275
Құрманғазының күйі бір сәтте орындалды
Құрманғазының күйі бір сәтте орындалды
Қазақстанның бірнеше қаласында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай домбырашылар флешмобы өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Мыңға жуық адам Құрманғазының "Сарыарқа" күйін орындады.
Мысалы, Қарағанды оқушылары, студенттері және кәсіби аспап шеберлері - барлығы 100-ге жуық домбырашы - синхронды түрде "Сарыарқа" күйін орындады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шара еліміздің біраз өңірінде бір уақытта басталған.
"Сарыарқа" күйі Петропавлда да орындалды. Онда 50 домбырашы қатысты - Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары, филормония әртістері, сонымен қатар, оқушылар мен мұғалімдер қатысты.
Павлодарда Құрманғазының күйі ірі сауда орталығында орындалды. Мұнда Павлодар музыка колледжінің 25 жас домбырашысы күй шертті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сауда орталығы нағыз концерт залына айналды, бұл шара адамдардың ұлттық құндылыққа жақын болуы үшін істелген.
Семейде осы флешмобқа Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары қатысты - 30 домбырашы және 20 биші. Домбырашылар "Сарыарқа", "Адай" және "Балбырауын" күйлерін орындады. Сонымен қатар, оқушылар сауда орталығына келушілерді "Сағындым елім" композициясына билеуімен таңғалдырды.
Өскеменде бұл шара Ольга Рыпакова атындағы спорт кешенінде өтті. Мұндағы бастама үлкен концертке айналды. Оған 600-ге жуық адам қатысты.
Осындай шара Ақтау қаласында да өткен. Бұл турады Tumba.kz басылымы хабарлады. Онда Өскенбаев атындағы облыстық филормонияның студенттері мен қызметкерлері қатысқан. Филормония директорының орынбасары Жаңылсын Мужиеваның айтуынша, Құрманғазының "Сарыарқа" күйін орындауға 40 музыкант қатысқан. Шара "Ақтау" сауда орталығында өткізілген.