50328
Асланбекті шаршы алаңдағы қарсыласым ретінде құрметтеймін – Абылайхан Жүсіпов
Асланбекті шаршы алаңдағы қарсыласым ретінде құрметтеймін – Абылайхан Жүсіпов
Жақында Миннеаполис (Миннесота штаты, АҚШ) қаласында Қазақстанның төрт боксшысы жекпе-жек өткізді. Бұл бокс кеші спортсүйер қауымға ерекше әсер сыйлады. Отандастарымыз шаршы алаңда қарсыластарын нокаутпен жеңіп, ел мерейін тасытты. Осы кеште жартылай орта салмақта өнер көрсеткен бокстан әуесқойлар арасындағы Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны Абылайхан Жүсіпов мексикалық қарсыласын бірінші раундта нокаутқа жіберген болатын. Кәсіпқой бокста екінші жеңісіне қол жеткізген спортшы turkystan.kz сайтының тілшісіне сұхбат берді.
– Абылайхан, кәсіпқой бокстағы кезекті жеңісіңіз құтты болсын! АҚШ-тағы жекпе-жегіңіз туралы айтып беріңізші. Бокс кешін кімдер ұйымдастырды?
– Құттықтап жатқаныңызға рақмет. Елге келіп, отбасымызбен қауышып, көзайым болып жатқан жайым бар. Америкаға барып, BBC компаниясымен жұмыс істеген болатынбыз. Қазақстандық «Сүлеймен промоушен» компаниясымен барып, бокс кешінде өнер көрсеттік. Қазақстан атынан сынға түскен төртеуміз де Америкада үш ай бойы тыңғылықты дайындалдық. Қарсыласымызды зерттедік. Еңбегіміз зая кетпей, бәрі ойдағыдай аяқталды.
– Жаттығу кезінде түсірілген видеодан Сауль "Канело" Альваресті байқап қалдық. Танымал мексикалық боксшымен қалай кездесіп жүрсіздер?
– Жекпе-жектің алдында Сан-Диегоға барып, Канеломен жолығып, таныстық. Бір залда жаттығу жасадық. Оның қалай жаттығатынын көрдік. Біздің боксшымыз Айдос Ербосынұлы оның спарринг серіктесі болды.
[caption id="attachment_188086" align="alignnone" width="1210"] Фото: Instagram[/caption]
– Кәсіпқой боксқа түбегейлі ауыстыңыз ба?
– Қазір кәсіпқой бокста өнер көрсетіп жүрмін. Алайда толығымен ауыстым деп айта алмаймын. Ұлттық құрама шақырып жатса, компанияның рұқсатын алып барғым келеді. Еліміздің көк Туын желбіретсем деген арманым бар.
– Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Токиодан кейін біраз сынның астында қалдыңыз. Сізді төртжылдықтың басты додасына «шаршап барған, көзінде от жоқ» деді.
– Токиода түрлі жағдай болды. Ешкімге кінә арта алмаймыз. Кінәні тек өзімізден іздейміз. Әр кезде әртүрлі ойлаймыз ғой. Қарап отырсам, қазіргі көзқарасым мен сол жекпе-жектегі көзқарасым екі түрлі. "Біткен іске сыншы көп" дейді ғой. Токиодағы қателіктерімнен сабақ алып, біраз ой түйіп қайттым.
– Көрермен Асланбек Шымбергенов екеуіңізді бәсекелес санайды. «Олимпиадаға Асланбекті апару керек еді» деген сөз аз айтылмады. Негізі, оның әлеуетін қалай бағалайсыз?
– Асланбек – адамгершілігі мол, жақсы жігіт. Спортшы ретінде өте керемет боксшы. Оны шаршы алаңдағы қарсыласым ретінде құрметтеймін.
Әрине, Олимпиада деген бақ қой. Оған екінің бірі бара бермейді. Қазақстан біріншілігі болды. Кім жеңеді, сол лицензиялық ойынға барады. Бұл жерде оның да ешқандай өкініші жоқ деп ойлаймын. Қазақстан біріншілігінде жеңіске жетіп, бірінші болып лицензияны ұтып алдым. Бұйырған кетпейді ғой.
[caption id="attachment_188084" align="alignnone" width="1280"] Фото: meta-ratings.kz[/caption]
– «Қазақтың салмағы» деп аталып кеткен 69 келіде өнер көрсеттіңіз. Бұл сізге үлкен жауапкершілік жүктей ме?
– Әрине. Бұл салмақта бізде кіл мықты боксшылар жұдырықтасты. Сондықтан 69 келіде шаршы алаңға шыққан боксшыға ерекше сенім артады. Қазір 69 келіні 71 келіге ауыстырды. Жалпы, еліміздің намысын қорғауға бара жатқасын барлық салмақтың жауапкершілігі жоғары. Әр спортшы соны сезінеді. Елге келгесін ешқайсымыз ерекшеленбей, бәріміз бірдей есеп береміз.
– Боксшы болғасын бабыңда болуың керек. Жаттығудан бөлек, тамақтану тәртібіңізге де ерекше көңіл бөлетін шығарсыз. Қандай тағамдардан бас тартасыз?
– Иә, спортшы болғасын көп тағамнан тыйылуға мәжбүр боламыз. Әсіресе, жекпе-жек жақындағанда, бір ай қалғанда салмағымызды реттеуге қатты көңіл бөлеміз. Майсыз, қайнатылған тағамдарға көшеміз. Ал демалыс кездерінде өзімізге ешқандай шектеу қоймаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет! Жетістіктеріңізбен жанкүйерлерді қуанта бергейсіз!