Ағайынға ағайын қосылса – құт

Ағайынға ағайын қосылса – құт

Ағайынға ағайын қосылса – құт
ашық дереккөзі
454

Тәуелсіздік – тәтті ұғым, киелі сөз. Бодандық бұғауынан шығып, бақытты сәтке қол жеткізу көптің тағатсыздана күткен арманы. Әсіресе, алыстағы ағайын егемендіктің туы желбіреген қасиетті күнді ұзақ аңсады. Олар қай қиырда болмасын, елдегі жаңалыққа құлағы түрік жүрді. Себебі қандастардың бар аңсары – тарихи Отанына оралып, ағайынмен қауышу еді. 

Шынында да, Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағанда, ақжолтай жаңалықты естіген алыстағы ағайын қалай қабылдады? Қандай сезімді бастан өткерді? Қандай көңіл-күйде болды? Біз қазақ елі Тәуелсіздігін алған жылдары құстай ұшып, атажұртына оралған, бүгінде мемлекетіміздің тарихи, мәдени дамуына қомақты үлес қосып жүрген азаматтардың пікірін білген едік.

  Нәбижан МҰХАМЕТХАНҰЛЫ, тарих ғылымының докторы, профессор:

«Шетелдегі этникалық қазақтардың тағдыры өзгерді»

– Қазақстанның Тәуелсіздігін  жа­рия­лаған кезде шетелдегі қазақ­тар бұл жаңалықты «Азаттық» радиосынан естіген еді. Шетелдегі қандастардың қуанышында шек болмады. Бөркін аспанға атты. Ол кезде Шыңжандағы Қоғамдық ғылымдар академиясының Орталық Азия зерттеу институты директорының орынбасары болдым. Біз Кеңес Одағы ыдырап бара жатқандығын бақылап отырдық. «Қазақстан тәуелсіздігін алады, ал біз тәуелсіз елімізге қызмет етуіміз керек» дегенді миға сіңірдік. Тәуелсіздік жарияланған күні бүкіл жастар жиналып, бір-бірін құттықтады. Бәрі де Тәуелсіздіктің құдіреті шығар, 1992 жылы қараша айында Алматыға келдім. Ол кезде Қазақстанға келудің бірден-бір жолы – білім алу. Ұлттық ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтына академик Манаш Қозыбаевтың докторанты ретінде құжат дайындап, 1993 жылдың көктемінде біржола келдім. Мінеки, содан бері Қазақстанның дамуына, басынан өткізген қиындықтары мен жетістіктеріне куә болып келеміз. Құдайға шүкір, Қазақстан 25 жылда белгілі орны бар, қалыптасқан, аймаққа ықпалы жоғары мемлекетке айналды. Қазақстанның тәуелсіздігі жалпы қазақ халқының тағдырының өзгергендігін көрсетеді. Ұлттың, шетелдегі этникалық қазақтардың тағдыры өзгерді десе болады. Себебі олардың келетін мемлекеті, арқа сүйейтін елі бар. Олар Отанға оралсын, оралмасын, Қазақстанның тілеуін тілеп, дамуына үлес қосқысы келеді. Бүгінде алыстағы ағайын шетелде жүрсе де, экономикалық, мәдени, дипломатиялық, халықаралық қатынастарда дәнекерлігі маңызды. Қазіргі Қазақстанның барша жетістіктері оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі-сыртқы салиқалы саясатының нәтижесі десек, Арқа төсінде жаңа Астананың бой көтеруі және шет елдердегі этностық қазақтардың Отанға оралуы – Елбасының көрегендігінің әрі туған халқына мейірбан қамқорлығының көрінісі деп білеміз. Елбасының тікелей бастамасымен дүниеге келген елорда тәуелсіз елдің жаңа тарихи дамуының һәм салтанат құруының символы болып табылады. Тарихи даму деген абстрактылы ұғым емес, оның нақты формациясы мен мазмұны бар. Соның бір мысалы ретінде еліміздегі «оралман» ұғымын айтуға болады. Ол – Қазақстанның тәуелсіздігімен біте қайнасып, бірге пайда болған заңды құбылыс. Қазақ халқының құрамдас бөліктерінің үштен бірі көршілес ұлы елдердің аумақтарында үлкен арнадан ажырап қалуы және әлемнің көптеген елдеріне тарыдай шашырап кетуі кезіндегі саяси және әлеуметтік себептердің салдары еді. Сондықтан, олардың тарихи Ота­ны – тәуелсіз Қазақстанға қайта оралуы заңдылық. Қазақстан өз тәуелсіздігін жария­ла­ған кезде төрткүл дүниедегі қазақ­тар­дың шаттығында шек болған жоқ. Олар енді ұлтымыздың бірегейленіп дамитын дәуірі келді деп қуанды. Әлем қазақтарының бұл сенімі ақталды, Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап, отаршылық заманда «отырған жерімен бірге» өзге елге бодан болған немесе отбасы ойрандалып, жат елге жан сау­ғалап кеткен халықтың басын қосып, ұлтты қайта біртұтас етіп ұйытып, ұйыс­тыру үдерісін бастады. Нәтижесінде көптеген қандасымыз атамекенге атбасын бұрып, байтақ елдің тұрғындарын үстеді. Бұл, біле білсек, баға жетпес байлық. Өйткені ол Отанға қосылған адам ресурстары ғана емес, сонымен қатар, елімізге құйылып жатқан мәдени, рухани, ғылыми-техникалық және экономикалық байлық бұлақтары болып табылады. Ал әлемдегі этностық қазақтар өз­дерін қазақ ұлтының құрамдас бөлігіміз, Қазақстан – жалпы қазақ халқының қара шаңырағы немесе бірден-бір тәуелсіз мемлекеті деген таныммен өздерін Қазақстанға борышты санайды. Мұндай біртұтастық идеясы бұрын-соңды қазақта болған емес. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, Елбасының оралмандар тұрғысындағы саясатын желбірете биік ұстап, сондай-ақ, оны дәйекті түрде жалғастыруға, дамытуға және жоғары сапаға көтеруге тиіспіз. Сонда ғана Қазақстанның болашақ дамуы мен тәуелсіздік қауіпсіздігін ойдағыдай қамтамасыз етуге болады. Арыстан қажы ШӘДЕТҰЛЫ, «Қара жорға» биін халыққа танытушы:

«Елбасына берген уәдемді орындадым»

– 1937 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесінде дүниеге келдім. Дүрбелең жылдардың салқыны Шыңжаң қазақтарына да тиіп, ондағы ел алашапқын бүлініп жатқан жылдар еді бұл. Алтайдан ауған елдің басы Қытайдың ішкі өлкелері Баркөл, Нори, Құмылды мекендеп үлгерген. Алтайда гоминдандарға қарсы ұлт-азаттық көтерілістердің оқтын-оқтын бой көтеріп, қытай басқыншылары тарапынан аяусыз жаншылып тұрғаны да осы кез. Осындай ұлт-азаттық көтеріліс қолбасшыларының бірі – Зуқа қажы Сәбитұлының да гоминдандар басын алып, Қара көпірге іледі. Сол кезде Зуқа батырдың ұлы Сұлтаншәріп тайжі өз ауы­лын көтеріп, Тибетті бетке алған екен. Алтайдан ауған елдің қайда барып паналайтыны белгісіз, әйтеуір, беталды боса берді. Сол шақта Тибеттің Гансу, Шынхай өлкелерін басып, Гималайдың бурыл шыңдарымен жағаласып босқан ел Үндістанға келіп паналады. Жол бойғы аштық, қуғын-сүргін, әрі ыс атты табиғат ауруына ұшыраған босқын елдің бірталайы қырылды. Алғаш Алтайдан шыққанда 18 мыңға жуық ел Үндістанға жеткенде едәуір сиреп қалған еді. Олар қуғыншылардың оғынан, жол азабы, ашаршылықтан, табиғат апатынан көз жұмған. Оның үстіне аналар алты жыл бойы құрсақ көтермей халықтың саны небәрі 1500-дей ғана қалады. Әйтеуір, азып-тозған елдің мұң-мұқтажын түсінген бауырлас Түркия оларды өз қарамағына алып, жер беріп, салықтан құтқарып, сіңісіп кетуіне үлкен жағдай жасайды. Түркияға келгенде небәрі он үш жаста едім. Ортаға тез бейімделдім.  Тұрмыс тауқыметі мұнда қонған қандастарымызды айналып өтті десек, қателесерміз. Өйткені Түркияда да жағдай онша емес еді. Дегенмен, бауырлас түріктер елі арып-ашқан қандастарына құшағын жайды. Оларды бес жыл бойына салықтан құтқарды. Арнайы бір ауылға қоныстандырып, бейімделіп кетуіне жағдай жасады. Жылдар соңынан жыл, айлар соңынан ай өтті. Нарық талаптарына шыңдалып өскен соң, Германияға сапар шектім. Осында пошта қызметкері болып, 38 жыл табан аудармай қызмет атқардым. Ұл сүйіп, немере көрдім. Мынау пәни жалғанның адам атаулыға бұйырар бақытына кенелдім. Бірақ көңілім елге алаңдап жүрді. Күндіз-түні ойымнан, түсімнен атажұртым шықпайтын. 1991 жылы Қазақстан азат ел болды дегенді естігенде бөркін аспанға атқан аз ғана қазақтың ішінде болдым. Сәті түссе, қайтуға да қамдандым. 1993 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Лондонға тұңғыш келгенде сәлем беруге асығып, Берлиннен жеттім. Елбасымыз келеді екен дегенді екі апта бұрын естідік. Біраз адам жолға дайындалдық. Лондонға екі күн бұрын келіп, жолын тостық. Алғашқы күні маңайлай алмадық. Келесі күні тобымыздың ең үлкені мен, жас жағынан маған қарайлас тағы бір кісіні ертіп алдым. Ойымыз қалай да Нұрекеңе жолығу. Қақ жарылып, оны тосып тұрған топтың арасына сыналай ендік. Бір кезде маңдайы жарқырап Нұрекең көрінді. Жанымызға жақындай бергенде алға шықтым да, «Ассалаумағалейкум» деп қолынан ұстай алдым. Нұрекең тоқтай қалып, сәлемімді алып, жөн сұрады. Содан бір апта бойы қасында болдым. Елге қайтатын күні тобымызбен түгел шығарып салдық. Қоштасарда жылап жібердім. «Жылап қалғанша, қасыма еріп жүр, елді көресің», – деді. Мен әзірге мүмкін еместігін айттым. «Онда жылама, амандық болса әлі талай кездесерміз. Зейнетке шыққан соң, елге қайт», – деді. Бұл сөз маған бұйрықтай сезілді. «Құп, тақсыр!» – деппін. Сол уәде бойынша 1995 жылы атамекенге біржола оралдым. Германияның бес қаласында қазақтар тұрды. Берлинде 38 жыл тұрдым. Халықаралық пош­тада қызмет істеп, зейнетке шықтым. Қазір Берлинде 37 отбасы, ал Германияда барлығы 180 отбасы бар. Менен басқа көшіп келген ешкім жоқ. Бір айтарым, елде жоқ өнерді бүкіл Қазақстан жұртына паш еттім десем артық емес. Кәдімгі қазақтың ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан «Қаражорға» буын биін әкелдім. «Қаражорға» биі кейінгі ұрпақ ұмытуға айналған, Алтай қазақтарында күні бүгінге дейін сақталған көнекөз мұраларымыздың бірі. Бұрын жиын-тойда қыз-бозбалалар буын биін билеу арқылы, бір-біріне деген ынтық сезімін де таныта алатын.   Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор:

«Біз өгей бала сияқты болдық»

