2098
Әділетті Қазақстанды әділ азаматтар құрады
Әділетті Қазақстанды әділ азаматтар құрады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIII съезінде сөйлеген сөзінде мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі басталғанын, әлеуметтік әділдік қағидатын орнықтыруға баса мән берілетінін айтқан болатын. «Азаматтар тарапынан: «Жаңа Қазақстан дегеніміз не?» – деген сауал жиі қойылып жүр.
Менің ойымша, бұл сұраққа қысқа да нұсқа жауап беруге болады. Жаңа Қазақстан дегеніміз – шын мәнінде әділетті Қазақстан» дей келіп, Президент қарапайым азаматтарға әлеуметтік әділдік жетіспейтінін мойындау керектігін айтты. «Қарапайым халықтың мүддесі үнемі елене бермейді, кейде, тіпті әділетсіздік мемлекеттік аппарат өкілдері тарапынан да жасалып жатады. Азаматтардың мемлекеттік мекемелерге сенімсіздігі осыдан туындайды», – деді Мемлекет басшысы. Иә, мұның бәрі шындық. Бұған дейін сол аталған қарапайым адамдар тарапынан қанша айтылса да еленбеген шындық. Осы бір мойындаудың өзі қоғамда оң өзгерістердің басталғанына сендіреді.
Әрбір адам қоғамда өмір сүреді. Әр қадамын қоғамда жасайды. Бүкіл тіршілігі де, іс-әрекеті де қоғамда өтеді. Жақсылықты да, жамандықты да қоғамда бастан кешеді. Адам қоғамнан қашып кете алмайды. Қоғамның жақсы не жаман болуы оның өміріне әсер етеді. Ол өзінен-өзі сол қоғамға сәйкес мінез-құлықпен өмір сүреді. Егер қоғам жақсы болса, адамның өмірі, тұрмысы да жақсы. Президентіміздің «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты болуын қалаймын» деген сөзі осыны меңзейді.
Егер бүгін біз әділетті Қазақстанға мұқтаж болып отырсақ, бұл – осы уақытқа дейін кеткен олқылықтардың салдары. Бай мен кедей аражігінің шектен тыс алшақтауы, әлеуметтік әділетсіздік, заңсыздықтың етек алуы, жоғарыдағылардың төмендегілерді естімеуі, қоғам игілігіне, ел болашағына қызмет ететін бастамалардың аяқасты болуы, ұлттық мәселелердің тасада қалуы секілді келеңсіздіктер қарапайым азаматтардың билік органдарына деген сеніміне селкеу түсірді. Билігі мен байлығы бардың заң құрығынан сытылып кетуі, заң үстемдігінің тек қарапайым азаматтарға күші жетуі әділетсіздіктен. «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады». Енді бұл сенімді қалпына келтіру бір күннің жұмысы емес. Барлық салада дәйектілікпен іске асырылатын жүйелі жұмыс.
Мемлекетімізді сақтау, тәуелсіздігімізді баянды ету әділетті Қазақстан құруды талап етіп отыр. Тек әділетті қоғамда халық билік органдарына сенеді. Әділеттілік дегеніміз былай қарағанда күрделі ұғым болып көрінгенімен, шын мәнінде заң алдында баршаның теңдігі, әлсіздерге қамқорлық қой. «Қоғам өмірінің барлық саласы заңмен, құқықтық нормалармен реттелетін мемлекет – әділетті мемлекет. Бұндай қоғамда әділеттілік дегеніміз – ең алдымен адалдық» депті қазіргі заманда демократияның үлгісі болып отырған Америка Құрама Штаттарын құрушы саяси қайраткерлердің бірі, ойшыл философ Бенжамин Франклин. Рас, Қазақстанда жақсы заңдар, керемет бағдарламалар бұған дейін де болды. Бірақ толыққанды іске асырылған жоқ. Өйткені шешім қабылдайтын орындарда отырған кейбір тұлғалар әділеттілік пен адалдық қағидатын басшылыққа алуды ұмытты. Кемшілікті көре тұра түзетуге құлықсыз болды. Сондықтан қазіргі қазақстандық биліктің алдында осы олқылықтың орнын толтыру міндеті тұр.
Қазақ топырағында дүниеге келген ұлы ойшыл әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактатында: «Адамдардың бір-біріне көмектесуін мақсат еткен ел – ізгі, кемелденген ел» деп жазыпты. Ендеше ең алдымен билік органдары халыққа қарайлауы қажет. «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ғұламаның «Озық әрі өркениетті елдердің негізгі тірегі – әділетті қоғам мен парасатты адамдар» деген сөзі – Жаңа Қазақстанды қалыптастырудың негізіне алынуы тиіс тұжырым. Дамыған елдер қатарына ұмтылған қоғамның басшылыққа алар басты қағидасы. Жалпы, әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты еңбегінде Мемлекет басшысының, әкім-қаралардың, түрлі деңгейдегі лауазымды тұлғалардың бойынан табылуға тиіс қасиеттер жан-жақты сипатталған. Сондықтан да бұл трактат еліміздегі мемлекеттік қызметке үміткерлер тапсыратын сынақта қамтылған басты құжаттар мен заңнамалармен қатар тұруы, әрбір лауазымды тұлға әл-Фараби еңбектерінен хабардар болуы қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан әділетті Қазақстан болады» деп кесіп айтуы халықтың және ел болашағына алаңдайтын мемлекетшіл азаматтардың көптен күткен сөзі еді. Осыған орай белгілі тарихшы, академик Ханкелді Әбжанов пен философ-публицист Әбдірашит Бәкірұлының әділетті Қазақстан жайлы ой-пікірін білген едік. Бұл сөздер жауапты орындарда отырған лауазым иелеріне ой салады деген сенімдеміз.
Ханкелді ӘБЖАНОВ,
тарих ғылымдарының докторы,
академик:
Көктен іздегенім жерден табылды
– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында жаңа Қазақстанды құру бағдарламасын паш еткені белгілі. Жаңа Қазақстан идеологиясы осыдан 15-20 жыл бұрын Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Жолдауында да күн тәртібіне қойылған болатын. Онда жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды қалыптастыру идеясына басымдық берілген еді. Бұл жолғы бағыт-бағдардың мәнін Президентіміз «AMANAT» партиясының кезектен тыс ХХІІІ съезінде сөйлеген сөзінде былайша тиянақтады: «Жаңа Қазақстан дегеніміз – шын мәнінде Әділетті Қазақстан». Қысқа да нұсқа, тамаша анықтама! Жемқорларға, заңды белден басушыларға ұнай қоймас, ал мен үшін көктен іздегенім жерден табылғандай болды. «Әділетті» сөзінің бірнеше синонимі бар: «Әділет», «Әділеттілік», «Әділдік». Бәрінің түбірі бір сөз – әділ. Осынау сөзді кезінде Һакім Абай да молынан қолданған екен. Әділ жан тентекті де тыятынын, дұшпанына да қиянат жасамайтынын өлеңмен өрнектепті. Абай «Әділетті» сөзін бірде хақтың жолы деп білсе, келесіде ерлік мағынасында қолданады. Мұндағы хақ – Құдай, ал ерлік дегені, ғұламаның сөзімен айтсақ, «әділетті ақыл мойындаған нәрсені, қиын да болса мойындау». Иә, бүгінгі Қазақстан үшін әлеммен бәсекелесуден бұрын, хақ жолына түсу маңыздырақ болып тұр. «Ұрлық түбі – қорлық», «Өтіріктің арты бір уыс» екеніне көзіміз әбден жетті. Өтірік пен ұрлық бір жыл, екі жыл емес, ондаған жыл бойы қоғамымызды обырдай жеген екен. Енді міне, Тұңғыш Президенттің мәртебесіне, Конституцияға қатысты мәселелерді қалай шешерімізді білмей отырған жайымыз бар. «Кім – кімді?» сұрағымен бетпе-бет келдік. Мұндайда батыл да бастамашылдықпен қимылдағандар ғана жеңіске жетеді. Қаңтардағы бүлік тұсында Қ.Тоқаев қалай ерен батырлық көрсетсе, енді бүгін одан он есе ірі ерлік пен қаһармандық керек. Жартыкеш шешім мен әрекет жарға соқтырады. Тәуелсіздік дұшпандарының күткені де сол. Қолы таза, ақыл-ойы сергек әрі жаужүрек жігіттерді жұмылдырғаннан басқа жол жоқ. Әділетті Қазақстанды адал да әділ жандар ғана құра алады. Әділет салтанат құрғанына көзі жеткен сәттен халықтың жасампаз бұла күші сыртқа шығады. Билік сол құлшынысқа сай болса, әлемдік бәсеке биігінен көрінеріміз сөзсіз. Халық пен билік және зиялы қауымның әділдікке құрылған одағына ешқандай қара ниетті күш қарсы тұра алмайды.Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия факультетінің аға оқытушысы: Әділетті қоғамда пассионарлық қуат артады
– «Әділетті Қазақстан» – нақты мақсатты атау. Мұндай жағдайда мемлекетті басқару форматы мен оның барлық институттарын нақты бағытқа (әділеттілікке) бағындыра отырып, «Жаңа Қазақстанды» орнатуға қол жеткізуге болады. Ал қазіргі «Жаңа Қазақстан» атауында мақсат нақтыланбаған. Бұл – абстрактілі ұғым. Ендеше, «Әр кәллада бір қиял» демекші, оның мағынасын әркім әр жаққа тарта алады. Нәтижесінде, бюрократиялық жүйе оның мағынасын жоққа шығарып, жаңа дегеніміз өңі өзгерген ескі болып шығады. «Жаңа Қазақстан» мемлекеттік кадрларды жаңаламайды. Өйткені онда кадрларға қоятын белгілі бір талап жоқ. Ал «Әділетті Қазақстанда» кадрларға қойылатын бір ғана талап болады, ол – қызметінде әділеттілікті басты орынға қою. Сөйтіп, бұл талап табиғи түрде кадрларды жаңалауға, жаңа форматтағы адамдарды билікке әкелуге мүмкіндік әпереді. Әрі ол сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабатын болады. «Жаңа Қазақстан» жағдайында барлық жауапкершілік тек қана Президентте болады. Қалған буын (ескі кадрлар) бұрынғыша тіршілігін жалғастыра береді. Ал «Әділетті Қазақстан» жағдайында әрбір кадр әділеттік қағидаттары алдында жауапкершілік арқалайды. Ол принциптерді (ереже) алдай алмайсың. Өйткені әділеттілік принциптері моральдық, құқықтық, заңдық тұрғыдан алғанда нақты болады. Одан ауытқу – заңды алдау. Бұл заң алдында жауапқа тартылуға әкеледі. Ал билікке қол жеткізген кадр қаласа да, қаламаса да әділетті болуға мәжбүр. Осылайша, Әділеттілік жалпы қоғамдық қатынастар жүйесінде басымдыққа ие болғаннан бастап қоғам да, мемлекет те шынайы демократияға бет бұрады. Әділетті қоғамда халықтың пассионарлық қуаты артады. Еңбек өнімділігі, кәсіпкерлік, шығармашылық дамиды. Қазақстан халқының тұрмыс жағдайы, адами капиталы, өмір сүру сапасы еселеп артады. Қазақ мәдениеті мен тілі «жұтылушы» емес, кез келген өзге мәдениетті өзіне сіңіріп алатын (ассимиляциялайтын) қауқарға жетеді. Сонда «Қазақстан мемлекеті» деп ауыз толтырып айтуға әбден болады.
Дина ИМАМБАЙ