Қазақтың Қарақалпақстандағы қазынасы
Қазақтың Қарақалпақстандағы қазынасы
Қазақ халқы үшін қарақалпақ жерінің алар орны ерекше. Өйткені бұл елде қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнерінің көптеген асыл қазынасы қаймағы бұзылмай қаз-қалпында сақталған. Солардың бірі – жыраулық өнер. Бесқала жыраулық дәстүрі деп жиі айтылатын бұл өнердің санғасырлық тарихы бар. Мұндай сан ғасырлық тарих осы дәстүрімен жырлайтын өнерпаздардың сөз қолданысындағы өзгеше теңеулерден, ерекше әуендерден айқын аңғарылады. Міне, қарақалпақ жеріндегі қазақ халқының осы асыл қазынасын көркемдігі мен сұлулығына сызат түсірмей, ХХ ғасырда кеңінен насихаттай білген өнерпаз тұлғалардың бірі – Наурызбек жырау Нұржаубайұлы. 1931 жылы Қарақалпақстанда дүниеге келіп, 1994 жылы Алматы облысында қайтыс болған Наурызбек жырау артына мол мұра қалдырған еді. Атақты жыраудың осы мол мұрасы өткен аптада көлемді жинақ-кітап болып жарық көріп, оның таныстырылымы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясында өтті. «Наурызбек жырау шығармалары» атты кітапта жыраудың терме-толғаулары, өлең-хаттары, ән мәтіндері, ол жырлаған дастандар мен жырау туралы мақала-естеліктер, арнау жырлар енгізілген. Жинақты құрастырған – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Күнқожа Қайрулла. Сөз реті келгенде, Күнқожаның өзінің де жыршы, яғни Бесқала жыраулық дәстүрдің өкілі екенін де айта кеткен жөн. Осыған орай Наурызбек жыраудың бұл жинағы барынша сәтті, сапалы шығыпты. Жинақтың таныстырылымына Наурызбек жыраудың көзін көрген, жырын естіп, тәрбиесін көрген және осы өнерді зерттеп, жалғастырып жүрген Адайбек Бейімбетов, Шарафаддин Әмір, Ахмет Өмірзақ, Берік Жүсіпов, Құтмағамбет Қонысбай, Айгүл Қосанова, жыраудың асыл жары Зиба Өтегенқызы және басқа да өнер және қалам қайраткерлері қатысты. Мен өзім де кезінде шығармашылық және қызмет бабымен Қарақалпақстанмен ұзақ жыл байланыста болып едім, соған орай тұсаукесер салтанатына арнайы шақырылып, азды-көпті ой бөлістім. Тұсаукесерде Наурызбек жыраудың Өсербай Сәрсенбайұлы бастаған шәкірттері мен ізбасарларының ортаға шығып, жырдан шашу шашуы бұл салтанаттың ең шырқау шегі болды. Сондай-ақ тұсаукесер рәсімін жүргізген ақын Ахмет Өмірзақ кеш соңында «Наурызбек-толғау» атты өлеңін оқыды. Тұсаукесерден соң бұл салтанат қазақ халқының қарақалпақ жеріндегі қазынасын насихаттаудың басы ғана, ал болашақта мұндай іс-шаралар тоқтаусыз жалғаса береді деген үлкен сеніммен қайттық.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЙ, жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері