3019
Қазақтан шыққан қанша Кеңес Одағының батыры бар?
Қазақтан шыққан қанша Кеңес Одағының батыры бар?
Екінші дүниежүзілік соғыста қазақстандық 500 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанса, соның ішінде 96-сы қазақ батыры деп танылып жүр. Ресми құжат солай дейді. Кеңестік идеологияның кесіп-пішуінен өткен осы шешім күні бүгінге дейін тарих бетінде шегеленіп қалған. Бірақ уақыт тарихқа өз түзетулерін ендіріп жатыр.
Жеңіс мерекесі қарсаңында Кеңес Одағының Батыры атағын алған қазақ жауынгерлерінің тізімін 105-ке жеткізіп отырмыз. Бұл тізім 103 болатын. Өткен жылы Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының Батыры атағын алған қазақ жауынгерлерінің қатары бірден екі адамға толықты. 104-батыр кезінде ұлты өзбек болып жазылып кеткен – Іният Наурызбаев. 1999 жылы Қарақалпақстанда дүниеден өткен Іният Наурызбаевтың тек марапаттау қағазында ғана ұлты өзбек болып қате жазылып кеткені болмаса, дүниеге қазақ болып келіп, қазақ болып бақилыққа аттанды. 105-батыр ормандай орыстың ортасында Ростов облысы, бүгінгі Ақсай қаласында дүниеге келіп, Қырымда қаза тапқан қандасымыздың аты-жөні – Филипп Рубахо. Ол туралы алдағы уақытта арнайы зерттеу амалдарын жүргізбекшіміз. Ныспысына қарап, орыс демесең,
тұла бой-тұрпатымен өзімізге табиғилас Филипп Рубахоның туу жөніндегі құжатында оның ұлты қазақ екені көрсетілген. Жеке басы 400-ге жуық неміс солдатын жайратқан мергенге 1944 жылы 22 қаңтарда Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ ұландары ар мен намысты биік ұстап, ерлігімен ұрпаққа ұран болған ата-бабаларының өсиеттеріне адал, қайтпас ер халық екенін әлемге паш етті. Қазақ жауынгерлерінің ерлігі соғыс басталған күннен бастап тарихи шежіреге айналды.
Сонымен, Екінші дүниежүзілік соғыста қанша қазаққа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді? Олардың нақты тізімі бар ма? Осыдан бірер жыл бұрын Ресейде үш қазақтың, қарақалпақстандық бір қазақтың батыр атанғаны белгілі болды.
Кеңес Одағының Батыры атағы КСРО кезіндегі ең жоғары мемлекеттік марапат болатын. Сұрапыл соғыс кезінде Украина үшін болған шайқаста 200-ге, Ресей үшін болған шайқаста – 70, Белоруссия үшін болған шайқаста – 50-ден астам жерлесіміз осы атақты еншілепті. Қазақстандықтардың ішінде үш адам екі мәрте батыр атағына ие болды. Бұл көрсеткішті одан әрі жалғастырсақ, Латвия үшін шайқаста – 8, Молдованы азат етуде – 7, Литвада – 6, Эстонияда 1 жерлесіміз батыр атанды.
Қазақстандықтар Еуропаны азат етуде де жан аямай шайқасты. Мәселен, Польшада – 47, Венгрияда – 22, Чехословакияда – 7, Румынияда – 5, Австрияда – 3, Югославияда – 2, Германияда – 63 және Жапонияға қарсы соғыста 3 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
Бір адамға екінші батыр атағы берілмей қалды. Мысалы, Днепр өзенінен өткен кездегі қиян-кескі ұрыста көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алған Жұмағали Қалдығараев Белоруссияның Мозырь қаласын азат етуде жаудың 6 танкісін қирату кезінде көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін екінші мәрте Кеңес Одағының Батыр атағына ұсынылған. Бірақ ол атақ берілмеген. Бүгінде осы қалада батырдың жеке өзіне ескерткіш қойылған. Жоққа жүйрік жетпес.
Алайда осы кеңестік марапаттар иерархиясындағы ең жоғары атақтан түрлі жағдайда айырылып қалғандар да бар. Олардың арасында қазақстандық батырлар болған жоқ.
