Биліктің өкілді тармағының өкілеті артады

Биліктің өкілді тармағының өкілеті артады

Биліктің өкілді тармағының өкілеті артады
ашық дереккөзі
618
Конституцияға түзету енгізуге қатысты ұсыныстың екінші тарауында Парламенттің депутаттық корпусын қалыптастыру тәртібі қайта қаралған. Өзгерісті көпшілік қолдап, мақұлданар болса, Парламент палаталарының өкілеті артады деп сендіреді жауаптылар. Нәтижесінде Парламенттің жоғарғы және төменгі палаталарының міндеті мен функциялары неғұрлым нақтылана түспек. Сенат өңірлерге баса назар аудармақ Газетіміздің алдыңғы санында Президенттің өкі­лет­тігіне қатысты өзгерістердің жобасын қа­рас­­­тырған едік. Сол кезде Президенттің Се­нат­­­қа жүретін ық­палы төмендейтіні айтыл­ған болатын. Референдумға ұсынылып отырған жо­балардың нәтижесінде Сенатор­лар­ды тағайындайтын президенттік кво­та 15-тен 10 адамға дейін азаяды. Оның ішінде бес адамның канди­да­турасын Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады, яғни қазіргідей сайланбайды. Сонымен қатар, Сенат өздері сайлан­ған өңірлердің мүдделерін білдіруге және қорғауға баса күш салмақ. Яғни, Сенатта аймақтық өкілдік функциясы күшейтілмек. Осылайша, Сенаторлардың халық алдындағы жауапкершілігі артып отыр. Реформалар пакетіне мәслихаттардың тәуел­сіз­дігін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың ел азамат­тары алдындағы есептілігін күшейту жөніндегі шаралар да кіреді. Бұл сенаторларды сайлау процесіне бәсекелестікті қосады және олар­дың өздері өкілдік ететін аймақтар алдындағы жауап­кер­шілігін күшейтеді деген сенім бар. Сонымен қатар Сенатта Президент тағайындайтын бірқатар лауа­зымдар, мәселен ҰҚК төрағасы, Ұлттық Банк басшысы және тағы да басқа қызметтер үшін ерекше құқықтық мәртебе беру, яғни дербестігін қамтамасыз ету сияқты маңызды функция сақ­та­лып отыр. Ұсынылған реформалар осындай лауазымдардың тізімін кеңейтеді. Кандидатты тағайындау немесе қызметтен шығару алдында Сенаттың келісімін талап ететін лауазым қатарына Консти­туция­лық соттың төрағасы және Жоғары Сот кеңесінің төрағасы қо­сыл­ды (55-баптың 2-тармақшасы). Конституцияның жаңа редакциясындағы Сенаттың өкілетіне Рес­публиканың Бас прокурорын, Жоғары Сотының төрағасы мен судьяларын ғана емес, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің де қол сұғылмаушылығынан айыру жатады (55-баптың 3-тармақшасы). Бұл ретте мәселе Сенаттың құзыретін кеңейту емес, адам құ­қық­тары жөніндегі уәкілдің мәртебесін арттыру туралы болып отыр. Мәжіліс депутаттарының саны азаяды Мәжіліс құзыреті неғұрлым ықшам бола түспек. Мәжіліске Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын кандидаттар енгізілмейді (бұрын ҚХА ішінде 9 депутат сайланған). Депутаттардың жалпы саны 107-ден 98-ге дейін азаяды. Осылайша, Мәжіліс пропорционалды жүйе бойынша 70 пайыз, мажоритарлық жүйе бойынша 30 пайыз арақатынасында партия тізімдері негі-зінде аралас сайлау жүйесі қалыптастырылатын болады. Бұған дейін Әділет вице-министрі Алма Мұқа­нова Мәжілістің жасақталуына қатысты пікір біл­діріп, заңнамадағы өзгерістерді түсіндірген еді. – Қазір сенатты мәслихаттар сайлаған депу­тат­тар (әр өңірден екіден) және Президент тағайын­да­ған 15 депутат (34+15=49) құрайды. Жоба Президент кво­тасын 15-тен 10 депутатқа дейін қысқартуды ұсы­нады, оның бесеуін Қазақстан халқы Ассам­блея­сы ұсынады (40+10=50), ал Мәжіліс депутаттары (бар­лығы 107 депутат) қазір тек саяси партиялар ар­қылы және Ассамблеядан сайланады. Ассам­блея­ның квотасын – 9 депутаттық мандатты алып тастау ұсы­нылады, яғни Мәжілісте 98 депутат болады. Бұл 98 депутат аралас жүйе бойынша сайланады: депу­тат­тардың бір бөлігі партиялық тізімдер арқылы, екін­ші бөлігі кандидатты халықтың тікелей сайлауы ар­қылы сайланады, – деген еді министрдің орын­басары. Сондай-ақ заңдарды қабылдау жүйесі де өзгереді. Мәжіліс заңдарды қабылдау жүйесіндегі негізгі инс­титутқа айналады: «Заңдарды Мәжіліс қа­был­дайды, Се­нат мақұлдайды» (62- б.5-т.). Олардың сапасын ба­қылауды қамтамасыз ететін және бұл ретте заң шы­ғару процесін оңтайландыратын, сондай-ақ Мә­жі­лістің заңнамалық және бақылау функцияларын кү­шейтетін жаңа рәсім енгізіледі. – Қазір заңдар заң жобаларын алдымен Мәжі­ліс­те, кейін Сенатта дәйекті қарау арқылы қабыл­да­на­ды. Енді заңдарды қабылдау мәжіліске беру ұсы­ны­лады, ал Сенат қабылданған заңдарды мақұлдау не­месе мақұлдамау құқығына ие болады. Бұл ретте Конс­титуциялық заңдарды Мәжіліс пен Сенат бір­лесіп қабылдайды. Мұндай модель заңдарды қа­был­дау тәртібін едәуір жеңілдетеді және депутаттарды сай­лаудың жоғарыда аталған аралас моделін ескере оты­рып, заңдарды қабылдау кезінде көзқарастар бә­се­келестігін арттырады, – деді Алма Мұқанова. Мәжіліс депутаттарын халық «кері қайтара» алады Ұсынылып отырған өзгерістерде мажоритарлық жүйе бойынша, яғни бірінші турда абсолют басым­дық­пен немесе екінші турда салыстырмалы басым­дық­пен сайланған барлық депутаттың жұмысына ха­лықтың, яғни сайлаушылардың көңілі толмаса, де­путатты қызметінен шеттете алады. Бұл мәселе жо­бада «депутатты кері қайтарып алу» деп көрсе­тіл­ген. Оның шарттары мен рәсімі жеке заңда айқын­дала­тын болады. Жауаптылар бұл тетік референдум сияқты, тіке­лей демократияның құралы екенін айтады. Яғни, осы арқылы сайлаушылар мен депутаттар арасында бай­ланыс нығаяды, сонымен қатар халық қалау­лы­ларының жауапкершілігі артады. Заңдарды қабылдаудың, оның ішінде дағдарыс ке­зін­де қабылдаудың жаңа рәсімі туралы заң жо­басы қарал­ғаннан кейін Мәжіліс заң жобасын қа­был­дайды не­месе қабылдамайды. Сенат Мәжіліс қа­был­даған заң­ды не мақұлдайды және Президент­тің қол қоюы­на жібереді, не мақұлдамайды және Мәжіліске қай­тарады. Бұл жағдайда келісу рәсімі өткізіледі. Соны­мен қатар Мәжілістің өзі бұрын қабылдаған редак­ция­да заңға қайта дауыс беруге құқығы бар. Бұл жағ­дайда заң Сенатсыз бірден Президентке қол қою­ға жіберіледі (61-б. 4, 5 және 5-1-т.). Бұл өзгерістер заң шығару процесін оңтай­лан­дыру, заң қабылдау мерзімін қысқарту үшін ұсы­ныл­ған. Парламент пен оның палаталарының қау­лы­лары палаталар депутаттары жалпы санының көп­ші­лік даусын есепке алу арқылы қабылданады. Со­ны­мен қатар заң жобалары палаталардың бірлескен отырысында қаралатын болады (қазір олар қара­пайым заңдар сияқты алдымен Мәжілісте, содан кейін Сенатта қаралады). Бұл ретте Негізгі заңның жаңа редакциясы Рес­публика Президентінің қарсылығын туғызған конс­титуциялық заңдар немесе конституциялық заңның бап­тары бойынша қайтадан талқылау мен дауыс беру­ді өткізуді көздейді. Мұндай жағдайда Конс­ти­ту­циялық заң қабылданбады деп немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі (53-б. жаңа 1-2) тармақшасы, 54-б. 2-тармағының 2) тар­мақшасы). Халықтың өмірі мен денсаулығына, консти­туция­лық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті сақтауға, ел­дің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төнген жағ­дай­ларда Парламент өз палаталарының бірлес­кен отырысында Үкімет енгізген заң жобасын дереу қарауға міндетті болады. Үкімет Парламенттің заң жобасын қарауы кезеңінде заң күші бар актіні өзінің жауапкершілігіне ала алады (61-б. 2 және 3-т.). Парламент ықпалы қалай күшейеді? Парламенттің ықпалы бұрынғысынша, палата­лар­дың әрқайсысы Конституциялық Кеңестің 2 мү­шесін емес, Конституциялық Соттың 3 судьясын қыз­метке тағайындау есебінен күшейтілетін болады (57- б. 1) тармақшасы). Конституциялық Соттың өкілеті Конститу­ция­лық Кеңеске қарағанда кеңірек болмақ, сондай-ақ Парламенттің мемлекеттік институттар жүйесіндегі ұстанымын күшейтуге қызмет етеді. Тиісінше, Пар­ла­менттің әр палатасы үшін Есеп комитетінің ор­ны­на келетін Жоғары аудиторлық палатаның үш мүше­сін сайлау құқығын сақтау да биліктің заң шы­ғарушы тармағын күшейтуге қызмет етеді. Бұл рет­те Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Мә­жілісте жылына екі рет есеп береді (56-б. 3-1- тар­мақшасы). Жалпылай айтқанда, Парламент палаталарының функционалдық міндеттері мен өкілдік функция­лары нақты бөлініп, палаталардың бірлескен жұмыс тәр­тібі белгіленетін болады. Парламенттің заң шы­ғару жұмысының тиімділігін арттыру, биліктің әр­түр­лі тармақтары арасында тексеру мен тепе-тең жүйе құру көзделіп отыр. Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палатаға айналады Реформада ұсынылған жобалар мақұлданар болса, Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палатаға айналады. Мемлекет басшысы мұндай ұсынысын Қазақстан халқына арнаған Жолдауы кезінде айтқан болатын. – Парламент республикалық бюджеттің сапалы орын­далуына бақылауды күшейтуі қажет. Осы орай­да, Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық па­ла­та құруды ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы. Жауаптылар «Республикалық бюджеттің ат­қарылуын бақылау жөніндегі» деген анықтауыш тір­кес­тен бас тарту палатаның өкілеті кеңейтіп, оған рес­публикалық бюджеттің атқарылуын ғана емес, сон­дай-ақ ЖАО, квазимемлекеттік сектор мен басқа да құрылымдардың бюджеттерін бақылау функ­ция­ларын беруді білдіретінін айтады. Ұсынылған жобаға сәйкес, Палата Төрағасы Мә­жілісте өз жұмысы туралы жылына екі рет есеп бере­ді (56-б. 3-1-тармақшасы). Бұл республикалық бюд­жеттің атқарылу сапасына парламенттік бақы­лау­ды күшейтуге мүмкіндік береді. Парламенттің Жоғары аудиторлық палатаның есе­бін палаталардың бірлескен отырысында Үкі­меттің Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есе­бімен бірге бекіту туралы Конституцияның ере­же­лері сақталды. 44-баптың 7-тармақшасындағы, 53-баптың 2-тар­мақшасындағы, 57-баптың 1-тар­мақ­ша­сын­дағы, 58-баптың 3- тармағының 7-тармақшасындағы өзгерістер Есеп комитетінің атауын Жоғары ауди­тор­лық палатаға өзгертумен байланысты және бұдан нор­маның мәні өзгермейді. «Мемлекеттік хатшы» лауазымын «Мемлекеттік кеңесші» деп ауыстыру ұсынылып отыр Мемлекеттік хатшы лауазымы Қазақстанда ви­це-президенттің лауазымы жойылғаннан кейін пай­да болған еді. Ол Президент қызметке тағайын­дай­тын және қызметтен босататын саяси лауазымды тұлға. Осы жылдың қаңтарында Мемлекеттік хат­шы­ның өкілеті кеңейтілді. Сондай-ақ, Мемлекеттік хат­шының қарауына білім, ғылым, мәдениет және спорт салалары, Президент жанындағы консуль­та­тив­тік-кеңесші органдар мен ҚСЗИ қосылды. Жалпы Қазақстан тарихында барлығы он алты Мемлекеттік хатшы, оның ішінде уақытша міндетін ат­қарушылар да болды. Мемлекеттік хатшының мәр­тебесі мен өкілеттігі Президенттің Жарлығымен рет­теледі (бірінші Жарлыққа 2003 жылы қол қойыл­ды, бірақ 2007 жылы ол жаңа Жарлықпен ауыс­тырылды). Конституциялық реформа аясында «Мемле­кет­тік хатшы» лауазымын «Мемлекеттік кеңесші» деп ауыстыру ұсынылып отыр. (44-б. 19-тармақшасы). Мемлекеттік кеңесші лауазымы Ұлыбритания, Норвегия, Финляндия, Франция, Швейцария, Ресей, Беларусь және тағы да басқа бірқатар елдің саяси құрылымында бар. Биліктің өкілді тармағын қайта жасақтау, қайта құрылымдауға байланысты Референдумға шығарылатын ұсыныстар легі – осы. Бұл тараудағы ұсыныстар мұның алдында талдап өткен құзырет пен артықшылықтың тек бір ғана билік өкілінің айналасында шоғырлануының алдын алу үшін қабылданбақ шаралардың жалғасы десек те болады.

Серіктес жаңалықтары