289
«25 жылдың 25 хит әні» атты концерт өтті
«25 жылдың 25 хит әні» атты концерт өтті
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Астанада «25 жылдың 25 хит әні» атты концерт өтті. Ширек ғасыр ішінде мәдениет саласында жеткен жетістіктеріміз сараланып, қазақстандық эстрада жұлдыздарының танымал әндері орындалды.
1991-2016 жылдар аралығында хитке айналған әндер – ел тәуелсіздігінің жемісі, тұғыры мықты қазақ деген халықтың баға жетпес байлығы. Туған еліміздің көк байрағын әлемге танытқан Ибрагим Ескендірдің «Көк тудың желбірегені» жастық жігерді, рухты оятатын, нағыз патриоттық сезімді бейнелеген 2011 жылдың үздік әні болатын. Міне, осындай тарих қойнауына енген жырлар, көрермен үшін әрі ыстық, әрі өткен күнге саяхат жасаумен тең.
Н.Өнербаевтың «Анашым», Ө.Алтаевтың «Ақ сәулем», Бәйтерек тобының «Сен», Қ.Нұртастың «Байқа» әндері, сондай ақ «МузАрт» тобы, «Орда» тобы, Т.Забирова, Н.Есқалиева, Т.Асар, Б.Қорған, Ж.Сейфуллин, А.Керімбекова, Д.Таңатаров, Д.Ахмадиева, Қыдырәлі мен Қарақат, Айша мен Бүркіт сынды бірқатар әншілер өнер көрсетті.
«Еліміздің жүріп өткен жолы, қалыптасуы мен дамуында дәстүрлі өнеріміз, оның ішінде ән саласы халыққа етене жақын. Халық көңілінің хошын іздегенде ән тыңдағысы келеді, тіпті ән шырқап та жібереді. Қоғамның қай саласын алып қарасақ та даму бар, жеткен жетістігіміз бар. Біздің мақсатымыз – 25 жылдың ең үздік, жұрттың жүрегінен жол тапқан, елдің аузында жүрген әндерді халыққа сахнадан көрсету. Бір жағы мерекелік концерт болса, тағы да әннің, өнердің, мәдениеттің насихаты», – дейді ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші Нұрлан Өнербаев.