Жалпы, Кеңестер Одағының Батыры атағының шығуы мен оның берілу тарихының да өз тәртібі, құпиясы бар. Енді сол туралы айта кетсек.
Кеңестер Одағының Батыры атағы 1934 жылы 16 сәуірде КСРО Атқару комитетінің қаулысымен бекітілген. Бұл атаққа ие болған батырларға Орталық атқару комитетінің ерекше грамотасы қоса тапсырылады. Кеңес Одағы Батыры атағы ең алғаш 1934 жылы 20 сәуірде полярлық «Челюскин» мұзжарғыш кемесін құтқарушылар тобындағы 7 адамға берілді.
1936 жылы 29 шілдеде КСРО Орталық атқару комитетінің Қаулысымен Кеңестер Одағының Батыры атағы туралы ереже бекітілді. Ереже бойынша бұл жоғары атаққа ие болғандарға грамотаға қоса Ленин ордені қоса тапсырылатын болды. Ленин ордені қаулы шыққанға дейін бұл жоғарғы атаққа бұрын ие болған 11 батырға кейінгі күнмен табыс етілді.
1938 жылы 2 қарашада Мәскеуден – Қиыр Шығысқа қос моторлы АНТ-37 «Родина» ұшағымен қонбай ұшу кезіндегі көрсеткен ерлігі үшін ұшқыштар В.Гризодубоваға, капитан П.Осипенкоға және аға лейтенант М.Расковаға Кеңестер одағының батыры Алтын медалі мен Ленин ордені қоса тапсырылды. Ал В.Гризодубова әйелдер арасындағы тұңғыш батыр атанды.
1939 жылы күзде КСРО бойынша 122 адам Кеңестер Одағының Батыры атанды. Олардың екеуі ұшқыштар В.Чкалов пен С.Леваневский бұл кезде қаза болған еді. Ал олардың 19-ына бұл атақ қаза тапқаннан кейін берілді.
1939 жылы 1 тамызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Кеңестер Одағының Батыры ерекше атағы туралы қосымша белгілер» жөнінде Жарлығы жарық көріп, ол 1936 жылы «Батыр атағы бір-ақ мәрте беріліп, екінші рет батырлық көрсеткендерді Алтын медальмен ғана марапаттап, туған жерінде қола мүсінін орнату» жөніндегі ережеге өзгерістер енгізілді. Осы ережеге сәйкес, 1939 жылы 29 тамызда Монғолияның Халкин-Гол аумағында жапон интервенттерімен болған ұрыста көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін ұшқыштар майор С.Грицевец және полковник Г.Кравченко алғашқылар қатарында екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
1939 жылы күзде Кеңес одағының батыры атағына ие болғандарға алғашқы «Алтын медальдар» беріле бастады. Ең алғашқы «Алтын медаль» ұшқыш А.Ляпидевскийге берілді.
Шығыс қыздары арасында Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұловалардың Кеңес Одағы Батырына берілетін «Алтын медальдары» алынбай қалды. Осы мәселеге орай, біз Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне хат жазып, ықпал жасауын өтінген болатынбыз. Бірақ мәселе қозғалыссыз қалды.
Сонымен, Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында КСРО бойынша 626 Кеңес Одағының Батыры болды. Олардың бесеуіне бұл атақ екінші мәрте берілді. Соңғы соғыс кезінде 11 739 адамға батыр атағы берілсе, олардың 3 051-іне бұл атақ өлгеннен кейін берілді.
Соңғы рет Кеңес Одағының Батыры атағы 1991 жылы 24 желтоқсанда су астында 500 метр тереңдікте тәжірибе жасаған 3-рангалы капитан Л.Солодковқа берілді. Ал қазақтардан бұл атақты гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы алды.
Жалпы, КСРО кезінде Кеңес Одағының Батыры атағын 12 862 адам алса, оның ішінде, бұл атақ – 3 266 адамға өлгеннен соң тапсырылған. 154 адам бұл атақпен екінші мәрте марапатталса, 9 адамға ол қаза тапқаннан кейін берілген. Сондай-ақ бұл жоғарғы атақ үш адамға үш мәрте берілген (Буденный, Кожедуб, Покрышкин). Екі адамға батыр атағы төрт мәрте берілген (Жуков, Брежнев).
