1751
Машан батыр
Машан батыр
Машан батыр Арықұлы 1692 жылы туған, 1772 жылдары 84 жас шамасында дүниеден өткен. (Кейбір деректерде 1776 жылы өлді делінеді.) Нағашы жұрты Жалайыр тайпасынан. Машан төрт мәрте жұп құрған тұлға. Үлкен бәйбішенің (Ұмай ананың) есімі Арғында Күнбибі, екіншісі қалмақтан Хонхор, үшіншісі Кіші жүзден: Жайық-Ай, төртіншісі қара (қалмақ) қырғыздан: Нұрымбике. Машан батырдың өз кіндігінен: Жанжіт, Байжігіт, Айтуған, Шыңқожа (Күшік), Бітібай, Дәулеткелді, Малқара (Малдыбай), Солпы, (Отаубай).
шамамен 1717 жылы туған Машанұлы Байжігіт ата арғын руында қалды. Бүгінгі Арғын – Қаратоқа – Молқы – Байжігіт деп жүрген ұзын саны 300-ге жуық үйелмендер осы ма деген болжам бар. Кіші әйелі Жайық-Айдан туған Түгелбай (Өткелбай), Қайтарбай екеуі Кіші жүз руларында Жайық-Айдың төркінінде қалған болуы мүмкін.
Галдан қонтайжы заманы
Галдан қошуыттарының әскерінің нығайған кезеңі 1672-1679 жылдарына дөп келеді. Жоңғарға бағынған және күш жинаған осы тұста Галданды Алдар әмірші, Данзан тәйжі, Дайчин Омбо қатарлылар қолдады деп тарихта жазылады. Ол кезде Галданның қолы Ертіс өзені өңірінде тұрақтады. Сэнгэден кейін Ойраттың ханзадасы болған Шешен қонтайжының ордасы Еміл бойында қоныстанған. Қаракөл маңындағы қақтығыста Шешен қонтайжыдан жеңілген Галдан кешікпей ойраттардың ірі ламаларын өзіне тартып, Шешенді жеңді. Галданның жеке басының беделі мен ықпалына сенген ірі дінбасылар ойраттардың ішкі саяси тартысын өзіне қарай бейімдеген. Галданнан жеңілген топтың қолбасшысы Зотов батыр Ойраттан ығысып Көк нұрға қарай қашты. Алайда Ойраттар арасында қайталаған тақ тартысына Сэнгэнің балалары немере ағасы Галданға қарсы шығумен болды. Осы кезде Сэнгэнің ержүрек ұлдарының бірі Сономравдан оққа ұшып, екінші баласы Цэвээнравдан отбасын қорғаған шағын қосынымен Тұрпанға қарай өтіп кетті.
Осы кезде қонтайжылыққа көтерілген Галдан 1672 жылы Мәнжі билігіне өз жағдайын мәлімдеп хат жолдайды да, бұрынғы қарым-қатынасты түзеп, сауда жасауға ұсыныс жасайды. Галданның елшісі 1673 жылы ақпанның 4-і күні Бейжіңдегі 1661-1722 жылға дейін хандық құрған Мәнжу Чин (Хан-ши немесе K ang-hsi) ханына жолығып мақұлданған жауап алады. Бұл оқиға Ойраттардың саяси өмірінің бір бетбұрысы еді. Бұл кезде орыс патшалығы Ойраттарды өз шекара маңына шоғырланып, бұрындары орысқа бағынышты болып бөлінген ойраттармен одақтасуы мүмкін деген күдікте болған.
Бұдан кейін жалғасты жасалған саясаты бойынша Галдан бұлайша әрекет етудің тиімсіз екенін сезінді де, 1672 жылы өз елшісін Мәскеуге жөнелтті. (Монгол хийгээд Евразийн дипломат шаштир ІІІ боть, 2006. 346 б.) Орысқа елші мәмілегерлікке барғандарды Сейітқұл Әблин деген мүсілім басқарды. Галданның елшілері 1673 жылы тамызда Мәскеуге барып, ойраттың жаңа басшысының дипломатиялық мәнде дұғай сәлемін жеткізеді. Орыс патшасы бұл сапарды жылы қабылдаумен бірге Тобльскдегі Сібірдің әскери әміріне жарлық түсіріп: кез келген сәтте Галданның елшілерін шекарадан Мәскеуге кідіртпей өткізуді бұйырған (ЦГАДА.ф.126.д.2.л.66-67). Бұл туралы И.Златкиннің «История джунгарского ханство» (1964. 248 б.) еңбегінде анық деректер бар.
Машанның заманы
Осынау алмағайып заманда Абақ Керейдің молқы руының батыры һәм ұраны Арықұлы Машан батыр 1692 жылы дүниеге келді. Бұл уақытты кейбір деректерде 1682 жылы туды деген мәліметтер де кездеседі. Осы соңғы мәлімет қисынға келіңкіремейді.
Ойрат Галданның қазақ даласына қарай майдан ашқан кезі 1679 жыл болса керек. Осы жылы Далай ламадан Галданға «бошықты хан» дәрежесін ұсынған. Осыған қатты арқаланып, есірген Галдан бошықты әуелі Тұрпан, Қашқар, соңынан Жаркентті алуға қол жинап аттанғаны деректерден айқын көрінеді. Алатаудың қазақтары қырғыздармен бірге Галданның алдынан шығып тойтарыс бергенімен, алғашқы кезде күші жетпегендіктен кейін шегінген. Осыдан кейін Галдан бошықтының шеріктері 1680 жылы Сайрамды алуға аттанып, шудың жағалауындағы Тәңір тауы маңындағы қара қырғыздармен шайқасып, 1683 жылы Ферғанаға соңынан Мұрғап өзені, Памир тауы, тіпті түстіктегі Сары өзенге дейін жорық жасады. Галдан бошықты өзі жорыққа бармаса да Галданның әскербасы Равдан 1685 жылы Сайрам, талас өзеніне жетіп, Таразды қоршауға алған. 1685 жылдары Ноғай ордасын басып алған. Осыдан кейінгі Галдан бошықтының тұтас ғұмыры қайтадан Мәнжу Чин империясының жиі-жиі түрткі болуымен халқа мен ойратаралық соғыстарға ұласты да, 1685-1697 жж. ширегіндегі 12 жыл қырғын майдан арасында өтті.
Ойраттың Галдан бошықтысы 1697 жылы наурыз айының 13-і күні 54 жасында у ішіп өлді. Осы тұста егер Арықұлы Машан батыр 1682 жылы туды десек те 15 жасқа келеді екен. Он бесте – отау иесі. (Ал 1692 жылы туғаны рас болса, 5 жаста болар еді). Біздіңше соншама айырмасы жоқ. Машан батырдың 1772 жылы дүниеден өткенге дейінгі дәуірінің бір кезеңі осы тұста. Әртүрлі қисындара сүйене келе, Машан батыр Арықұлының туған жылы 1692 жыл дегенге саяды. Бұлай болса Машан батыр Қаракерей Қабанбаймен (1692-1770) түйдей жасты, құрдас.
Сэнгэнің баласы Цэвээнравданның заманы
Цэвээнравдан өзінің ата жауы Галданға қарсы қаншама мәрте қарсы болуды жоспарласа да, Мәнжу Чин патшасы Энх-Амгалан (Хан-ши немесе K ang-hsi) оны әдейі дипломатиялық тәсілмен шегеріп ұстап отырса керек. Ол 1697 жылы ойраттарды түгел бағындырғаннан кейін Орта Азияны біржолата жаулап алу саясатына көшті. Цэвээнравданның хандық еткен дәуірі 1697-1727 жыл аралығында болды.
Әуелгі кезекте төрт Ойраттың басын қосқан Цэвээнравдан Шығыс Түркістандағы Қашқар, Ақсу, Тұрпан, Жәркентке шабуылдап, қазақтың үш жүзіне бірдей қарсы майдан ашты. Осы кезде Қазақ хандығы Тәуке ханның билеуінде 35 жыл болды (1680 -1715). Бұл кезде Әз-Тәуке ханның баласы Галдан бошықтыға қолды болып Далай ламаның қасында қалған кезі еді. Цэвээнравдан әуелгі кезекте 1698 жылы Мәнжудің Энх-Амгалан (Хан-ши) ханына өтініш жасап, Тәуке ханның баласын босатуға көмектеседі. Бірақ Тәуке ханның баласы Цэвээнравданның 500 әскермен қорғап, әкесіне табыс ете өзімен келген әскерлерді түгелдей қырып, Цэвээнравданға қайыра шабуыл жасап, 100 шақты түтінді тартып алып кетеді (Монгол хийгээд Евразийн дипломат шаштир ІІІ боть, 2006. 346 б.). Онымен қоймай қарындасын қалыңдыққа берген қалмақтың Аюке ханының (1724 жылы өлген) баласының керуенін тонады, сенімді ақтамады деген түрлі жала, жаныстырулармен қазаққа қарай ойраттың шапқыншылығы осылайша «күтпеген жағдайда» басталып кетті.
Машанның атқа мінген заманы
Машан батыр (1692-1772) атқа мінген тұсы – осы Жоңғар шапқыншылығына дөп келетін кезең. Ел билеген Әз-Тәукенің заманына қатысы бар. Бұл кезде Жәнтекейдің ұраны болған Шақабай батыр да Машанмен бірге жүрген деген нақты деректер бар. Сәмембеттің немересі Шақабай Есентайұлы (1688-1778) туралы Шәміс Құмардың «Шақабай батыр» кітабында да деректер келтіріледі. Ал осынау дәуірде шерушінің ұраны Байтайлақ батыр Бәйімбетұлы (1691-1760), Қарақастың (Сидалы) ұраны болған Қаптағай Түгелбай батыр (1700-1760) өмір сүрген. Мінеки, Абақ Керейдің бір дәуірде туған атқамінер тұлғаларының түгелі замандас болып келеді. Осыған қатысты аңыздарды қуалап, індетуге тырмысып отырғанда Абақ Керейлер Сыр бойынан ауып, Орға біршама уақыт бойы табан тірейді де, соңыра Еділ, Жайық, Нұра, Есіл, Еміл, Ертіс өзендерінің бойына қарай ойысқаны байқалады.
Атамекені
Машан батырдың елі Сыр бойынан келіп, өмірінің соңына дейін мекен еткен жері: Есіл, Еміл, Ертіс сағалары және Шыңғыстау, Бақанас, Көкпекті, Көксала маңы. Асқар Татанай еңбектерінде Абақ Керей 1760 -1770 жылдары осы өлкеден Жайсаң жаққа қарай көшкені туралы келтіруін де есепке алу жөн болады.
Машанның атымен аталатын жерлері де аз емес: Ресей мен Қазақстан шекарасындағы – Машан сазы және Семейде Абай ауданына қарасты Шыңғыстаудың бір саласы – Машан тауы, Аягөз ауданынан 30 шақырымдағы Батпақты өзенімен қатарласа орналасқан Машан өзені бар, Қарағанды өңірі мен Керекудің арасында Жанжігіт көлі де осыған қатысты болуы мүмкін.
Бұған көркемдік жағынан баса назар аударған Шыңжаңдағы қазақ жазушысы Шәміс Құмардың «Жәнібек батыр» романындағы көркем образдар дәйек бола тұрады. Осы мезеттерге сүйенсек, тағы да: Ботағара батыр Қожамжарұлы 1660-1740 жылдары, кейбір деректерде 1686-1766 жылдар шамасында өмір сүргені долбарланады. Біздіңше, соңғысы қисынға келетін секілді. Ботағара батыр Машанннан 5-6 жас үлкендігі бар дейтін бұрынғы Қобда бетіндегі ұлы кәрілердің айтуында негіз бар. Осы жерде Ботағара батыр мен Машан батырдың достық қарым-қатынасынан аздаған ақпарат табылады. Ботағараның баласы Тыныбектің әйелі босанып, ұл тапқанда Нұра өзенінің бойында шілдетілеуге Машан батыр қатысып ақ батасын береді, атын қояды. Баланың атын Нұра деп қоюы, өзеннің атауына қатысы бар немесе өзеннің атауы Нұраға қатысты... Мүмкін Ботағара Машаннан бұрын туып, кейін өлген.
Машан батыр – Керейдің Ер Жәнібегі дүниеге келген 1714 жылы 22 жастағы жалынды азамат. Тұңғышы Жанжігіт туғанда 1715 жылы 23 жаста, екінші баласы Байжігіт туғанда 1717 жылы 25 жаста, орыс пен жоңғардың шекарасының сызығы Усть-Каменогорскпен шектетіліп, бүгінгі Зайсан Жоңғарда қалдырылған 1720 жылы 28 жаста, Мәнжу Чин патшасы Хан-ши өлген 1722 жылы 30 жаста, Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұлама болған 1723 жылы 31 жаста.
Галданцэарэннің баласы (ізбасары) Цэвээндорж 1750 жылы Лама Дорждың қолынан қаза тапқан кезде һәм Машанның өз ізбасары Жанторы 1750 жылы туғанда 58 жаста еді. Ойраттың Әмірсанасы 1754 жылы Мәнжу Чин патшалығымен араздасқанда 62-ге таяп қалған кезі екен. Әбілпейіз сұлтанның 1764 жылы қырғыздармен соғысып Тұмар ханымды (шамамен 1748 жылы туған) олжалаған тұста (Жамбыл Артықбаев, «Қазақстан тарихы» сайтынан қараңыз) 72 жаста. Тұмар ханым Жанторымен құрдас, шамалас. Ал Машан ата Көгедай дүниеге келген 1773 жылдан бір жылға таяу сәтте қайтыс болады.
Машан батырдың аңызынан
Машан батырдың тарихына қатысты түрлі деректер, әр вариантта сақталды. Алайда аңыз әңгімелер де көп. Солардың бірі – жоңғарлармен соғысқан сәттерінде болған бір жекпе-жек туралы айтылады. Машан батырдың 35-41 жас аралығында жоңғарлармен дүркін-дүркін қақтығыстар болады. Соғысар жерді межелеп, тұрысар кезді нақтылап, жекпе-жекке шығатын батырларды да алдын ала жоспарлап, жоңғардың бір батыры қазақтың бір батырын жекпе-жекке шақыратын, намысын қоздырып айбындайтын қанды алаңдар да аз болмаған. Арғымақ аттың күші, ақ найзаның ұшымен екі жақтан келіп шабысатын дала ұландарының білек күшін сынайтын бір тұста Машан батырды әдейі жекпе-жекке шақырады. Бірақ қарсы жақтан Машанмен майданға шығатын қалмақтың батырының кім екені анық айтылмайды. Қарсы келсең батыр, қашсаң қатынға теңейтін, намысты қайрайтын ереуіл айтақтар, дөрекі айқайлар хабарланса керек. Машан батыр нар тәуекел қалмақтың қарсыласымен жекпе-жек сайысқа әзірленді. Екі жақта мыңдаған қарулы сардар жиналып аруақ шақырысып, байрақтарын желбіретіп сүрен көтерсе керек. Артқы жақтағы шептен – «Машан!», «Машан!», «Машан!» деген ұрандар көтеріледі. Жау жақтан судай қара арғымақ мінген жұнттай киінген, бітеу перделі дуылғалы батыр ойқастап алаңға келіп тұрды. Артқы жақтан айқайлаған дауыстар қара аттыға: «Алдараа мандуулам зээ!» деген болуы керек, дүрлігіп. Көкке шаншыла секірген найзалы батырда үн жоқ. Аралық қашықтыққа барар алдында батырлар жақындап бір-бірін айналып өтетін, көз түйістіретін немесе қатты намысына тиетін сөздер айтуы соғысшылардың байырғы әдетіне айналған үрдіс. Бірақ жаудың батыры ләм-иім үн шығармаған. Сол кезде Машанның көзі қарсыласының бетпердесінен оның көзін байқап қалады. Кәдімгі әйел заты секілді сезіледі. Үш мәрте қарсы шауып найзаласады. Тегеуріні қатты, айласы мығым... Екінші сайыста Машанды аударып кетуге дәс қалады. Үшінші сайыста найзасын қағып ұшырған Машан қалмақтың батырын атынан аударып алдына өңгеріп таяу маңдағы мәретөбеге қарай зымыраған. Екі жақтағылар аңтарылып тұрса керек. Машан батыр қарсыласын жерге түсіріп, дулығасын жұлып алғанда, қарсы алдында тоғыз өрімді қара шашы төгілген қыз тізесін бүгіп тұрады... Сол батыр қыз қалмақтың Хонхор бибісі еді... Сол Машан батырға екінші ханыша ретінде қаратылды.
«Көкпектіде Молқы бас...»
Бұған дейін Көкпектіде Абақ Керейге хан сайлауы туралы бірнеше рет жиындар өткен секілді. Көкпекті жиындарда Машан батырдың дер шағы болса керек. Он екі Керейдің игі жақсылары бас қосқан кеңесуді басқарған Молқының абызы Машан батыр деседі. Сол кездерде көптің арасында тәмсіл, тәнікке (афоризмге) айналған – «Көкпектіде Молқы бас, Көкиірімде (Көктоқай) Керей бас...» деген сөзі осыдан қалған. Бір деректі екінші біреулер толықтыра түссе санаға саңылау, тарихқа құп болар еді. Көкпектінің іргесі кейініректе 1770 жылдары қаланды деген мәліметтер бар.
1770 жж. ширегінде Абақ Керей ақылмандары алқалы кеңес құрып, Абақ Керейге хан нәсілінен бір мұрагер әкеліп, төре етіп белгілеуге кіріседі. Бұның себебі ұлан-ғайыр байырғы мекенге егелік ету үшін елді елдестіру мақсаты тұрды. Байырғы Өр Алтай өңіріне қайта мекендей бастаған іргелі жұртқа айбыны мен ақылы астасқан басшылық билік жүйесі қажет еді. Алқалы ақылмандар ақыры бір бітім, ортақ мәмілеге келді.
Көгедай төре мен Жанторы би
Сол ұсынысты әйгілі Есімханның немересі Жәнібектен туатын Әбілпейіз сұлтанның назарына жеткізіп, оның екінші әйелі Тұмар ханымнан туған Көгедай, Сәмен, Жабағы есімді үш ұлының біреуі тақ мұрагерлікке лайық деп әкелінеді. Бұл деректерді әйгілі ғұлама ғалым Асқар Татанай «Тарихи дерек, келелі кеңес» кітабында: «...Көгедай 1773 жылы дүниеге келген он екі жасында 1785 жылы Абақ Керейге төре болды. Іргелес елдерден де әредік һәм әлденеше дүркін қағажу көре бастаған елді түрлі қыспақтан құтқару үшін Ер Жәнібек Бердәулетұлы 18 жастағы Көгадайды өз разылығымен 1791 жылы Бейжіңге (Нанжин) аттандырады...». Көгедай 39 жыл ел билеп, 1824 жылы небәрі 51 жасында дүниеден өтті...» деп келтіреді. (Асқар Татанай «Тарихи дерек, келелі кеңес» І, 1986, Шыңжаң халық баспасы. 1992).
Ол осы жолы Мәнжу Чин патшалығынан (Ежен ханнан) «гүн» шенін алды. Бұны ары қарай нақтылау керек деген түйінге келеміз. Осы сапарға шерушінің қарт абызы Байтайлақұлы Шұбаш би (1721-1794), жәнтекей Тайлақұлы Барлыбай би (1722-1801), молқы Машанның немересі Жанжігітұлы Жанторы би (1750-1823), қарақастан Құтымбетұлы Байқан би (1749-1809) қатарлы ақылмандар Әбілпейізұлы Көгедаймен (1773-1824) бірге сапарлады да, түгелдей Ежен ханның мәртебесіне ие болды. «Төрт орынды төрт би» деген тарихи атау осыдан кейін берік қалыптасты.
Машан батырдың өз кіндігінен туған Жанжігіт (шамамен 1715 ж.т.), Айтуған (шамамен 1720 ж.т.) екеуі батыр болған. Ал Жанжігіттен туған немересі Жанторы батыр би болды. Жанторы 1750 жылы туды да, әкесі Жанжігіт батырмен Сарыарқада өмір сүрді. 1785 жылы 35 жасында Төрт бидің бір орнына ие болған қайраткер, ел билеген тұлға. 1823 жылы 73 жасында Зайсан өңірінде дүниеден өтті.
Көгедайдың Мәнжу Чин патшалығына барған сапары туралы ел арасында: «...Көгедайды ақ киізге көтергенде... Көктеменің кезінде... Көкпектіде отырғанда... Көкқасқа тай шалып, көптің тілегімен хан көтерді...» деген ұлағаттар қалады. Бұл туралы Көнсадақтың ақыны Ахметтің жырында:
«...Барлыбай, Шұбаш ерген Көгедайға,
Жанторы, Байқан да бар осы жайда.
Ежен хан үшеуіне мәнсап беріп,
Ұқсады Керей елі туған айға.., – деп жырлаған.
Сұраған РАХМЕТҰЛЫ, ақын, тарих ғылымдарының кандидаты