296
Халыққа керегі – әлеуметтік жағдайдың жақсаруы – Геннадий ШИПОВСКИХ, Мәжіліс депутаты
Халыққа керегі – әлеуметтік жағдайдың жақсаруы – Геннадий ШИПОВСКИХ, Мәжіліс депутаты
Референдум халқымыздың бірлігін айшықтаған ірі саяси оқиға болды. Оның қорытындысы бойынша қазақстандықтардың 77,18 пайызы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қолдады. «AMANAT» партиясының өкілдері аймақтық үгіт-насихат жұмыстарын тыңғылықты атқарудың нәтижесінде сайлаушылар жоғары белсенділік танытты. Депутаттар референдумды насихаттаудан бөлек, халықтың тұрмыс-жағдайын, әл-ауқатын да көзбен көріп қайтты. Халықпен бетпе-бет кездесіп, мұң-мұқтажын, арман-тілегін тыңдаған Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповскихпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Еліміздегі ірі саяси оқиғалардың бірі бүкілхалықтың референдум мәселесі қоғамда қызу талқыланды. Референдум әділетті қоғам құруға, Қазақстанның демократиялық жаңаруына қаншалықты әсер етеді?
– Референдум – Жаңа Қазақстанның даму жолындағы алғашқы бастамасы. Қазақстан референдумнан кейін суперпрезиденттік басқару формасынан парламенті күшті президенттік республикаға көшеді. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты басшылыққа алынады. Көптеген мемлекеттік органдардан есеп алу күшейеді. Сонымен қатар Мәжілістің депутаттық корпусы аралас үлгімен сайланады: 70 пайызы – пропорционалды, яғни партия атынан, ал 30 пайызы мажоритарлық негізде. Бұл дегеніміз – үміткердің қандай да бір партияда болуы маңызды емес, тікелей сайланады деген сөз. Ал облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының сайлауына да аралас үлгі енгізіледі. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Бұл жаңа үлгі Мәжіліске көзқарасы әртүрлі азаматтардың келуіне мүмкіндік береді.
Осы жерде мұндай сайлау жүйесінің бұрын-соңды болмағанын және осы сайлау жүйесінің демократиялық тартысқа алып келетінін айта кетуіміз керек. Мысалы, мажоритарлық жүйе бойынша облыста 3-4 кандидаттың ішінен бірінің сайлауалды бағдарламасы халыққа ұнап, көпшілік дауысқа ие болып, депутат болды делік. Депутат болғаннан кейін өзінің сайлауалды бағдарламасын орындамаса, халықпен кері байланыс орнатпаса, халық сол кандидатты қайтадан қайтарып алу тетігіне ие болып отыр. Бұл ұстаным демократия дәстүрлерін нығайтып, халық пен депутаттар арасында өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырады.
– Реформаның нәтижесін қашан көре бастаймыз?
– Референдумның мақсаты мемлекеттік басқару механизміне өзгерістер енгізу арқылы саяси, құқықтық жүйені жетілдіру болды. Ата Заңымыздың 33 бабына енгізілетін 56 түзетудің нәтижесінде құқық қорғау саласында елеулі өзгерістер болады. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Бұдан былай адам құқықтары жөніндегі уәкіл, яғни омбудсмен мәртебесі Ата Заңмен айқындалады. Мұның бәрі азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау үшін жасалып отыр. Сондай-ақ бүкілхалықтық референдум мемлекет ісін халықтың өзі айқындайтындай жағдайға жеткізуді мақсат тұтты. Еліміздің ең маңызды құжаты, яғни Ата заңымыз халық үшін жұмыс істейді. Алдағы уақытта Конституцияның 30 пайызына енгізілетін өзгеріс – еліміздің болашағы үшін өте маңызды дүние. Референдум бізді демократиялық құндылықтарға қарай бағыттайтыны анық.
Референдум нәтижесінің іске асуын бірнеше кезеңге бөлген жөн. Бүкілхалықтық референдумның өтуі – Жаңа Қазақстанға жасалған алғашқы қадам. Ал екінші кезеңде Қазақстан Республикасының Президенті туралы, Парламент депутаттарының мәртебесі туралы, Саяси партиялар туралы заңдар еліміздің бас құжаты Ата Заңға сүйене отырып өзгертіледі. Ал үшінші кезеңде қарапайым өмірде қолданыста жүрген заңдар, кодекстер конституциялық негіздемеге сүйене отырып өзгертіле бастайды. Бұл процестер біршама уақытқа созылады. Ал аталмыш реформаның іске қосылуы үшін осы жылдың аяғына дейін 20 заң қабылданады.
– Жақында өзіңіз өңірлерді аралап, халықтың жай-күйімен танысып қайттыңыз. Шалғайдағы халықтың қандай мұң-мұқтажы бар екен?
– Референдумның алдында «AMANAT» партиясының мүшелері өңірлерде жұмыс сапарымен болып, ел аралап қайтты. Өзімнің туған жерім Қызылордаға ат басын бұрып, халықпен жүзбе-жүз кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Көпшіліктің көкейінде жүрген өзекті дүниелерді талқылап, түйткілді мәселелерді тыңдадық.
Қалаларда инфрақұрылым мәселесі шешілгенімен, нағыз тіршіліктің қайнап жатқан ортасы – аудан мен ауылдар. Ауылдағы ағайынға бірінші кезекте өңірдегі мәселенің шешілуі маңызды. Халыққа керегі – әлеуметтік жағдайдың жақсаруы. Аймақтарда ауызсу, жол және газ мәселе-сі өзекті. Елді мекендерде инфрақұрылымның сапалы түрде дамуы, интернет, байланыс мәселесі де маңызды. Кей аймақтарда телефонмен сөйлесудің өзі мұң екені жасырын емес. Міне, осындай мәселелердің оң шешім табуы үшін нақты жобаларды жүзеге асыруымыз керек.
– Еліміз Жаңа Қазақстан кезеңіне аяқ басты. Жаңа Қазақстан қандай болуы керек?
– Президентіміз ұсынған оң өзгерістер мен реформалардың іске асуына, Жаңа Қазақстанның аяғынан нық тұрып, қалыптасуына үлес қосу – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы. Халық өзгерістерді қолдау арқылы Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл – ел дамуы үшін маңызды қадам. Міне, біз референдумның алғашқы нәтижесін көріп отырмыз. Елімізде Ұлытау, Абай, Жетісу облыстары құрылып, жаңа заң аясында жұмысын бастады. Алдағы уақытта Конституция аясында жаңа заңдар қабылданып, ары қарай халық игілігіне қарай іске асырыла бермек.
– Осы орайда біз ескі кадрлармен Жаңа Қазақстан құра аламыз ба деген заңды сауал туындайды. Жаңа Қазақстанға қандай кадрлар керек?
– Бүгінде Үкімет мүшелері жастармен толыға бастады. Жастардың билікке келуі, мемлекет ісіне араласуы көңіл қуантады. Лауазымды қызмет атқарып жүргендердің арасында министр, вице-министрлер, облыс әкімінің орынбасарлары бар. Жаңа Қазақстанды құруға жастардың көптеп атсалысуы өте маңызды. Алайда біз аға буынның ақылы мен тәжірибесіне мұқтаж екенімізді ұмытпауымыз қажет. Аға буын мен жастардың арасында үлкен диалог алаңы болуы керек. Жаңа Қазақстан үшін жас саясаткерлер мектебін қалыптастырудың маңызды екені анық. Бұл бағытта «AMANAT» партиясының басты мақсаты – көзі ашық, көкірегі ояу, ел қамын күйттеген азаматтардың мемлекет ісіне араласып, мінберлерден сөйлеуіне мүмкіндік беру.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «...Партия популизммен айналыспауы керек және мүмкін емес нәрсеге уәде бермеу керек», – деді. Жалпы халықтың партияға сенімділігі қалай қалыптасады?
– Ең басты принцип – нақты істер. Біз статистика қуаламауымыз керек. Бұл «AMANAT» партиясына ғана емес, барлық саяси партияға қатысты. Қазір елімізде партия құру біршама жеңілдеді. Бұрын партияның 40 мың мүшесі болу керек делінсе, кейін шектік мүше саны 20 мыңға, ал соңғы өзгерістерге байланысты қазір 5 мың мүшесі бар партия тіркеле алады. Еліміздің кез келген азаматының партия құруға құқығы мен мүмкіндігі бар. Менің ойымша, қандай партия болсын, популизммен айналысудың қажеті жоқ. Өйткені халыққа жалаң ұран қызық емес, олар нақты істер күтеді.
– Жаңа Қазақстандағы «AMANAT» партиясының рөлі қандай? Партия билікке ықпал ететін партия бола ала ма?
– «AMANAT» – нақты істердің партиясы. Біз барлық жағдайда ашықтық принципін ұстанамыз. Біздің басты мақсатымыз – халыққа неғұрлым жақын болу. Нақты істер мен нақты шешімдер қабылдау. Ең бастысы, халықтың мәселесін тез арада альтернативті түрде шешіп беруге ұмтыламыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Арайлым Бимендиева