Ешқашан ұмытпаймыз! Ұмытпаспыз...

Ешқашан ұмытпаймыз! Ұмытпаспыз...

Ешқашан ұмытпаймыз! Ұмытпаспыз...
ашық дереккөзі
797
Биыл, 1921-1922 жылғы Лениндік «Ет пен сүт» дек­ре­тінен (Қаулысынан) кейін болған ашар­шы­лыққа – 100 жыл, 1931-1932 жылғы сталиндік-го­лощекиндік қолдан жасалған арнайы ашаршылыққа – 90 жыл және 1937 жылғы қандықасап репрессиясының екін­ші толқынының басталғанына тура – 85 жыл. Бұл – жүрекке салмақ түсірген, санаға жара салған қасірет. Қазақты асылдарынан айырған, ұлт ре­тінде табиғи өсіп-же­тілуіне қия­нат жасаған күндердің жарасы тез жазылып кет­пейді... Тән жарасы жазылса да, жан жа­ра­сы жазылар ма?! Біз, қазір бауырлас ағайын Түркия мем­­­­лекетінде өмір сүріп жат­қан соң, төл тарихын қасиетті Құран деңгейінде аялап, баға­лай­тын Анадолы халқынан мем­лекетшілдік сананың қандай болу керек­тігін көшеде жүріп-ақ ұғып, көңіл дәптеріне то­қып­пыз. Ата тарихын жетік білген на­мыс­ты ел – ғылым мен мәдениет, өнер мен ме­дицина, туризмнің қарқынды дамуына жол ашып, әлем халқын өз тарихымен там­сандырып, таңғал­ды­рып келеді. Көрермен біткен теледидар алдына отырып, Осман тари­хы туралы сериал, фильмдерге тел­мі­ріп кеткені жасырын емес. Осы түрік ағайын жыл сайын Ұлттық еске алу күнін атап өтеді. Бүгінгі Түркияның қарыс қадам то­пырағы үшін күресіп, жа­нын қиған әр боз­дағын аты-жөнімен атап тұрып, сағы­ныш­пен, құрметпен еске алып, мемлекеттік дең­г­ейде шаһид ердің есі­мін ұлықтап, өне­ге­сін жаңғыртып жатады. Әр түрік жасөс­пірі­­мі балабақша жасынан «Отанымды қа­сық қаным тамғанша сүйе­мін! Бұл қа­сиет­ті топыраққа жау көзін алартса, Отан үшін шаһид­пын! Жеңсем – Ғазимын! (Қаһар­манмын!)» деп ұрандатып жа­тады... Кіш­кентай баланың бойындағы ұлтшыл­дық пен мем­лекетшілдік сана белгілерін көргеніңде ойланып-ақ қаларсың... Міне, сон­дай толғаныс үстінде жүргенде қағаз бе­тіне түскен ой ұшқындарын оқырманға ұсыну­ды жөн санадық. Еске алу күнінің маңызы мен мәнін айқындау керек! Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 24 қарашасында қабылдаған №456 Жарлығына сәйкес 1920-1950 жылдары сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, атылған немесе қуғындалған аза­мат­тарды толық ақтау жөніндегі Мем­ле­кет­тік комиссия құрылды. Яғни, Қазақ­стан­да Кеңес Одағының орнауы, алғашқы жыл­­дарындағы жеке басқа табыну­шы­лық­тың салдарын жан-жақты зерттеуге жол ашылды. Тарих – қоғамның даму айнасы. Өткен­нің тарихынан сабақ алып, бола­шақта сол қателерді қайталамау үшін әрбір мемлекет өзінің ұлттық рухын кү­шей­тіп, бағыт-бағдарын мығым қылады. Тәуел­сіз Қазақстан мемлекетінің даму бары­сындағы идеологиялық ұстанымына қатыс­ты бірер ұсыныс білдіргенді азамат­тық парыз санаймыз. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін арт­тыру үшін балалар мен жасөспірім­дер­ге, жастарға қазақтың өткен ғасыр­лар­да­ғы бақытты мезетінен (Сақ, ғұн импе­рия­лары, Қазақ хандығы тұсындағы жаугер­ші­лігі мен қайраткерлігі т.с.