындай көзбояушылықтар бар екенін жасырмаймын. – Қазір докторантураға түсушілер көбейді. Жалпы, бүгінгі ғалымдарға қойылатын талаптар қандай? Ғалымдардың еңбегі қалай сараланады? – PhD докторантура Болон процесіне енуден басталған. Біз 2010 жылы Болон үдерісіне қосылдық. Сол кезде қателік кетті. Болон конференциясының жарғысында былай жазылған: «процеске кіруші мемлекет өзінің ұлттық ерекшеліктерін ескеруге құқылы». Мысалы, Ресей Болон үдерісіне қосылды. Бірақ өзінің бұрынғы кандидаттығы да, докторлығы да сақталып қалды. Украина мен Белоруссияда да солай. Ал бізде сақталған жоқ. Ғылымның ауыр жүгін көтеретін, алға тартатын – кандидаттар еді. Таңнан кешке дейін зертханадан шықпай, зерттеумен айналысатын. Соларды қысқартып тастады. Бізде PhD докторантураға түскендер екі жыл оқиды, бір жыл ғылыми жұмыспен айналысады. Жас ғалым бір жылда не тындырады? Тіпті, ол үш жылда да ғылыми тақырыбын қорғай алмайды. Бұл ойыншық емес қой. Сондықтан, екі жыл аудиторияда отырып, дәріс тыңдаудың ешқандай негізі жоқ. Олар үш жыл бойы зертханада жұмыс істеуі керек. Біз кезінде зертханада мамандармен бірге жұмыс істейтінбіз. Ал қазір студент тәрізді екі жыл оқытады. Білімі жеткіліксіз болса, PhD докторантураға қабылдамасын. Ғалымдардың еңбегін тек ғалымдар ғана саралауға тиіс. Ғылыми жұмысқа сараптаманы білетін адам ғана жасауы керек. Бұл өзгелердің қолынан келмейді. Академияда академиктер, профессорлар, ғалымдар бар. Экспертизаны соларға беру керек. Министрліктегі шенеуніктер мұны қалай жүргізеді? Ақша беретін мекеме экспертиза жасамауы тиіс. Бұл дұрыс емес. Сонда ғана ғылыми жұмыстар алға шығады. Қазір жұмыстың плагиаттығын тексеретін арнайы машиналар бар. Машина тірі адам емес, қателесуі мүмкін. Бір сөз бірнеше рет қайталанса, плагиат деп көрсетіп жатады кейде. Мәселен, мамандар өткенде бір докторлық жұмысты көшіріп алып, бірер сөзін ауыстырып, машинаға салып көрген. Плагиат емес деген қорытынды шығарып берді. Сондықтан, мұның бәрін ғалымдар өздері отырып, тексеріп, қадағалауы қажет. – Бүгінде заманауи ғылыми жаңалықтарды меңгермей тұрып елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың мүмкін болмайтындығы түсінікті. Елімізде ғылымды өндіріске жақындату үшін қандай жұмыстар атқарылуда? – Ең бірінші, өндірісті ғылыми жаңалықтармен дамытып отыру керек. Біз қазір осы жолмен келе жатырмыз. Ғылымды өндіріске жақындату үшін екеуінің арасында көпір болуы тиіс. Одақтың ыдырауы кезінде сол көпір бұзылды. Кеңес үкіметі кезінде үлкен зауыттардың жанында эксперименталды цехтар жұмыс істейтін. Зертханада басталған ғылыми жұмысты сол цехқа апарып жалғастыратын. Ол кезде біздегі 50 зауыт Қазақстанға емес, Мәскеуге бағынатын. 50 зауыттың жанында бірге жұмыс істеген эксперименталды цехтар қазір жоқ. Одақ құлағаннан кейін зауыттардың бәрі қаржысыз қалды. Өздері шығарған өнімді әзер сатып отырды. Сол кезде зауытқа қатысы бар эксперименталды цех, балабақша, оқу-методикалық арнайы мектеп – бәрі жойылып кетті. Солардың біразын қайта қалпына келтірмесек, біз ғылымның жетістігін өндіріске енгізе алмаймыз. Мысалы, мен Д.Сокольский атындағы Жанармай, катализ және электрохимия институтының Бас директорымын. Біз жартылай өндірілген катализаторларды Қытайға апарып, сынақтан өткізіп аяқтаймыз. Өйткені өзімізде қажетті қондырғылар жоқ. Былтыр Францияға жібердік. Лион қаласында Катализатор институтының үлкен базасы бар. Соларға апарып тәжірибе жасаттық. Бұл – ғылыми жұмыстың өндіріске енуіне кедергі болатын бір мәселе. Екінші мәселе, көптеген зауыттарымыз шетелдік инвесторлардың қолында. Олар Қазақстан ғалымдарының жетістігін ғылымға енгізуге ынталы емес. Шетелдік инвесторларды зауыттың болашағы алаңдатпайды. Бүгінгі түскен пайданы қармап қалып, ертең кетіп қалуды ойлайтын секілді. Зауыттың болашағын ойлайтын басшы ғылымға қаржы құйып, ғылыми жаңалықтарды айналымға енгізуі керек. Олар осыны жасап жүр ме? Жоқ. Өйткені болашақ үшін жұмыс істемейді. Ал мемлекет оған қысым көрсете алмайды. Себебі арнайы келісімшарт бар. Оны бұзса, Қазақстан шетелдік инвесторлардың сенімінен шығады. Бірақ мұның да шешімін табуға болады. БҰҰ мойындаған халықаралық Конвенция бар. Егер қандай да бір елде ғылыми зерттеу арқасында адамдардың қауіпсіздігін күшейтетін жаңалық табылса, ол міндетті түрде айналымға енгізілуі керек. Екінші, зауыттан шығатын улы заттарды азайтуға, экологияны тазартуға бағытталған жұмыс болса, ол да міндетті түрде енгізілуі керек. Ол ешқандай келісімге қарамайды және оны бұзбайды. Бұл – БҰҰ-ның конвенциясы. Осыны инвесторларға түсіндіру керек. Әрине, олар мұны біледі. Бірақ кейбірі қулыққа басып отыр. Міне, осы екі мәселені, бірінші – эксперименталды цехтарды ашсақ, екінші – инвесторлармен сөйлесіп, халықаралық тәртіпке шақырсақ, көптеген мәселе шешілер еді. – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-түрік университетін басқардыңыз. Аталмыш оқу орнының алғашқы құрушыларының бірі де өзіңізсіз. Қазір айтулы жоғары білім ордасына айналған оқу ордасы өзіңіздің бел балаңыз іспетті. Университет өзіңіз күткен биіктерден көрініп жүр ме? Бүгіндері байланыс жасап тұрасыз ба? – Түркістандағы университетке ректор болғанға дейін Шымкентте қызмет еттім. Шымкенттегі жалғыз ғана ғылым докторы болдым. Сол жылдары министрлік мені Қарағандыдағы университетке проректор қып жіберді. Екі жылдан кейін институт директоры болып тағайындалдым. Академияның корреспондент-мүшесі боп сайландым. Депутат болдым. Қарағандыда жақсы қызметтер жасап жүргенімде, Түркістандағы университет ашылатын болып, арнайы шақырды. Ол кезде Шымкент обкомының бірінші хатшысы Сергей Терещенко болатын. Сол кісі маған Шымкенттегі технологиялық және педагогикалық университетті қосып, бір университет ашу туралы жоспарлағанын айтты. Сол оқу орнына ректор болуымды сұрады. Келісімімді бердім. Бірақ кейін Өзбекстанда бауырлас ағайындардың «Түркістан» деген университет құру туралы жоспарын естіп қалдық. Содан кейін 300 жыл бойы бүкіл түркі дүниесіне астана болып, әлі де өзінің рухани астаналық қасиетін жоғалтпаған Түркістан қаласынан Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың идеясымен және тікелей Жарлығымен Қ.А.Яссауи Түркістан мемлекеттік университеті ашылды. Кейіннен бұл іске Түркия елі үлкен қолдау білдірді. Ол кезде Түркияның президенті Тұрғыт Озал, премьер-министрі Сүлеймен Демирел еді. Түркі дүниесін шын жүрегімен сүйетін азаматтар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл идеясын қуана қолдады. Біз алғашқы кезде барлық түркі тілдес елдерге 20 орыннан бөліп отырдық. Олар өздерінде емтихан алады да, талапкерлер бізге тек оқуға келеді. Біз қазақстандықтардан ғана емтихан қабылдадық. Бүгінде сол университетте білім алған шәкірттерім еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүр. Бірде Астанаға, Үкімет үйіне барғанымда, бірнеше жас жігіттер – қызметкерлер келіп амандасып, менен білім алғандарын айтты. Қуанып қалдым. Оқытқан шәкірттерім мемлекет басқару ісіне өз үлестерін қосып жатқанына ризамын. Қазір университетке жиі бас сұғып тұрамын деп айта алмаймын. Бірақ әлгіндей білім берген шәкірттерім мен қол астымда істеген қызметкерлерім көрген жерлерінде сәлемін беріп, саулығымды сұрап тұрады. Маған осы да жетіп жатыр. – 1995-1997 жылдары еліміздің білім саласын басқардыңыз. Одан бері талай уақыт өтті, білім саласына да талай өзгерістер мен жаңалықтар енгізілді. Бірақ аталмыш сала жиі сынға алынады. Бүгінгі білім беру жүйесіне қатысты ой-пікіріңізбен бөліссеңіз. – Бүгінде білім саласында шуға айналған негізгі тақырып – үш тілділік мәселесі. Бұл жүйе бұрынғы министр Аслан Сәрінжіповтің кезінде халыққа дұрыс түсіндіріліп, насихат дұрыс жүргізілмеді. Үш тілділікті қазіргі министрлер шығарған жоқ. Қазақстан мектептерінде үш тілділік принципі өткен ғасырдың 50-жылдарынан бері келе жатыр. Мәселен, орыс мектептерін алып қараңыз. Олар орыс тілінде оқиды, сонымен қатар, міндетті түрде қазақ тілі мен шет тілдерін оқиды. Қазақ мектептерінде де дәл солай үш тілде дәріс алады. Бұрын мектепте ағылшын тілін оқыған бала соңында түк білмей шығатын. Қазір бәрі өзгерді. Министр Е.Сағадиев заманауи жаңа технологияларды іске қосып жатыр. Министрліктің үш тілді оқыту, әсіресе, қазақ тілін дамыту туралы жоспарлары бар. Ол бойынша қолыңыздағы телефон арқылы да ағылшын тілін меңгеруге мүмкіндік бар. Ал ағылшын тілін жетік меңгеру – бүгінгі күннің талабы. Кез келген бала орыс тілін көшеден-ақ үйреніп алады. Ал мемлекеттік тіл – қазақ тілі мен халықаралық – ағылшын тілін мықтап оқытуды қолға алатын уақыт жетті. Жастардың көп тіл білгені өздеріне жақсы емес пе? Қазақ тілін еліміздің кез келген азаматы білуге міндетті. Мәселен, қазақ мектебі ме, әлде орыс мектебі ме, тағы басқа тілде оқытатын мектеп пе, мейлі, мемлекеттік тілді білмейтін балаға аттестат бермеген жөн. Бұлай болмаса не үшін мемлекет қаражаты жұмсалады?! Жалпы, Қазақстанда 20 жыл тұрып, 20 сөз білмеген азаматтарға өкпелімін. Бұл нан жеп отырған елді сыйламау деп есептеймін. Осындай позиция ұстанған дұрыс. Әлемдік дамуға ілесу үшін жастардың ағылшын тілін өте жоғары деңгейде білуі қажет. Ал оны үйретудің тәсілдері қандай? Мұның бір жолы – мектепте кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқыту. Орыс мектептерінде де кей пәндерді қазақ тілінде оқыту керек. Сонда балалардың қазақ тілін меңгеруіне оң ықпал ете аламыз. Мұның несі жаман? Қазіргі уақытта дүние жүзі осылай оқытады. Сондықтан бұған таңданып, қарсы келудің еш қажеті жоқ. Бірақ көпшілік «Біздің тіліміз не болады?» деп қорқады. Еліміздің Конституциясында қазақ тілін ел азаматтарының бәрі білу керектігі жазылған. Бірақ қазақ тілін бәрі бірдей білмейді. Оқуға арнайы қомақты қаржы бөлінеді, бірақ нәтиже шамалы. Бұл дұрыс па? Қазақ тілін аптасына 2-ақ сағат оқиды. Мектептерде қазақ тілін аптасына 6-8 сағат оқыту қолымыздан келмей ме? Ағылшын тілін де солай жиі оқытқан жөн. Сөйтіп, екі тілдің деңгейін орыс тіліне жеткізу керек. Мұның төңірегінде көп шулай берудің қажеті шамалы. Сөзден іске көшетін уақыт келді. Заман талабына сай, барлық мектеп оқушылары қазақ тілі мен ағылшын тілін жетік меңгеріп шығуы қажет. Тағы бір мәселе – жоғары білім беретін университеттер. Бізде үнемі университеттің көбейіп кеткендігін айтып, шулап жатады. Көбейген түгі де жоқ. Мысалы, Стамбұл университетінде 120 мың студент оқиды. Париждің қақ ортасында орналасқан Сорбонна университетінде де 100 мыңнан аса студент білім алады. Егер біздің елімізде де осы секілді ірі университеттер болса, олардың саны 4-5-еу ғана болар еді. Онда бәріміз университет аз деп аттандайтынымыз анық. Қазақстандағы ірі университеттердің өзінде ең көп дегенде 10-15 мың, кейбірінде 2-3 мың студент оқиды. Жапонияда мынадай мемлекеттік стратегия бар: жоғары білімі бар тұрғындар саны 70 пайызға жету керек. Сонда ғана ең дамыған әрі сауатты қоғам болып есептеледі. Ресейде де жоғары білімді азаматарды 50 пайызға жеткізу – негізгі мақсат. Ал біз қазір 39 пайыз деп белгілеген секілдіміз. Мұндай көрсеткішке жету үшін бізге жоғары оқу орындарында жыл сайын 50 мың орын қосып отыру қажет болады. Оған қомақты қаржы керек. Не істейміз? Діттеген көрсеткішке қалай жетеміз? Бір топ университет көп деп шуласа, екіншілері бізде бәрі жақсы деуден әрі аспайды. Біз қалай 39 пайызға жетеміз? Қашан жетеміз? Онсыз 2050 жылы дамыған 30 елдің қатарына қалай кірмекпіз? Бізде жекеменшік университеттер бар. Оларды жылда тексеру әдетке айналған. Университеттердің жинап-тергенін жыл сайын комиссия қағып әкетеді. Сонда олар қалай өседі, қалай дамиды, қалай сапаны арттырады? Оларды өсіру үшін мүмкіндік беру керек емес пе? Қажет болса, несие берсін, сұраған көмектерін көрсетсін. Олар сонда ғана білім сапасын, жұмыс сапасын көтеруге мүмкіндік алады. Жалпы, білімді қоғам үлкен дағдарысқа ұшырамайды. Білімді отбасында тәрбие алған ұл-қыздардан адасқандар, лаңкестер шықпайды. Олар білімді болғандықтан қоғамнан өз орындарын тауып, ұлтқа пайда келтіреді. – Ғалым да адам. Адам болғанда ерекше жан. Өзгелерге үлгі. Бүгінгі биіктерге бір күнде жете қоймағаныңыз да белгілі. Артта қалған жылдардың еншісіндегі ең ұмытылмас, естен кетпес оқиғалардың бір-екеуін еске алып көріңізші... – Есімде қалған екі оқиғаны айтайын. Біреуі Қарағандыда қызмет етіп жүрген кезімде орын алды. 1986 жылы Алматыда Желтоқсан көтерілісі орын алып, нағыз патриоттар ел намысы үшін көтерілді. Мен мұны оқиға деп есептемеймін. Бұл – көтеріліс. Оны дұрыстап атау керек. Д.Қонаевтың орнына Г.Колбинді жіберуі жастардың намысын оятты. Алматыдағы көтерілістің ертеңіне Қарағандыда да осындай жағдай болды. Алматыда алаңға шыққан жастарды қаруланған солдаттардың ұрып-соғуына қарсы шықты қарағандылық студент жастар. Кеңес үкіметі у-шуды басатын арнайы жасақтар құрды. Оның құрамына жетімдер, түрмеден шыққандар, ұры-қарылар іріктеліп алынды. Олар ешкімді аямайды, себебі олар мына өмірге өкпелі. Бәрін жек көреді. Олар ешқашан жақсылық көрмеген, әке-шешесі маңдайынан сипамаған қаныпезерлер еді. Осы кезде Қарағандыда болдым. Әлгі студенттердің қатарында біздің институтта істейтін бір қазақ жігіті болған. Бір топ студенттер милициядан