50702
Бас прокуратура шетелде сотталған отандастарымызға әрдайым көмектеседі
Бас прокуратура шетелде сотталған отандастарымызға әрдайым көмектеседі
Қазақстан басқа елде қылмыс істеп, жауапқа тартылған азаматтарынан бас тартпайды. Себебі мемлекет үшін шетелде жүрген азаматтарды қорғау, қамқорлық көрсету – конституция бойынша жүктелген міндет. Сондықтан еліміз «қылмыс жасады» деп айыпталған, сотталған азаматтарынан бас тартпайды. Шетелде сотталған азаматтардың өз отанында жазасын өтеуіне заңға сәйкес мүмкіндік жасайды. Ал қазіргі кезде Қазақстан қай елдерден сотталған адамдарын қайтара алады? Қытай түрмесінде отырған Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтаруға мүмкіндік бар ма? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу мақсатында ҚР Бас прокуратурасының Халықаралық ынтымақтастық департаментінің Экстрадициялау және халықаралық-құқықтық көмек басқармасының бастығы Дайрабаев Нұрман Нұржанұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Нұрман Нұржанұлы, Бас прокуратураның Халықаралық ынтымақтастық департаментінің Экстрадициялау және халықаралық-құқықтық көмек басқармасы немен айналысады? Оның құзыретіне не жатады?
– Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі Бас прокуратураны қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеу барысында шетелдік құзыретті органдармен қарым-қатынастқа түсетін орталық орган ретінде айқындаған.
Сондықтан, Бас прокуратура шетелдік құзыретті органдарға процестік әрекеттерді жүргізу, қылмыстық қудалауды жүзеге асыру, адамдарды ұстап беру (экстрадициялау), адамдарды уақытша ұстап беру (экстрадициялау) немесе транзиттік тасымалдау, уақытша беру, сотталғандарды және психикасының бұзылуынан зардап шегетін, өздеріне медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамдарды беру, үкімдерді тану және орындау кезінде құқықтық көмек туралы сұрау салулармен (тапсырмалармен, өтінішхаттармен) жүгінеді және шетелдік әріптестердің осындай сұрау салуларын, өтініштерін қарайды. Әрине, заң тарапынан бөгет болмаса көмектесеміз.
Мысалы, жуырда Америка елшілігі ҚР Бас прокуратурасына алғыс айтты. Біз АҚШ тарапының сұрауы бойынша қазақстандық азаматтан жауап алуға көмектескен болатынбыз. Нәтижесінде АҚШ үкіметі Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасына лаңкестерді жалдаушы және контрабандашы Мирсад Кандичті соттауға көмектескені үшін алғыс білдірді. Бұл Бас прокуратураның халықаралық ынтымақтастықты арттырудағы үлкен еңбегінің жемісі деп есептеймін.
Жалпы, орта есеппен алғанда жыл сайын шет елдерден процестік әрекеттерді жүргізуге қатысты 200-ге жуық сұрау салу түседі, біз болсақ 250-ге жуық өтініш жолдаймыз.
Бұдан бөлек, қылмыстық жауапкершіліктен жалтарғаны үшін халықаралық іздеу жарияланған тұлғалардың жүрген жері анықталып, ұсталғаннан кейін оларды елге экстрадициялау туралы жылына 50-ден астам сұрау салу жолдаймыз, ал өзіміз осы кезеңде 70-тен көп осындай сұрау салуларды қараймыз.
Айта кету керек, бұлардың қатарына жазасын өтеу үшін берілетін сотталған қылмыскерлер жатпайды.
– Қазақстан сотталғандарды беру туралы қай елдермен келісім жасады?
– Жалпы, сотталғандарды беруге қатысты Қазақстан 46 елмен құқықтық байланыс бар. Біріншіден, Қазақстан сотталған адамдарды беру туралы 3 көпжақты Конвенцияның қатысушысы екендігін айтқан жөн. 1998 жылы 6 наурызда Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазаны одан әрi өтеу үшiн беру туралы Конвенция (Мәскеу), 1993 жылғы 9 маусымдағы Қылмыстық жазаны шетелде өтеу туралы америкааралық конвенция (Манагуа), 1997 жылғы 28 наурыздағы Психикасының бұзылуы салдарынан зардап шегуші адамдарды мәжбүрлеп емдеуді жүргізу үшін беру туралы Конвенция (Мәскеу) бар. Қазақстан осы Конвенциялар шеңберінде Қазақстан бұрынғы КСРО-ның 6 елімен және алыс шетелдің 18 елімен өзара келісімге келген.