с.) бөлек, тартқан аза­бы мен бодандықтағы құлдық өмірін де жа­сырмай, ашық ұқтырғанымыз жөн. Құл, бо­дан болған ұлттың кеудесіне намыс, бол­мысына мінез орнықтыру – ең үлкен іс. Өйткені құл болған елдің, ұлттың тарихы үстем­дік етуші күш тарапынан жазылады. Қазақ тарихы да Ресей патшалығы, Кеңес Одағы тарапынан сан мәрте өзгеріп, жалаң, үстірт және дерек-дәйексіз жазылған. Тәуел­сіздігін қайта жаңғыртқан бүгінгі Қа­зақстан Республикасы үшін де бұл өзекті әрі күрделі мәселе. Бұл ретте, мемлекеттік идео­­логияның жұмысын одан әрі күшейт­кені­міз абзал. Мысалы, Қазақстанда 1997 жылдан бері 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін жә­не ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде аталып келеді. Әрине, еске алу күні ретінде аталып өтілетіні дұрыс іс, алай­да жыл сайын аталса да нәтижесі жоқ, құм­ға сіңген су секілді еш мағынасы да, құ­ны болмай тұрғаны жасырын емес. Олай деуі­міздің мәні бар. Біріншіден, 31 мамырда мек­теп оқушылары түгелімен үш айлық жаз­ғы демалысқа шығады. Екіншіден, ар­найы және жоғары оқу орындарының сту­­­денттері көктемгі сессия, мемлекеттік емти­хан және диплом қорғау жұмыстары сы­қылды маңызды оқу бағдарламаларынан шыға алмай, іс-шарадан қалыс қалып жа­та­ды. Үшіншіден, жыл сайын бұл тарих­қа тағ­зым шарасына тек бірін-бірі жақсы та­нитын, Сталин дәуіріндегі тарих қасіретін жақ­сы білетін белгілі бір топ (Саяси қуғын-сүр­гін құрбандарының ұрпақтары мен ата­лас туыстары, осы саланы зерттеуші та­рих­шы-ғалымдар мен жергілікті ат­қару­шы билік, партия, қоғамдық бір­лестіктер мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері) ғана қатысады. Төртіншіден, Қазақ тарихына шолу жасап қарасаңыз, қу­ғын-сүргін мен ашаршылық екеуі екі бө­лек ащы да азалы тарих. Сондықтан 1917, 1921, 1931-1933 жылдардағы Қазақ­стан­дағы қолдан жасалған ашаршылықтың зардабын толық танып, зерделеу үшін 31 ма­мыр еске алу күнінен ашаршылықты бө­ліп алып, өз алдына арнайы күн ретінде бел­гілеп, атап, тағзым еткеніміз орынды бо­лар еді. Бесіншіден, мамыр айын ресми түр­де «Тағзым мен зиярат айы» деп атап, Пре­зидент қаулысымен бекіткен жөн. Бұл тура­лы ойымды айтайын: мәселен, күнтізбе бойын­ша 1 мамыр – Қазақстан халқының бір­лігі күні. Мамыражай мамырдың алғаш­қы күнінде жастар мен жасөспірімдердің сана­сына бірлік пен ынтымақты мықтап ор­натамыз. Жөн. Сосын, 7 мамыр – Қазақ­стан Қарулы Күштерінің құрылған күні, яғни ер-азаматтардың мейрамы ретінде арнайы күн белгілеп, Отанды қорғаудың мә­ні мен мағынасын, саяси маңызын ұқ­тыра­мыз. Бұл да керек! Ал 9 мамыр – Жеңіс күні. Дұрыс. Міне, осы жерде 8 мамыр күні жыл сайын екі атаулы күн (7, 9 мамыр) ара­сында «демалыс күні» болып, қызыл да­таға кіріп кетеді. Ендеше, 8 мамыр Азалы күн болып белгіленуі керек. Осы күні бүкіл ҚР территориясында, ауыл, аудан, қала, об­лыс орталықтарында жалпыхалықтық шеру өтуі керек. Қоғамдық-саяси, рухани-мәдени, патриоттық тәрбие беру үшін осы күнді арнайы белгілеп, танымдық іс-шаралар ұйымдастыру кезек күттірмейтін мәселе болуы керек. Сол күні Қазақстанның тәуелсіздігі мен азаттығы жолында шаһид кеткен Сталиндік репрессия құрбандарын еске алып, оқушылар мен студенттер, қо­ғамдық жастар ұйымының белсенділері атыл­ған арыстардың суреттерін ұстап, тағ­зым етсе, нағыз сананың жаңғыруы мен тари­хи танымның орнауы болар еді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің саяси және тарихи маңызын арттыру үшін төмендегі міндеттер 100 пайыз кем-кетіксіз орындалуға тиіс: 1. Бұл күні жыл сайын Мемлекет бас­шы­сы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ес­ке алуға арналған мемориалдық кешен­дер­ге барып, тағзым етуі, оның зияратын бүкіл БАҚ арқылы насихаттауы керек; 2. Осы күні мемлекеттік құрылымдар мен заң шығарушы орган, атқарушы орган, қоғамдық ұйым өкілдері де тұрақты зиярат етуі тиіс; 3. Осы күні бүкіл телеарна, радио ойын-сауық, концерттік бағдарламаларын тоқтатып, оның орнына осы күннің маңы­зын ұқтыратын, патриоттық-азаматтық сезімін қалыптастыратын деректі фильм, зерттеушілермен сұхбат тағы басқа ха­бар­ларды қайталап беруі керек; 4. Бұл күні жыл сайын ҚР Мемлекет­тік Туы тұғырынан түсіріліп, бүкіл Қазақстан бойынша Аза тұту күні болуы керек; 5. Осы күні Қазақстан Мұсылман­дары­ның Діни басқармасы тарапынан бүкіл ме­шітте 24 сағат бойы құрбандардың рухы­на Құран хатым бағышталуы керек; 6. Мамыр айын «Тағзым мен зиярат айы» деп атаған жөн дедік. Мамыр – күн жы­лы­натын, жастың да, жасамыстың да дала­ға шығатын мезеті. Міне, осы айда зираттар мен бейіт, қорымдарға тазалау жұмыстарын жүргізіп, марқұмдарға құрмет көрсетке­ні­міз де абзал. Мысалы, православ дәстүріндегі «Родительский день» сияқты ұйымдастыру да маңызды; 7. 31 мамыр күнін ашаршылық құрбан­дарын еске алу күні ретінде ғана атап, сол кү­ні мешіттерде барша 1917, 1921, 1931-1933 жылдарда қаза тапқан марқұмдардың ру­хына ас беріп, дұға ету шарасын ұйым­дас­тыру керек. Қазақ ұлтының ұлттық рухын кө­теру, «Алаш» ұранын қайта жаң­ғырту, төл тарихымыздағы біртуар тұл­ға­ларға деген махаббат пен құрметін, сүйіс­пен­шілігін еселеу, арттыру арқылы Тәуелсіз Қа­зақ мемлекетінің ұлттық рухы биік, жан-жақты дамыған, әлеуетті ұрпағын қа­лыптастырып, дүниетанымын кеңейте ала­­мыз. Бір сөзбен айтқанда, Қазақ тари­хын шынайы әрі қоспасыз жазып, патриот­тық, отаншылдық сезімдеріміз бен түсіні­гі­міздің аясын кеңейтетін осындай атаулы күн­дердің мағынасы мен маңызын арт­тыруы­мыз қажет. 1929 жылдан 1933 жылға дейін ОГПУ ор­ган­дары 9 805 қылмыстық істі қарап, 22 933 адамға үкім шығарды, олардың ішінен 3386 адам ең жоғары үкім – ату жазасына ке­сілді. Түрмелер мен лагерьлерге 3 жылдан 10 жылға дейінгі әртүрлі мерзімге 151 адам сотталды. Қазақстанда ұжымдастыру жыл­дары барлығы 100 000 адам сотқа тартылды. 1920 жылдары Қазақстанда Совет үкі­меті түбегейлі орнағаннан кейін Алаш қай­раткерлері мен олардың сенімді серік­тері «байшыл-ұлтшылдар, социалистік қо­ғамға жат элементтер» немесе «халықты бай-кулактарды тәркілеуге қарсы үндеді, ше­тел агентурасымен астыртын байланыс жа­сады» деген жаламен тұтқындалып, азап­қа ұшыраған. Мысалы, 1928 жылдың жа­зында Алаш Орда Үкіметінің министрі Ха­лел Ғаббасұлы Қазақ АККР Жоспарлау ко­миссариатында қызмет істеп жүріп, Шыңғыстаудағы ағайын-туғандарына де­малысқа келгенде «халықты бай-кулак­тар­ды тәркілеуге қарсы үндеді, шетел аген­тура­сымен астыртын байланыс жасады» деген жа­ламен тұтқындалып, қамауға алынған. Дә­лірек айтсақ, ГПУ алқасының 1930 жыл­ғы 4 көкектегі қаулысымен осы 44 арыстың 13-і – ату жазасына, 14-і – 10 жылға конц­ла­герьлерге, 15 адам 3 жылдан 6 жыл ара­лы­ғына дейінгі мерзімге қамауға алынып, 2 адам тергеу барысында өлтірілді. 1931 жылы «үштіктің» шешімімен Жүсіпбек Ай­мауытұлы, Дінмұхамед Әділұлы, Ахметсапа Жү­сіпұлы, Халел Ғаббасұлы Мәскеудің Бу­тырка түрмесінде атылды. Бұл – сталиндік репрессиясының бірінші толқыны. Осы жылы 73 жастағы Шәкәрім қажы Құдай­бердіұлын Шыңғыстау баурайында себеп­сізден-себепсіз атып, сүйегін Бақанастағы Сорқұдыққа тастап кетті! (Ғұламаның сүйегі 30 жыл құдықта жатты). Ал 1931 жыл­дың күзінде Семей қаласының ірге­сін­дегі Түйемойнақта Абайұлы Мекайыл бас­таған 70 адамды бір сәтте атып тастады. Сол атылған жетпістің ішінде Абай әуле­ті­нің күйеу баласы, Алаш меценаты Санияз Медеуұлы Оразбаев та бар болатын. 1929-1931 жылдары қазіргі Қазақстан ау­мағында 80 мыңнан астам адамды қам­тыған 372 шаруалар көтерілісі болған. Со­зақ, Ырғыз, Қарақұм, Қарақалпақ, Адай, Абыра­лы, Шыңғыстау, Балқаш, Ақсу, Сар­қан, Шұбар­тау, Батпаққара, Қордай, Тама та­ғы басқа шаруа көтерілісі толық зерде­ле­ніп, зерт­телмеді. Көтеріліске қатысқан аза­мат­тар әлі ақталмады. Бұл да қоғамның тари­хи дамуына кері әсерін тигізетін фак­тор. ХХ ғасырдың 1921 жылынан бастап, яғни советтік билік орнағаннан кейінгі қа­зақ халқының тағдырына аяусыз қас­тандықтар жасалған. Бір ақиқаты – Ленин, Сталин, Голощекин, Мирзоян секілді комформистер қазақты ұлт ретінде жер бетінен жойып жіберуді мақсат еткен. Әкімшіл-әміршіл бюрократтардың қазаққа істеген қастандығы – қолдан жасаған ашар­шылығы мен қуғын-сүргінді ұйымдастыруы. Бір сөзбен айтқанда, бұл – геноцид, ұлттық трагедия. Сұрапыл зұлматтың саяси баға­сын нақты бере алмай келеміз. Осы жағы өкінішті. Қазақтың ХХ ғасыр басындағы алапат трагедиясын «геноцид» деп әлемге жария етіп, СССР-дың қандықол қылмысын әшкерелеу керек! 1931-1932 жылдары халықты ашар­шы­лыққа ұшыратты, демограф М. Тәтімовтің есебі бойынша ашаршылық құрбандары 4 миллионнан асады, немесе бүкіл қазақ халқының 65-70 пайызы қырылған. 1937-1939 жылғы репрессия кезеңінде бар­лығы 120 мыңнан астам қазақ азаматы қуғын-сүргінге ұшырап, оның ішінде 25 мыңнан астамы НКВД-ның ату жазасына ке­сіліп кетті... Олар – нағыз ұлт зиялысы, оқы­ған-тоқыған, халқын ілгері дамытуды ой­лаған мемлекетшіл қайраткерлер бола­тын-ды. Орны толмас өкініш. Өсер елдің баласы боламыз ба?! Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бә­рі­нен қымбат» (05.01.2021) атты ма­қаласында: «...Біз кезінде елге қызмет ету­дің озық үлгісін көрсеткен Алаш қай­рат­керлерінен тағылым аламыз. Олар өт­кен ғасырдың басында тәуелсіздік идея­ла­рын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды», – деп жазған. Сол азаттық жолында күресіп, ақ­тық демі қалғанша ұлтына, жұртына адал бол­ған аймаңдай азаматтарымыз ұрпақсыз қа­латынын, нәсілінің азып-тозып, орыс­та­нып немесе түрлі психологиялық дертке ұшырап, жүйке ауруынан өлетінін білді, сезді... Бірақ о бастағы ұлттық мүдде жо­лын­дағы күресінен, туған халқына азаттық сый­лаймын деген ұстанымынан, жұртқа бер­ген уәдесінен («Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!») еш тайқымай, тай­салмай оққа кеудесін тосқан-ды. Біз солар­ды қаншалықты білеміз?! Кейінгі уақыттағы елдегі саяси жағ­дай­ларға қарап, кейде осы біздің мем­лекетімізде ұлттық идеология бар ма еді деп өз-өзіңе сауал қойып, соның жауа­бын бере алмай, дал болып отыратын сәт­те­рің аз болмайтыны рас. Ұлттық идео­ло­гиясы дұрыс жолға қойылған елдің жас­тары алаңға шығып, теңдік айтса – еш­қашан өз қаласын өртеп, ажарын қашырып, базарын тарқатпайды. Ешқашан мемлекет мүлкін, жекеменшік ны­сандағы бизнес нүктелерін тонап, қанап, сын­дырып, бұз­байды. «Қаңтар қасіреті» атан­ған бүліктің ұқтырғаны сол – төл та­ри­хын, ділі мен мәдениетін білмеген жас пен жасамыста ешқандай ұлттық сана бол­майды. Демек, біздің жастар мен жасөс­пірімдердің бойын­да патриоттық сезім жоғалып барады деген қорытынды жасауға болады. Мәселен, Алма­тының ең әдемі бөлігі – Абай даңғы­лының бойындағы бар ойын-сауық, сауда желілері мен брендтік дү­кендер тоналып, өртеніп жатқанда «Алматыкітап» дүкенінің есігі бұзылмаған, те­ре­зесі сынбаған, іші то­налмаған-ды. Бұл – бүгінгі қазақ қоғамының рухани қайыр­шылыққа ұшыраған, дүние-мүлікке қы­зыққан тоғышар сиқы. Ал күні кеше Алматыдағы 9 мамыр күн­гі оқиғаны еске түсірейік: 28 Панфи­лов­шылар саябағына Советтер одағына жеңісті жа­қындатқан ардақты Бауыржан Момыш­ұлы, Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдинов­тар­дың емес, Мәскеу үшін жанын қиған Тө­леген Тоқтаров, Әлия Молдағұловалардың емес, Рейхстагқа СССР байрағын тіккен Ра­қым­жан Қошқарбаевтың та емес, кері­сін­ше, қазақ халқын қойша қырып, табиғи демографиялық өсіміне орасан зор қиянат жасаған қандықол Сталин мен Берияның портретін алып шыққан ағайынның қылы­ғы не?! Бұл қандай елдің өкілі?! Сұрақ көп, жауап жоқ. Егер, ұлттық идеологиясы жүйе­лі жұмыс істейтін мемлекет болсақ, әл­деқашан СССР атрибуттарын қолдануға Пар­ламент арқылы тыйым салып, совет кезеңіндегі «бақытты» құлдық ғұмырын аңсап жүрген тентектерді тезге салып, өз қоғамына бостандық берген ерлерінің өнегесін, тағылымын танытар еді! Иә, сөзсіз солай істер еді!.. Екінші республика, Жаңа Қазақ­стан­ның міндеті – ұлттық идеология қалып­тастыру. Экономикадан бұрын идео­ло­гияны қолға алмаса, тағы да бармақ тіс­теп, өз шаңырағымызды өзіміз шайқал­тып аларымыз анық. «Ештен кеш жақсы» демекші, осындай сәтте ұлттық бағыт-бағдарымызды айқындап алғанымыз жөн болар еді дегіміз келеді... P.S.: Қадірменді Алаш баласы! Мен де, сен де, ол да – кешегі аты­лып кеткен Алаш арыстарының ұрпа­ғы­мыз! Олар қиын-қыстау заманда Қа­зақ елінің болашағы үшін қар жас­танып, мұз тө­сенді. Алаш қайрат­кер­ле­рі дәуір тудырған біртуарлар бола­тын. Біздің алды­мыз­дағы зор міндет – Қазақстан Республикасының Тәуел­сіз­дігіне адал да шынайы қызмет ету. Алаш сөзі, Алаш намысы, Алаш мұ­ра­ты, Алаш мұрасы – әр қазақ балас­ы­ның жүрегіне күш-жігер, мінез бен қай­рат ұялататын, ұлттық рухыңды ас­қақтататын, ойыңды даралататын қа­сиетті құндылық. Біз осы аяулы тұл­ғаларымызға ұқсап, ана тілімізде сөй­леп, өзге тілдерді еркін меңгерсек, жан-жақты дамыған, білімді, білікті бол­сақ қана мықты ұлт, мәңгілік ел бо­ламыз. Сонда Алаш рухы да жасай бере­ді, еліміз аман, жеріміз бүтін бо­лады. P.S.S: Атам қазақ айтады: «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деп. Ұрпақ ауы­сады, қоғам алмасады. Тәуелсіздік таңында туған, санасы коммунистік идео­логиямен уланбаған жаңа буын – жас нәсіл Алашын танып, Алаш идея­сы­на сусап өсіп келеді. Қоғамда Алаш­ты тануға деген сұраныс бар, талпыныс бар. Бұл ұрпақ Алашты шын жоқтап, шын сағынатын буын боларына сене­міз. Алаш арыстары өлген жоқ!.. Олар мәң­гі тірі! Советтік қоғамның қылмысын еш­қа­шан ұмытпаймыз! Ұмытпаспыз...

Елдос ТОҚТАРБАЙ

Серіктес жаңалықтары