Торқалы тойдағы топалаң сынға ұшырады

Торқалы тойдағы топалаң сынға ұшырады

Торқалы тойдағы топалаң сынға ұшырады
ашық дереккөзі
644

Қазақтың тойынан дәстүрлі ән кетті, сән кетті деп ұлттық өнердің өкілдері дабыл қаққалы қашан?! Қамсыз қазақ ұлттық болмысы қожыраған қоғамды да қош көріп, қорлығына көне беретін сияқты. Қазіргі қазақтың тойынан ұлттық құндылықтар, ар-ұят пен кісілік қасиеттер де кете бастағандай. Соңғы кездері «қазақтардың үйлену тойынан түсірілді» делінген он шақты әуесқой бейнекөрніс ғаламторды шулатқан. Ішімдікке сылқия тойған қыз-жігіттердің биі, алдына өңгерген қыздың бөксесін домбыра қылып шерткен жігіттің мазағы, шалбарын шешіп тастап билеген ер азаматтардың ерсі қылығы, тіптен қоғамдық орындарда рұқсат етілмейтін стриптиз-шоуды тойда ұйымдастырған даңғойлықтар жайлы бейнежазбалар әлеуметтің наразылығын туғызды.

Көпшіліктің қарсылығына ұшыраған бейнежазбаларды «Түркістан» газеті бірнеше сала мамандарының сараптауына ұсынған еді. Мамандар ғаламторда кең тараған он шақты бейнежазбаның басым көбіне «порнографикалық мазмұндағы, эротикалық сарыны бар адами ар-ұятқа, моральдық кемсітуге, дәстүрді аяқасты етуге бағытталған іс-әрекет» деген баға берді. Сонымен қатар, видеодағы «бас кейіпкерлерді» және оны түсіріп таратқан азаматтарды жауапкершілікке тарту қажет екенін ескертіп, той жасайтын көпшілікті әдеп сақтауға шақырды.

Мамандар бұл мәселеде қазақ қоғам үшін ақпараттық идеологияны нықтап қолға алу қажет екенін қатаң ескертеді. Сүлеймен Демирел атындағы университет оқытушысы, әлеуметтік желілерді зерттеуші, Мадияр Сауытбаев: «Қоғамды тезге салатын жүйені атап бере алмаймын. Дін десең –діншіл, дәстүр десең – ұлтшыл, тіл десең – оппозиция болып кетесің. Менің ойымша, мемлекет о бастан ұлттық құндылықтарды мемлекеттік құндылық қатарына қойып, бірге дамытуы керек еді. Сонда халық санасында, ұлттың ішінде өзіндік бір құндылықтар  қалыптасып, қоғамдық сананың бұзылуына жол бермейтін күшке айналатын еді ғой. Тойларда орын алған тосын құбылыстар белгілі деңгейде қоғамдық сананы бетімен жіберуден туындап отыр», – дейді. Сондай-ақ, жас ғалым қазақтың тойы­на оспадар дүниелерді сыналап кіргізіп, ұлттық ар-ұяттың қарсылық қуатын әлсіретуге бағытталған арнайы жоспарлы, ақпараттық соққы болуы да мүмкін екендігін айтады.

Әзріге ғаламторда кеңінен тараған сорақы видеоларды қазақ және орыс тіліндегі бірнеше жекелеген сайттар, әлеуметтік желі қолданушылары жарыса көшіріп таратып, интернет оқырмандарының жаппай көруіне жағдай туғызып отыр. Оғаш қылыққа толы бейнежазбадағы басты «кейіпкерлердің» көбі жастар екенін аңғаруға болады. Осыған орай, тойдағы қуаныштан туған жағдай деп тұжырымдағың-ақ келеді. Бір өкініштісі, жастардың оғаш қылығын көрген үлкендердің күш салғанын бейнежазбадан көре алмадық. Керісінше, тойға жиналған қауым ортаға шығып стриптиз-шоу билеген, мас болып еденге аунаған қыз-жігіттердің ерсі қылықтарын таңдана тамашалап, бейнекамераларына жазып әуреге түсіп жүр.

Видеоларды қарап шыққан психолог көпшілік алдында, бір емес бірнеше адамдардың топтасып осындай іс-әрекетке баруын «саналы түрде жасаған ақылға сыйымсыз әрекет» деп бағалады. «Бұл – демонстрация. Байлығын, барын көрсеткісі келгендік. Адамдық нормаларға түкіргенім бар деген пиғыл. Мына видеоларға ашық порнографияның, эротиканың элементтері кіріп кеткен», – дейді психолог Күләш Қожамжарова. Сондай-ақ, психолог Еуропада, Америкада болсын үйлену тойларында мұндай ерсі қылықтарды көрсетпейтінін, қазақстандықтардың стриптизді басқа бір жерден көріп, тойға алып келгендігін айтады. Белгілі маман қазақ қоғамының әлі күнге той жасау мәдениетін қалыптастыра алмай отырғандығына қынжылады.

Жалпы, заң бойынша, стриптиз билерді арнайы рұқсатпен, тек қана жабық клубтарда, 21 жастан асқан азаматтардың көруіне ғана рұқсат етіледі екен. Сондықтан да стриптиз-шоуды қоғамның әр санаттағы мүшелері қатысатын мейрамханадағы той дастарханда көрсету заң талабын орындамауға жатады. Оғаш қылыққа толы бейнежазбаларды көрген заңгер Сәбит Жеңісұлы: «Бейнежазбалардың мазмұнынан заң бұзушылықты байқауға болады. Қылмыстық кодексте, азаматтық кодексте де нақты порнографиялық мазмұндағы видеоларды таратуға тыйым салынады. Ал құқықтық тұрғыдан келгенде біздің заңда порнография мен эротиканың ара жігін ажырату өте қиын нәрсе. Өз басым, осы мәселені қайта қарау керек деп ойлаймын» – дейді. Бұдан бөлек заңгер маман біздің елде заң талаптарының орындалуын қадағалау және оған бағыну өте қиын екенін айтады. Себебі халықтың құқықтық сауаты төмен және заңға деген енжарлық бар дейді. Біз тілдескен өзге де заңгерлер алдымен бейнежазбаларды таратқан және оны түсірген орынды, той иелерін әлеуметтік желі әкімшілігіне сұрау салу арқылы тауып алуға болатынын айтады. Сондай-ақ, осы бейнежазбаларға қатысты адамдардың бірі немесе ұлттық дәстүр қорланды деп санайтын кез келген Қазақстан азаматы құзырлы орындарға шағымдана алатынын ескертеді.

Бейнежазбалардағы жұрт нара­зылығын аударған мәселеге қатысты Қазақтың ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрі академиясының академигі, этнограф-ғалым Болат Бопайұлына хабарласып, осы жағдайға қатысты пікірін және жалпы қазақтың той жайлы тағылымы, дәстүрі турасында сұрап білген едік.

Болат Бопайұлы, этнограф-ғалым:

– Мына тойдағы бейнелерді көруге намыстанасың. Тәлім-тәрбиесі жоқ адамдар екен. «Ұят – беттің пердесі» – дейді ғой. Мыналардың беті қалыңдап кеткен екен. Көргенсіз. Адамның мінезіне қатысты біраз зерттеулер жасадым. Адамның мінез-құлқы сүйеке сіңген, туабітті, жұқпалы деген бірнеше түрге бөлінеді. Береке бастауы болған өздерінің тойында, қуаныштарында осындай көргенсіздік еткен адамдарды жұқпалы мінезге шалдыққандар деп атар едім. Олар көргенін саналы түрде сараптай алмайды. Ұлттық мінезден, болмыстан жұрдай пенделер. Атақ пен ақшаға, даңғойлыққа үйір адамдар. Бұл – ақылсыздықпен істеген арсыздық.

Қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы үш түрлі жағдайда сақталып, орындалып, жалғасын тауып келеді. Соның бірі – торқалы той. Тойда қазақтың барлық ырымдары, наным-сенімі, салты сақталған. Ұлтымыздың берекесін арттыратын, даңқын асқақтататын, болмысын сақтайтын дүниенің бірі қазақтың тойы. Той дегеніміз – қазақтың мәдениетін, меймандос пейілін, дәстүрін, өнегесін, бірлігін көрсететін қуанышы. Бұл жақсылықты, бақытты, баянды өмір сүруді, мейірімді, ибалы болуды дәріптейтін әулеттің, отбасының тойы. Қазақта бесік той, сүндет той, қыз ұзату, үйлену тойы сынды үлкен салт-дәстүр бар. Бұл қазақтың қазақ екенін көрсететін, дәстүрін дәріптейтін алтын тұтқа заңы десек те болады. Сондықтан той жас­тарды тәрбиелеуде, үлгі-өнеге көрсетуде, жасампаздыққа баулуда таптырмас орайлы дүние екенін ескеруіміз керек. Бұл –ішіп-жеу, ысырапшылық, ойына келгенін істейтін дүние емес. Бұл – үлкенге құрмет, кішіге ізет, инабатты орта қалыптастырудың негізі болуы тиіс.

Қазіргі қазақ тойды қалай жасарын білмей, тойдағы жол-жоралғыны орынсыз қолданып, бұрмалап алып кетіп жатыр. Қазақтың тойдағы дәстүрлерін қарап отырсаңыз, көп қиындығы жоқ, қаржыға салмақ болмайтын халықтық негізде жасалған. Тіптен қазіргі заманға, қоғамға бейімделе кететін, жасампаз әдет-ғұрыптарымыз да бар. Біз неге соны қолданбаймыз? Міне, осындай жалпы халықтық дәстүрлеріміз назардан тыс қалды.

P.S. Біраз жыл бұрын қазақ халқының салт-дәстүрін қорлаған, ар-ұятын келемеждеген «Борат» фильмі шыққан еді. Ол тұста қоғам белсенділері қатты наразылық танытып, ұлттың намысын қорғап, мінберден сөз сөйледі.  Бірақ ұлттық дәстүрді сақтауға бағытталған нақты шаралар істелмегені айқын. Әдет-ғұрып – ұлттың болмысын сақтайтын өлшем қағидасы. Ал бұның сипаттамасы қарапайым болғанымен, жаһанданудың үрдісіне тап келген қазақ ұлты үшін маңызы мен рөлі айрықша дүние екенін естен шығармайық.

Серіктес жаңалықтары