– Шетелде туып-өскеніммен, КСРО-ның құрамында Атажұртым, Отаным бар екенін бала күнімнен біліп есейдім. Себебі әке-шешемнің  бірге туған аға-бауырлары, әпке-қарындастары 1956 жылы кеңестік Қазақстанға көшіп кетіпті де, белгілі себептермен менің ата-анам көше алмай қалыпты. Қытайдағы «мәдени төңкеріс»  жылдарында Қазақстанның радиосын тыңдау ауыр қылмыс болып саналатын. Соған қарамастан әкеміз бен анамыз естияр ағамды немесе әпкемді қақпа жаққа «күзетке» тұрғызып қойып, өздері ұрланып «Шалқар» радиосын тыңдайтын. Ондағы мақсаттары – радиодан бауыр-туғандарының аты шығып қала ма деген үміт еді.  Содан не керек, радионы әрі тыңдап, бері тыңдап көздеріне жас алатын. Бұл Атажұрттарына деген аңсардың, бауырларына деген сарытап сағыныштың көз жасы екенін біз кейін түсіндік... 1982 жылы он жылдық мектепті бітіріп, сол жылы мемлекеттік қабыл­дау емтиханында үздік нәтижеге ие болып, Пекиндегі Орталық ұлттар университетінің филология факультетіне  оқуға қабылдандым. Ол оқу орнында негізінен Қытайдағы қазақ, ұйғыр, моңғол, тибет, корей  секілді  жүйелі тіл-жазуы бар, жан саны біршама қомақты халықтардың жастары  оқитын. Оңтүстік Кореяның, Корей Халық Демократиялық Республикасының, Моңғолияның, Үндістанның елшіліктері қытайлық моңғол, корей, тибет жастарын әр түрлі іс-шараларына жиі шақырып тұратын немесе іздеп келіп, қал сұрасатын. Содан ба, университет басшылығы да оларға өте жылы. Құрметпен  қарайтын. Ал біз болсақ, ешкімге керегі жоқ, өгей бала сияқтымыз.  Орыс отарындағы Қазақстан туралы бұрыннан хабарымыз  бар, оған келіп мынадай  көңіл-күй қосылды. Сөйтіп біз Отанымыздың – Қазақстанның азат болуын іштей  армандай бастадық. 1987 жылы Пекиндегі оқуды аяқтап, жолдамамен Үрімжі қаласындағы ШҰАР қоғамдық ғылымдар академиясының әдебиет институтына ғылыми қызметкер болып жұмысқа қабылдандым. Үрімжіге келгенімнің ең бір пайдасы, «Азаттық» радиосының қазақ тіліндегі хабарларын бұл қалада радиоқабылдағыш түнге қарай емін-еркін, тап-таза ұстайды екен. Күндіз де тыңдауға болады, бірақ сапасы онша мәз емес. Академияға жұмысқа қабылданып, Үрімжі қаласының тұрғыны болғаннан кейінгі тұңғыш сатып алған дүние-мүлкім  «Жаһан» (хуаньчю) маркалы радиоқабылдағыш болды.  Күндіз академияның жұмысы, кешкі шаруа «Азаттық» радиосын тыңдау. Кеңес Одағын әзірге «аман тұр» демесең, кетеуі кете бастағанын аңғару  қиын емес еді. Әйгілі 1991 жыл. КСРО қожырай  бастады. Германияның Мюнхен қаласынан сөйлейтін «Азаттық»  радиосынан өзге Қазақстанға қатысты тұщымды әрі жылдам ақпарат алатын еш бір көз жоқ. Күндіз-түні  «Азаттыққа» құлақ төсеп, күндіз-түні Алладан Алаш жұртының азаттығын сұраймыз... Шыдам  таусыла бастады. Сумаңдаған сан түрлі өсек-аяң одан сайын сабырымызды  тауысып, жүйкемізді жұқартып бітті. Жыл аяқталып келеді. Енді қашан?! Біздің қазақтарға не болды?! Тыпыршып жер тепкілейміз.  Бір күні әдеттегідей «Азаттық»  радио­сына құлақ төсеп отыр едім, беріліп тұрған хабар аяқталмай ортан белінен үзілді де: «Алты Алаш! Алты Алаш! Ақсарбас! Ақсарбас! Сүйінші, Алаш жұрты! Сүйінші, қазақ баласы! Қазақстан тәуелсіздігін жариялады!» деп әрі қарай хабарды оқи алмай, әлгі дауыс өксік атып, жылап жіберді. Таныс дауыс! Марқұм Хасан Оралтай ағамыздың дауысы. Ол кісі «кешіріңіздер!» деп сөзін қайта жалғады. Әрі қарай не айтқаны есімде жоқ. Себебі  жаңағы сөзден кейін мен ес-ақылымнан  адасып қалдым десем де болады.  Күлемін. Жылаймын. Қайтадан күлемін. Қайтадан жылаймын... Төрге шалқамнан құлай кетіп домалаймын, қарғып тұрып секіремін. Ысқырамын. Айғайлаймын. Егер сол кезде қасымда біреу қарап тұрса, мені жынданды деп ойлаған болар еді... Бірақ есімді тез жиып, достарыма  тартып кеттім. Қаланың о жақ, бұ жағындағы достар жиналдық. Кешке қарай  қала шетіндегі бір жолдас жігіттің үйінде тойладық.  Сонда отырған бәріміз «Ертеңнен бастап төсек-орнымызды буып, Қазақстанға кетудің қамына кірісеміз. Паспорт жасата алмасақ, шекараны  бұзып қашып өтеміз» деген уәжге тоқтадық. Ал енді «қандастардың көңіл-күйі қалай болды?» деген мәселеге келсек, Қытайдағы «мәдени  төңкеріс» жылдарында  «аузы күйіп» қалған үлкендер жағы  іштей қуанып тұрса да, онысын сыртқа білдірмеуге тырысты. Алайда олардың бет-бейнесінен, жүз-шырайларынан  іштеріндегі шексіз қуанышты, буырқана тулаған бақыт сезімін аңғару қиын емес еді. Ал  жастар жағы  алақайлап бөріктерін аспанға атып, естері кете қуанды. Кейін естідік, Үрімжідегі жоғары оқу орындарында оқып жатқан қазақ жастарының біразы Қазақстанның Тәуелсіздік жариялағанын тойлағаны үшін оқудан шығарылыпты. Тағы  біраз жастар  Бақты, Зайсан жақтан шекараны бұзып, Қазақстанға қашып өтпек болған жерлерінде қолға түсіп, 6-7 жылға сотталып кетті. Біздің ауылда маған нағашы  болып келетін Кемел деген шопан ағамыз болушы еді. Сол кісі күнде атына мініп, былғары қапты радиоқабылдағышын қанжығасына байлап алып, қой жайып жүреді. «Азаттық» радиосынан манағы мен тыңдаған ақпаратты ести сала, астындағы атына қамшыны басып-басып жіберіп, үйіне қарай тұра шабады. Жол-жөнекей кезігіп:  «Кемеке, жайшылық па?» деп сұрағандарға, «Аман болыңдар! Мен Қазақстанға  кетем!» деп өте шығады. Үйіне кірген бетте: «Кемпір, үйді жина! Мен малдарды сатып келейін. Бүрсікүні Қазақстанға көшеміз», – деп дікілдейді. «Не боп қалды? Қазақстанға көшкені несі?» деп әйелі аң-таң. Сонда күйіп кеткен Кемекең: «Әй, надандық дегенді қойсаңшы! Тым болмағанда бір уақ радио тыңда деп, саған қанша айтам?!  Қазақстан азат болды! Кеттік! Жинал!», – деп күйінген екен. Кемекеңнің бұл қылығы сол кезде біздің  аудан өңіріндегі  ең бір «хит әңгіме» болып жүрді.  

Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ,  Халық­ара­лық Түрік академиясының ғы­лыми қызметкері, фольклор­та­нушы-ғалым:

«Тәуелсіз болу – бүтін  болу»

– Моңғолия қазақ­тары Тәуел­сіз­дікті сағына күтіп жүрген. Ол кездің өзінде бізге Қазақстанда шығатын газет-журналдар апта сайын жетіп тұратын. Яғни, Моңғолия қазақтары мен Қазақстанның қазақтары арасында рухани қарым-қатынас, байланыс бекем. Тәуелсіздікке біртабан жақын қалған уақытта еліміздің белді газеттерін басқарған ел ағалары талай дүниені ашып жазды. Мәселен, «Қазақ әдебиетінде» Оралхан Бөкей, «Егемен Қазақстан» газетінде Шерхан Мұртаза, «Жұлдыз» журналында Мұхтар Мағауин отырды. Олар әртүрлі тұспалмен Горбачевтің саясатын  әшкерелеген мақалалар легін жариялады. Соны сылтау етіп, ұлтты оятатын дүниелер шығарды. Міне, осының бәріне шетелдегі қазақтар сырттай тілекші болды. Біз ғасырлар тоғысында қолымыздан айрылып қалған тәуелсіздік  қайта оралады деп қуандық. Бір дүниені еске салғым келе­ді. Мысалы, Оралхан Бөкейдің әңгі­ме­сіндегі бір кейіпкер: «Қазақ пен мальта қашан БҰҰ-ның төрінде отырады екен» дейді. Көрдіңіз бе, бұл ой Кеңес Одағында айтылды. Соны оқыған біз: «Шіркін-ай, осы күнге жетсек қой...» деп іштей тіледік. Себебі ол уақытта біз де тәуелсіз моңғол республикасында өмір сүрдік. Қазақстан да сондай мемлекет болса екен деп армандадық. Көріпкел ақсақалдар болашақта үш түтіннің басы қосылады дегенді көп айтты. Сөйтіп жүргенде Горбачев сәуір пленумын өткізіп, қайта құру саясатын енгізетінін жариялады. Сең қозғалды. Балтық жағалауы елдері  Эстония, Латвия мемлекеттері ерте оянып, Кеңес Одағынан шығу жөнінде шешім шығарды. Осылайша, алып империяның құлайтыны әбден түсінікті болды. Өзім 1990 жылы елге келдім. Сол кезде Иманғали Тасмағамбетов комсомолдың бастығы еді. Ол шетелдегі өнерлі, білімді студенттерді елге шақыру бастамасының басы-қасында жүрді. Бірде Моңғолия Жастар одағының басшысы Иманғали Тасмағамбетовпен шетелде кезігіп қалады. Сонда Иманғали Нұрғалиұлы: «Моңғолиядағы қазақ жастарын шақырамыз, елге келіп демалып кетсін» депті. Осындай құрметті шақырту алған бір топ жас, «Толқын» атты  ансамбльдің мүшелері Алматыға келдік.  Сонда Оралхан Бөкей, Сайын Мұратбеков ағаларға, шетелдегі қазақтарды шақыру мақсатында «Атамекен» одағын құру үшін Әкім Таразиге жолықтым. Әңгіме барысында Оралхан Бөкей: «Тәуелсіздік елімізге келеді. Оны Нұрсұлтан Әбішұлы қорғап, алып шығады» дегені есте. «Сендер әртүрлі қилы жағдайда шетел асып кеткен ұрпақсыңдар. Ал қасиетті тәуелсіздік таңы ататын күн жақындап қалды. Сондықтан сендер қарап жатпаңдар, «Алма піс, аузыма түс» демеңдер. Тура аттандап көшіп келіп, Тәуелсіздікті бізбен бірге қарсы алыңдар! Жеңіс туын бірге желбіретейік!», – деді. Міне, ағалардың сәлемдемесін арғы бетке жеткіздік. Сол кезде Моңғолия премьер-министрінің орынбасары Зардыхан Қинаятұлы еді. Ол: «Қазақстан тәуелсіздігін алсын деп Алладан жатпай-тұрмай тілеңдер! Өздерің білімді болыңдар! Тәуелсіз елімізге білімді азаматтар керек», – деді. Көп ұзамай Қазақстан тәуелсіздігін алды. Тәуелсіз болу – бүтін  болу, тәуелсіз болмау – жетім болу деген сөз. Кезінде Тува деген республика 1923 жылы тәуелсіздігін жариялап, 1944 жылы Кеңестер Одағына қайта қосылды. Бұл деген тәуелсіздігінен айрылғаны емес пе?! Бодандықтың салдарынан орыстанған елдің тілі қазір мүшкіл халде. «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл». Сен шетелде жүрсең, жүрегің қапаста жүреді. Неге? Себебі өз еліңнің емес, басқа елдің туын көтересің. Ал бүгін Тәуелсіз елдің көк байрағы дүниежүзі қазақтарына ортақ. Олар шетелде жүрсе де өз елі бар, өз иесі бар. Тәуелсіздік алған соң елге ағылған ұлы көш басталды. Біз бөлінбеуіміз керек. Біртұтас ел, біртұтас халық ретінде қазақтың көк туын желбірету міндетіміз. Себебі қазақтың мейірбандық, дарқандық, жомарттық қасиеті еліміздің тәуелсіздігін нығайта түседі.

Уатқан СӘЙПІЛҰЛЫ, жапонтанушы:

«Достарыма дастарқан жайып, қонақ қылдым»

– 1958 жылы Қытайдың Мори Қазақ автономиялы ауданында өмірге келдім. Жапонияға Қытайдағы қазақтар арасынан алғаш барып, медицина ғылымдарының докторы атағын қорғаған азамат ретінде Жапонияның Тей Кио университетінде он жылдай дәріс бердім. Ел тәуелсіздігін алып, Президент алғаш Токиоға барғанда сонда едім. Тәуелсіздіктің жариялануын 30 күн бойы асыға күттім. Бір қызық оқиға болды. Кеңес Одағы тарай бастағанда қасымда жүрген жапон, ұйғыр достарыма Қазақстан тәуелсіздік алса, сендерге дастарқан жайып, қонақ қыламын деп уәде бердім. Содан жұмысқа ерте келіп, теледидардан жаңалықтар қарайтынмын. Телеарналар КСРО-ның тарап, одақтас елдердің тәуелсіздік алып жатқандығын жар сала айтты. Содан бір күні телеарнадан Кеңес Одағы ыдырады деген хабар айтылды. Құдай-ай, не қуанарыңды, не қорқарыңды білмей қалады екенсің. Неге дейсіз ғой? Ресей, Украина, Белоруссия үшеуі бірігіп одақ құрды да, қалған елдерге өз күндеріңді өздерің көріңдер деді ғой. Бірінші кезекте Балтық жағалауы елдері – Эстония, Латвия, Литва тәуелсіздік алып кетті. Бір кезде Өзбекстан, Қырғызстан тәуелсіздік алды. Содан әлгі ұйғыр достарым телефон соғады: «Әй, қазақ! Елің тәуелсіздік алды ма?», – дейді. Мен: «Ой, тоқтай тұрыңдар. Асықпаңдар. Біздің ел ақылдасып жатқан сияқты», – деп қоямын. Не керек, Қазақстан егемендік жариялады. Қуанышымды айтып жеткізе алмаймын. Достарымды шақырып, дастарқан жайып, қонақ қылдым. Тағы тыныш отырмай: «Жүріңдер, Қазақстанды көріп қайтыңдар. Мен Қытайға қайтпай, Қазақстанға кетем», – дедім. Токиодан бірден Қазақстанға кете салғым келді. Ол кезде Жапонияда Кеңес Одағының елшілігі болды. Консулға бардық. Түріміз де, тіліміз де жапондарға ұқсап кеткен, әңгімелесіп отырмыз. Содан консулға «Қазақстанға барайын деп ем», – дедім. Ол: «Неге?», – деді. Мен: «Тарихи орындарды көріп қайтқым келеді», – дедім. Консул: «Жоқ, сіз Мәскеуге барыңыз», – деді. «Жоқ, Қазақстанға барамын» деп мен қоймаймын. Мен: «Қазақпын! Сондықтан, Қазақстанға барамын», – дедім. Әлгі орысым сұп-сұр болып, өңі шүберектей қуарып кетті. Ол мені жапон екен деп отырса керек. Содан есін жиып, түрі өзгеріп, манағы сыпайы қалпынан айнып, дауысы ызғарланып: «Сен Қазақстанға бара алмайсың! Дүниеде Қазақстан деген егемен ел жоқ. Кеңес Одағы ғана бар», – деді. Содан мен де артыма қайырылғам жоқ, кетіп қалдым. Амалсыз жоспарымызды өзгертіп, Қытайға қайттық. Қытайда университетте жұмыс істеп жүргенімде Қазақстан Ғылым академиясынан Төрегелді Шарманов ағамыз шақырту жіберді. 1995 жылы Қазақстанға тәжірибе алмасу мақсатындағы ғалым ретінде келдім. Содан қайтпай, осында қалдым. Ол уақытта қайдағы ғылым? Ел нан тауып жей алмай қиналып жатқан кез еді. Қытайдан келерде осындай қиындықты, жоқшылықты көретінімді біле тұра келдім. Өкінішім жоқ. Санжар Асфендияров атындағы университетте дәріс бердім. Қиын күндерді, емдеу факультетінде оқитын жастарға тұңғыш қазақ тіліндегі лекцияларыма дайындалып жүріп ұмыттым. Ең алғашқы дәріске, алғаш рет қазақ елінде, қазақ жастарына, қазақ тілінде дәріс оқуға келгендегі тебіреністі сұрамаңыз. Бірақ бір студент қыз орнынан тұра сала: «Ағай, лекцияңыз болмаса бізді жібере салыңызшы», – деді. Әлгі толқып, тебіреніп тұрған жүрек мұздай болып табаныма түсті… Ал Токиодан Қытайға келе салғанымда Шинжаңда медицина ғылымдары докторлығын Жапониядан алған алғашқы қазақ едім. Содан университеттер студенттерге арнайы дәріс оқуға шақырып тұрды. Үрімжідегі бір университетке дәріс оқуға барғанымда қатты әсерлендім. Жастар залға сыймай қалғандықтан сыртта тұрып лекциямды тыңдады. Дәрістен соң қолтаңба алуға ұмтылған жастардан аяқ алып жүре алмай қалдым. Солардың алдыңғы қатарында Қытайдағы қазақ жастары жүгіріп жүр.

Серіктес жаңалықтары