Белгілі аграрий Геннадий Зенченко қайтыс болды

Белгілі аграрий Геннадий Зенченко қайтыс болды

Белгілі аграрий Геннадий Зенченко қайтыс болды
ашық дереккөзі
295
Бүгін Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, «Зенченко және К» сенімгерлік серіктестігінің директоры Геннадий Иванович Зенченко 80 жасқа қараған шағында көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  Геннадий Зенченко 1937 жылы 4 мамырда егіншілер жанұясында дүниеге келген. Еңбек жолын жұмысшы-механизатор болып бастаған. Әскерден кейін балғашы, темір ұстасы, жүргізуші болып жұмыс істеген. Арнайы білім алған соң, механик, совхоздың бас инженері, «Сельхозтехники» аудандық басқармасының басшысы, аудандық атқару комитетінің төраға орынбасары болған. 1976 жылы «Новоникольский» совхозының директоры болып тағайындалды. Артта қалған шаруашылықты бірнеше жылда алдыңғы қатарға шығарған. 90-жылдары совхозды ЖШС айналдырды, содан кейін «Зенченко және К» сенімгерлік серіктестігін ашты. Қазір фермерлік шаруашылық Қазақстанға танымал заманауи ауылшаруашылық кластеріне айналды. Еңбек Ері Геннадий Иванович Зенченкоға «Отан» ордені және «Алтын барыс» төсбелгісі берілген. Екі КСРО орденімен және КСРО, ҚР медальдарымен марапатталған. Бірнеше күн бұрын Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Генадий Зенченконың екі хатын оқып берді. Оның бірі 25 жыл бұрын жазылса, екіншісі жыл басында жазылған. Азаматтың жаназасы Қызылжар ауданы Новоникольское ауылының мәдениет үйінде өтеді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Геннадий Зенченконың қайтыс болуына байланысты туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Жеделхатта ол өмірінің көп жылын ауыл шаруашылығына арнағаны және оның еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқаны айтылған. Г.Зенченко әрқашан тамаша адами қасиеттерімен, жоғары кәсіби деңгейімен, мол тәжірибесімен және өз ісіне деген адалдығымен ерекшеленді. Оның ерен еңбегі «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары атағымен және басқа да мемлекеттік марапаттармен бағаланды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Г.Зенченконың жарқын бейнесі оны білетіндердің жүрегінде әрдайым сақталатынын атап өтті.

Серіктес жаңалықтары