Батырлар арасында 95 әйел бар, олардың арасында ғарышкер-ұшқыш Савицкая бұл атаққа екі рет ие болған. Кеңес Одағы Батыры атағына ие болғандардың арасында шетелдіктер де бар. Олардың саны – 44. Шетелдіктер арасында жалғыз әйел бар. Ол – Польша әскерінің жауынгері А.Кживонь.
Батырлардың арасында 100 адам түрлі жағдайлармен бұл жоғарғы атақтан еріксіз айырылған. Кейін олардың бірнешеуіне атақтары қайта берілген. 13 адамға Кеңес Одағының Батыры атағының берілгені қате шешім болғаны себепті ол күшін жойған. Бүгінде батыр атағынан айырылғандардың саны – 73 адам.
Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанымен, түрлі идеологиялық ұғымдарға байланысты сол тұстағы көзқарастарға сай қазақстандық он шақты жауынгер тиісті атақтармен марапатталмай қалды. Мәселен, кезінде Ташкент, Алматы қалаларының бас архитекторы болған, профессор Малбағар Меңдіқұлов соғыс жылдары саперлер батальонының командирі болған. Жаудың миналап кеткен жолдарын тазарту кезінде көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Алайда Жоғарғы қолбасшылық оны «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапаттаған.
Невель қаласын азат етуде фашистердің 280 жауынгерінің көзін құртқан мерген, жамбылдық Ыбырайым Сүлейменов те Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Бірақ даңқты жерлесімізге Ленин ордені ғана бұйырған.
Полковник Әбілқайыр Баймолдин ірі әскери басшы болатын. 100-дербес атқыштар бригадасы командирінің орынбасары Әбілқайыр Баймолдин нағыз ерліктің үлгісін көрсетіп, қарамағындағы жауынгерлерді ұрысқа бастап шығып, ерлікпен қаза тапқан. Әскери басшылық оны да батырлыққа ұсынған.
1942 жылы мергендер полкін басқарған шымкенттік Тілеуғали Әбдібеков бір өзі 395 фашисті жер жастандырған. Соғыс кезіндегі көрсеткен ерлігі үшін батыр атағына ұсынылғанымен, оған бұл жоғары атақ берілмеген.
Сондай-ақ Чехословакия жерінде ерлікпен қаза тапқан мерген қыз орынборлық Сұлушаш Нұрғожина Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылса да, ұсыныс қолдау таппаған. Ерлігі сол кезде еленбей қалған жауынгердің бірі – ақтөбелік Әлеукеш Көбеков. Белоруссия жерін азат етуде көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін Батыр атағына ұсынылғанымен, марапат өз иесін таппаған. Қызылордалық Мұса Рыскелдиев Германияның Франкфурт қаласы үшін болған ұрыста ерлікпен қаза тапқан. Қызыл ізшілердің тапқан құжаттары бойынша оған Кеңес Одағының Батыры берілген болып шығады. Бірақ іздестіру жұмыстарында оның «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталғаны анықталады. Даңқты армия генералы Сағадат Нұрмағанбетовтің қандыкөйлек майдандас досы, жаудың он бес танкісінің көзін жойған Аманша Меңдіғалиев те Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады, бірақ ол атақ оған бұйырмаған. Даңқты ұшқыш Байтұрсын Есіркеповті көпшілік біле бермейді. Ол Жоғарғы Бас қолбасшы Сталиннің 12 рет Алғысхатына ие болған. Суворов полкінің №127-гвардиялық бомбалаушы авиациясының Борисов орденді эскадрилия командирінің орынбасары ретінде жанқиярлық ерлік көрсеткен. 1945 жылы 7 маусымда әскери басшылық оны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған. Алайда бұл атақ қолдау таппай, оның орнына «Жауынгерлік Қызыл Ту» ордені берілген. Мұндай тізімді одан әрі жалғастыра беруге де болады.
