1102
Баян-Өлгей – бақ мекен...
Баян-Өлгей – бақ мекен...
Жуықта Моңғолия еліндегі қазақтар ең көп шоғырланған Баян-Өлгей аймағының Қызылқайың ауылына қарайтын Көкмойнақ елді мекенінде Көкмойнақ орта мектебінің директоры Салтанат Кеңшілікұлынан ұсыныс хат келген. Аталмыш хатта бастауыш сыныпта өзім оқыған Көкмойнақ мектебінен менің атыма оқу залын ашпақ ниетін жеткізіпті. Мектеп ұжымы қолдап, кеңестің шешімі солай қабылдаса керек. Сонымен, ойланып, ақылдасып, келіскенбіз. Үш-Ойғыр өлкесіне жататын Көкмойнақ – менің туған ауылым, екінші жағы кабинеттің ашылуына қатысу, үшіншіден халықтың ықыласынан үлкен емеспіз, оған туған өлкені сағынған сағыныш бар...
Мамырдың 18-і күні таңертең жеке көлігімізбен жолға шығып кеттік. Нұр-Сұлтан қаласы мен Өлгей қаласының арасы 1 900 шақырым. Арада төрт шекарадан өтесіз. Шекараның өзіндік азабы бар. Бірнеше қапшық кітап пен сөмкелерді шекара сайын түсіріп, тексертіп қайта тиеу оңай шаруа емес. Шарбақты шекарасына дейін Сарыарқаның сары даласын басып отырып 550 шақырымдай жол жүріп, Құлынды бекеті арқылы Ресейдің жеріне өтесің. Горно-Алтай өлкесінің орталығы саналатын Барнаул қаласына дейін осы жазық дала созылып жатыр. Барнаул – атақты Обь дариясының жағасында орналасқан үлкен қалалардың бірі. Обь дариясының енінің өзі 2 шақырымға жуық. Рейн, Иль, Ертіс өзендеріне қарағанда Обтың арнасы кең, ауқымды. Дария мен өзеннің айырмашылығын осындай сәттерде сезінесің. Барнаул қаласынан өте жердің бедері өзгеріп сала береді. Ары қарай жасыл алқап, жыныс ормандар, қыраттар, таулар басталады. Таулы Алтайдың биіктеріне өрлей бересің. Жан-жағын биік орманды таулар көмкерген, сайларды өрлеп отырасың. Тауды қиып салған заманауи жолдың сапасы жақсы-ақ. Тау етегімен өрлеп отырғанда сайды құлдилап қарама-қарсы Қатын өзені сарқырап жатады. Жан-жағын Алтайдың биік таулары көмкерген Алтайдың сайында бір күн жүресің. Қазақтар көп шоғырланған Қош-Ағаш ауданына жақындағанда жалаңаш таулар көрініп, ағаштар сирейді. Солай, орманды тау, ағаштармен қоштасып, Қош-Ағаш ауданына жетесің. Ар жағы Ташанты шекара бекеті, Ташантыдан өткен бетте Моңғолия жері басталады. Қызыл үй шекара бекетінен өткен соң Өлгей қаласы алыс емес.
Баян-Өлгей – айналасын биік таулар қоршаған Қобда өзенінің жағасындағы қала. Қазір қаланың ауқымы кеңейген, қоныстанушылар көп. Баяғыда ең биік үйлер 5 қабаттан аспаушы еді, қазір 10 қабатты зәулім үйлер, мейрамхана, бизнес орталықтары көбейген. Осыған қарап-ақ Өлгей қаласының жыл сайын даму қарқыны өсіп бара жатқанын байқайсың. Баян-Өлгей аймағы – қазақтар қоныстанған 12 ауылдың орталығы. Әр ауылда қаншама бөлімше бар. Жалпы, Қобда бетінде шамамен 150 мыңнан астам қазақ өмір сүріп жатса керек. Қобда бетін мекен еткен қазақтардың негізгі тіршілігі – мал шаруашылығы. Қаладағы қазақтар мемлекеттік, бюджеттік қызметкерлер мен бизнесмендер. Осыдан бірнеше жылдың алдындағымен салыстырып қарасам, халықтың әлеуметтік жағдайы әлдеқайда жақсарғаны көрініп тұр. Мемлекет те бар жағдайды жасап отыр екен. Төрт баласы бар ана 50 жасында зейнетке шықса, әйелдердің жалпы зейнетке шығу жасы 55 жас көрінеді. Мемлекет кез келген отбасындағы бір балаға біздің ақшамен есептегенде 10 000-нан астам теңге төлеп отыратыны бізді қуантты. Тағы бір таңғалдырғаны, малшылардың зейнетке шығу жасы 55 жас. Капиталистік қоғамда барлық мал жекеменшік есебінде, соған қарамай малшылар 55 жасқа толса зейнеткер аталмақ. Бір байқағаным, ол жақтағы 55-тен асқан кез келген адам зейнетке шығып, еркін өмір кешіп жатыр екен. Қырдағы малшылардың жағдайы өте жоғары. Бұрын тоқал там үйлер көбірек еді, қазір зәулім, төбесін шатырлап, 5-6 бөлмелі үй салмаған қазақ жоқ. Өріс тола мал, бағасы да арзан емес. Бір ғана кемшілігі – оқыған жастарға жұмыстың аздығы. Қазақ еліне осы жастарды көбірек тарту керек секілді, орнығып қалған үлкендердің көшуге ниетін байқамадым.
Рухани шараға барған біз Өлгейде бірнеше күн аялдап Көкмойнақ ауылына тарттық. Мамырдың 23-і күні Ербол Бейілхан атындағы балаларды дамыту орталығы" оқу залы ашылды. Көкмойнаққа жеткен бізді шашу шашып, ақ ұсынып қарсы алған мектеп ұжымы, залдың ашылу рәсімінен кейін ауыл өнерпаздарының концертімен, ақынның өлеңдерін оқыған жастармен қарсы алды. Шара үш сағатқа созылып, сый-сияпат көрсетті. Біз өз тарапымыздан оқу залына сыйлықтар мен соңғы жылдары жарық көрген ақын-жазушылардың 160 дана кітабын сыйға тарттық. Жастармен рухани кездесу өткіздік. Кештің соңы ағайындардың ақ дастарқан тойына ұласты.
Кештің ертеңі туған жерді аралап, ағайындарды мейіріміне шомылдық. Ойғырдан құлдилағанда Соғақ атты елді мекен бар. Бұл да біздің үлкен бір ауылымыз. Жолда Соғақ орта мектебінің өтінішімен ұстаздар мен оқушылармен рухани кездесу өткіздік. Соғақтық жастар бізді сұрақтың астына алса, ел шапан жауып, құрмет көрсетті. Өлгейге жете бере Ақтан Бабиұлы атындағы орталық кітапханада кездесу жоспарланған болатын. Бұл кездесуге де өлгейлік зиялы қауым, ақындар мен оқырмандар көп жиналды. Кітапхана ұжымына өз кітаптарымды тарту еттім. Өлгейдегі қазақ руханиятының жаршысы саналатын Қазақ радиосы сұхбатқа шақырып, рухани әңгіме өрбіттік. Атамекен десе елеңдеп, тілеулес болып, құлағын түріп отыратын Өлгейдегі қазақтар сәт сапар тілеп бізді шығарып салды. Он күнге созылған қысқа сапарымызда мейірім мен ниетке шомылып, ақжарма ағайынның көңіліне разы болып, елордаға тартып кеттік.
Ербол Бейілхан, ақын