Ел бірлігін аңсаған ақын

Ел бірлігін аңсаған ақын

Ел бірлігін аңсаған ақын
ашық дереккөзі
1200
Даусыз дарын екенін бүкіл қазақ мойын­даса да, әлі лайықты баға­сын толық алмаған бір ақын бар. Ол – дауыл жырлар тудырған дауылпаз Дулат Ба­батайұлы. Кеңес үкіметі кезеңіндегі зерт­теулерде ақынға деген көзқараста бір­жақтылық орын алды. Дулат шығар­ма­шылығын зерттеушілердің ақынның елді бірлікке шақырған идеясын ғылыми талдап жеткіземіз деген талпынысы бос әурешілікке айналды. Большевиктік билік оған тек діншіл, ескішіл ақын деп қа­­рады. Алдымен ақын шығар­ма­ла­рын жинап, қолжазба қорына тап­с­ырған халық ақыны Шәкір Әбе­нов сол кездегі Ғылым ака­де­мия­­­­­сының басында отырған Сақ­таған Бәйішевтің қатал сынына іліксе, кейіннен 1959 жылғы қазақ әде­биетінің өзекті мәселелері қарал­ған ғылыми конференцияда жа­саған баяндамасы үшін жас ға­лым Ханғали Сүйіншәлиев Манап Ха­сенов деген ғалымның сынына ілік­ті. Конференция қоры­тын­ды­сында академик Мұхтар Әуезов те Дулатты кертартпа ақындардың қа­тарына қосып, орта мектептерде оқыт­пауға өз үлесін қосты. Классик жазу­шымыз олай жасамаса, өз өмі­ріне қауіп төнетін еді. Өйткені Ду­лат шығармаларының дұшпан­да­ры алыста емес, өзінің айнала­сын­да жүргенін білді. Тәуелсіздік алға­нымызға отыз жыл өтсе де, сол сал­қындық сызы әлі сезілетіндей. Олай дейтініміз, Абай Құнан­бай­ұлы­на үлгі болғаны жырларынан көрі­ніп тұрса да, оны ұлы ақынның ұста­зы ретінде ұлықтауға қарсы адам­дар әлі де болса арамыздан та­­­былады. Сол салқындықтың әсері­нен ақынның атына үлкен қалалардан дұрыс көше беріліп, ең­селі ескерткіш орнатуға бөгет бо­лып келе ме дейміз. Бірақ Дулат­тың ел бірлігін толғаған жырларын тарихтан ешкім өшіре алмайды. Бас­ты ескерткіш сол ғой деп өзіміз­д­і жұбатамыз. ХІХ ғасырдың алғашқы жарты­сы Ресей патшалығының кең қол­тығына кірген қазақ даласындағы хан­дық билік жойылып, империя­лық жымысқы саясаттың сыналап ене бастауымен ерекшеленді. Аз ха­лықтарды отарлаудың сан-қилы әдіс амалдарын меңгерген патша үкіметі батыстың «бөлшекте де билей бер» деген сан ғасырлық қалыптасқан қағидасы бойынша айрандай ұйыған елдің ішін бірнеше округке бөліп, қаймағы бұ­зылмаған қазақ руларының ара­сына іріткі салды. Олар қазақты отар­лауды қазақтың қолымен жа­сады. Яғни, билікқұмар ел жақ­сы­ларын шен-шекпенмен сатып алу әдісін қолданды. Елді ояздықтарға бөлу, бұрынғы төре тұқымынан би­лікті тартып алып, қарадан аға сұл­тандар сайлау елдің ішін таққұ­марлыққа, парақорлыққа, орыс ұлықтарына жағынған жағымпаз­дық­қа апаратын былыққа белше­ден батырды. Қазақ ұлтының біртұтастығына қауіп тудырған мұндай келеңсіз жағдайлар қалың бұқараның наразылығын тудырды. Наразылық жанайқайы сол кезең­дегі алдыңғы қатарлы ақындардың жыр-толғауларында кеңінен көрі­ніс тапты. Әсіресе, қазақ өлеңінің өл­кесіне бұрынғыдай сырттай топ­шылап толғау емес, қоғамдағы бар­лық оқиғаларды өз жүрегінен өт­кізіп, ішіне еніп, жанымен сезі­ніп, яғни барлығын өз атынан жы­р­лау үлгісін әкелген Дулат Баба­тайұлы шығармаларында сол кез­дегі ел