Нью-Йоркте сұлулық салонын ашқан Әнел

Нью-Йоркте сұлулық салонын ашқан Әнел

Нью-Йоркте сұлулық салонын ашқан Әнел
ашық дереккөзі
50725
Әнел Әлімова – былтыр Нью-Йоркте сұлулық салонын ашқан жас кәсіп­кер. 14 жасынан бастап еңбекке араласқан ол жетістікке жалғыз талантпен жету мүмкін емес екенін айтады. Қазақстанда кә­сібін дөңгелетіп отырған ол әлемдік на­рыққа шығып, бьюти индустрияда өз есі­мін жазып қалдырғысы келеді. Қа­зақстанда арнайы орталық ашып, виза­жист болуға икемі бар қыздарға жол көр­сетсем деген ойы да жоқ емес. Ең­бек­сүйгіштігімен ерекшеленетін, мақ­саты ай­қын, жоспары анық Әнелге хабар­ласып, сұхбаттасқан едік. – Әлеуметтік желідегі парақшаңыз­да «14 жасымда аула сыпырдым» деп жаз­­ғаныңызды оқып қалдым... – Оқушы кезімізде асханаға барып, та­­ғам алып жегің келеді. Соған ата-анамнан үне­­мі ақша сұрай бермес үшін бірде үйдің қа­­сында орналасқан дүкенге кіріп, он­да­ғы­лардан «Сіздерге жұмысшы керек емес пе?» деп сұрадым. Олар біз тұратын ауданға аула сыпырушы керек екенін айтты. Аптасына ма, әлде айына ма, нақтысы есімде жоқ, аула сыпырушыға 500 теңге төленетін. Сөй­тіп, таңғы сағат алтыдан бастап аула сы­пыра­тын болдым. Спортқа жақын болып өс­кен­діктен таңертең тұрып, жүгіруді әдет­ке айналдырған едім. Ала таңда жұ­мыс­қа кетіп бара жатқанымды көрген анам мені жүгіруге бара жатыр деп ойласа керек. Содан бір күні анам қоқыс тастап жатқа­ным­ды көріп, «Мұнда не істеп жүрсің?» деп «ұстап» алды. Сосын дүкеншіге барып, «Оқу­шы қызды аула сыпырушы қылып жұ­мысқа алғаныңыз үшін сізді соттатамын» деп дүрсе қойғаны есімде (күліп). Содан соң жұмыс істеуге құлшынысымды бай­қа­ған анам жазғы каникул кезінде көшірме жа­сайтын орынға «отырғызып» қойды. Ата-анам таңнан кешке дейін дамыл тап­пай жұмыс істейді. Тапқан-таянғанын біз­дің аузымызға тосады. Бір бөлмеде бес қыз тұрамыз. Бесеуміздің шығынымыз көп екені айтпаса да түсінікті. Сол үшін ата-ана­ма салмақ түсірмей, оқушы кезімнен өзім ақша табуды мақсат еттім. 9-сынып оқып жүргенде дүкенде сатушы болып жұ­мыс істедім. Сосын анамды несие алып, же­ке дүкен ашуға көндіріп, сонда әпкем екеуміз кезекпен жұмыс істедік.  width=– Сауда-саттық жасауға жас­тайыңыз­дан қызықсаңыз, оқыған ма­­мандығыңыз да осы саламен бай­ла­нысты болар. – Әкем – инженер, анам – есепші. Анам есеп­ші болған соң экономист маман­ды­ғы­ның болашағы зор екенін айтып, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-ге оқуға түсуіме себепкер бол­ды. Негізі, оқытушылар студенттерді қы­зықтыра білсе, экономист – өте қызық әрі ерекше мамандық. Мен мұны сонда оқып жүргенде түсіндім. Оқумен қатар жұ­­мысты бірге алып жүрдім. Дүкенде іс­теген тәжірибем бар болған соң Қытайдан тауар тасып, сауда-саттықпен айналысуды қол­ға алдым. Астанадан Алматыға, сосын Қор­ғасқа, одан соң Үрімшіге автобуспен ба­рып, тауар алып қайтатынмын. Тауар са­лынған сөмкелердің салмағы ауыр, бірақ ол кезде жастықтың буымен ештеңе бі­лін­бейтін. Алты жыл бойы осылай ары-бері шапқылап жүрдім. Осы уақыт ішінде аста­надағы ірі сауда орталығының бірінен дүң­­гіршектер ашып, мол табыс таптым. 3-курс оқып жүргенде өзге қатарластарым се­кілді Work and Travel бағдарламасы бойын­ша жаз кезінде Нью-Йоркке бардым. Онда жолдасыммен танысып, елге келген соң екеуміз шаңырақ көтердік. Бала сүйдік. Үй-жайымыз болғанын қалаған біз Аме­ри­каға барып жұмыс істеп, ақша жинап келуді көздедік. Абыр-сабыры таусыл­майтын Нью-Йоркте 24 сағат бойы жұмыс іс­тейтіндер бар. Мен де бала күтуші, аула сыпырушы, даяшы секілді уысыма түскен жұмыстың барлығын істеп, таңғы алтыға дейін ұйықтамай жүре беретінмін. Тіпті, бір долларды депозитке салып, тірнектеп жинайтынмын. Қазір олай жұмыс істей алмаймын, «сол кезде энергияның барлы­ғын қайдан алғанмын?» деп кейде өз-өзіме таңғаламын. Елге оралған соң, жиған-тер­генімізді пәтерге емес, бизнеске жұм­сайық деп келістік. Сөйтіп, кафе ашып, бұл істің қыр-сырына қаныға бастадық. Әлі есімде, кафе орналасқан аудандағы базарды ара­лап, сатушыларға подноспен тағам тара­татынмын. Кейін екінші кафе ашып, банкет жа­сауды қолға алдық. Айына бір рет тауар­ға барып, екі дүңгіршектегі сауданы да жүргізуге тырыстым. Өкінішке қарай, осы аралықта жолдасым екеуіміздің жолы­мыз екіге бөлінді.  width= – Ал бьюти индустрияға келуіңізге кім түрткі болды? – Екі кафе мен екі дүңгіршектің ара­сын­да жүгіріп жүріп, өзіңе қарауға да уақыт та­была бермейді. Бір күні достарым «Сен ер адам болып барасың. Өз-өзіңе қарауың қажет. Сәния Ілиясованың курсына баршы» деп ақыл айтты. Мен оған дейін мүлде боян­байтынмын, сол курстан соң боянуды үйрендім. Бьюти индустрия секілді жаңа әлем аштым. Осы саланы зерттегім келді. Кәсіп­пен айналысып жүрген соң бір емес, бір­неше сала бойынша ізденіп, оқымасаң, ісің алға баспайды. Мұны ерте түсінген мен қолым қалт етсе кітап оқып, жаңа дүниелер ашуға тырысатынмын. Экономистен бөлек, заң­гер және психоаналитиктің оқуын оқы­дым. Неге екі мамандық десеңіз, біртіндеп тү­сіндіре кетейін. Кафе ашқан кезде әдеп­кіде жауапты кісілер «Ой, сіз заң білмейсіз» деп жиі айыппұл салып кететін. Мысалы, авторлық құқық тіркеу қажет екені туралы біздегі кәсіпкердің көбі білмейді. Бірде «Кафеңізге Қайрат Нұртастың әнін қойып­сың. Авторлық құқық тіркелмеген. Ке­лі­сімшарт жасамағансыз» деп 100 000 теңге айыппұл салды. Ал мен ол туралы мүлде біл­мейді екенмін. Содан соң «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына барып сұрасам, заң бойынша кафеде қойылатын музыкаға авторлық құқық тіркеп, тиісті мекемемен келісімшарт жасасып, ай сайын белгілі мөлшерде ақша төлеп тұруым керек екен. Сөйтіп, заң факультетінде білім алған соң, учаскелік инспектор келіп, наразылығын білдіріп жатса, «Кәсіпкерлік кодекске сәй­кес, менің құқым бар» деп қайтарып жі­беретінді шығардым (күліп). Ал психоа­на­литиканы неліктен оқығанымды түсінді­рер болсам, макияж жасағанда адамдар бір-бірін сезеді. Танымал, талабы мықтылар сені қасына жайдан-жай жақындатпайды. Агент­тік арқылы таңдап, шақырған соң, сені тексереді. Бірінші рет жұмыс істегенде, олар­ға энергетикаң ұнаса, олар сені екінші рет шақырады. Ал энергетикаң жақпай қалса, сені ешкім шақырмайды. Сол үшін адам жанын, не қажет екенін, не қызық­тыр­атынын ә дегеннен-ақ түсінетін пси­холог болуың керек. Жоғарыда айтқан Сәния­ның курсын бітірген соң, отандық те­леарналардың бірінде гример болып жұ­мыс істедім. Сосын Мәскеуге барып, ТМД ел­деріне танымал визажист Гоар Аветисяннің екі апталық курсынан өттім. Содан кейін сұлулық салонын ашу идеясы пай­да болды. Сөйтіп, елге келген соң салон аш­тым. Қызыққан көпшілікке мэйкап жа­сауды үйрете бастадым. Клиент саны кө­бейе түскен соң, тағы екі салон аштым. Осы­­лайша, үш жыл ішінде есімім елге та­ны­­лып, ісім алға басты. Мені бьюти жа­рыс­тарға қазы ретінде шақыра бастады. Гуанчжоу, Бейжің, Киевте өткен сайыстарға қатыстым. Шетелдік мамандардың көзіне түс­тім. Сән астанасы Парижге барып, бір ай бойы косметика жасаудың техно­ло­гия­сын үйрендім. «Business Lady Qazaqstan» рес­публикалық конкурсына қатысып, жүл­дегер атандым. Сосын аталған ұйымның ай­мақтық директоры қызметін атқарып, түр­лі іс-шаралардың басы-қасында жүрдім. Ат­қарған істерім жемісті болып, біршама мара­патқа ие болдым. Көрген түйгенімді «Ерік-жігер» атты кітабымда тізіп, оқыр­ман­ға пайдалы дүние жаратуға тырыстым. – Нью-Йорктен салон ашуды қай кезден бері көздеп жүрген едіңіз? – Әдепкіде америкалықтар мені осында мэйкаптан шеберлік сабағын өткізуге шақырып жүрді. Кейіннен ғылым, білім, биз­нес және спорт са­ласында ерекше қабілеті бар шетел­дік­терге арналған уақыт­ша жұмыс визасына тапсыруды жөн санадым. Осында келген соң алдымен компания, сосын сұлулық са­лонын аштым. Қазір командамдағы маркетолог маман­дармен салонды қалай ата­ғанымыз дұрыс деп бас қатырып жүр­міз. Командамдағылар «әлемдік нарыққа шы­ғатын болсақ, ата­ғанға оңай әрі қо­лайлы болуға тиіс» дейді. Одан бөлек, жеке брен­дпен косметика өнімдері шығары­ла­тын болады. Жалпы, Нью-Йорк – fashion-индустрия қыз-қыз қайнап тұрған ме­га­по­лис. Есімін әлем білетін дүкендер, бренд­тер, модельдер, бәрі-бәрі осында. Үй­ренерім көп, үйретерім де жетерлік. Қазір біз көбіне қара нәсілді, ис­пандық, қытайлар, жапон­дық, фили­пиндік модельдермен жұмыс іс­тейміз. Одан бөлек, дүкен, журнал­дармен бай­­ланыс орнаттық. Алда бірле­сіп ат­қаратын шаруа көп.  width=– Жеке брендпен кос­ме­тика өнімдерін жа­сау идея­сы Па­риж­де бол­ған бір ай­дың ішін­де туын­дады ма? – Иә. Париж­де кос­метика жа­саудың құ­пиялары­мен танысып қайтқан соң, осы ой маған ма­за бер­мей жүрді. Кейін бұл ме­нің қолымнан келетін іс екеніне кө­зім жетті. Тауар белгісін бекітіп, ал­ты ай бойы қажет құжаттарды рә­сімдеумен бол­дым. Жалпы, алдағы уа­қытта макияж жа­сауды үйрететін мектеп ашқым келеді. Ви­зажист болуға икемі бар жастарға бар білгенімді үйретсем деймін. Айтпақшы, ал­дыма келгендердің тек макияж жасауға ғана емес, өмір сүруге де­ген құлшынысын да арттырып жіберемін (күліп). Салоным­нан шыққан соң олар өмірге деген құштар­лы­ғы артып, ұмтылысы ұлғая түскенін айтып, алғысын білдіріп, хабарлама жібере­ді. Мұндай кезде біреудің жүзіне қуаныш сыйлауға титтей де көмегім тигеніне қуа­нып қаламын. – «Еңбек – адамның екінші анасы» де­ген мақал сіз секілді ерік-жігері мық­ты жандарға қарата айтылса керек. – Жетістікке жалғыз талантпен жете алмайсың. Бәрін жеңетін – еңбек. Біздің әр күніміз күреске толы. Мұнда еңбек десе ерін­бейтіндер ғана алға қадам басады. Көбі «Америкаға баю үшін барады» дейді. Мен мұн­да байлық жию үшін келгенім жоқ. Құл­қының тоймай жиған байлықты өзің­мен бірге о дүниеге алып кете алмай­сың. Мұнда келгендегі мақсатым – әйелдердің қолынан барлығы келетінін көрсету. Нәзік болсақ та, біз бағындырмайтын белес, ал­майтын асу жоқ. Біз бәріне лайықпыз. Дәл қа­зір мен есімімді әлемдік нарыққа шы­ғару­ды көздеймін. Мақтанғаным емес, бірақ мен оған лайықпын. Негізі, мен Жам­был облысы Жуалы ауданына қарасты ауыл­да дүниеге келгенмін. Бірақ кішкентай ке­зімде ата-анамның жұмыс бабымен ал­дымен Қостанайға, сосын елордамызға қо­ныс аудардық. Менің түп-тамырым тұтас ауыл­мен байланысты. Сондықтан ауылдан шық­қан Әнел әлемдік нарықты бағындыру­ды қалайды. Сосын Қазақстанға оралып, үлкен салон ашуды жоспарлап отырмын. Оның ішінен жоғарыда айтып өткен оқу ор­талығын ашу ойым бар. Көбі «Америкаға бір бас сұққан соң, қайтпайды» деп ойлай­тын шығар. Елдегі кәсібімді жемісті жүр­гі­зіп, бірнеше адамды жұмыспен қамтамасыз отырғ­ан менің елге берерім мол. Нью-Йорк­те бьюти индустрияның қағидалары­мен танысып, құпиясын білген соң, аста­на­мызда ашылатын орталықта қаракөз қыз­дарымызды жинап, оларға бар білге­ні­ме үйретуді мақсат етіп отырмын.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары