293
Ұлттық құраманың ұлттар лигасындағы ұтымды ойыны
Ұлттық құраманың ұлттар лигасындағы ұтымды ойыны
Жаңа Қазақстанды футболдан ұлттық құрамамыз бастап кеткендей. Иә, дәл осылай айтуға толық негіз бар. Ұлттар лигасы аясында өтіп жатқан тартысты лига ойындарында ұлттық құраманың өнер көрсетуі қуантады әрине.
Еске салсақ, Қазақстан құрамасы D лигасының ойындарында Молдова құрамасына қарсы ойнап, соңғы пенальти сериясында жанкүйерлердің жанарына жас үйірді. Құрама жеңісті жұлып әкетіп, С лигасына жолдама алған болатын.
2021 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасының сәтсіз ойын көрсетіп, қарсылас құрамаларға ірі есеппен есе жіберуі, федерация тарапына деген үлкен сын болып, жанкүйерлердің ұнжырғасын түсірген еді. Бұл жайтқа билік тарапынан да арыз-шағымдар айтылып, біраз әбігерге салды.
«Сын түзелмей мін түзелмейді» демекші, ұлттар лигасындағы ұлттық құраманың ойын өрнегі көңіл көншітерліктей. Тіптен топтың бас фавориті саналған, құрамында Еуропаның құрлықтық ойындарында өнер көрсететін белді ойыншылары бар Словакия құрамасын бір гол есеп айырмасымен тізе бүктіріп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Жалпы, бұдан бұрынғы Әзербайжан құрамасына қарсы ойында да жеңіске жетіп, ұлттар лигасы бойынша өз тобымызда көш бастадық. Әзірге арқаны кеңге салуға болмайды. Алда әлі тартысты ойындар көп.
Дегенмен ұлттық құрамаға сәттілік жолдас болып, «темірді қызған кезде соқ» дегенді әбден құлақтарына сіңіргендей берілген мүмкіндікті сәтті қолдануда. Ойын барысында тактикалық, физикалық жағынан жеңілсе де нәтижеден әзірге мүлт кетер емес. Ал жалпы ойын өрнегі мен доп ұстау шеберлігі бойынша қарсыласқа есе жіберіп, еркін көсілуіне жол беріп қоямыз.
Даулы допинг мәселесіне келер болсақ, осы уақытқа дейін алаңда өзін жақсы көрсетіп, көптің көңілінен шыққан Бауыржан Исламхан, Айбол Әбікен сынды футболшыларды допинг қолданды деген айыппен футболдан уақытша шеттетті.
Еліміздің ішкі футбол жағдайының әлеуеті уақыт өткен сайын артып келеді. Қазір елімізде клубтар арасындағы тартысты ойындар көбейіп, алаңға жиналатын жанкүйерлердің қарасы қалыңдаған. Сонымен қатар алаңда қаракөз қазақ бауырларымыздың саны артуы қуантарлық жайт.
Одан бөлек әуесқой лигалардың өзі кәсіби футболда жолы болмаған не «доп қуған тозар» деген менталитетпен алаңнан бас тартқан жандарға футбол ойнап жеңіске ұмтылуына жағдай жасап қуантуда. Үлкен футбол додасында SD Family, Sparta сынды клубтар қатарына жас жеткіншектерді қосып, академияларын жаңғырту үстінде. Футбол ойындарына тіпті әнші, актер, журналистер қауымы да бет бұрып, шоу матчтарды көрермен назарына ұсынып, футболға деген жаңа бір мотивация сыйлап жүр.
Ал әлемдік алпауыттармен бір алаңда терезесін теңестіріп, тартысты ойын өткізіп жүрген Қазақстан футзал құрамасының әлеуеті бөлек бір тақырып.
Төрткүл әлем көз тіккен футбол ойындарының біздегі жағдайы әзірге осындай. Ел намысын асқақтатып жүрген ұлттық құрамаға бірге жанкүйер болайық. Толағай табысқа толы жеңісті күндеріміз көп болсын!
Нұрдәулет Жандауов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика факультетінің 2-курс студенті