2303
«Едіге» жыры – түркі рухының кесек көрінісі
«Едіге» жыры – түркі рухының кесек көрінісі
Уақыт – ұшқан құс. Күндер – керуеннің көші. Адамдар – асыққан жолаушылар. Өмір де, қоғам да бір орында тұрмайды. Солай бола тұрғанымен, көнеге көз тігу – сағыныш һәм мұң. Өткенді ойлау – өкініш әрі жұбаныш.
Иә, біздің ата-бабаларымыздың басынан не өтпеді, олар не кешпеді дейсіз... Жойқын жорықтар, сұрапыл соғыстар, қанды қырғындар. Жеңіс пен жеңіліс. Қуану мен мұңаю. Жаугершілік заманның зары. Даланың жазылмаған заңдары. Соның бәрі бүгінгі ұрпаққа ертегі-аңыз түрінде жетті. Сағымды елес болған сол кезеңдерді сарғайып сақталған жазбалардан оқимыз. Тарихтың тасқа басылған таңбаларынан сезінеміз. Ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, жадыларда жатталып, ауыздан-ауызға көшкен халық ауыз әдебиетінің айдын шалқар көлінен көреміз. Осындай көне дәуірден күмбірлей шығып, бүгінгі заманды таңғалдырып бізге жеткен құнды жәдігерлер аз емес. Кәрі тарихтың таразысында қалып қойған тамаша толғаулар, өз уақытына бағынбаған уытты туындылар қаншама десеңізші?! Жалпы, қазақ руханиятында сол көнекөз шежіре тектес шығармалардың көбі классикалық үлгіде екенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Заман жылжып, уақыт озған сайын көненің жаңғырып, жаңаның ескіруі – табиғи заңдылық. Ағысы қатты өмір-өзенде адамзат баласы көнеден қалған күмбездерге тәу етіп, бүгінгі тірлігі мен ертеңгі елесіне ой жүгіртері сөзсіз. Әрине, өткен тарихымызды таразыламай, бүгінді білу мен түсіну, болашағымызды болжау өте қиын.
Өткеннен жеткен тарихи-танымдық, әдеби-көркем жәдігерлерді, рухани мұраларды қазіргі жас ұрпақтың зердесіне құйып, жадына сіңіру – қолына қалам ұстаған барша жанның басты парызы, алға қойған мақсат-міндеті іспетті. Осы тұрғыдан келгенде, ертеден халық эпосы атанған «Едіге» жырының ерекшелігі мені жас кезімнен бері қызықтырушы еді. Ел арасында, халық ішінде кеңінен тараған бұл туындының бірнеше нұсқасын сүзгіден өткізіп, классикалық үлгісін жасаған, алғаш зерттеп, ғылыми тұжырым айтқандардың бірі көрнекті ғалым Шоқан Уәлиханов еді. Шоқан «Едіге» жыры туралы: «Қазақтың ең тамаша жыры – «Едіге», – депті. Шоқаннан кейін орыс ғалымдары П.Мелиоранский, Н.Веселовский, Г.Потанин, В.Жирмунскийлер зерттесе, сондай-ақ Ә.Дибаев, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, А.Орлов, А.Самойловичтар әр кезеңде өз ой-пікірлерін білдірген, жырды баспаға ұсынып, жарыққа шығаруға мұрындық болған.
Шын мәнінде, Едіге батыр тарихта болған адам. Оның есімі мен ерлігі, ғұмыр кешкен кезеңі Алтын Орда тарихымен тығыз байланысты. Өйткені тарихи-деректі жазбаларда, шежіре-жылнамалардың көпшілігінде Едігені батыр әрі би ретінде Алтын Ордаға біраз жыл билік жүргізген, ыдырап бара жатқан жерінен қайта қалпына келтіруші тұлға деп бағалайды. Тарихи деректерде Едігенің түр-тұлғасын, адамдық портретін, кісілік келбетін: «Ол қара торы, орта бойлы, дембелше, кең иықты, ер кейіпті, түрі айбарлы кісі еді» (Ибн-Арабшах) десе, енді бірде «Ақылы кемел, асқан жомарт, күлкісі биязы, аңғарымпаз да тапқыр, ғұлама оқымыстыларды сыйлаған, мәрт азаматтарды қастерлеген, пақырларға мейірімді, имандыларға қайырымды, ораза мен намазын берік тұтып, шариғат жолын адал ұстанған, Алланың аяты мен пайғамбардың хадисін көкірегіне түйген адам еді», – деп сипаттайды. Бұл терең мәнді түйіндеме – ақылы асқан, билігі жарасқан хандарға, көреген саясаткер әрі ірі мемлекет қайраткерлеріне берілер баға, көрсетілер құрмет. Осылайша, тарихтан әділ бағасын алған Едіге батыр халық арасында «Ер Едіге», «Ел қамын жеген Едіге», «Би Едіге» дейтін асыл қасиеттерімен аңыз-жырға айналды.
Едіге батырдың әдебиеттегі көркем бейнесін танытатын шығармалардың бірі һәм бірегейі – «Едіге» жыры екені баршаға мәлім. Қазақтың бұл эпосы түркі халықтары арасындағы Едіге жайындағы барша жырлардың ішінен көркемдік жағынан да, көлем жағынан да, көнелігі жағынан да ең ерекшесі, ең құндысы деп бағаланған. Ғылымда аталмыш шығарма «Шоқанның классикалық нұсқасы» («классический текст Валиханова») деп аталған еді.
Едігетанушы ғалым Едіге Мағауин: «Едігені» тұңғыш рет тарихи-филологиялық тұрғыдан қарастырып зерттеген, аударып, әлемдік ғылым алдына шығарған Шоқан болды дей келіп, әлемдік фольклористикада «Едіге» жыры дүниежүзі фольклорындағы эпикалық жырлардың ең озық үлгілерінің бірі деп есептеледі. Бұл – өткен ХІХ ғасырда-ақ қалыптасқан, сол кезде-ақ ғылыми қауым мойындаған және ешкім де теріске шығара алмайтын пікір. «Едіге» тарихи жыр емес. Негізінде, шынайы оқиғаларға құрылған жыр бірте-бірте өзінің тарихи негізінен алшақтай береді, халықтың санасына, ойына, тұрмысына, салтына байланысты сыйпаттарды бойына сіңіріп, халықтық эпосқа айналады. Жырда таза фольклорлық белгілер көп-ақ», – деп түйінді ойын ортаға салады.
Енді «Едіге» эпосындағы текті тұлғаның мына бір жауынгер жырына құлақ түрелікші:
Мен, мен – дүрмін, мен – дүрмін!
Мен, мен деген, тоба қылған ер дүрмін!
Мен досымның отын сөндірмен,
Дұспаным отын жандырман,
Өзім демес нәмәртқа,
Тоғыздан шаңқан боз ат міндірмен,
Тоқсансыз жебе салдырман,
Асылын сұрамай ас бермен,
Атасын сұрамай әсте нөкер ертпен...
Мұндағы «дүр» – байырғы сөз. Түп-төркіні: тез қозғалысқа түскісі кеп, қимыл-қарекет іздеп тұрған керемет лебіз. Бұл сөздің аясында жауынгерлік рух, азаматтық асқақ сезім тұр. «Дүр ету», «дүрліктіру», «тосыннан түсу», «дір еткізу», «дүрілдету», «от алдыру», «орыннан бірден қозғалу» секілді – алға ұмтылу, ілгері жылжу, жылдам да ширақ қимыл-әрекет мәнге ие болып тұрғаны көрінеді.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «дүр» сөзінің бірнеше мағынасы келтірілген. Негізгілері: маржан, інжу, күрт, қауырт, бірден, атақты, даңқты, мықты, су жаңа. Ендеше Едігенің «мен, мен – дүрмін» деуі – осы айтылған ұғымдардың қай-қайсысына да лайық сияқты.
Мінезі салмақты, әр ісіне тәубе қылған ержүрек жауынгер досына адал, дұшпанына қатал болуы – соғыс талабы. Сондықтан да ол досының отын сөндірмейді, дұшпанының отын жандырмайды.
«Нәмәрт» – бұл да көне сөз. Мағынасы – тексіз, жетесіз, нашар. Тегі жоқ, жетесіз өскен, нашарларға ақ боз ат түгілі тышқақ лақты берудің өзі – Едігедей ер үшін ерсі қылық. Адамдық, кісілік қасиеттерін біліп алмай, ата-бабасы мен тегін сұрамай тұрып қонақ қылып, дос-жаран ету де – һас батырға жат әрекет.
Мен тауға ұялар сұңқармын –
Тау бөктерлей жортармын.
Торлаусыз өскен құланмын –
Мезгілсіз жусап өрермін...