ішіндегі берекесіздік, ұлық атаулының ұлтқа жасаған сатқын­дығы өткір сынға алынды. Ол ба­тыс­тан төніп келе жатқан ақ пат­ша­­ның отарлау саясаты қазақ хал­қының болашағына үлкен қауіп екенін ескертеді. Сол қауіпті сез­беген елдің бейғамдығына на­лиды. Батыстан патша түнегі, Жеріңе келіп түнеді. Жоныңнан таспа тіледі, Ішіңе әбден кіреді. Оны Дулат біледі. Серпуге тұяқ жарамай, Елді басқын басқандай – деп ішкі қарсылық ойын ашық ай­та­ды. «Кезқұйрықты лашын деген, ке­неусізді асыл деген, құладынды сұң­қар деген, шабан жабыны тұл­пар деген» жұрттың келешекке нем­құрайлылығына, билікке та­бын­­ғыштығына, майырға жағын­ғыш­тығына күйзеледі. Олардың «Күн­батысқа көз салмай, күншы­ғыс­ты еске алмай, бізді алатын жау жоқ деп, бізден мықты дәу жоқ деп» еліргендігіне өкінеді. Елбүл­дір­гіштердің билікке келуіне ашық наразылық көрсетеді. Ақын тілімен түйрелген «кезқұйрық», «кенеусіз», «құладын», «жабылар» «майырдың бұй­ры­ғын алса, борбайға құйры­ғын қысып» жортатын, өзінің жеке құл­қыны үшін орыстың боданды­ғын мойындап, ұлықтардың нұс­қауы­мен қажыған халыққа тізесін ба­тырған «ел пысықтары» еді. Ду­лат Бабатайұлы шығармашылығын кеңінен зерттеген ғалым Құлмат Өмірәлиев: «Дулат қазақ халқының қор­лыққа түскен күні үшін «ел жақ­сыларын» аяусыз сынады, «кү­шік ит», «қорқау қасқыр», «жемтікке қон­ған күшіген», «үйінді тас мола», «өлек­се», «аузын буған қой», «жаман ит» т.б. деп бар жағымсыз дүниеге со­­­ларды балап, мазақты образдар жа­сады», – деп түйіндеуінің мәнісі сон­да жатыр. Дулаттың көксегені – ел бір­лігі, ұлт бостандығы. Ел­де бірлік, ұлықтарда иман болмайын­ша, қоғам түзелмейтінін кесіп айта­ды. Ол осы ұлы идеясын жүзеге асыру жолында ешкімнің де бет-жү­зіне қарамайды. Барақ, Кеңесбай, Сү­лей­мен сияқты аға сұлтан, төре­лер­ге қасқайып тұрып қоғамның ащы шындығын ақтарады. Қазақ халқының бойындағы барлық жа­ғымсыз мінездерін қатал сынға ала отырып, ұлттық тұтастықтың не­гізі адамгершілікте, ауызбірлікте жатқанын уағыздайды. Кешегі Абылай, Әбілпейіз сұлтандар за­манындағы елдің ауызбірлігін мы­салға келтіріп, Сыбан елінің би­леушілеріне арғы аталары Нар дауысты Нарынбай, Қу дауысты Құттыбай, Ақтайлақ шешен секілді жұрттың басын біріктірген қара тіл­дің ділмарларын үлгі тұтуға ша­қыра­ды. Дулаттың «Бараққа» деген толғауы Бұхардың Абылай ханға қаратып айтқан толғауымен өзек­тес. Хандық билік жойылғанымен, қо­лы­нан әлі биліктің күші кетпе­ген, беделі бес атанға жүк болатын атақ­ты Солтабай төренің Барағына сүйек­тен өткізе сөйлеуі оның ақын­дық ұстанымының нық бол­ға­нын айқындайды. Академик Қа­жым Жұмалиевтің: «Ел» – Дулат өлеңдерінің негізгі мотиві. Елдік, бірлік, «Замана», «Ақтан жас», «Сү­лей­менге» т.