Ыстанбұлда өткен журналдар көрмесі

Ыстанбұлда өткен журналдар көрмесі

Ыстанбұлда өткен журналдар көрмесі
ашық дереккөзі
322
Air Astana рейсі қолайсыз ауа ағынына түсіп, ұшақ шайқалақтап, соқыр тұман тұм­шалап 20-30 минут ұшты. Ұшақ қонарда қою тұман сейіліп, Шехеризада ертегісіндей әсем көрініс көз алдымда шоқша жайнап жатты. Түн­гі Ыстанбұл фейерверк шашуындай көр­кем көрінеді. Қара теңіз және Мармара теңізін қо­сатын бұғазды жиектей қонған алып шаһар­дың түнгі оттары балқыған алтынша жар­қырай­ды, арасына ақық, зүбәржат тастарды зер­леп көмкергендей түрлі-түсті бейне көз тар­тады. Ыстанбұлда Түркия Мәдениет және ту­ризм министрлігінің (ТИКА) қолдауымен 8-12 маусым Сиркечи вокзалында XI Халықаралық журналдардың көрмесі күндері ашылды. Бес күн­дік іс-шараның қатысушылары 34 мем­ле­кеттен келді. Көрмеге Қазақстан, Өзбекстан, Қыр­ғыз Республикасы, Таяу Шығыс пен Еуро­па, Венгрия, Мысыр, Румыния, Нидерланд, Біріккен Араб Әмірліктері, Македония, Балкан, Шығыс Түркістан, Қырым (Украина), Ирактың түрік­мен өңірінен, Ираннан Оңтүстік Әзер­байжан, Молдовадан Гагаузия, Ресейдің үш өңірі Чувашия, Татарстан, Башқұртстаннан шығатын журналдар қойылды. Көрменің негізгі мақсаты – жер жүзінде журналистік сек­торды нығайта түсу, қоғамды ізгілендіру, ру­ханиятты байытумен қатар мәдениеттердің өзара сабақтастығы. Көрмеге Түркияда шығатын 400 және өзге елдермен қоса алғанда 450-ге тарта журнал қатысты. Халықаралық журналдар көрмесін «Жәрмеңкелер қыркүйегі» ком­паниясы ұйымдастырып, Түркия темір­жолы қолдау көрсеткен. Түркия үкіметі, саяси партиялар өкілдері, Ыстанбұл аудандық муниципалитеті көрмеге маңызды көмек көрсетті. Мұнда БАҚ, коммуникация, мәдениет, өнер саласында іс-шаралар қызу өтті, күн сайын халық көп жиналды. Алғашқы күні көрменің ашылу сәтінде Түркия Мәдениет министрінің бірінші орын­басары Ахмед Демирджан кішкентай қызы Невамен келді. Түркия журналдар ассо­циа­циясының президенті Фатих Бейхан мырза: «Көрмеге қатысушы елдердің әртүрлі мәдени бағытын көрсетумен қатар бұл басқосу ха­лықтар арасындағы коммуникацияны кө­теру­ге бағытталған, – деп атап айтты. – Оқырман қауым­ның кітап оқу мәдениеті маңызды. Бұл – оқу-білім мерекесі». Ашылу рәсімінде Әсем Ережеқызы ұлттық киіммен шығып, Абайдың екі әнін шырқады. Біздің үйлестірушіміз Шемсетдин бей Кузечи – үлкен ақын, жазушы, журналист, 25 кітап­тың авторы, доктор, комму­ни­катор­лардың Бүкіләлемдік ассоциациясының президенті. Халықаралық көрме әуелде 15 журналдың қатысумен басталса, ендігіде бірнеше жүздеген журналдың қатысуы көр­менің қаншалық рухани мәнге ие болғанын айғақтайды. Татарстаннан «Татмедиа», Баш­құртстаннан «Ағизел», Чувашиядан «Тетте», Әзербайжаннан Ulduz, Өзбекстаннан «Юлдуз», Қырғыз Республикасынан «Жетиген» жур­нал­дары қатысты. Біздің елден «Абай» журналы рес­ми шақырту алды, сонымен қатар көрмеге «Жұлдыз», «Таң-Шолпан», «Простор», «Адырна» журналдарын ала бардым. Түр­кия­дағы чуваш диаспорасының жетекшісі әрі түр­кі халық­тары ассоциациясының атқару­шы­­сы Надина Джавадова жерлестеріне қол­ғабыс етсе, қазақ, қырғыз, өзбек елінен келген өкіл­­дерге Түркияда «Болашақ» стипен­дия­сы­мен оқып жат­қан белгілі айтыскер ақын Әсем Ережеқызы аудармашы болып септігін тигізді. Көрмеге келген жұрт маңдайына мемлекет атауы ілінген әр тұсқа аялдайды. Чуваш халқы­ның матадан тігілген ұлттық қуыршағы мен кестесі талай жұрттың көзіне түсті. Ертесінде Ыстанбұл уақыты бойынша таңғы 5.07-де мешіттен азан дауысы естілді. 