Тауда туған сұңқар сол тауды қиялай ұшып, бөктерлей түсіп «олжасын» қанжығасына іледі. «Торлаусыз өскен құланмын, мезгілсіз жусап өрермін» дейтін тіркестер көп жайдан хабар береді. Құлан – табиғаттың төл перзенті. Төрт аяқтының ішіндегі тазасы әрі тектісі. Ел арасындағы аңыздар мен көркем шығармаларда: «құлан қағынан жеріпті», «құлан теуіп өлтірді, ажалын оның келтірді», «құлан-ғұмыр», «құланиек», «құланның зары», «құланның ажалы», «құлантаза» дейтін сөздер мен тіркестер біршама кездесіп отырады. Сонымен қатар құлан – тағдырлы жануар. Құрып кетудің аз-ақ алдында қалған, Қызыл кітапқа енген тақтұяқтылардың тамаша бір өкілі. Жүнінің тықырлығына, дене тұрқының қысқалығына қарағанда тағдырдан көп теперіш көргенге ұқсайды. «Мезгілсіз жусап, өруі де» – ешқандай жан-жануарға ұқсамайды. Ен даланы еркін жайлап, еркін жайылатын жануардың бірі. Дарқан дала, жазиралы жазық – оның құт мекені. Міне, осы құлан-құбылыспен өзін теңестіруі де Едігенің ішкі әлемінің еркіндікті, азаттықты аңсауынан туындаған жайттар.
Божығаннан ащымын,
Сербет құйсаң тұщымын.
Буыршыннан қатты жарыспын,
Бұйдаласаң да еш шөкпен.
Буырылшыдан асау болыспын,
Бұғалық салсаң тоқтаман!..
«Божыған» деп отырғаны – өсімдік атауы. Жусан тұқымдас ащы өсімдік. «Сербет» шарап, тәтті сусын мағынасында қолданылады. Осы қарама-қарсы екі ұғымды ала отырып, жамандыққа – жамандық, жақсылыққа – жақсылық қыламын дегенді ұғындырады. Буыршын – түйенің жастау түрі. Асау қанды, шәлкес те тарпаң мінезді болып келеді. Осыған сәйкес, Едігенің ерегіс кезінде бұйдалап, байлап тұқыртсаң да басымды имеймін, шөкпеймін деп дұшпанына қатты қарсылық көрсетуі – батырлық қасиет, демократияға лайық көрініс. Ал «буырылшыдан да асау» болғаны – оның өр рухында тұр. Қобыландының Тайбурылы, Ер Тарғынның Тарланы, Алпамыстың Байшұбары секілді батырлардың мінер аттары да кілең асау, адуынды арғымақтар қатарында, текті тұлпарлар санатында екені баршаға аян. Сондай жүрегі түкті, жаны темір батырларға серік болған асау да қанатты атты бұғалық тоқтата алмасы анық. Оларда қыл арқанның өзін қияр, шынжырыңды да үзіп жіберер құдірет-кие бар. Ер Едіге өзін соған теңеп, тіпті одан да қуатты екенін тілге тиек етіп отыр.
Жырдың тағы бір жерінде:
Мен қарағайдан биік біткен терекпін,
Басымнан дауыл үрсе теңселмен.
Мен қарағайға қайнап біткен қара бұтақпын,
Балталасаң айрылман.
Еменге айыру біткен бұтақпын,
Еңкейтсем оңдырман.
Мен қарағайға қарсы
біткен бұтақпын,
Қасалассам оңдырман...
немесе:
Садақ толған сай жебе
Қыдырада төккенмін,
Мен атанға тартсаң ауырмын,
Батпанға тартсаң бастырман,
Таразыға тартсаң тең дүрмін... –
дейтін Едігенің монологы бар.
Батырдың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, ішкі жан дүниесі осы шағын шумақтардан-ақ көрініп тұр. Ел мен жерді, Отанды қорғау үшін қорамса толы сары жебені қара нөсердей құйылтып, майдан алаңында ат ойнатып, кез келген жауды ойсырата жеңіп, жеңіс туын көтерген қаһарманның автопортреті. «Атанға тартсаң ауырмын» дегені – оның тарихи салмағы әрі дүркіреген атақ-даңқы секілді. «Таразыға тартсаң тең дүрмін» деуі – аты аңызға айналған әлемдік деңгейдегі қолбасшы, хан, би, батырлармен терезем тең, қай-қайсысымен болса да бәсекеге түсе аламын дейтін айбынды рухы. Қызуқанды, асау жанды батырлық пен ерлік бара-бара сабаға түсірер сабырлылыққа, біртоға байсалдылыққа, кішіпейіл кісілік ұғымдарға ұласады. Осылай жыр бойында желі секілді өжеттік пен сағыныш қабаттаса өріліп, адамның бойындағы асыл қасиеттерге жол ашады.
Жырды алғаш зерттеуші Шоқаннан бастап қазіргі жас ғалымдарға дейін және өзге ұлт өкілдері зерттеушілерінің бәрінің де пікірлеріндегі ортақ ой өзегі «Едіге» эпосының көркемдігінде жатыр. Еркін ой, кестелі сөз өрнегі, қара өлең мен қара сөздің қиюласып біте қайнауы, жыраулық дәстүр үлгісіндегі жыр тасқыны толассыз құйылып, фольклор мен жазба әдебиетті таразыға тең тартқан. Жырауларға осы халық эпосы әсер етті ме, әлде сол шайырлар осынау жәдігер туындыны жарыққа шығарды ма, ол жағы тылсым тарихтың еншісінде. Ал зерттеуші ғалымдардың дәлелдеуіне қарағанда, аталмыш жырға қазық болар тарихи деректерді халықтың өзі кейіпкердің көзі тірісінде, яғни ер Едігенің ерлік даңқын ауызекі әңгімелермен-ақ аңыз қылып таратқан. Едіге батыр өмір сүрген уақыт – ХIV ғасырдың ІІ жартысы мен ХV ғасырдың І жартысы. Әрине, жыраулардың алғашқы легі Сыпыра, Асан қайғылар бұл кезеңде тарих сахнасында бар еді. Әрісі Сыпыра, берісі Махамбетке дейінгі ғасырлар көшін қамтитын жыраулар галереясында айтылатын отты ойлар мен семсер сөздер осы жырда тұнып тұр.
Едіге батырдың тарихын зерттеген, «Едіге» эпосының табиғатын барлауға түбегейлі бет бұрған, негізгі нысана еткен ғалым Едіге Мағауиннің жыр жайындағы ғылыми тұжырымдарына ден қойсақ: «Тарихи Едіге – көзі тірісінде-ақ аңызға айналған адам. Бүгінгі ұрпаққа жеткен жыр-дастандар және түрлі аңыз бен әңгіме кемеңгер көсемнің өзі өмір сүрген кезінде қалыптаса бастаған. Жырды қазақ поэзиясының таңдаулы үлгісі, қазақ тілінің байлығының, бейнелі, сырлы, мағыналы қасиетінің көрінісі деп бағалауға тиіспіз. Бұл – жырды зерттеуші бұрынғы-соңғы ғалымдардың барлығы да бірауыздан мойындаған, атап көрсеткен жағдаят.
Жырды жасауға, сөз жоқ, сол кездің жыраулары қатысқан. Жырдың өлең өлшемі жыраулық поэзияның өлең өлшеміне сәйкес. Тек құрылысы ғана емес, сарыны да жыраулық поэзия үлгілерімен үндес, кей жерлері тіпті дәлме-дәл келеді» деген өзекті ой-пікірін алға тартады.
«Едіге» жырындағы жиі ұшырасатын элементтер қатарында қазақы салт-дәстүрлер, түркілік сарындар, жалпы шығыстық, азиялық ою-өрнектер мен бояу-нақыштар бар. Жырдың дәл қазіргі уақытпен де үндесетін бір тұсы – оның еркіндігі мен қуаттылығында. Бұған қоса, ашық көзқарас, сөз бостандығы жақсы сақталған. Халықтың ғасырлар бойғы арманы мен қиялының жиынтығы, ерлік рухы ерекше көрінетін бұл туындының бүгінгі және келер ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде алар орны айрықша.
Ерлік, ел мен жерді қорғау, Отанды сүю тақырыбында жырланған жырдың мән-мағынасы тереңде жатыр.
Тектіліктен тамыр тартатын осындай ұранды сөз легі қай дәуірге де, қай ғасырға да, қай қоғамға да керек болды.
Әсіресе, соңғы кездерде жиі айтылып жүрген ұлттық құндылықтар құнсызданып, құрдымның алдында тұрған, тұтастана түйілген қара бұлттай жаһандану дәуірінде елдің еңсесін көтеріп, ойын сергітіп, көзін ашатын мұндай ерлік тұнған еркін жырлар ауадай қажет-ақ. Бұл жыр – рухымызды көтеруге, үмітімізді жарқыратуға, ой-арманымызды орындатуға септігін тигізері сөзсіз. Бүгінгі және ертеңгі ұрпаққа беретін ұлағатты үлгі-өнеге мен патриоттық тәрбие, туған елі мен жерін қорғау мәселесі, Отансүйгіштік сезімді қалыптастыруда ықпал-әсері ерекше. Сондықтан да мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттеріне жырдың түпнұсқасы толықтай беріліп, әрі тереңдей талданып ұсынылса нұр үстіне нұр болар еді.
Міне, осылай «Едіге» сынды ұлттық руханияттың уызына айналған халық эпосының, әдемі әдеби ескерткіштің кейінгі толқынға, келер буынға тарихи тұрғыдан да, әдеби жағынан да тәрбиелік-танымдық мүмкіндігі мол екенін баса айтқанымыз абзал.
Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ, Журналистер одағының мүшесі
Қарағанды