767
Алаш арысы Айтқожаұлы
Алаш арысы Айтқожаұлы
1847 жылғы Кенесары ханның азаттық соғысынан кейін (Көтеріліс емес – Е.Т.) ұлттық рухты жандандырып, халықтың сөніп бара жатқан үмітін қайта жағып, «Алаш!» деп аруақ шақырып, атқа қонып, жетпіс жылдан кейін (1917) Керей мен Жәнібек хан негізін салған Қазақ хандығының жалғасы саналатын жаңа сипаттағы мемлекет құрған бостандық боздақтарының есімі еш уақытта ұмытылмайды.
Бостандық үшін күресіп, манифест жазып, халықты оятып, азат күнді жақындатқан ағалардың қатары кейінгі жылдары күннен-күнге ұлғайып, «Алаш қозғалысының мүшелері» деген тізіміміз толығып келеді. Оның себебі сол – «Халық жауы» деген жаламен атылып кеткен демократ көзқарастағы оқығандардың есім-сойын атауға тыйым салған идеологиялық қысым болғаны. Совет үкіметі де, социализм идеологиясы да келмеске кеткен. Ендігі міндет – идеологияның кесірінен ұлт тарихынан сызылып қалған есімдерді жаңғырту. Сондай мұратпен Сабыр Айтқожаұлының (Айтқожин) да аты-жөнін еске алудың реті келген сыңайлы...
Сабыр Айтқожаұлы – Көкшетау аймағының қазағы. Сүйегі – арғынның атығайы. 1895 жылғы 29 наурызда туған Сабыр – қазақтың алғашқы журналистерінің бірі, Алаш идеясын зор махаббатпен насихаттаған аласапыран кезеңде Орынбордан шығып, елімізді жаяу-жалпы кезіп, халыққа бостандық таңы атқанын сүйіншілеген азамат.
Ол Уфадағы «Ғалия» медресесін бітірген. «Ғалия» медресесінде түрікшілдік пен ұлтшылдық пікірі қалыптасқан. Шәкірттері озық ойлы, ілгері дамуды ойлайтын жаңашыл болатын. Шәкірт Сабыр медреседе татар, башқұрт балаларымен жарыса білім алып, оқ бойы озық шыққан алдыңғы толқын ағалары Мағжан мен Бейімбет, Мәннан (Тұрғанбайұлы) мен Біләл (Сүлейұлы) сынды үнемі алға қадам басқан өрен болыпты. «Ғалия» медресесінің тарихын жүйелі зерттеген башқұрт ғалымдарының еңбектерінде оның есімі айрықша ілтипатпен айтылады.
Сабыр оқу бітірген соң Көкшетау уезінің маңайындағы елді мекендерде мұғалім болып қызмет жолын бастаған. Омбы, Орынбор, Томбы қалаларындағы халыққа білім беру бөлімдерінде нұсқаушы да болған Сабыр Ахмет Байтұрсынұлы ұстазының әдістемесін, жазу сырын таратып, сауат ашу ісіне белсене араласқан.
1920 жылы Мәскеуде өткен Бүкілресейлік ұлттық съезге қатысып, Советтік Қазақстанның құрылу жұмысының басында болған. Омбыдан шыққан «Кедей сөзі» газетінің алғашқы редакторларының бірі ретінде қолтаңбасын қалдырыпты.
1921-1922 жылдары Советтік үгіт-насихат құрылымының Ақмола уездік комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болса, 1922-1925 жылдары Қызылжар қалалық «Бостандық туы» газетінің редакция алқасын басқарған.
1925 жылы Алматыға шақырылып, Өлкелік комитеттің тапсыруымен «Тілші» (Қазіргі «Жетісу») газетін шығарып, редакторы болған. Сонымен қатар Алматыдағы «Қосшы» одағының төрағасы болған Сабыр қала маңындағы ауыл-аймақ халқының сауатын ашып, оқуға жұмылдырған.
Саясатқа белсене кіріскен Сабырдың келешек те оны не күтіп тұрғаны белгісіз еді... Ленин өлгеннен кейін Сталиннің әмірі күшейіп, барлық билік тетігін қолына алған соң, советтік өмір құрылысына араласып жүрген коммунистерді тазалау науқаны басталды. «Тазалау» операциясына ең алдымен жәдитшілік бағытында білім алған, ұлтшыл пікірлі, түрікшіл көзқарастағылар ілінді. Күдікке алынды. Әр қадамы бақыланып, ізіне шам алып түскендер көбейген сәт. Сабырдың ізін аңду жұмысы 1927 жылы басталған екен. Бірақ өзінің соңынан бақылаушы түскенін білмейтін де...
1927 жылы ол ҚазАКСР Кеңестерінің 4 съезіне делегат болып қатысқан. Қазақ Орталық Атқару Комитетінің мүшелігіне кандидат ретінде сайланған. Үкіметтің тапсырмасын адал орындап, күш-қуатын сала жұмыс істеген Сабыр партия мектебінен дәріс алып, «үгітші» куәлігін де алады. 1931 жылы Қаз АКСР ХалКом Кеңесінің жауапы хатшысы, кейіннен іс басқарушысы қызметіне дейін көтеріледі.
1935 жылы Мирзоян (Қазіргі Тараз қаласы) қаласы оқу бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Қазақстанда Советтік билік орнауының 15 жылдығы мерейтойы аясында бірқатар коммунистке медаль беріліп, еңбегі бағаланады. Өңіріне медаль таққанның бірі осы – Садыр Айтқожаұлы.
Совет үкіметін Қазақстанға бар жан-тәнімен орнатқан мемлекет және қоғам қайраткері, ақын-драматург Сәкен Сейфуллиннің 1936 жылы әдебиеттегі қызметіне мерейлі 20 жыл толып, әдеби кеш өткізіп, халқына есеп берген-ді. Сол кеште Калининнің бұйрығымен Сәкендей сыршыл ақынға «Еңбек Қызыл Ту» ордені табысталады. Сосын, сосын... Сталиннің партия қатарын тазалау операциясын шұғыл аяқтау туралы бұйрығы шығады да, сенімсіз деп танылғандардың бәрі лек-легімен қамауға алына бастайды. 1936 жылғы қара күзде Сабыр да тұзаққа түсіп, Тараздан Шымкентке айдалады. Сабырдың НКВД түрмесінде берген ісіне қарасақ, Сәкен Сейфуллинмен байланысы бар деп қаралаған. Сонымен қатар, ақынның кешіне қатысып, Тараз қаласы атынан сыйлық жасаған деген айып тағылған екен.
Сабыр Айтқожаұлы – Алаш ардақтыларының тәрбие-тәлімін, өнегесін алған, Қызыл билік орнаған жылдары Сұлтанбек Қожанұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Нығмет Нұрмақұлы, Сәкен Сейфуллиндер сынды замандастарымен қатар коммунистік жолда жүріп, елін бақытты қыламыз деген оймен ғұмыр кешкен, кісі баласына жамандық жасамаған, тіпті тар қамауда отырған сәтінде де бірде-бір әріптесіне я мұраттасына кесірін тигізбей, қайсарлық танытқан ер. Оның тергеушіге берген сұхбатында: «... Кінәм болса – айтар едім, Советтер одағына жамандық ойламадым, ашаршылықтан аман қалған еліме қауіп төндіруге бармас едім...» дегенін оқығанымда, оның қандай азамат екенін ойладым. Бірақ Сталин жендеттері кімнің шындығына иланып, кімге сенген еді?!
1938 жылдың 19 наурызында Шымкент түрмесінде Сабыр Айтқожаұлы деген қазақтың бір баласы атылып кеткен болатын... Қырық төрт жасқа толуына небәрі он күн қалғанда зорлық өліммен өледі...
Ол – Қызыл Үкіметке сеніп, сол жолда еңбек ете жүріп, қапияда торға түсіп, алданып өлген ер екен!
P.S.
Іздеушісі де, ұрпағы да қалмаған Сабыр Айтқожаұлының мерзімді басылымдағы сөзін, мұрасын жинастыруды қолға алдық. Әзірге тапқанымыз – екі әңгіме, оннан астам мақала, бір өлең. Мұны Алаш әдебиетіне қосылған олжа деп санаймыз.
Елдос ТОҚТАРБАЙ