Тартымды туынды

Тартымды туынды

Тартымды туынды
ашық дереккөзі
786
Белгілі жазушы, танымал қонаевтанушы Ораз Қауғабайдың «Таңғажайып Қонаев» кітабы алғаш 2008 жылы «Қазығұрт» баспасынан жарық көрді. Оқырмандар сұранысы бойынша 2014 жылы тағы жарыққа шықты. Осы жылы Қонаев университеті роман-эссені ҚР Мемлекеттік сыйлығына ұсынды. Өйткені кітап жөнінде белгілі ғалымдар, жазушылар шығарманың құндылығы туралы жиі айтатын. Жазушылар Одағының бір жылдық есеп беру қорытынды жылында кітапқа айырықша баға берілді. Биыл Қонаевтың 110 жылдық мерейтойы қарсаңында Ғылым Академиясының Әдебиет институтында өткен мәслихатта белгілі ғалым-зерттеушілер Гүлжиһан Орда, Нұрдәулет Ақыш және қаламгер Қуандық Түменбайлар шығарманы қазақ әдебиетіне қосылған құнды дүние деп бағалады. Кітапта Димекеңнің ата бабаларынан бастап, ұлы тұлғаның балалық шағы, студенттік өмірі, қызмет жолы, сіңірген еңбегі жайында жақсы баяндалады. Оқырман кемеңгердің жұрт біле бермейтін көрегендік, данышпандық, кісілік және қарапайымдылық қасиеттері жөнінде қанығады. Бекзаттық, парасаттылық болмысы ашылады. Қонаев бойында Әл-Фараби даналығында айтылатын он екі қасиеттің барлығы бар екені дәлелденеді. Отыз бес тараудан тұратын кітап туралы толық қамтып айту мүмкін емес. Мысалы, «Кемеңгердің кітапханасы» атты тарауда Қонаев үйінде Құран кітабының қалай сақталғаны айтылады. Ал, «Екінші Меккедегі мінажат» атты тарауда Димекеңнің Түркістанды қалай түрлендіріп, рухани ордаға айналдырудың тылсым тұңғиғы меңзеледі. «Құрлықтарда Қонаев рухы» атты тарау оның шет мемлекеттерге сапарлары жөнінде баяндайды. Бұл ретте шетелге кеңес делегациясын бірнеше рет бастап барған Димекеңнің ол елдердегі өзін-өзі ұстауына, көрнекті тұлға ретіндегі қасиеттеріне, зиялы адамға тән тартымды бейнесіне сол елдер жұртшылығының ілтипатпен қарайтыныНА, елден жырақта, Үндістан елінде жүргенде атақты компазитор Шәмші Қалдаяқовтың әнін естіп тебренгені, кейін елге келген соң әншінің өзімен жолығып, оған қамқорлық жасағаны жан-жақты сөз болады. Бұрын айтылмаған Қонай батыр әулеті жөнінде оқырман Димекең ата бабалары туралы осы кітаптан біледі. Академик, техника ғылымдарының докторы Қонаевтың Қытай сапары жөнінде тарихшылардың өзі біле бермейді. Автор Димекеңнің «Қытай халық республикасында өткен отыз күн» атты жолсапары кітабы бойынша ой толғап, аталған шығарма туралы қызықты деректер келтіреді. Кітапта Әз Тәуке хан тұсында Албан елінде би болған Әлмерек абыздың басына бала кезінде келіп, бұлағынан су ішкен Димаштың жастық шағындағы бір оқиға оқырманды қатты қызықтырады. «Селдегі кемеңгердің келбеті» атты тарауда 1973 жылғы Медеудегі тасқын кезінде Қонаевтың жанқиярлық ерлігі, Алматыдай ару қалаға сел қаупі төнген тұста жанын шүберекке түйіп, күндіз-түні шатқал ішінде жүріп, іс барысын өз қолынан өткізіп, жіті қадағалағаны, осындай ерен еңбектің арқасында қауіптің беті қайтқаны ерекше суреттеледі. Димекең дәуірі өнер мен әдебиеттің алтын ғасыры болды. Кітапта ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, сазгер Шәмші Қалдаяқов, Шәміл Әбілтаев сияқты белгілі қаламгер, өнер жұлдыздарымен Димекеңнің қарым-қатынасы ерекше еске алынады. Аталған кітапты сұраушылар өте көп. Алматыдағы Қонаев музейіне кітап сұрап қоңырау шалушы оқырмандар жетіп артылады. Музейдің бұрынғы директоры Болысбек Батталханов бұл жайында ағынан жарылып айтады. Ал, қаладағы төртінші кітапханадағы және Алтынсарин көшесіндегі Жазушылар кітапханасындағы «Таңғажайып Қонаев» әлдеқашан қолды болған. Қонаев фанаттары осындай қадамға барған. Осы екі кітапхананың директорлары ҚР Мәдениет және Спорт министрі Д. Абаевқа кітапқа деген оқырман сұранысын айтып, арнайы хат жолдады. Онда кітапқұмарлардың тілек-өтініштері бойынша аталған шығарманы Қонаев мерейтойы жылында Мемлекеттік өтінім бойынша бір баспадан тез арада шығарудың қажеттілігі айтылған. Белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет Қапшағай қаласына Қонаевтың есімін беру салтанатты жиынында автор кітабындағы «Кемеңгердің он екі қасиетінен» мысалдар келтіріп, сөз сөйледі. «Таңғажайып Қонаев» атты кітаптың баспаға ұсынылған, толықтырылған нұсқасында оқырманды баурап, ойландыратын жаңа тараулар бар. Олай болса, Мәдениет министрлігі қолдап, кітаптың жолы болып, тез арада жарыққа шығуын қалаймыз.

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,

филология ғылымдарының кандидаты.

Серіктес жаңалықтары