Одан бөлек, Қазақстанда сотталған адамдарды беру туралы 22 елмен екіжақты шарттар жасасты. Олардың қатарында посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттерден – 5 ел, Еуропаның – 7, 3 араб мемлекеті және Түркия, Қытай, Үндістан, Иран, Корея, Моңғолия және Бразилия бар. Қазіргі кезде алыс шетелдердің 8 елімен екіжақты шарт жасасу үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр. Әрине, шетелдермен мұндай шарттың болуы – сотталғандардың Қазақстанға берілуін жеңілдетеді. Бірақ бұл процесс тиісті келісімдер болмаса да өзара түсіністік қағидаты негізінде іске асуы мүмкін. Бұл ретте нәтиженің оң немесе теріс болуы әр түрлі факторларға байланысты болады.
– Қазақстан азаматтары қай елдердің түрмесінде отыр. Оларды Қазақстанға беру туралы келіссөздер қалай жүргізіледі?
– Негізі шет елдердегі азаматтарымыздың құқықтарын қорғаумен Сыртқы істер министрлігі айналысады. Өзге елдерде жазасын өтеп жатқан қазақстандықтарды есепке алады.
СІМ мәліметінше, шетелдерде 800-ден астам отандасымыз жазасын өтеп жүр. Ең көбі – Ресейде (606), Германияда (42), Қырғызстанда (32), Оңтүстік Кореяда (29), Өзбекстанда (28) және Беларусьта (19). Екінші сұрағыңызға тоқталсақ, бүгінде Бас прокуратура Қазақстанға 53 азаматты беру жұмысына кірісті.
Назар аударатын жағдай, сотталған адам жазасын өтеп жатқан елдің уәкілетті органына да, Қазақстанның Бас Прокуратурасына да өтініш беруге құқылы. Жазасын өтеуші өтініш берген соң оны Отанына беру процесі басталады. Егер шет мемлекет сотталған адамды беруге алдын ала келіссе, онда оған қатысты материалдар Бас прокуратураға жіберіледі. Бас прокуратура келген материалдарды қарайды. Егер Қазақстан сотталушыны алдын ала қабылдауды мақұлдаса, материалдарды оның соңғы тұрғылықты жері немесе тіркелген жеріндегі сотқа жолдайды.
Қазақстандық соттың шетелдік үкімді тану туралы шешімі күшіне енген соң, материалдар біздің азаматымыз жазасын өтеп жатқан елге жіберіледі. Онда түпкілікті шешімдер қабылданады. Егер ол қолдау тапса, біздің құзыретті органдар оны орындауға кіріседі. Бұл процесстің өзі біраз уақыт алады. Ең қолайлы жағдай дегеннің өзінде, кем дегенде бір жыл кетуі мүмкін.
– Жылына шетелде жазасын өтеп жүрген қанша отандасымыз елге беріледі?
– Жыл сайын орта есеппен 30-ға жуық сотталған қазақстандық жазасын өз елінде әрі қарай өтеу үшін Отанына беріледі. 2018 жылдан бері 116 азамат Қазақстанға берілді. Олардың көбісін Ресей берген.
– Бас прокуратураға шетелде сотталған Қазақстан азаматтарын беруден бас тартқан жағдайлары бола ма?
– Иә, ондай жағдай болып тұрады. 2018 жылдан бастап шетелдік тараптар бізге Қазақстанның 57 азаматын беруден бас тартты. Өйткені олар өздері қылмыс істеген елде залалды өтемеген немесе жазасын өтеп бітуіне алты айдан аз уақыт қалған, не «ел мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін» деген күдікке ілінгендері де бар. Бірақ осылай екен деп біз қарап қалмаймыз. Шетелде жазасын өтеп жүрген азаматтарымызды елге қайтару үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз.
– Осы орайда, Қытай түрмесінде отырған Ақжарқын Тұрлыбай туралы сұрағым келіп тұр. Жуырда Қытай Қазақстанға Ақжарқынды бере ме?
Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі және А. Тұрлыбайдың адвокаттары тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Алайда нәтижеге жету үшін уақыт керек. Ақжарқынның өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын белгілі бір мерзімге ауыстырса, біз Қытай тарапына оны Қазақстанға беру туралы қайтадан сұрау саламыз. Бұл мәселені Бас прокуратура ешқашан назарынан тыс қалдырмайды.
– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Шапағат СЕРДӘЛІ