қашып, әлгі жігіт отырған автобусқа мінген. Ал менің қызметкерім жаңадан үйленген, кішкентай сәбиі бар. Үйіне дүкеннен нан мен айран алып бара жатқан. Біраз жүргесін әлгі автобусты жасақшылар тоқтатып, қазақтардың бәрін шығарып алыпты. Олардың қатарында біздің қызметкер де бар. Содан кейін мен облыстық КГБ басшысына хабарласып: «Бұл жағдайды түземесеңдер, Мәскеуге телеграмма жазамын, ертең бүкіл коллективімді алаңға шығарамын», – деп қорқытып жүріп, әлгі жігітті қамаудан шығарып алдым. Содан кейін арнайы комиссия құрылып, тексеріс жүргізді. Менен де жауап алынды. «Қарағандыда 9 пайыз қазақ бар, облыста 16 пайыз, ал сіздің институтыңызда 63 пайыз қазақ бар. Бұл қайдан шыққан көрсеткіш?», – деді маған комиссия құрамындағылар. Мен: «Қазақтар мына жерде істемесін, мынадай пайызға дейін жетсін» деген құжаттарың бар ма қолдарыңда», – деп қарсы сұрақ қойдым. Ондай құжаттың жоқ екенін өзім де біліп тұрмын ғой. Бірде-бір қазақты жұмыстан шығарған жоқпын. Ерегісіп отырып алдым. Содан кейін менің соңыма КГБ түсті. Телефондарым тыңдалып, жүрген жерімнің бәрін тексерді. Құдайға шүкір, 1989 жылы мұның бәрі тоқтады. Сол жылы Қарағандыда «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Қаланың бүкіл зиялылары осы қоғамға төраға ретінде мені сайлады. «Мен химикпін, тілші, филолог емеспін» дегенімді ешкім де тыңдамады. «Сен қазақ жігіттерінің, халықтың намысын қорғадың», – деп мені сайлады ақыры. Сөйтіп, Қарағандыдағы 9 мектепке облыс депутаты ретінде комиссия құрып, қазақ сыныптарын аштырдым. Сонда маған ең көп қарсылық көрсеткен бір орыс мектебінің директоры болды. Өзі – қазақ әйел. Орыс мұғалімдерге жақсы көріну үшін маған қарсы тұрды. Көнбеген соң «жұмыстан аламыз сізді, сіздей қазақтың қызы болмай-ақ қойсын» деп жүріп аштырдым. Ол кезде қазақ үшін аса қиын уақыт болды. Ұлтқа деген шынайы сезімі барларды биліктен алыстата бастады. Екінші бір оқиғаны айтайын. Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетін жаңадан ашып жатқан кезіміз болатын. Сол кезде ғалымдарға жағдай жасалмаса, олардың Түркістанға жұмысқа келмейтіндігін түсіндім. Сондықтан, Сергей Терещенкомен кеңесіп, университет профессорлары үшін коттедж салдырдық. С.Терещенко 15 ауданның басшысын шақырып алып, әр аудан университетке екі коттеджден салып берсін деп міндеттеді. Ал Шымкент қаласы 10 коттедж салып берді. Сөйтіп, 40 коттедждің іргетасы қаланып, бой көтерді. Қатардағы ұстаздарға көпқабатты үйлерден пәтер берілетін болды. Баспана мәселесін шешкеннен кейін университетте студенттерге білім беретін ұстаздарды жинақтауға кірістім. Сол кезде Өзбекстаннан біраз мұғалімді Түркістанға алдырдым. Кеңес үкіметі құлаған соң Өзбекстан бірден өзбек тіліне көшіп кетті де, орыс тілді мұғалімдер босап қалды. Олардың басым бөлігі қазақтар болатын. Соларды университетке шақырдым. Олар ең мықты университеттерде сабақ берген мамандар, білікті ғалымдар болатын. Одан кейін жер-жерден ғылым докторлары, кандидаттарды дәріс оқып, шәкірт тәрбиелеуге үгіттедім. Бәрінің жағдайын жасауға тырыстық. Жалақыларын көбейтуді де назардан тыс қалдырғанымыз жоқ. Осылайша, Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті өз жұмысын өрбітті. – Сұхбатыңызға рахмет!  

Сұхбаттасқан

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары