Универсиада-2017: Алау эстафетасының әнұраны шықты

Универсиада-2017: Алау эстафетасының әнұраны шықты

Универсиада-2017: Алау эстафетасының әнұраны шықты
ашық дереккөзі
271
Алматыда 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада-2017 Алау эстафетасының әнұраны бекітілді. Әнұран музыкасының авторы - белгілі сазгер, халықаралық байқаулардың лауреаты, Еуразия мәдениет қорының президенті Ерұлан Қанапиянов. Әнұран сөздерін ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткеры, ақын Шөмішбай Сариев жазды. Әнұранды «Астана Опера» театрының жетекші солисі Майра Мұхамедқызы және Медет Шотабаев орындады. Сондай-ақ, әнұранды жазуға «Арт-Вокал» тобы атсалысты. Әнұран авторы Ерұлан Қанапиянов: «Әнұранды шығару кезінде біз Қазақстанда, біздің сұлу қаламыз Алматыда әлемдік деңгейдегі аса маңызды спорт жарыстары өтетіндігінен шабыт алдық. Біздің мегаполиске мыңдаған спортшы, спорт әуесқойлары мен туристер келмек. Олар біздің табиғатымызға тәнті болып, алматылықтардың қонақжайлығына жоғары бағасын беретіндігіне сенімдімін. Өткізілейін деп отырған Универсиада көптеген жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырады деп үміттенемін», - деп атап өтті. Ал әнұранды орындаушы Майра Мұхамедқызы Instagram-дағы парақшасында: «Маған осы керемет әнді орындауды ұсынған кезде ол маған бірден ұнады. Ал ән жаныңа жақын болса, оны өз жүрегіңнен өткізбей орындау мүмкін емес!», деп жазады. Алау эстафетасының әнұраны 2017 жылдың 25 қаңтарында Астанадағы Назарбаев Университетінде өткізілетін Алауды тұтату салтанатында, сондай-ақ, Қазақстанның бүкіл аймақтарында өткізілетін эстафетаның келесі кезеңдерінде шырқалатын болады.  

Серіктес жаңалықтары