676
Түркі әлемі әдебиеттануындағы ғалым-ұстаз ұлағаты
Түркі әлемі әдебиеттануындағы ғалым-ұстаз ұлағаты
Түркі өркениеті – адамзат тарихындағы материалдық және рухани мәдениет салаларының әуелгі бастау негіздері қалыптасқан құндылықтар әлемі. Түркітілдес халықтардың ежелгі сақ, ғұн, түркі дәуірлеріндегі ұлыстарының көшпелілік пен отырықшылық мәдениет дәстүрлерін тұтастандырған тұрмысының барлық жетістіктері ғасырлар желісінде Жер шарындағы халықтарға үлгі-өнеге болды. Тұрмыстық-әлеуметтік ортаның мекенжайларының, құрал-жабдықтарының, төрт түлікті бағудың, металл өңдеудің, жерге егін, бау-бақша өсірудің, аңшылық мәдениетінің т.б. сан алуан алғашқы үлгілері түркітілдес халықтардың көпғасырлық тарихындағы әлем өркениетіне пайдалы ықпалының ағартушылық ұлағатын танытты.
Қазіргі ХХІ ғасырдың басындағы әлем өркениетінің түркі әлемі кеңістігіндегі түркі мемлекеттерінің екі тобы бар. Біріншісі – Тәуелсіз дербес мемлекеттер: Қазақстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Әзербайжан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Түркіменстан Республикасы. Екіншісі – автономиялық мемлекеттер: Қарақалпақстан Республикасы, Башқортстан Республикасы, Татарстан Республикасы, Чуваш Республикасы, Саха (Якутия) Республикасы, Хакасия Республикасы, Алтай Республикасы, Қырым Республикасы, Қабардин-Балқар Республикасы, Қарашай-Черкесс Республикасы, Тыва Республикасы, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районы, Гагауыз автономиялы округі.
Үшіншісі – түркілік этникалық топтар: афшарлар, барабиндіктер, боджнурдиндіктер, долгандар, қарағаштар, қараймдар, қарапапахтар, қайқайлықтар, қырымчақтар, құмықтар, құраминдіктер, қызылбашылар, лобнорлықтар, ноғайбақылар, ноғайлықтар, саларлар, Сары-Ногурлар, сонкорлар, тофалар, трухмендер, түріктер-месхетиндіктер, урумдар, фукиндік қырғыздар, халадждар, хорасандықтар, чулымдіктер, шахсевендер, шорлықтар, юртовтық татарлар.
Қарақалпақстан Республикасы – 1990 жылдың 14 желтоқсанында Өзбекстан Республикасының құрамындағы егемен мемлекет болып жарияланды. 1992 жылғы 14 желтоқсанда Қарақалпақстан Жоғарғы Кеңесінің 11-сессиясында – Мемлекеттік Туы, 12-сессиясында – Конституциясы мен Гербі (1993ж. 9 сәуір) қабылданды, 1991 жылғы қарашада президенттік басқару енгізіліп, 1992 жылғы қаңтар айынан бастап ел Қарақалпақстан Республикасы деп аталды.
Қарақалпақ халқының көпғасырлық тарихындағы фольклор мұралары мен классикалық көркем әдебиет шығармалары – ұлттық және жалпыадамзаттық рухани құндылық қазынасы.
Қарақалпақ сөз өнерінің көпғасырлық әлем әдебиеті дамуы романтизм, реализм көркемдік әдістерімен жазылған тарихымен үндес поэзия, проза, драматургия салаларындағы туындылары миллиондаған оқырманға танымал. Әдеби үдерістегі көркем шығармаларды сараптаған әдеби сын және әдебиеттану ғылымы да қалыптасты. Әдебиеттану мен фольклортану салалары бойынша алыс, жақын шетелдерге, әсіресе түркі әлеміне танымал ғалымдар еңбектері ұлттық және жалпыадамзаттық ғылыми таным қазынасына елеулі үлес болып қосылды. Қарақалпақ фольклоры мен әдебиетін зерттеуші көрнекті ғалымдардың (Қ.Айымбетов, Н.Дәуқараев, М.Нұрмұхаммедов, Қ.Мақсетов, А.Тәжмұратов, И.Сағитов, Б.Қалымбетов, А.Пахратдинов, А.Каримов, Қ.Сұлтанов, К.Алламбергенов, Т.Мәмбетниязов, Қ.Оразымбетов, Г.Жаңабаева т.б.) іргелі еңбектері ұлттық рухани құндылықтарды оқыту мен зерттеу жұмыстарының ғылыми-теориялық методологиялық негізін қалыптастырды. Қарақалпақ халқының сөз өнері құндылықтарын фольклортану мен әдебиеттану, тіл білімі ғылымдары салалары бойныша дамыта зерттеу-зерделеу ізденістері – қазіргі жалпытүркілік ортақ дамуға тың серпін берді. Бұл орайда, Қарақалпақстан Республикасындағы әдебиеттану саласын дамытуға өзінің іргелі еңбектерімен үлес қосып келе жатқан көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Оразымбетов Қуанышбай Келімбетұлының ғылыми шығармашылығы айрықша даралана көрінеді.
Көрнекті ғалымның ғылыми шығармашылығы әдебиеттанудың негізгі салаларын қамтуымен ерекшеленеді: біріншісі – әдебиет теориясы бойынша монографиялары мен мақалалары; екіншісі – әдебиет тарихының әдеби процесс сипатын талдау еңбектері; үшіншісі – әдеби дамудағы жаңа туындыларға арналған әдеби сын аясындағы мақалалары; төртіншісі – әдебиеттану салаларын оқытуға арналған әдістемелік еңбектері.
Қуанышбай Келімбетұлы – қарақалпақ поэзиясындағы лирикалық жанрлар поэтикасын ғылыми-теориялық жүйелеп зерттеуші ғалым. Әдебиет теориясының классикалық қисындары аясында бірнеше іргелі ғылыми монография жазды. Мысалы, «Хазирги қарақалпақ лирикасында көркем формалардың эволюциясы һәм типологиясы» (1970-2000 жылдар лирикасы мысалында) (2004); «Хазирги қарақалпақ лирикасында көркем излениушилик (1980 жылдар лирикасы мысалында), 1992 жыл.
Ғалым ХХ ғасырдың 70-90-жылдары аралығында әдеби үдерісте оқырмандар ықыласын иеленген көрнекті ақындар (И.Юсупов, Т.Маймұратов, Ж.Избасқанов, Х.Дәулетназаров, С.Ибрагимов, Д.Айтмұратов, Ш.Сейтов, К.Каримов, М.Бердиев, Т.Жұмамұратов, Б.Генжемұратов, М.Қарабаев,
Ш.Аяпов, Х.Тұрымбетов, К.Рахманов, Т.Сәрсенбаев, Н.Төрешова т.б.) поэзиясының жанрлық-стильдік ерекшеліктерін ғылыми-теориялық талдаулармен жүйелеп бағалаған. Саралап айтқанда, аталған ақындар поэзиясына тән әлем және қарақалпақ поэзиясының ықпалдастығы қарақалпақ және Шығыс лирикасының поэтикалық сабақтастығы мәселелері мәтіндік талдаулар бойынша дәлелденген. Шығыс поэзиясы классикалық үлгілерінің (бәйіт, ғазал, рубаи, мұстазад, муашшақ) әуелде ХІХ-ХХ ғасырлардағы қарақалпақ ақындарының (Әжинияз Қосыбайұлы, Садық Нұрымбетов т.б.) шығармашылығынан орын алғанына, одан кейін қазіргі әдеби үдерістегі аталған ақындар поэзиясындағы қолданыстарына ғылыми бағалаулар жасаған. Сонымен бірге, Еуропаның классикалық лирика жанрларының (сонет, верлибр т.б.) да қарақалпақ лирикасында жаңғыра жырлануы назарға алынған.
Зерттеуші қазіргі қарақалпақ әдебиетіндегі лириканың кіші формалары (екі қатарлы, үш қатарлы қосықтар), төртликлер (рубаилар), алтылықлар, сегизликлер, онлықлар) да ұлттық поэзияның өзіндік ерекшелігі тұрғысында байыпталған. Талдау нысанына алынған аталған ақындар поэзиясындағы лирикалық қосықтардың құрылысы мен типологиясы, лирикалық қосықтардың ұйқастары және оның мазмұнға қатысы, лирикалық топламның көркем формалық сипаты – бәрі де қарақалпақ поэзиясындағы классикалық үлгілердің жаңғыра, жаңаша жырлануы екендігі ғылыми тұжырымдалған.
Көрнекті әдебиеттанушы ғалымның оқу құралдары – Қарақалпақ Республикасындағы жоғары білім беру жүйесі салаларындағы (бакалавриат, магистратура, докторантура) оқытушы ұстаздарға да, білім алушыларға да пайдалы қызмет атқаруда. Атап айтқанда, ғалымның республиканың орта және жоғары оқу орындарына арналған сабақлықлары (2006, 2010ж.) айрықша маңызды болды. Онда қарақалпақ фольклоры мен әдебиеті тарихының (ХІҮ-ХІХ ғ.ғ. және ХХ ғ.) шығармалары оқу-әдістемелік талапқа сәйкес жинақталған. Сабақлық жинақта көрнекті ақын-жазушылардың әдеби шығармашылық портреттері, поэзия, проза, драматургия салаларының ХХ ғасырдың 20-80-жылдарындағы кеңестік кезеңдегі сипаты да жүйеленген. Ал егемендік дәуіріндегі әдеби даму шығармалары да тарихи жаңаша көзқарасқа сәйкес іріктелген. Білім алушылардың меңгеруіне ұсынылған оқу-әдістемелік, дидактикалық-педагогикалық бағдарлы материалдар да ғалым-ұстаздың қазіргі заманғы оқыту технологияларды меңгерген әдіскерлік шеберлігін айғақтайды. Ғалымның әдебиеттану мен оқыту әдістемесі салаларындағы барлық еңбектеріне тән ортақ ерекшелік – қарақалпақтың ұлттық сөз өнерін жалпыәлемдік көркем ойлау мен тарихи таным тұтастығы құрамында бағалау.
Ұстаз-ғалымның «Қосық теориясы» атты оқыту әдістемесіне негізделіп дайындап, жарыққа шығарған «Қосық теориясы» оқу қолланбасы да білім алушылар үшін пайдалы қызмет атқарып келеді. Оқу қолланбада қосық құрылысының негізгі мәселелері (ырғақ, ұйқас, өлшем, бәнт) теориялық талдаулар үлгілерімен ұсынылған. Қосық құрылысындағы аталған мәселелерді нақты мәтіндер бойынша талдаулар арқылы білімгерлердің өзіндік әдеби-сыншылық, әдістемелік көзқарасының қалыптасуына ықпал жасалады. Өлең поэтикасын саралау – әдебиеттанушы ұстаздар үшін өзекті мәселе. Ұстаз-ғалымның әдіскерлік мұраты – сөз өнерінің көркемдік-эстетикалық сипатын тереңдете меңгерту.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Қуанышбай Келімбетұлы Оразымбетов – туысқан түркітілдес халықтардың бірлігіне елеулі үлес қосып жүрген қайраткер ғалым. Әсіресе, Қарақалпақстан Республикасындағы және Қазақстан Республикасындағы қазақ халқының фольклор мұралары мен әдебиеті дамуының өзіндік өзекті мәселелері үнемі назарында жүреді. 2018 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде көрнекті ақын Қайнекей Жармағамбетовтің 100 жылдығына арналған Халықаралық конференцияға қатысып, ғылыми-теориялық баяндама жасады. Сонымен бірге, 2021 жылы поэзия алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған Халықаралық онлайн конференцияға қатысып, қарақалпақ халқының атынан бауырластық-туыстық тілектерін арнап сөз сөйледі. Қазіргі ХХІ ғасыр басындағы қарақалпақ-қазақ поэзиясындағы поэтикалық үндестіктер, әдеби ықпалдастықтар туралы ғылыми жоба зерттеу жоспарын да ұсынып жүр.
ХХІ ғасыр – түркі әлемі кеңістігіндегі түркітілдес халықтардың қайта жақындасу, рухани бірігу дәуірі. Мен «Алаш әдебиетінің ажырамас арналары (қазақ-қарақалпақ әдеби-фольклорлық байланыстары туралы)» атты еңбегімде туысқан екі халықтың көпғасырлық тарихының біртұтас арналарын жүйелеп-жинақтап қарастырдым. Тұрмыс-салт өлеңдеріміздің, эпостық, тарихи-аңыздық дастандарымыздың, ақын-жазушыларымыз және жаңа жазба әдебиетіміздің ортақ сипаттарын бағаладым. Қарақалпақ және қазақ ақындары айтыс жырларының поэтикасын талдадым. Қарақалпақ және қазақ әдебиетіндегі көрнекті ақын-жазушылар шығармаларын екі халық оқырмандары да тұрақты оқитындығы – тарихи шындық. Түйіндеп айтқанда: «Қарақалпақ-қазақ әдеби-фольклорлық байланыстары – сан ғасырлық тарихы бар түркітілдес халықтар тарихының құрамдас бір саласы. ... Тарих көшінің асу-белестерінен Тұран, Түркістан атты айбарлы алып атақтарын сақтап, бүгінгі күндері ұлы бірігу, қайта тұтасу жолына бет алған түркі халықтарының болашағы жарқын».
Қорыта айтқанда, қарақалпақ халқының тарихындағы көрнекті ғалым-ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Қуанышбай Келімбетұлы Оразымбетовтің ғылыми-педагогикалық шығармашылығы – бүкіл түркі әлемінің де рухани құндылық көрсеткіші. Туған халқының киелі сөз өнерін зерттеп, оны жас ұрпаққа оқытуды ұштастыра еңбек етіп жүрген ғалым әріптесіміздің жаңа тарихымызда да жаңа жетістіктерді жүзеге асыратынына кәміл сенеміз.
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты