661
Депутаттар ел ішінде болады
Депутаттар ел ішінде болады
Демек, депутаттардың демалысы басталды. Екінші сессия несімен есте қалды? Қос палата биыл қандай мәселелер көтерді, қандай заң жобалары әзірленді? Халық қалаулыларының жоспары қандай екенін білмекке «AMANAT» фракциясының депутаттарына хабарласып көрдік. Олардың сөзіне қарағанда, биыл негізгі күш партияның жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясының жұмысына жұмылдырылмақ.
Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов палаталардың атқарған жұмысының нәтижесін сандармен дәйектеді. Оның мәлімдемесіне сүйенсек, екінші сессия кезінде палаталардың бірлескен 4 отырысы өткен. Одан бөлек, Мәжілістің 42 жалпы отырысы өтіп, онда 271 мәселе қаралыпты. Ал Сенаттың 42 жалпы отырысында 148 мәселе көтерілген.
Жалпы, қос палатадағы 127 заң жобасының 78-і қабылданды. Қазір осы Парламент қабылдаған заңдардың 66-сына Президент қол қойып, күшіне енген екен. Сонымен қатар депутаттардың бастамасымен 27 заң жобасы әзірленіпті. Қазір олардың 19-ы қабылданды, тағы 8 заң жобасы бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Мәжіліс Спикерінің айтуынша, депутаттар бастамашы болған заңдардың бірқатары Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталған. Солардың ішінде «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы», Қаржы пирамидаларының қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заңдар қабылданды. Ерекше күтімді қажет ететін адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері жөнінде де заң мақұлданды. Соның нәтижесінде 13 мыңға жуық ата-ана балалары ем алған кезде шығатын шығындардың 70 пайызына өтемақы ала алатын болды. Cонымен қатар Ерлан Қошанов Парламент Баланың құқығын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша құжат қабылданғанын айтты.
Оған қоса, екінші сессия кезінде Парламент елдің сыртқы саясаттағы басым міндеттерін іске асыруды бекітетін, шетелдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған 27 халықаралық шарт пен мемлекетаралық келісім ратификацияланған. Сессия барысында Парламент депутаттары 13 халықаралық парламенттік ұйым шеңберінде белсенді жұмыс істеді, 360 халықаралық іс-шараға қатысты және шетелдің 24 парламентімен ынтымақтастықты жүзеге асырды.
Мәжіліс Төрағасы өткен сессияда депутаттық сауалдармен де көптеген мәселе көтерілгенін айтты. Жалпы, Парламент депутаттары сессия кезінде Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдардың атына 494 депутаттық сауал жолдапты.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамыту, «Жаңа Қазақстан: жастар және жаңғыру» және «Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары» тақырыбына арналған 3 парламенттік тыңдау өткізілген.
Мемлекет басшысы қоғам талқылауларын әлеуметтік желілер мен қала алаңдарынан Парламент қабырғасына әкелу қажет екенін айтқан болатын. Осы мақсатта Мәжілістің жанынан Қоғамдық палата құрылған. Оның құрамына қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық сектор өкілдері кірді. Сонымен қатар азаматтардың талап-тілектеріне жедел ден қою үшін Мәжілістің Қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылған.
Бұған қоса, Сенатта «Ұлттық мүдде» диалог алаңы жұмысын бастаған болатын. Бірнеше министрлік пен ведомствоның қатысуымен 14 Үкімет сағаты өткен.
Келесі Парламент сессиясында палаталардың жұмысы конституциялық реформаларды іске асыруға бағытталатынын айтқан Мәжіліс Спикері депутаттардың алдында 20-дан астам жаңа заң жобасын әзірлеп, қабылдау міндеті тұрғанын айтты. Соның ішінде басты-басты деген маңызды заңдар жыл соңына дейін қабылдануы керек.
Сессия кезінде депутаттар өңірлерге 8 рет барып, халықпен 7 200-ге жуық кездесу өткізген екен. Демалыс кезінде олардың аймақтарға сапары жалғаспақ. Халық қалаулыларының демалыс кезіндегі басқа да жоспарларын білмек мақсатта хабарласып көрген едік.
Еділ ЖАҢБЫРШИН,
Мәжіліс депутаты:
Бұрын бармаған барлық елді мекенді қамтуға тырысамыз
– Шілде айының 1-не дейін Парламенттің кезекті сессиясы аяқталады. Негізгі заң шығару жұмыстарымызда үзіліс болады. Сайлаушылар депутат екі ай бойы каникулға шығып, демалысқа кетеді деп ойлайды. Ақиқатында депутат толықтай қызметін тоқтатпайды. Алдағы екі ай ішінде депутат тиісті демалыс күндерінен басқа өңірлерге шығып, сайлаушылармен кездесіп, өзінің депутаттық міндеттерін атқарады. Өзім туралы айтар болсам, демалысымыздың негізгі бөлігін елде өткіземіз. Одан басқа, отбасылық мәселелерімізге байланысты шетелге барып келуіміз мүмкін. Сонымен қатар әдеттегідей өзіміз сайланған Маңғыстау облысына барамыз. Бару кестесін жасақтап жатырмыз. Негізінен, өңіріміздің барлық қалалары мен аудандарын осыған дейін араладық, қоғамның барлық топтарымен кездесіп жүрміз. Дегенмен әлі бармаған ауылдарымыз бар. Уақыт жетсе, бұрын бармаған барлық елді мекенді қамтуға тырысамыз. Сайлаушылармен кездесулерімізде бірінші кезекте Парламенттегі атқарылған жұмыстарды сайлаушыларымызға жеткіземіз. Екіншіден, халыққа елде болып жатқан саяси және экономикалық реформалардан ақпарат береміз. Үшіншіден, халықпен пікір алмасып, оларды толғандырып жүрген өзекті мәселелерді жинақтаймыз. Ең бастысы, қандай заңдарға немесе заң астындағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс жасау керек, солар маңызды. Қазірдің өзінде жұмыссыздық мәселесі, азық-түлік бағасының өсуі, ауызсудың жетіспеушілігі, иттердің адамдарға шабуылы, энерготарифтердің қымбатшылығы сияқты мәселелерді тұрғындар қайта-қайта көтеріп жүр. Қажет болған жағдайда Самат Мусабаев екеуміз өңірге тиісті министрлік пен ұлттық компаниялардың өкілдерін шақырып немесе олармен онлайн кездесулер өткізіп, мәселелерді жедел шешуге болады.Ерлан САЙЫРОВ, Мәжіліс депутаты: Шекарадағы аудандардың әлеуметтік-экономикалық ахуалын тағы бір зерделейміз
– Депутаттар демалысқа кетті, бірақ демалысқа шығу жұмысты тоқтату деген сөз емес. Биыл Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстандағы өңірлерге барып қайтпақпыз. Ол жақтардағы ең бірінші жер мәселесі, яғни жайылым жер мәселесі өте өзекті болып отыр. Ал енді дәл қазір Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келдім. Ондағы Марқакөл, Катонқарағай, Зайсан, Тарбағатай аудандарына барып, халықпен кездесу жоспарда бар. Зайсан мен Тарбағатай аудандарында Майқапшағай – Омбы тасжолының Майқапшағай – Қалбатау бөлігін салу өте өзекті болып тұр. Өйткені құрылыс жұмыстары тым ұзаққа созылып кетті, халықтың шыдамы таусылды деуге де болады. Міне, осы мәселені шешу керек. Сондықтан біз жақын арада Тарбағатай, Зайсан аудандарында министрлік өкілдерімен жол салу проблемасына арналған жиын өткізбекпіз. Сонымен қатар Күршім ауданы Маралды ауылында жағдай ушығып тұр: сол жақта тұратын халық пен инвесторлар келісімге келе алмай отыр. Біз әрқашан халықтың мұңын тыңдап, мүддесін қорғаймыз, сондықтан Маралдыға барып, халықпен кездесіп, әлеуметтік-экономикалық жағдайынан хабардар болып, сөйлесіп, инвесторлармен екі арада туындап отырған проблеманы халықтың мүддесі тұрғысынан шешуге күш салатын боламыз. Және бұл жақтағы ең өзекті мәселе – шекарадағы аудандардың әлеуметтік-экономикалық ахуалын тағы бір зерделейміз. Шығыс Қазақстан сапары аяқталған соң Солтүстіктегі пай жерлер және жайылым жерлер мәселесіне назар аударамыз. «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы құрылған болатын, соның құрамында теріскейге барып жұмыс істейтін боламыз.Жанарбек ӘШІМЖАН, Мәжіліс депутаты: Алдымызда 5 миллион гектар жерді халыққа қайтару міндеті тұр
– Парламенттің біріккен отырысында жетінші шақырылымның биылғы сессиясы қорытындыланып, депутаттар демалысқа кетті. Негізінен, белгіленген кесте бар, сол белгіленген кесте бойынша депутаттар өңірлердегі сайлаушыларымен кездеседі. Менің кездесу мерзімім тамыз айына жоспарланған. Тамыздың 16-сынан 26-сына дейін өңірде боламын. Атап айтқанда, Кеген ауданы, Еңбекшіқазақ ауданы, Талғар аудандарындағы жұртшылықпен жүздеспекпіз. Енді биылғы әкімшілік-аумақтық өзгерістерге байланысты облыс Алматы және Жетісу болып екіге бөлінді. Мен бұрын 11-12 ауданды аралап қайтатынмын, биыл депутаттар жеке-жеке жүреді, сондықтан, әр депутатқа 3-тен, 4-тен аудан бөлініп берілді. Маған бөлінген осы 3 аудан, дегенмен кестеде жоқ Райымбек ауданына да баруға тырысамын. Биыл 4 рет елге барып қайттық, әр екі ай сайын халықпен жүздестік деп айтсақ болады. Референдумға байланысты аймақтарды аралаған кезде де халық әлеуметтік мәселелерді қозғап жатты. Сондықтан ең әуелі жер мәселесі өзекті болып отыр. Әсіресе, жайылым, егістік жерлерге қатысты халықтың талап-тілегі көп. Мен «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының мүшесімін. Осы комиссия қазір үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Жер комитетімен бірлесіп өңірлердегі игерілмей жатқан, заңсыз алынған жерлерді халыққа қайтару жөнінде үлкен жұмыстар басталып кетті. Сонымен қатар комиссия құрамында Бас прокуратура сияқты күштік құрылымдардан бастап үлкен лауазымды тұлғалар бар. Қоғам белсенділері бар. Жер мәселесімен айналысып жүрген заңгерлер де бар. Сондықтан бұл комиссияның жұмысы жемісті болатынынан халық зор үмітті болып отыр. Жақында әріптесім Ерлан Сайыров екеуіміз Түркістан облысына барып қайтқан болатынбыз. Ол жақта бір ғана құрылтайшылығындағы 184 мың гектар жерді Ордабасы ауданы Төрткүл ауылының Ақсары аталатын бөлімшесіндегі халықтың талап-тілегі бойынша қайтардық. Бұл – бір ғана мысал. Ал жалпы жыл соңына дейін игерілмей жатқан 5 миллион гектар жерді халыққа қайтару керек деген Президенттің тапсырмасы бар. Сол бағытта жұмыс істейтін боламыз. Дәл осы комиссия жұмысымен Алматы облысына тамыз айының үшінші онкүндігінде бармақпыз. Ірі жер иеленушілерімен келісімге келеміз. Одан бөлек, жол мәселесі, ауызсу мәселесі, өңірлердегі мектептің жағдайы да халықты толғандырып отыр. Алдыңғы сапарларымда мектептердің көбінің сапасы сын көтермейтінін байқап қайтқан едім. Білім беру мекемелері күрделі жөндеуді қажет еткенінен бөлек, техникалық-базалық жағынан да ақсап тұр. Жалпы, білім саласы, денсаулық сақтау саласы бар, жалпы әлеуметтік мәселе көп. Сонымен қатар жайылым жерлерді суару, жайылымға су жеткізу мәселесі де бар. Былтыр осы мәселемен айналысқан болатынмын. Осы мәселеге қатысты 5 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бөлінген ақша кезең-кезеңімен игерілетін болады. Мәселен, бір ғана Кеген ауданында 11 канал бар, солардың жұмысын толық ретке келтіріп, жүйелеген жағдайда аудандағы суармалы жерлердің төңірегіндегі мәселе 90 пайыз шешілетін болады. Одан бөлек, орман қорындағы жерлерді мал жайылымына қайтару бойынша көптеген жұмыс күтіп тұр. Оны халықпен бірлесіп, ақылдаса шешетін боламыз. Басқа алабөтен жоспар жоқ, әр жыл сайын отбасымның қасында және елде боламыз. Шетелге шығу ойда жоқ. Туған-туыс, дос-жаранның қуанышына ортақтасамыз. Өмір болған соң қуанышы мен қайғысы аралас жүреді, соған байланысты ағайынмен жүздесеміз. Соның бәрін бір жарым айға сыйғызуға тырысамын. Осындай қарапайым ғана жоспарларым бар.Елнұр БЕЙСЕМБАЕВ, Мәжіліс депутаты:
– Демалыс кезінде өңір аралап, Түркістан облысына барамын, Алматы қаласындағы, Алматы облысындағы халықпен жүздесемін. Одан бөлек, көтерілген әлеуметтік-экономикалық мәселелерді, жайылым жерге байланысты мәселелерді көтеретін боламыз. Демалыс уақыты – шамамен екі ай, соның бір айын өңір аралауға арнаймын. Одан бөлек, осы жаз айларында бастамашылық екі заң әзірлеуді ойға алып отырмын. Қысқаша айтқанда, жоспарым осындай.Сонымен, депутаттар өздері сайлаған өңірдің халқымен кездесіп, мәселелерін тыңдап, оң шешілуіне атсалысатындарын айтады. Аймақтардағы шешілмей жатқан негізгі мәселелер де бірдей. Халық қалаулылары жоспарларын орындап, жаңа міндет арқалап, қыркүйекте жаңа тыныс, жаңа қарқынмен жұмыстарын жалғастырады деген сенімдеміз.