б. өлеңдерінде жыр­ла­на­ды. Елдің бірлігі азайып, бұл ел­дік­ке нұқсан келтіргенін, аға сұл­тан, бай-феодал, ел басқарушылар ха­лықты емес, өз тір­шілік құлқын­дарын ойлай­ты­нын айта келіп, бір өлеңінде жырау құмырсқа мен бө­денені мысалға алады: Елдігің кетіп ыдырап, Білгені өсек сыбырлап. Алтын жығаң сөгіліп, Абыройың төгіліп, Барыңнан да жақсы еді Жоқ болғаның мұнан да, – деп, Дулат ашына жырлап, көп­ші­ліктің бәріне ұрсады. Ел боламын де­сең, өсек, өтіріктен аулақ қаш. «Ал­тын жығаң» – бірлігіңді бұзба деп басалқылық айтады», – деген ойы пікірімізді қуаттай түседі. Ақын шығармаларында елдің орнына өзін қоя сөйлейтін тұстары бар. Бұл үрдіс ХІХ ғасырдың алғаш­қы жартысында Дулаттан бастал­ған деп айтуға толық негіз бар. Се­­бебі оның замандастарында мұн­дай үлгі кездеспейді. «Біреудің отын үрледім, өз отымды жақпа­дым», «Азын-аулақ жиғаным, өзіме де бұйырмай» т.б. сияқты соны тір­кестер – соның дәлелі. Ақынның біреу­дің отын үрледім деп отыр­ға­ны – отарлаушылардың айтқанына кө­ніп, айдағанына жүретін, өз іші­нің бірлігі мен тірлігін ойламайтын сол кезеңдегі қазақ қауымының жай-күйі. «Азын-аулақ жиғаным өзіме де бұйырмай» деп қазақтың жи­ған малы, байлығы, шұрайлы жері үстем елдің қанжығасында ке­тіп бара жатқанына қиналған қауіп­тің жанайқайы. Жалпы, сол к­е­зеңде басталған отарлаушы­лар­дың арам пиғыл, ашкөздігінен қауіп­тенген ақынның толғанысы жар­ты ғасырдан астам уақытта жү­зеге асқанын тарих дәлелдеді. Ақын­ның көрегендігіне қайран қал­масқа шарамыз жоқ. Ұлт тұтастығының тағы бір кө­рінісі – белгілі бір терри­тория­лық жерді мекендеуі. Ол кез­де қазақтың тұтастығын сақтап тұрған төрт түлік малына қоныс бол­ған жаз жайлауы мен қыс қыс­тауы еді. Елдің сауыр жерден айы­рылып қалуына қауіптенген ақын­ның ішкі жан толғанысы «Ата қо­ныс Арқадан», «Ақжайлау мен Сан­дықтас», «О, Сарыарқа, Сарыар­қа», «Сауыр жерден айырылып» то­л­ғауларында көрініс тапты. Ал­ғашқы толғауда Дулат өзінен бұ­рын­ғы кезеңдегі қазақ пен қалмақ арасындағы соғыста атақонысынан айырылып шұбырған елдің басын қосқан Абылай ханның айбынын үлгі қылады. Атақоныс Арқадан Қалмақтың таймай іргесі, Сөлі кетіп қазақтың, Қалған кезде сіргесі Әбілмансұр хан болды: Хан болмады қазаққа, Ағарып атқан таң болды, – дейді. Ақын «қалмақты Алатау­дан асырған», «бозбалаға сәйгүлік пен саң­­лақты мінгізген», «толағай тұл­дыр қыратты төрт түлікке толтыр­ған», «оңы – күн, солы – ай болған» Абы­лай заманын армандайды. Бо­дан­дыққа бой ұсынған елдің кел­бе­тін «қайраңдаған кемеге» теңей­ді. «Қабырғасы сығылған, үріккен қой­дай бір-біріне тығылған» жұрт­тың шарасыз халіне алаңдайды. «Ақ­жайлау мен Сандықтас» тол­ғауын­да: Қаларсың бір күн Сандықтас, Құлан жортпас бел болып, Жоныңнан тас бастырып, Тамырыңды қопарып, Шошқа түртіп қыдырып, Самалың салқын соғатын Сары ызғырық жел болып, – деп жырлауының астарында егер жерден айырылса, қазақтың келешекте ел болуына деген үлкен күмән жатыр. Бұл жердегі «шошқа», «сары ызғырық жел» образдары отарлаушылардың бейнесін біл­діре­ді. Ақын осыларды ойлап «ұй­қы беріп, қайғы алады». Ақын туған өл­кенің басына түскен қайғысын жыр­лай отырып, көркем тілмен бү­тін бір пейзаждар галереясын жа­сайды. Мәселен, «Жылқыңның ша­бы бусаған, Ыңыранып қойың жу­­саған», «Масаты кілем жай­ған­дай, Қоныстың шұрай жері едің» де­ген тіркестерінен көз алдымызға та­мыздың тамылжыған шағын­дағы жайлаудың мамыражай көрі­ні­сі елестері сөзсіз. «Сауыр жер­ден айы­рылып» толғауында «сай-сала­сы толған жеміс», «қыры – малдың кіндігі», «ойы – өнім егіс» болған Аягөз өзенінің маңын жайлаған ел­ге келген отаршылықты ақын зо­балаң деп қабылдайды. Жағаңа дуан түскен соң, Суыңды орыс ішкен соң, Аягөз суы қағынды, – деп толғанады. Бұл жердегі «су» – қа­лың елдің образы. «Шайқады қу­лар тағымды, тайдырды бастан ба­­­ғымды» немесе «Ұзын өріс қыс­қа­рып, кең өрісім тарылды», «Ағайын араз болған соң, ел екіге жа­рыл­ды» деген жолдардан ел бас­шыларының құлқынқұ­мар­лы­ғы­на, қазақтың алтыбақан алауыздығына деген өкініштің табын көреміз. Дулат шындығында елдік пен ер­кін­діктің жолында барлық ақын­дық қуатын сарп етті. Оның ойын­да ұлттың рухы, қазақтың болмысы ақ патшаның әкелген өзгерісімен бірге жойылып кетеді деген қор­қы­ныш болды. Ол ойының астарында ұлы ақиқат жатқаны айдан анық еді. Академик Зәки Ахметовтің: «Тү­г­елдей алғанда қазақтан шық­қан ел билеушілердің билігі шек­те­ліп, ақ патшаның үстемдігі әбден кү­шейді. Ел жақсы қонысынан, жай­лауынан айырылып, ығыс­тырыл­ды. Дулат міне осы бір жаңа тарихи кезеңнің жыршысы, елдің еркіндігін шектеген отар­шыл­дық­тың сыншысы, елдіктің, қолдан шы­ғып бара жатқан еркіндіктің жоқ­шысы, жаршысы болды. Дулат­тың ұлылығы да осында еді», – де­ген пікірі ақынға берілген әділ баға деп түсінеміз. Дулатта «Енді қазақ ел бол­мас» деген тіркес бар. Ақын оны заманға сай адамдардың арам пиғылдарына, «қан шыққан жерді қасқырменен аралас жұлмалайтын жа­ман иттей» кертартпа мінез­де­ріне ашын­ғаннан айтты. Оның тү­сі­ні­гін­де елдің екіге жарылуына білік­сіз басшылардың парақорлы­ғының, елге жасаған зорлық-зом­бы­лық­та­ры­ның әсері мол. Екін­ші­ден, Ду­лат өмір сүрген кезең – Ке­не­­­сары Қасым­ұлы бастаған қазақ баһа­дүрлерінің қаймана елдің қамы үшін атқа қон­ған кезі. Бұл уақытта да қазақ ұлық­тарының бір парасы Кене­сары­ны жақтаса, бір пара­сы билігі мен тағын күйттеп орыс әскеріне кө­мектескені белгілі. Ақынды ашын­дырған сатқындар­дың сипа­тын екінші топтан көре­міз. Дулат Бабатайұлы – ұлт ақы­ны. Биыл 220 жылдық ме­рей­тойын атап жатқан тұста солай деуі­мізге толық негіз бар. Оның ар­­­­­маны мен мұраты қазақ ұлты­ның елдігі мен бірлігі болды. Шы­ғар­маларының көркемдігі тұр­ғы­сынан салыстырсақ, өз заман­дас­тарынан мойыны озық тұрады. Өзі өмір сүрген заманның шындығын терең оймен көркемдеп жеткізе алған ақынның ғана туындылары өміршең болмақ. Бұл тұрғыда ұлы абыздың көркем туындыларының қазақ әдебиетінде алатын орны мәң­гілік. Осы уақытқа дейін Дулат­тың мерейтойларын туған ауданы Аягөзде ғана тойлап келді. Ақын­ның алда 225 жылдық мерей­тойы келе жатыр. Соны бүкіл республика болып кең көлемде атап өтетін тұл­ғалардың тізіміне қосса құба-құп болар еді. Ақынның 220 жылдық мерей­тойына орай, 26 мамыр күні сағат 11.00-де Л.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінде «Поэ­зиядағы Дулат Бабатайұлы дәстүрі жә­не ұлттық тұтастық идеясы» ха­лықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары