519
Ел үмітін оятқан құрылтай
Ел үмітін оятқан құрылтай
Өткен аптада жаңадан құрылған облыс Ұлытауда Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтті.
Бұған дейін құрылтайдың құқықтық статусы, негізгі міндеттері мен оған мүше азаматтар туралы ақпар беріп, халықтың, құрылтайға мүше азаматтардың үміт күтіп отырғаны туралы жазған едік. Жиында құрылтайдың мәні мен маңызын, функциясын жұртшылыққа нақтырақ түсіндіру керек екені айтылды. Енді Ұлттық құрылтай халыққа не береді, таратылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен айырмашылығы неде, оның идеологиялық мәні қандай деген сұрақтарды қамтып көрелік.
Құрылтайда қандай
мәселелер көтерілді?
Ұлттық құрылтай жалпыхалықтық диалог платформасына айналуға тиіс екені, осылайша тарихымыздағы дала демократиясы дәстүрі, Ұлытау, Ордабасы мен Күлтөбедегі келелі кеңестер жаңғыратыны туралы әу баста айтылған еді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі таратылып, орнына Ұлттық құрылтай құрылады дегеннен-ақ оның маңызды мәселелерді талқылау үшін тұрақты түрде шақырылып отыратыны айтылды. Яғни, сенім кеңесінің жұмысы одан әрі кеңейтілген түрде жалғасып, тың бастамалар көтеріледі, мәртебесі де жоғары болады. Құрамына белгілі қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы салаларында еңбек ететін азаматтар, кәсіпкерлер және басқа да қоғам белсенділері шақырылатыны, одан бөлек аймақтағы қоғамдық кеңестердің атынан кем дегенде бір адам мүше болатыны сол кезден белгілі болды. Осы арқылы халықтың билікке жетпей жатқан базынасы мен талап-тілегі тегіс тыңдалады деген үміт бар. Енді екінші құрылтай жиыны түгел түркінің алтын бесігі Түркістанда өтпек. Одан бөлек, жиында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылатыны айтылды. Ал Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Дегенмен бұл күн тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек деген шешім жария етілді.
Жаңа Қазақстанды құру сол жолдағы негізгі бағыт қандай болуы керек деген мәселеден бастап, тіл, дін, руханият салалары түгел қамтылды. Жалпыұлттық бірлікті нығайту, реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіру, жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыру сияқты бастамалар айтылды.
Бұдан кейін ел бірлігін бекітіп, татулықты, бейбітшілікті нығайтатын, шынайы халықшыл Ұлттық құрылтай болатынына сенім білдірген Мемлекет басшысы:
– Құрылтайға Парламент депутаттары, саяси партиялар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де шақырылды. Үкіметтік емес және кәсіби ұйымдардың өкілдері де шет қалған жоқ. Құрылтай құрамына өңірлік қоғамдық кеңестердің мүшелерін қостық. Мен, Ұлттық құрылтай атына заты сай болып, ел үмітін ақтайды деп сенемін. Бізде түрлі пікірталас алаңдары бар, бірақ құрылтайдың орны бір бөлек. Құрылтай – кең ауқымды жиын. Бірақ бұл жұмыстың сапасына кері әсер етпеуі керек, – деді.
Ұлттық құрылтайдың қазіргі құрамында Мәжіліс депутаттары мен ҚХА мүшелерінен, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдерінен, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелерінен, кәсіпкерлерден жасақталған 117 адам бар. Жалпы тұңғыш құрылтайға қатысқандар мазмұны жағынан маңызды болғанын айтады. Онда айтылған ұсыныстарды құрылтайдың хатшылығы жинақтап, Президенттің өзіне тапсырмақ.
Ұлттық құрылтай соңында Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.
Ұлттық құрылтайдан кейін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтай негізге алатын үш құндылықты атады. Олар бірқатар идеологиялық тұжырымды қамтиды.
– Бірінші ой – біздің мемлекеттігіміздің тарихы тым тереңде. Алтын Ордадан бастау алып, Қазақ хандығы дәуірінде қалыптасты. Алашорда кезеңінде жалғасып, тәуелсіз Қазақстан тұсында қайта жаңғырды. Екінші ой – ұлтты ұйысуға үндеу. Құрылтайдың бірінші отырысы Ұлытауда өтті. Екінші жиын Түркістанда болады. Мұнда барша халықты бірлікке шақырған идеологиялық ой бар. Үшінші ой – мемлекет мүддесі бәрінен биік. Республика күнін қайта жаңғыртып, оған ұлттық мереке мәртебесінің берілуі – тәуелсіздік идеясы мен мемлекеттік құндылықтарды берік орнықтыра түсуге бағытталған. Осы үш құндылық, атап айтқанда біздің мемлекетіміздің тарихи тамыры тереңде екенін таныту, ұлтты ұйысуға үндеу, мемлекет мүддесін бәрінен биік қою жаңа қоғамдық шартты қалыптастыру кезінде біздің ең басты бағдарымыз болады, – деп түсіндірді.
Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстар мен бастамалар айтылған күйі қалмайды, сол мәселенің бағытына байланысты мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктерге жолданады. Жауапты органдар оларды қарап, шара қабылдап, жұмыс нәтижесі туралы мәліметті құрылтай мүшелеріне белгіленген тәртіппен жолдайды. Құрылтайдың жұмысы, онда айтылған, қаралған, талқыланған мәселелер бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отырады.
Алғашқы отырыстан кейін нақтылана түскен құрылымның бағыт-бағдары туралы құрылтай мүшесі Айдос Сарымның пікірін білген едік.
Айдос САРЫМ,
Ұлттық құрылтай мүшесі:
Құрылтай – бастамалардың
мәнін халыққа жеткізетін
саяси-идеологиялық құрал
– Құрылтайдың мақсат-міндеттері Президенттің Жарлығында толық анықталған сияқты. Дегенмен қоғамда «Құрылтай деген осылай болуы керек еді» деген сияқты даурықпа әңгімелер жоқ емес. Меніңше, ең алдымен мынаны түсініп алу керек: құрылтай –Президенттік платформа, яғни Президенттің бағыт-бағдарын, «Жаңа Қазақстан», «Екінші республика» деген сияқты стратегиялық бағдарламаларын қолдайтын топтардың, күштердің бірігетін, топтасатын жері. Екіншіден, Президенттің осы реформаларды атқаруға байланысты саяси, идеологиялық, қоғамдық штабы сияқты ұйым. Онда тек қоғамды біріктіретін, топтастыру, ұйымдастыру тұрғысындағы үлкен мәселелер қарастырылады. Ал экономика, басқа дейтін болсақ, Президенттің жанында да, Үкіметтің аясында да көптеген ұйым бар. Үшіншіден, оның құрамы тұрақты түрде жаңартылып отыратыны айтылды. Заманның үдерісіне, өзгерістерге қарай, мәселен қоғамда жаңа тақырып, мәселе туындауы мүмкін, жаңа топтар пайда болуы мүмкін. Соларды қатарға қосуға мүмкіндігі бар. Сондықтан оны Парламентке балама ұйым деп айтуға келмейді. Керісінше, қайта құрылтайда үлкен мәселелер айтылады. Оның ішінде аймақтардың, партиялардың өкілдері бар, үлкен стратегиялық, яғни 5-10-20 жылдық мәселелерді талқылап, соны Парламент арқылы заңдастыруға болады. Сонымен қатар Президентке аймақтардан ақпарат алу үшін, сол жақтағы күрделі үдерістерден хабардар болу үшін құрылған консультативтік ұйым. Ал одан бұрын болған Қоғамдық сенім кеңесі қанша дегенмен кәсіби дайындығы бар, әр саланың сарапшыларынан құралған ұйым болатын. Көтерілген мәселелері де ауқымды еді. Тіпті, осы болып жатқан конституциялық өзгерістерге да ықпал еткен, құжаттарының әзірленуіне де тікелей араласқан, атсалысқан ұйым болды. Референдумнан кейін Президент өзінің саяси мандатын жаңартты деуге болады. Халықтың толыққанды Президент айтқан реформаларды қолдайтынына көз жеткізді. Сенім кеңесінің мүшелері де құрылтайға мүше болып отыр, әрине кәсіби дайындықтың аты – кәсіби дайындық, дегенмен кейде қоғамдағы үдерістер ескерілмей қалып жатады. Президент қоғамдағы ақпарат легін көбейткісі келеді. Құрылтайға мүше азаматтар елде болып жатқан реформаларды халыққа барынша жеткізіп, түсіндіруге тырысуға тиіс екені айтылды. Мәселен, мен құрылтайда тек ірі-ірі мәселелерді қарау керек деген ұсыныс айтқан едім. Мәселен, жаңа өзгерістерге байланысты елдегі барлық әкім сайланатын болады, тек 20-сы, облыс әкімдері мен мегаполис әкімдері жанама тәсілмен сайланбақ. Мұның өзі жергілікті жердегі биліктің табиғаты өзгереді деген сөз. Ал табиғатының өзгеруі салықтық, бюджеттік қарым-қатынастарды реттеуі қажет. Соған байланысты жақын арадағы жиынның бірі жергілікті жердегі өзін-өзі басқару, жергілікті мемлекеттік басқару тәртібі қандай болмақ, сайлаушылар мен әкімдердің қатынасы қандай болуы керек деген сияқты мәселелерге арналуы керек. Соның бәрін жіті талқылап, болашақтағы заңнамаға өзгерістер енгізуге атсалысу – міндет. Аймақтағы азаматтарды жинап, пікірлерін тыңдау керек. Осының бәрін қорытып, бір модельге жинақтап, Үкіметке, Парламентке ұсынуға болады деп ойлаймын. Ең бастысы – ақпарат алу. Осылайша, болашақта құрылтайдың күн тәртібі жергілікті жерден, ауыл-аймақтан басталып, ұсыныс ретінде түсіп жатса немесе керісінше, Ұлттық құрылтайда талқыланған мәселелер ауыл-аймаққа жетіп жатса деген ниет бар. Яғни, құрылтай күн тәртібіне шығарылып отырған мәселенің мазмұнын, қарапайым халыққа не беретінін түсіндіретін, жеткізетін саяси-идеологиялық құрал деуге әбден болады.Қорыта айтқанда, Ұлттық құрылтай ұлтты ұйыстыратын, халықты біріктіретін, қоғамдық келісімді қалыптастыратын ұтымды тетікке айналады деген сенім бар. Алғашқы жиын құрылтайдың жалпы жұмыс тәртібін, мақсаты мен міндетін бағдарлайтын, бағытын нақтылайтын отырыс болды. Алдағы жиындар келелі шешім қабылдауға ықпал етеді, Жаңа Қазақстанды құру үшін қоғамды жұдырықтай жұмылдыруға ықпал ететін идеологиялық құрал болады деп үміттенеміз.