Мұхтар Шаханов шындығы

Мұхтар Шаханов шындығы

Мұхтар Шаханов шындығы
ашық дереккөзі
2235
ТЕРЕЗЕСІ ЖОҚ ҚОҒАМ – МЕҢІРЕУ ҚОҒАМ Біз естігенімізбен өмір сүреміз. Есту шындық үшін қосалқы есік те, өтірік үшін үшін басты есік. Шын­дықты біз көбіне көзбен көреміз, бірақ оны аз естиміз, ал таза қалпында мүл­де естімейміз, себебі онда біреу­лер­дің қоспалары болады. Шындықтың мөрі басылған қауырсын парағы бізге осы жерде керек! Әділ көзден ешқандай кем­ші­лік таса қалмайды, ол ал­тын­ға оранып, мәуітіге малынып тұр­са да, білінбей қала алмайды. Мұн­дай­да жағымпаздықтың өзі мүсәпір күй­де қалатынын өткен өмір көрсетіп бер­ді. Себебі бізде оны күлге айнал­ды­рып жі­бере­тін рух күші бар. Рух күші де­не қайратынан басым, семсер сияқ­­­ты. Ол – адамның қал­қаны. Әлемде рух­тың әлсіздігінен қан­ша­ма адам ба­тыл­сыз­дықтан өлікке ұқсап күй ке­шіп жатыр. Бірақ бәрі бірдей емес, егер оған қол қойсақ, кешегі өткен ба­тыр баба­лары­мыздың аманатын қай­­да қоямыз?! 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі қа­зақ батылдығын, тұтас ел болуға қа­білеттілігін дәлелдеп берген сол рух кү­ші болатын. Коммунистік билік құры­лымы қазақты құл етуді қалады. Бірақ ол қитұрқы саясат өз дегеніне жет­педі. Қазақ өзінің ар-ұяты, намысы, рухы барын көрсетіп, авторитарлық билікке қарсы шықты. Осы табанды қар­сылығымен «төңкеріске икемді ел ауру емес, төңкеріске қабілетсіз елдің ауру екенін» (Самюэль Хантингтон) іс жү­зінде дәлелдеп берді. Алайда өз жеңі­лісін ешуақытта мойындап көр­ме­ген коммунистік режим айдай әлем­ге «қазақ ұлтшылдығын» таңды. Оны­мен күресу керек болды. Оны жо­ғар­ғы мінберде айтып, қорғау керек бол­ғанда ұлт қайраткері, ақын Мұхтар Шаханов үлкен батылдыққа барды. Билікке ойындағысын бүкпесіз ашып айтты. Мұқаңның күрес­кер ретіндегі табандылығы – 1986 жыл­ғы Желтоқсан көтерілісі кезіндегі бас­ты ерлігі. Оны біз өз елімізде дәріп­те­месек те, өзгелер ашық айтып, көп жаз­ды. Олардың бәрінде Мұқаң басты фи­гурант ретінде көрініс тапты. Біз осы жолда Мәскеу басылымдарында жарияланған біраз кітапты шолып шық­тық. Мәселен, жазушы-журналист Алек­сандр Шевякиннің «17 таин Лу­бян­ки» кітабында «Тринадцатая тайна. Пос­ле холодной войны. Горячее, горя­чее...» бөлімінде Алматыда болған оқи­ға салдары туралы 1989 жылы 6 мау­­­­­сымда КСРО халық депутаттары­ның І съезінде тұңғыш айтылып, ар­найы комиссия құрылғаны туралы баян­далған. (Мәскеу, 2007 жыл, 276-бет). Сондай-ақ КСРО Қауіпсіздік ко­ми­теті төрағасының бірінші орын­ба­сары, Алматыдағы «Метель» құрықтау опе­рациясының жетекшісі болған армия генералы Ф.Бобковтың «КГБ и Влас­ть» кітабының «Памятный де­кабрь 1986 года» бөлімінде де, Мұхтар Шахановтың қайсарлығы туралы жан-жақты айтылған. («КГБ и Власть» Мәскеу, «ЭКСМО», «Алгоритм – книга», 354-366-беттер). Желтоқсан көтерілісін зерт­теу­ші, Орталықтан келген тер­геушілер тобының жетекшісі, КСРО Бас прокуратурасының аса маңызды іс­тер бойынша тергеушісі В.