Мәселен, «Даңқ» орденімен төрт рет марапатталған Темірғали Исабаевқа, Берлинді алғаш бомбылаған Біләл Қалиевке, қазақтың жүзінші ұлттық бригадасының зеңбірекшілері Әбдірахман Бимурзин, Мырзаби Ерназаров, Рымбек Бәйсейітовке, артиллерия командирі Балтабек Жетпісбаевқа, саяси жетекші, Рашид Жанғожинге, ұрыс кезінде жаудың екі жүз жиырма жеті жауынгерін жер жастандырған Ысқақ Әлиевке, бір ұрыста жаудың отыз сегіз жауынгерінің көзін құртып, қырық тоғызын тұтқынға алған Алқар Оңғаровқа, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, полк комиссары болған Хаби Халиуллинге, гвардиялық танк полкінің командирі Ғали Әділбековке, Берлинді алуға қатысқан, зеңбірекші Әбен Ахметовке, жаудың он екі танкісінің көзін жойған, зеңбірекші Сембай Қалиевке, Белоруссияда партизандар штабын басқарған Нұрғаным Байсейітоваға, пулеметшілер взводының командирі Ернияз Сәтовке, Сталинград қаласын қорғауда ерлігімен көзге түскен Қожамсейіт Шаяхметұлына, Ленинград, Курск, Тула қалаларын азат ету кезінде жанқиярлық ерлік көрсеткен Қабыкен Жарылқасынов пен Қотырбай Құдакелдіновтерді әскери басшылық батыр атағына лайықты деп тауып, ұсыныс жасалса да, оларға бұл атақ берілмеді.
Өз қаһармандарының өмір дерегін білу және оларды құрметтеу, келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін жеңісті жақындату жолында майданда соғысқан және тылда еңбек еткен ардагерлеріміздің ерлігін ұмытпау – әрбіріміздің қасиетті парызымыз болмақ.
Өмірде түрлі жағдайда осы құрметті атақтарынан айырылып қалғандар да болды. Кеңес Одағының Батыры атағынан айырылғандарға негізгі айып НКВД қызметкерлерінің ойдан құрастырған «Батырлар қастандығы» жаласы себеп болған. Олардың басым көпшілігі 1941-1942 жылдары сотсыз, тергеусіз атылған. Батырлардың жетеуі генерал дәрежесінде болған. Арасында Батыр атағымен екі рет марапатталған генерал-лейтенант Смушкевич те бар.
Соғыстың алғашқы айында-ақ қос бірдей батыр – армия генералы Павлов және генерал-майор Черных атылған.
Командалық құрам арасындағы репрессия соғыс біткеннен кейін де Сталин қайтыс болғанға дейін жүргізілген. Жеңістен соң үш Кеңес Одағының Батыры – маршал Кулик, генерал-полковник Гордов, майор Косса ең жоғары айып – ату жазасын алған. Жоғарыда ату жазасын алған 12 Кеңес Одағының Батыры кейін олардың іс-қимылында қылмыстық әрекет болмағандықтан ақталған.
Алайда батырлардың арасында қоғамдық өмір салтын бұзып, өзінің іс-қимылына есеп бермегендер де болған. Ондайлардың арасында Кеңес Одағының Батыры ұшқыш, подполковник Полозды айтуға болады. Отбасындағы тұрмыстық кикілжің кезінде екі бірдей адамның өмірін қиғаны үшін ол өлім жазасына кесілген. Әрине, кешірім жасауға да болар еді. Бірақ өз дегенінен қайтпаған Полоз билік орындарынан кешірім сұрауға бармаған. Оның үстіне өлім құшқан адам да осал емес, СОКП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Никита Хрущевтің көмекшісі Фомичев пен оның әйелі болатын.
Бүгінде екі бірдей Кеңес Одағының Батырын ақтап алу мүмкін болмай отыр. Олар туралы адам жады да ұмытты. Соғыс кезінде жау жағына өтіп кеткен ұшқыштар – капитан Бычков пен аға лейтенант Антилевскийге Отанға сатқындық жасады деген айып тағылған. Жеңістің 77 жылдығы тойланып жатса да, оларға кешірім жасау мүмкін емес көрінеді.
Кейбір батырлардың сүйегінің қайда қалғаны да белгісіз. Олардың кейбірінің аттары тарихтан да өшіріліп тасталды. Көбінің әйел, бала-шағалары кезінде Қазақстанға жер аударылған. Олар туралы мардымды ақпарат жоқ.
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