1023
Жаңа бағыттағы әдебиеттің дамуы, жаңа әдеби сыйлық және Шархан Қазығұл
Жаңа бағыттағы әдебиеттің дамуы, жаңа әдеби сыйлық және Шархан Қазығұл
ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында әлемдік текетірестің бір жағында тұрған КСРО мемлекетінің күйреп, оның орнына әлем картасында 15 тәуелсіз мемлекеттің пайда болуы, сондай-ақ Еуропада КСРО ықпалында болған көптеген елдің бірнеше мемлекетке бөлініп, жаңа бағытта дамуға бет алуы әлемнің геосаяси жақтан ғана емес, рухани жақтан да өзгеруіне алып келді.
Әдебиет пен өнердің кеңестік социалистік реализм құрсауынан босауы рухани азаттыққа ұмтылған елдердің ұлттық һәм мемлекеттік бағытын айқындау жолына үлкен әсерін тигізді. Бір кезде халықтар арасындағы мәселенің тарихи қарым-қатынастар жағына тереңдемей, яғни кейінгі социалистік идеология саясаты орнықтырған «халықтар достығы», «интернационализм», тағы басқа мәселелерді пафоспен жырлау, ХХ ғасырда түрлі ұлттық мемлекеттің пайда болуына «ағалық» еткен «ұлы орыс халқының» тарихи салмағын әр шығармада көзге шұқып көрсетіп отыру, өзгелер сияқты қазақ халқының тарихтағы орны туралы ақиқатты бүркемелеп, оларды артта қалған, мәдениеті болмаған етіп көрсету секілді қаптаған тезистерді уақыт желі әп-сәтте ұшырып әкетті. Әдебиет пен өнер, тарих пен саясаттану уақыт талабына қарай жаңарып, жаңа кеңістікке қарай самғады.
Әрине, етқызумен кеңестік кезде жасалған әлі маңызын жоя қоймаған құндылықтарды, оның ішінде әдебиет пен өнер мүлкін түгел терістеп, 75 жылға жуық төгілген тердің арқасында саясатқа аса ұрынбаған, белгілі бір кезеңде ұлттың өзін сақтау иммунитетіне пайдасы тиген туындыларды да мансұқтай салу секілді орынсыз әрекеттер болмай қалған жоқ. Шын мәнінде, дәуірлер ауысқанда ондай «бекерлеулер» болмай тұрмайды. Алайда бәріне уақыт сарапшы десек, замандар сынынан өткен туындылар біздің саяси, рухани көзқарасымызға тәуелсіз өмір сүре береді. Әрине, оның ішінде ақиқатты ұстанып, адам жанының азаттығы мен ұлттың болмысын таныған, дәріптеген туындылар да бар. Демек, кеңестік кезеңде жазылса да Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, Тахауи Ахтановтың романдары, Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» дилогиясы, Әбіш Кекілбайдың повестері, басқа да ірі жанрдағы прозалық шығармалар, сол сияқты ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының ренессансын жасаған көптеген ақынның шығармалары өзінің құнын жоймақ емес. Десек те, жаңа дәуір әдебиеті өз бағытын іздеуге тиіс. Бұл жағынан алғанда да соңғы 30 жылдық әдебиетімізге келіп қосылған шығармалар қатарында жаңа бағытқа ұмтылуы ғана емес, өзінің көркемдік деңгейімен де әлемдік алдыңғы қатарлы әдебиеттер қатарында насихатталуы тиіс шығармалар табылады. Мәселен, қазіргі технологиялық жағынан тез дамып жатқан заманда енді аса көлемді шығармалар жазылуы қиын және оған оқырмандар тарапынан сұраныс болмауы мүмкін деген көзқарастардың өзі кейде біржақты екенін сездіре отырып, тәуелсіз қазақ әдебиетінің табысына айналған туындыларды талдап таратып отыратын әдеби кәсіби сынның еңсе көтере алмай жатқаны себепті дер кезінде лайықты бағасын ала алмай жатқан көрнекті жазушы Сайлаубай Жұбатырұлының «Абыржы» трилогиясы бүгінгі қазақ әдебиетінің жанрлық, формалық жағынан үлкен жаңалық екенін ашып айту жөн. Дегенмен мұндай жетістіктер жеке-жарым қаламгерлердің жетістігі екенін, бүгінгі әдебиетіміз тұтастай алғанда жазатындардан кенде емес, бірақ көркемдігі биік шығармалардың әлі де аз екенін де жасырмауымыз керек.
Әдебиетті жасауға қолына қалам ұстағандардың бәрі қатысады, бірақ оның салмағы қашанда таланттардың еңбегіне байланысты. Алайда су құймаса, гүл өспейтіні секілді қаламгерлер де материалдық жағынан қолдау көрмесе, әдебиет өспейді. Біздің елімізде қаламгерлерге жастарға да, жасамыстарға да арналған мемлекеттік сыйлықтар бар. Сол сияқты кезінде қазақ меценаттары беріп тұрған «Тарлан» сияқты сыйақысы қомақты сыйлықтар болды. Бірақ мұның бәрі түптеп келгенде әділдікпен үлестіріліп, өмірін әдебиетке арнаған таланттардың бәрі қарқ болып жатқан жоқ. Мемлекет тарапынан берілетін сыйлықтар да ел көлемінде танылған қаламгерлерге беріледі демесек, кейде одан қазақ әдебиетін дамытуға үлес қосқан және оны өзге елдерге таныта алады-ау дейтін ақын-жазушыларымыз құр қалып жатады. Ендеше бүгінгі дәуірдің ойлы азаматтары не істемек керек? Әдебиетті дамытуға тәуелсіз көзқарас қана емес, тәуелсіз марапаттау арқылы да ой еркіндігі мен көркемдікке жол ашатын істерге мұрындық болу қажет.
Қай халық та өзі туралы жоғары пікірде, өзін өзгеден кем санайтын ұлт жоқ. Сондықтан кейде «қазақ талантты халық қой» деген сөзді жақтырмай, қазақтың өзгеден несі артық деп жататынымыз жалған емес. Бірақ ел жасамағанды жасап, тіпті әлемде сирек кездесетін жобалардың өмірге келуіне ықпал жасап жататын жастарымызды көріп тұрып қалайша қазақтың басы идеяға толы талантты халық екеніне шек келтіруге болады?
Қоғамдағы рухани тұрғыдағы ұлттық бірлік күшейіп келе жатқан шақта бүгінгі парасатты қазақтың өз халқын әлемдік ақыл-ой биігінен көруге деген ынтасы қуантады. Сондықтан дүниежүзілік әдеби үдерісті бақылап отырған интеллектуалдардың жаңа жобалары пайда болып жатыр. Соның бірі – Қазақстанда Ерлан Асқарбеков жоба-идеясы негізінде ұйымдастырылған үздік қазақстандық романдарға берілетін Mecenat.kz әдеби сыйлықақысы. Mecenat.kz сыйлығы байқау өткізу арқылы жеңімпазы анықталып, оған ай сайын 500 АҚШ доллары көлемінде өмір бойы төленеді.
Сыйлықтың демеушісі Freedom Holding Corp инвестициялық тобының негізін қалаушы және мажоритарлық акционері Тимур Турлов. Биыл алғаш рет өткізілген конкурсқа қазақ және орыс тілдерінде 67 роман түскен. Солардың арасынан халықтың интернет арқылы дауыс беруі нәтижесінде белгілі публицист, қазақ баспасөзіндегі танымал тұлғалардың бірі Шархан Қазығұловтың «Күлпет» атты романы жеңімпаз деп табылды.
Шілденің 5-і күні Алматыдағы «Алматы» қонақүйі кешенінің 2-қабатында орналасқан «Астана» конференцзалында әдебиеттің даму мәселелеріне арналған дөңгелек үстел форматында іс-шара өтіп, онда Mecenat.kz cыйлықақысының биылғы жеңімпазына жүлдесін тапсыру рәсімі өткізілді. Іс-шараға Мәдениет және спорт министрлігінің Құжатты басқару мен мұрағат ісі жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Ақтілек Тәжі, АҚШ-тың Нью Йорк қаласында тұратын ақын Бақыт Кенжеев, халықаралық Freedom Holding Corp иесі, меценат Тимур Турлов, Mecenat.kz сыйлығының негізін салушы Ерлан Асқарбеков, «Қазақфильм» АҚ президенті Ақан Сатаев, Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек, Zerde Publishing бас директоры Инара Саруар, «Дактиль» журналының қазақ бөлімінің редакторы, жазушы, драматург Әлішер Рахат, Mecenat.kz жобасының сарапшысы Бақытжан Канапьянов, авторлық құқық жөніндегі сарапшы Темірлан Төлегенов, әдеби агент Расул Шыбынтай, сондай-ақ баспа өкілдері, продюсерлер, мәдениет қайраткерлері, БАҚ өкілдері, қонақтар және көпшіліктің дауыс беру қорытындысы бойынша көп дауыс жинаған байқау жеңімпазы мен 10 финалисі қатысты.
Жиын соңында Mecenat.kz байқауына «Күлпет» романымен қатысып, оның биылғы жеңімпазы болған Шархан Қазығұловпен қысқаша сұхбат жасадық:
– Шархан аға, ең алдымен сізді Mecenat.kz әдеби сыйлығының жеңімпазы болуыңызбен құттықтауға рұқсат етіңіз!
– Рақмет!
– Сізге роман жазу идеясы қашан келді, көркем шығарма жазуды бірден романнан бастау қиын болмады ма?
– Бұл романды жазу көптен ойымда жүрген. Сондықтан да қиын бола қойған жоқ.
– Өмірде роман кейіпкерлерінің прототиптері болған ба?
– Кейбір кейіпкерлердің прототиптері өмірде болды.
– Романыңыздың бас кейіпкері Ауған соғысына қатысқан һәм АҚШ мемлекетінде өмір сүрген, бұл екі елдің өмір салты сізге қаншалықты таныс?
– Кейбір масштабты ойларымды айту үшін дәл осы екі мемлекетті локация етіп алуға тура келді. Соншалықты терең білудің қажеті де болмады.
– Романыңыздың көлемі 13 баспа табақтай ғана, мұнша аз көлемге романның жүгін арту қиын емес пе? Романның көлемінің шағын болуын өзіңіз қадағаладыңыз ба, әлде шығарманың жазылу формасы соған әкелді ме?
– Роман көлемі жағынан халықаралық форматта жазылуын саналы түрде таңдап алдым.
– Бұрын бірыңғай публицистикамен айналысқан қаламгерсіз, сондықтан прозалық шығарма жазғанда тілдік жақтан қандай да бір қиындықтар болды ма?
– Романымды оқыған адам дәл осы тілдік тұрғыда аса бір қинала қоймағанымды ең алдымен байқар еді.
– Алғашқы романыңыз Мecenat.kz cыйлығына ие болды, бұл сізге болашақта жазушылықпен тұрақты айналысып, әлі көптеген роман жазуға жағдай жасайтын шығар?
– Алдағы өмірімді айтып, құдайды күлдіргім келмейді.
– Сізге әлем және қазақ әдебиетіндегі қандай романдар ұнайды, өз романыңызға солардың қайсысының әсері болды деп санайсыз?
– Сұрақтың бірінші бөлігіне оқырман ретінде жауап берсем, қазақтан Әбдіжәміл Нұрпейісов, Төлен Әбдік, Рахымжан Отарбаевты айтар едім. Шыңғыс Айтматов – мен үшін әлемдік деңгейдегі жазушы. Ал сұрақтың екінші бөлігіне келсек, маған Дулат Исабеков қатты әсер етті деп айта аламын. 1979 жылы «Қарғын» романын оқығаннан кейін «Күлпетті» жазуды армандағанымды жасыра алмаймын. Өмірдің ең үлкен мәні – сабырлық. Романымды жазуға асықпағаныма әлі қуанып отырмын.
– Қазақ жазушылары тарихи тақырыпқа көп барады, сізде де тарихи роман жазуға ниет бар ма, әлде белгілі бір тақырыпқа байланбай еркін жазғанды қалайсыз ба?
– Қажығали ағамның «Тар кезеңінен» кейін тарихи тақырыпты жазудың қаншалықты қиын екенін түсіндім. Оның үстіне, мен соншама зерттеуді қажет ететін жұмыспен айналысатын жастан кетіп қалған адаммын.
– Уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге алғыс білдіремін. Шығармашылығыңызға табыс тілеймін.
P.S.
Шархан Қазығұл – қазіргі қазақ журналистикасында өзіндік стилімен ерекшеленетін танымал тұлғалардың бірі. «Нұр Астана» және «Айқара» республикалық басылымдары мен Qogam.kz порталы сияқты жобаларды жүзеге асырған журналист бірнеше публицистикалық кітаптың авторы. Бұқаралық ақпарат құралдарының барлық түрінде өзін таныта білген. Сонымен қатар PR-маман ретінде де қызмет етті. Ол Қазақстан Президенті, Үкіметі және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы баспасөз қызметтерінде ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етті. Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Шархан Қазығұл Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінде студенттерге дәріс берді. Қазір зейнет демалысында.
Қаламгердің «Күлпет» романы кеңестік кезеңде сол дәуірдің саясатына қарсы болып өткен көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың ұрпағы Әбужанның бастан кешкен оқиғаларын баяндайды. Күлпет – жан азабы деген сөз. Әкесінен жиырмадан өтіп, медициналық жоғары оқу орнында оқып жүргенде айырылып, кейін бір кезде әділетшіл әкесімен өштескендердің кесірінен Ауған соғысынан бір-ақ шығып, одан әрі Америкаға өтіп кетіп, ақыры туған жеріне оралып, бір кезде өзін сүйген және қанша жыл бойы өзін күткен қазақ аруымен қосылып, мұратына жеткен Әбужанның тағдырына арналған роман бір деммен оқылады. Оқиғасы қызықты, баяндалуы шымыр да татаусыз бұл шығарма – бүгінгі қазақ романдарының алдыңғы легінен орын алатыны сөзсіз.
Ахмет ӨМІРЗАҚ