Ка­ли­ни­чен­ко өзінің «Дело о 140 миллиардах или 7 060 дней из жизни следователя» шы­ғармасында «Д.А.Қонаев. Закат по­литической карьеры» бөлімінде Жел­тоқсан көтерілісі туралы арнайы ко­миссия құрылып, оған көрнекті мә­дениет қайраткері М.Шахановтың бас­шылық жасағанын айтады. Аты­шулы тергеуші өз шығармасында Мұх­тар Шахановтың ұсынысымен СОКП ОК-нің атышулы қаулысының («Қа­зақ ұлтшылдығы». авт) өзгер­тілуі­не әкеліп соққанына қынжылыс таны­та­ды. Алайда оқиғаны зерттеу ко­мис­сияның құқық қорғау органдарындағы ұлты орыс қызметкерлеріне сенім көр­сетілмей, оларға қысым жасал­ға­нын да жасырмайды. Одан өзінің де таса қалғанын ескертеді. («Дело о 140 мил­лиардах, или 7060 дней из жизни сле­дователя», Мәскеу, Центрполиграф 2017 жыл, 311-345-беттер). Сол күндері Қазақстан Ком­пар­тиясы ОК-нің бірінші хатшысы Кол­биннің алаңға әскер кіргізу туралы ұсынысын қабылдамаған Орталық Азия әскерлерінің қолбасшысы ге­не­рал-полковник В.Лобов та өз ес­те­лі­гінде Мұқаңның ерлік істерін айтып өт­кен. Демек, Мұқаңды олардың мойын­дағаны. Қай шығарманы ал­майық, олардың авторлары сол тұста ко­миссияның жұмысынан қаймық­қа­нын байқайсың. Мұхтар Шаханов КСРО Жо­ғар­ғы Кеңесінің депутаты ре­тін­де олардың атақ-даңқына қарамай, кез келгенінен жоғары тұрды. Өзінің дискерциялық билігіне (лауазымды адам­ның немесе мемлекеттік орган­ның өз қалауы бойынша әрекет етуі) қарай, олардың кез келгенін жауапқа тар­туына болатын еді. Бірақ ол жо­ғары­дан келген эмиссарлармен комп­ромиске бармады. Реваншистік күш­тер мен ревизионистердің ойлаған іс-қимылдарының жолын кесті. Әйтсе де, жымысқы іс-әрекеттерді ойла­ған­дар өз ішімізден табылып жатты. 1986 жылы Жоғарғы Сот төрағасы қыз­ме­тін атқарған Тамас Айтмұхамбетов өзі­нің «Арыс» баспасынан 2020 жылы шық­қан «Мәңгілік мұрат» атты ғұ­мыр­намалық кітабында: «...Шындық түбі бір шығады, айтылады... Желтоқсан­дық­­­тардың тезірек босанып, ертерек ақ­­талуына Орталық комитеттің әкім­ші­лік органдары бөлімінің меңгерушісі Ефи­­мовтың жеке басының қарсы­лы­ғы, тосқауыл кедергісі болды. Сондай-ақ жо­ғарыда да айтып кеттім, орын­ба­­сар­ларым Пушечиников пен Яма­лут­­­­динов шамалары келгенше қар­сы­ла­сып бақты. Жоғарғы Сот мүшелері ара­­сынан төрт-бес адам Желтоқсан сар­­баздарын түрмеден босатуға, олар­дың жазаларын жеңілдетуге ақырына дейін қарсы болумен өтті. Өкінішке қа­­рай, сол себепті көп іс кейінге қал­ды­­рылып, талай уақытқа дейін оң ше­­­­­­шімін таба алмай келді. Ақиқат тек аздаған адамның үлесі, ал адасу кең таралған. Адасу болды, ақыры қайыр, «ештен кеш жақсы» де­ген, жастарымыз бостандыққа шықты, то­­лықтай ақталды. Басын өлімге бай­лап, КСРО депутаттарының бірінші съе­­зінде мінбеге шығып, бар шындық­тың бетін ашқан Мұхтар Шаханұлы­ның ерлігіне бас июіміз қажет. Ер туса, сон­дай болсын!» дейді. Бұл орайда Қа­зақстан Жоғарғы Сотының төра­ға­сы шындығын айтқан. ЛАКЕЙ БОЛУДАН БАС ТАРТТЫ Ағысқа қарсы жүзу ниеті қашанда қауіпті. Сол күндері Мұқаңның сырты­нан күндіз-түні қарауыл қойылды. Жо­ғары билік орындары онымен аз да болса компромиске баруға тиімді жол­дар іздеді. Бұл жолда талайлардың бет-бейнесі айқындалып, миы шай­қал­ды. Ақын бас шұлғыса болды, оның қа­лауы орындалатын еді. Алайда қай­рат­кер алтын табақпен тартылатын та­ғамның бойына сіңбейтінін, ішегі­нің жұқа, оған үйренбегенін және өзінің жоғары қызметтер үшін жара­тыл­ма­ға­нын айтты. Ол үшін шындық ақыл-ой­дың ең жоғары қабаты болды. Сондық­тан Мұқаң олардың алдында ла­кей болудан бас тартты. Әйтсе де, «қап­паса» да, «үріп» қалатындар табы­лып жатты. Сол кезде Мұқаңның жү­ре­гі ауырмады ма?! Ауырғанда қандай, сол жүрек әлі де сырқатынан жазыл­ған жоқ. Атақты философ Марк Орэл өзі­нің «Ойлар» атты еңбегінде: «Күнде таңер­тең адамдар арасына барып қо­сыл­ғанда: бүгін мен адам бейнесіндегі кейбір жыртқыштармен кездесем, оларды ызаландырмай, өзім таланбай, үйіме аман-есен оралуым керек» деген талап ұстанамын», – дейді. Мұқаң да сол күндері сәт сайын осындай тұжы­рым ұстанғаны аян. Мұқаң – сұңғыла қайраткер. Оны қазақша тәпсірлесек, сұң­ғыла, яғни ғылыми тұрғыда айт­сақ, «энтелехия» деп аталады. Философ Фло­ренскийдің пайымдауынша, энте­ле­хия дегеніміз – белгілі бір ұлттың мың­даған, миллиондаған жыл үзбей тір­нектеп жинап, жанкештілігімен же­тіл­дірген аса қымбат энергиялық өрі­сі. Яғни, жеке этностың өзін-өзі сақ­таушы қуат қорғаны, имани им­му­нитеті, салт-дәстүрін ассимиляциядан сақтайтын берік қамалы. Энтелехия­лық қуат күші әлсіреген халықтың бо­ла­шағы күмәнді, ол тіпті белгілі қор­ғаны болмаса жер бетінен жоға­лып кетуі мүмкін. Бұл бағытта біз бір құн­дылықты ескермедік. Тәуелсіз­ді­гімізді жариялай отырып, экономика­ны жолға қоюмен қатар сананың отар­­­­сыздануы бойынша ревизия жа­сауы­­мыз керек еді. Осыдан келіп түрлі мә­селе туындады. Қоғам мен адамзат­тың ар-намысына сүйенетін негізгі ір­­ге­тасымызды дамыту кенжелеп қал­ды. Кей тұста ол әдейі жасалды. Өткен өмірде Мұқаңды қол­да­ғандардан гөрі сынағандар көп болды. Бірақ оның майданға әс­кер­сіз қол бастап шыққан қолбасшы сияқты қоғамда болған келеңсіздік­тер­мен жалғыз күресуіне тура келді. Оны­мен әлі де күресіп келеді. Бұл жол­да онымен ымыраға келу маша­қат­тың машақаты болып тұр. Ол ма­ша­қат, әсіресе тілге қатысты. Ұлт ұста­зы Ахмет Байтұрсынұлының: «Тілі жойыл­ған ұлттың өзі де жоғалады» де­ген сөзін ту етіп көтерген. Ұлт қай­рат­­керінің осы туды көтеріп келе жат­қанына, міне – 35 жыл! Тіл бірлігі бұзыл­ған жерде бірін-бірі түсінгісі, яғ­ни мойындағысы келмейтін этнос­тық-әлеуметтік топтардың пайда бо­лып отырғаны да осыдан. Зерттеуші Дэ­вид Кристал: «Тіл жойыларда қос­тіл­ділік пайда болады. Екі тілді ерткен екі мәдениет өзара шайқасқа түседі. Ақырында жеңімпаз мәдениеттің тілінде сөйлеушілер көбейеді. Ал әлгі жеңіл­ген шағын мәдениеттің тілінде сөй­леуден басқа емес, өзінің жас ұрпа­ғы ұяла бастайды. Ана тілінде сөйлеуге қы­сылатын сол ұрпақ «жеңімпаз мәде­ние­ттің» аяғына жығылады. Аға ұрпақ – ата-ана қанша әуреленсе де, өз баласына ана тілін үйретуге шамасы жетпейді. Ең өкініштісі де осы», – дейді. Ұрпақ сабақтастығы – үнемі жал­ға­сып отыратын процесс. Фран­цуздың атақты ойшылы Жан Жак Руссо: «Өз балаларымызды ұлт­тық патриоттық рухта тәрбиелеу ке­рек. Мен әр бала әріп танып, оқуды үйре­нісімен бірінші оқитыны өз елі тура­лы болса екен деймін. Әуелі бала өз мемлекеті не өндіретінін білсін. 12 жас­қа келгенде Отанындағы қалалар­дан тартып, қара жолдарына дейін жат­қа білетін болсын. 15 жасында та­ри­хын меңгерсін, 16 жаста барлық заңы­нан хабардар болсын» депті. Тәр­бие бесігі осылай болса керек. Ақын­ның басты бас, жүрек ауруы да осы алаң! Бүгінде жек көруден гөрі сы­пайы­лықпен көбірек кек алуға болады. Өзінің жауы туралы жағымды сөз айтатын адам кез келген мақтаудан жоғары тұрады. Қаһарман жалақордан өзінің айбыны мен ерлігі арқылы кек алады. Ал бұл қасиеттер ең бір ауыр күн­шілдікті де жеңіп шығады. Демек, ай­бын керек! Айтпақшы, фин халқын­да мағынасы тура аударуға келмейтін «сису» деген айбатты бір сөз бар. Ол сөз­дің мағынасы біздің өр мінезді, рухы мықты, еңсесі биік, ауызбіршілік дегенге келеді. Фин ғұламалары «сису» сөзін ұлттың табиғатына сай, еңсені көтеру сөзіне орайластырған. Бір кез­дері ұлт басына төнген дағдарыс ке­зін­де финдерді осы өр рух «сису» сөзі алып шығыпты. Бұл сөз өзге Еуропа халықтарында, тіпті төркіні финдерге жақын Балтық бойы халықтарында да жоқ көрінеді. Ол тек қана бізде, қазақтарда ғана болып шықты. «Сису» сөзінің төркіні біздің «еңсеңді тікте­мей, рухың көтерілмейді», «еңсең жы­ғылмасын» дегенге келеді екен. Ал Азия белдігінде еңсесін биік ұстаған жапондар «Еуропа білімі, жапон рухы!» деген бір ғана формуламен даму жо­лына түсіп отыр. Күншығыс елі тех­ни­калық прогреске жетсе де, тілін, ділін, рухын сақтап қалды. Өршіл ақын­ның аңсауы да осы! Мұхтар Шаханов туралы жа­зыл­ған жағымды мақалалар­дан гөрі жағымсыз мақала көп. Олар­дың бәрі нысанаға дөп тимей жатты. Жағымды мақалалардың бірі ретінде қоғам қайраткері Сәпен Аңсатовтың «Алтынға сатылмайтын алып» мақала­сы­нан үзінді келтіре кетейік: «...Мұх­тар Шахановтың ерлігіндей ерлік қо­лынан келетін алыптар Қазақстанда бол­са төртеу-бесеу ғана. Кеңес өкіметі құла­май тұрғанда – 1989 жылы Жоғарғы Кеңестің Мәскеудегі сессия­сын­да «Арал проблемасын айтамын» деген «қулықпен» қазақстандық 19 депутаттың қолын қойғызып үш ми­нут­қа ғана мінбеге шығуға алған мүм­кіндігін пайдаланып, 1986 жылғы Жел­тоқсан оқиғасындағы көтерілісші­лер­ді аяусыз жаныштаған Мәскеудің құнқұйлы әрекетін әшкере еткен Мұхтар Шахановтың ерлігіне сүйсініп, «Мен бүгіннен бастап Шахановтың қойының кезегіне барамын» деген екен азаматтығымен де биік тұлға, академик Рымғали Нұрғали марқұм. Біз Шахановтың қойының кезегіне бармақ түгілі жариялы түрде қолдау білдірмейміз. Оның қайраткерлік қа­дамдарын іштей ғана құптап, кездесу­лерде залда отырып қол шапалақ­тау­дан әріге бармай жүрміз». («Төртінші билік» №7, 10 сәуір). Тәуелсіздіктен кейінгі жылдар­да­ғы қиындық, барар бағыт­тың айқындалмауы, жалпылама ай­тыл­ған жазғырулар мен билікті кінә­лау қатерлі сипат алып жатты. Ел би­лігінің көзі мен құлағы керенаулық дер­тіне ұшырады. 2009 жылы сол кез­дегі Мемлекет басшысы Қазақ­стан­ды «Америкалық ұлт» үлгісімен «Қа­зақ­стандық ұлт» жасағысы келген тұс­та Мұқаң оған тосқауыл ретінде же­ке-дара аштық жариялады. Оны қолдаушылардың саны бірнеше мыңнан асып кетті. Бұл әрекет билікті алған бағытынан қайтарды. Осыдан соң қайраткер биліктің жағымсыз пер­сонажына айналды. Үлкен үйде одан әдемі құтылудың жолы қарас­тырыл­ды. Бұл – өмірде ежелден бар тәжірибе. Адамзат тарихынан біз алдыңғы қа­тарлы, озық ақыл-ой иелерінің тағ­дыр­ларынан біршама хабардармыз. Ежелгі грек қоғамында өмірге жаңа көз­қарас пен таным алып келген Сок­рат өз отандастарының қолынан өлім құшқанын білеміз. Лермонтов орыс қоғамын сынға алғаны үшін Кавказға жер аударылып, жекпе-жек атыстан қаза болғанын, ал Грибоедовтың Санкт-Петербор сапарнамасын жаз­ғаны үшін Иранға елшілікке қызметке жіберіліп, осы жерде парсылардың қолынан қаза болған оқиғаларын білетінбіз. Сол іспетті коммунистік жүйенің күйреу кезеңінен кейін ақын Мұхтар Шахановтың да өрекпіген үнін өшіру үшін қырғыз еліне тыныш елшілік қызметке жіберілгені де белгілі. Ал бұл қызмет барған жерің­нен рұқсатсыз өз еркіңмен бір қадам аяқ баспауға болмайтын үйқамақтың мә­дениетті лауазымды қызмет түрі еді. Демек, ақынды уақытша оқшауда ұстау қажет болды. ХХІ ғасыр адамзат баласының ал­дына күрделі де іргелі мәселелерді қойып отыр. Әлем жаһандану дәуіріне қа­дам басумен бірге тұтастану, бірігу үде­­рісіне батыл бет бұруда. Оған сырт­тай да, іштей де қарсылықтардың бо­ла­тыны айқын. Мұндайда батыл ұста­ным­дар қажет. Оның бастауы – патриотизм! Егер патриотизм болмаса, мемлекет дербес өмір сүре алмай, өз ішінен дезин­теграцияға ұшырайды. Оның алдын алатын ұлттың патриот­тары. Рухани азғындықты заңмен түзей алмайсың. Осы бір тал­мауыр кезде Мұқаң ұлт зиялыларын ұлт­тық идея­ларға мән беруге ша­қыр­ды. Сол бір кезеңдерде қазақ ұлты дәстүрлі мәдениетті ұмытып, ұлттық са­надан ажырап бара жатқан-ды. Әрине, материалдық тұрғыдан ешкім кедей бол деп айтпасы анық. Алайда қоғам материалдық өнім көлемін ұлғайтып, соның ықпалымен адами құн­дылықтарды байытуды да ұмыт­пауы тиіс еді. Бүгінде Тәуелсіздік алға­ны­мызға 30 жыл толып отыр. Бірақ осы жылдары Батысқа еліктеп, қоғам­ның күйреу процесіне жол ашып алдық. Ата-бабаларымыз қалыптас­тыр­ған рухани тіршілікке оралу қажет еке­нін еске алмадық. Мейлінше таза тір­шілік ете отырып, рухани бай болу­ға негіз жасамадық. Қанау, озбырлық, тонау, алаяқтық, ашкөздік, тойым­сыз­дық, ұрлық, тонау азғындыққа жол ашып берді. Кезінде өркениет әлеміне қол жеткізген талай елдің азып-тозып кет­кен оқиғалары болған. Монтескье­нің «Римнің құлауы» деген еңбегінде: «Рим керемет империя (қала) болған. Ол тек байлықты, билікті ойлағанның арқасында адамгершілік мұрат­та­ры­нан, кісіліктен айырылып қалған­дық­тан құлады», – дейді. Одан сақтанған елдер де болды. Біз оған 30 жыл ке­шік­тік! АҚЫН БАҚЫТЫ Бүгінгі түркі ұрпағы үшін ежелгі идеологиялық ұстын «Мәңгілік ел» идеясын жаңғырту – заман талабы. Өйткені адамзат тарихын түркілік мә­­дениетсіз, түркілік санасыз, түр­кі­лік тарихсыз елестету мүмкін емес. Ас­қар Сүлейменов: «Өмір – тән, өнер – жан. Тән тұншыққанда – жан шыңғырады», дейді. Мұқаңның шақыруы сол ша­қыру. Осы шақырулардың бәрін түп­теп келгенде, Мұқаңның шығар­ма­лары­нан оқи аламыз. Ақынның «Өр­ке­ниеттің адасуы», «Жазагер жады кос­моформуласы» деген өлеңмен жа­зылған романдары ЮНЕСКО ха­лық­аралық ұйымының бастамасымен насихатталып, шығарма әлемнің көп­теген тіліне аударылғаның көз ал­дыңызға елестетіп көріңізші! Мұн­дай бақыт бұған дейін әлемнің бірде-бір ақынына бұйырмаған екен. Бұл – әлем халқына соғылған қоңырау! Ақын үшін ең қорқынышты дүние – мәнсіз, мағынасыз ғұмыр ке­шу. Сондықтан ол бүкіл ғұмырын кү­рес­пен өткізіп келеді. Мұқаңның өз сөзі­мен айтсақ, «Ерлікті жасамаудан ба­ғаламау әлдеқайда қауіпті». Тарих­шы, ғұлама-ғалым Леонардо Брунидің 1416 жылы «История» еңбегінің ал­ғаш­қы кітабы жарық көргенде Грек – Рим билігі оны ұлтқа сіңірген еңбегі үшін өмір бойы салықтан босатыпты. Бір-ақ кітап!? Біз баршамыз Мұқаңа билік­тің атышулы «қазақ ұлтшылдығы» деген жалған айыптауды алып тас­тау­ға бастамашылдық танытқаны үшін де қарыздармыз. Мұқаң өзінің бір сөзінде: «Отан – біздің үлкен анамыз. Әркім өз анасына сіңірген еңбегі үшін құр­мет дәметпеуі керек!» дейді. Әйтсе де, ақын шетелдердің берген сыйлығынан құралақан емес. Оны Қазақстанға жа­сал­ған құрмет деп біледі. Мұхтар Шахановтың жақынға дейін Қазақ Үкіметінен алған «Қа­зақстанның Халық жазушысы» де­ген жалғыз атағы болды. Жақында Ұлы­тау төрінде өткен Ұлттық құрыл­тайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Шахановты 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, оған «Қазақстанның Еңбек Ері» ата­ғын беріп, кеудесіне «Алтын жұлдыз» бел­гісін тақты. Бұл бүгінде дамудың жаңа бағытына бет бұрып, тұлғалы азаматтарының еңбегін лайықты ба­ға­лап жатқан қазақ билігінің қайсар ақын­ды мемлекеттік дәрежеде құр­мет­теуі деп білеміз.

Ермек ЗӘҢГІРОВ, Қазақстанның құрметті журналисі

ӘЛЕМ МҰХТАР ШАХАНОВ ТУРАЛЫ * * * «Мұхтар Шаханов – өзiнiң адасқақ дүлей дәуiрiнiң белсендi ар-ожданы. Оны билiк тұғырындағылар бағалай қояр ма екен? Бiрақ мен осындай азаматтың өзiме жақын дос екенiн мақтан етемiн». Расул ҒАМЗАТОВ, Дағыстан ақыны * * * «Ол – жаңаша ойлау дүниесiнiң өренi. Менiң пайым­дауым­ша, мұндай өзгеше мән-мазмұнға ие ақын бүгiнге дейiн күллi Азия әдебиетiнде болған жоқ. Бұған көз жеткiзгiңiз келсе, оның поэмалардан құралған «Жа­загер жады космоформуласы» («Шыңғыс ханның пен­делiк құпиясы») атты алып тынысты романын оқыңыз. Нақ осын­дай заңғар деңгейдегi ақын ХХ ғасыр мен ХХI ғасыр ара­лығында бой көрсетуi керек-ақ едi. Ол ақынның Мұхтар Шаханов екенi даусыз». Шыңғыс АЙТМАТОВ, қырғыз жазушысы * * * Құдайым әр ақынға өз ұлтына осы Мұхтар Шахановтай еңбек етуді жазсын. Джон ЭШБЕРИ, Америка ақыны * * * Ашық айтар болсақ, бүгінгі өз замандастары арасында Еур­опада Шахановқа тең келер ақын жоқ. Роберто ЧИУЛИ * * * Шахановтың «Өркениеттің адасуы» – нағыз шыншыл рухани дабылдар эпопеясы, ол – Орталық Азиядан оянған домалақ найзағайдай Батыс Еуропа кеңістігіндегі қара түнек ойларды селк еткізді. Фридрих ХИТЦЕР, неміс жазушысы * * * ...Мен «Өркениеттің адасуы» поэмасын оқып, поэзияға де­ген адалдық пен ризашылықты сезіндім. Бәрекелді, Мұхтар! Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, қазақ ақыны * * * Мұхтар Шаханов – өте терең қазақ ақыны, бірақ оған ұлт­тық шектеулілік жат, сондықтан мен оны үлкен болашақ күтіп тұр деп ойлаймын, өйткені ақын Шаханов өз халқының фо­льклорлық сарындарын, тарихи және заманауи дана­лы­ғын сақтай отырып, оны әлемдік рухтың биіктігіне көтеруге тыры­сады. Евгений ЕВТУШЕНКО, орыс ақыны * * * О.Шпенглердің «Еуропаның күйреуі», А.Дж.Тойнбидің «Тарихты меңгеруі» – менің сүйікті кітаптарым. Енді менің кітап сө­ремде солардың қасында Мұхтар Шахановтың «Өр­ке­ниет­тің адасуы» тұр. Оскар Ариас САНЧЕС, Нобель сыйлығының лауреаты, Коста-Рика республикасының экс-президенті * * * Бакудың екі драма театрында Мұхтар Шахановтың «Сок­ратты ескеру түні» (Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп жа­зыл­ған) және «Шыңғыс ханның пенделік құпиясы» шығармалары бойын­ша қойылған спектакльдер зор табыспен өтіп жатыр. Бұл ақынымыздың тек түрік дүниесінде ғана емес, күллі әлем­дік поэзияда да алар орны ерекше екені белгілі. Полад БЮЛЬБЮЛЬОГЛЫ, Әзербайжан әншісі, актер, композитор Мұхтар Шаханов жер бетіндегі ең биік рухани ар-ождан ғана басқа адамдардың қайғысына төтеп бере алады, бар­лық әлемдік катаклизмдерді, тіпті Шыңғысхан секілділерді де жеңе алады деп уағыздайды. Мұхтар-қазақтың халқының фи­­лософ-ақыны, демек оның поэзиясы да, халқының эпосы да мәңгілік. Иван ДРАЧ, украин Халық ақыны * * * Шаханов – қазіргі әлемдік өркениетті түсінуге өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған, біріктіруші талантқа ие ақын-философ. Сондықтан біз оны академиямыздың мүшесі етіп сайладық. Бір қызығы, «Өркениеттің адасуы» сияқты, «Жазагер жады космоформуласы» адам өмірінің көптеген моральдық прин­ци­пін мүлдем басқа бағытта – кең поэтикалық-ғылыми-фило­со­фиялық түсіндірмемен ұсынады. Автордың бұл ерекше әдісі, үлкен романдардың сюжеттері екі-үш беттен тұратын поэ­тикалық жолдарға енген кезде біздің компьютер дәуірін­де поэтикалық сөздің жаңа мүмкіндіктеріне үлкен үміт оя­тады.

Михаил БАХМУТСКИЙ, академик, халықаралық Калифорния Ғылым академиясының президенті

Серіктес жаңалықтары