4-қа­бат, 410-бөлме, ашық тұрған терезеден шаға­лалардың дауысы, машина моторының гүрілі естілді. Отель бұғазға тиіп тұр. Фойеде араб өнері тақырыбына салынған карти­налардың көшірмелері ілінген. Шығыс пен Батыс миниатюра өнерінің түйісер тұсы Ыстан­бұл екенін Орхан Памуктың әйгілі романынан оқығанмын. Көкте шағалалар, жерде мысықтар сайран салып жүргені. Алып шаһарда жан-жануарға мейірім қалтқысыз әрі риясыз. Golden horn қонақүйінде сары мысық төрт баласын қожайынға білдірмей жертөлеге тасып алыпты.Таңертеңгілік аста сары мысық ашық тұрған терезеден ішке кіргісі келген шұбар мысықты айбат шегіп жолатпай, қуып жіберді. Иттер күйлі, маужырап мүлгіп жатады. Көшелерге тас төселген, өрден төмен ылдилай не­месе өрге жүресің. Ыстықта асфальт бол­мағаны қандай жақсы. Кенет Ыстанбұлға дәм тартқанын руха­ниятқа байланысты тартылыс заңы болар деп қабылдадым. Жеті ай бұрын Руми туралы эс­семді түрік тіліне аудартқамын. Елден ұшарда сапарым сәтті боларының нышаны айқын бі­лінді. Мәскеулік студенттік жылдарда Феодосия мен Симферопольге екі рет бардым. Ен­ді Қара теңіздің арғы жағалауын алғаш көруім. Әуежайда осында магистратурада оқи­тын суретші қызым Назерке 13 гейтте күтіп тұрды. Мені ұйымдастырушылар тарапынан қарсы алған кісі жүгімді көтерісіп, қызым екеумізді ВИП машинаға салып жіберді. Жүр­гізуші Golden horn қонақүйіне жеткізді. Ол Сиркечи вокзалының дәл қасында орналасқан. Қы­зым күн сайын көрмеге келіп, метро жа­былуға аз қалғанда кері қайтады, Зейтүн­бұрында пәтер жалдайды. Түнгі қалада жұрт аяғы басылмайды, жазғы турист өте көп. Бала-шағасымен қыдырып жүрген қазақтарды да жиі көрдім. Ұйымдастырушылар 34 елден келген қа­тысушыларға бар жағынан қолайлы жағдай жасапты. Әр кеш сайын меймандарды мей­рамханада күтіп, оның соңы әдеби кешке ай­налды. Шемшеддин бей Кузечи эстет ақын еке­ні анық сезілді, жұртпен қосыла ән салды. Әсем қазақша, түрікше ән салды. Бесінші күні Шем­шеддин бей меймандарды теңізге серуенге алып шықты. Жаңбыр жауып тұр. Автобус үлкен шаһардың көшелерімен ұзақ жүрді, айлаққа жетерде таулы-қырлы, бұралаңы аса мол өрден тік түсу үшін жүргізушіге пилоттық не­месе каскадерлік шеберлік шынымен қажет болғаны қайран қалдырды. Теңізді қақ жарып жүзгенде ақ көбік із палубасы ашық кемеден көк аспанға, көк теңізге қараса су бетінде ал­тын арай толқиды. Түрік халқының кеңдігі ұнады. Мейрам­ханаға ресми қатысушы болмаса да қызымды үш рет ертіп бардым. Анкарада оқитын башқұрт қызы да елден келген анасымен қоса еріп жүрді. Шемшеддин бей Кузечи мен кө­мекшісі Туба ешкімді жатсынған жоқ. Бурсада метроға кіретін карта болған жоқ, екі жолы бейтаныс түрік азаматы 4 кісі үшін төледі, Әсем ұсынған лираны алмай қойды. Қанда бар ежелгі мейірбандық, қонақжайлылық сақ­талғаны игілік. Көрме бітті, келген жұрт тарады. Әрине, тіл білгенде кәсіби мамандармен рухани бай­ланыс орнатуға болары түсінікті. Қырым та­тары Зера Бекировадан саяси қуған-сүргінге қатысты кітабын оқуға алдым. Басқа кісі­лер­мен визитка алмастық. Көрмеде Мысыр уни­верситетінде оқытушы қазақ қызы Рабиға Төлебайқызымен таныстым, ол араб деле­гациясына аудармашы болып келіпті. Дүй­сенбіде Ұлы Жәми – Айя-София және Ахмет сұлтан мешітіне кірдік. Классикалық ар­хитектурасына рухани энергетикасы лайық қасиетті жер. Ыстанбұлда ағаштар гүлдеп тұрады. Берлинде биік өскен ағаштар гүлге оранып төгіліп тұратынын көргемін. 13 мау­сым күні теңіз жолымен Бурсаға бардық, бұл қала – жібектің отаны. Үлкен мешітіне бардық. «Кітап кафеден» шыққанда көкте толған айдан сүт төгіліп кетердей толықсыған көркемдік әлем­ге тарады. «Қыналы қар» сериалы түсі­ріл­ген ауылға бардық. 17 маусым, Текирдагқа барар жол Мармара теңізін жиектеп жатты. Миф­тік көркемдік. Ойыма Шыңғыс Айтма­товтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» атты классикалық повесі орала берді. Текирдагтан көргенім бір мұнаралы, қос мұ­наралы мешіттер. Елордадағы Әзірет Сұлтан ме­шіті төрт мұнаралы түрік дәстүрінде салын­ған екен. Түрік әлемімен байланыс маңыз­ды, мұны айқын түйсіндім. Юнус Эмре мен Абай үндес. Бұрын «Абай» журналына Омер Сейфеддиннің «Маймыл» атты әңгімесін орыс тілінен аударып жариялаппын. 2019 жылдың басында Muğla Sıtkı Koçman университетінің магистранты Симге Солак ұстазы Екрем бей Аянның жетекшілігімен менің прозамнан дипломдық жұмыс қорғады. Мармара теңізінің жағасында тұратын Симгенің үйіне Назерке жиі барады екен, екі қыз дос, қызым журналист Айжан Көшкенова екеумізді қонаққа алып барды. Симгенің ата-анасы өте қонақжай адамдар болып шықты. Бір күн болдық. Келер жолы асықпай келіңдер деп жатыр. Газикой ауылына қарай жол бойында бір жағы бұталар өскен тау, бір жағы теңіз, 330 жылдық алып шынар ағашы өсіп тұр, өткен-кеткен жүр­гіншілер тоқтап, ішіне кіреді. Аузы тар бол­ғанымен, іші екі кісі сиярлық қуыс ағаш. Біреу әдейі үңгімеген, табиғат сомдаған ғажап мүсін. Ішінен сыртқа, күн көзіне, шынардың жай­қалған бұтақтары таралған ұшар басына өрмелеп шығуға болады, бірақ бұлай жасаса, кәрі ағашқа зиян келуі мүмкін. Құдайдың құдіретімен шынардың іші қуыс болса да шірі­мейді, тірі, жапырақтары жап-жасыл. Ағаштың тесігі екі тарам болып кетеді. Қуыста тылсым сыр бардай адам шыққысы келмей қалады екен. Тұран әлемі үшін рухани тілек тіледім. Ежелде оғыз-қыпшақ туысса, іші қуыс ағашта туғандықтан, қазақтың арғы бабасы қыпшақ атанған деген аңыз есіме оралды. 19 маусым қайтар күні қызым Әсем екеу­мізді аралға апарды, бір күн бұрын Айжан ке­тіп қалған. Бююкада үлкен арал, Мармара теңізі­нің жағасында, Ыстанбұл шаһарына таяу орналасқан. Біз мұнда жексенбі күні келдік, жаз жамалында сабылған жұрт қарасы мол екен.

Айгүл Кемелбаева

Серіктес жаңалықтары