1206
Шетелден шипа іздегендер қанша қаражат жұмсайды?
Шетелден шипа іздегендер қанша қаражат жұмсайды?
Елімізде жаңа медициналық нысандар салынып, қыруар қаржы қымбат жабдықтар алуға жұмсалуда. Соған қарамастан Қазақстанда медицина туризмі дамымай отыр дегенді жиі естиміз. Бірақ қазіргі уақытта елімізге шипа іздеп келетіндер мүлдем жоқ деп айта алмаймыз. Ал қазақстандықтар шетелде емделу үшін 1 жылдың ішінде кемінде 200 миллион доллар жұмсайды екен.
Медициналық туризм – бұл азаматтардың сапалы және қымбат емес медициналық көмекті іздеу мақсатында шет елге шығуы. Адамдардың медициналық көмекті өзге елдерде алуына итермелейтін түрлі әлеуметтік-экономикалық себептердің болатыны рас. Көбіне-көп жұртшылық өз елінде емделу мүмкіндігі болмағанда және медициналық қызмет құны арзан болғанда шет мемлекетке барып емделуге мәжбүр болады. Медицина туризмі жақсы дамыған 10 елдің ішінде Швеция мен Швейцария, Түркия, Израиль, Корея бар. Азия елдері бойынша медициналық туризмде Қытай, Сингапур сияқты елдер көш бастап келеді. Сингапурда емделу АҚШ және Еуропа елдерінде емделуден арзан. Мәселен, АҚШ-та 160 мың доллар тұратын ота түрі, Сингапурда 12 мың доллар тұрады. Клиникалардың негізгі ерекшелігі – сапалы көпсалалы медициналық қызмет көрсетуге тырысатындығында.
Қазақстан бұл тізімде тек 30 елдің қатарына кіреді. Бұл Қазақстандағы медицина саласы ақсап тұр деген сөз емес. Өзге елдерде жасалатын түрлі оталарды, біздің дәрігерлер де жақсы әрі сапалы жасайды. Мамандардың айтуынша, бізде тек жарнама жетіспейді. Өткен аптада Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан медициналық туризм еліне айналды. Бізге алыс жақын шет елдерден науқастар емделуге келетін болды. Бүйрек, бауыр, өкпе, жүрек сияқты ағза мүшелерін трансплантациялайтын күрделі операциялардың бәрі елімізде жасалады. Қазір әрбір облыста денсаулық орталығында жүрекке ашық операция жасайтын мүмкіндікке қол жеткіздік. Қай кезде ондай болды? Бұл дәрігерлердің дайындығының арқасы, ең үздік қондырғылардың арқасы. Жүрек аурулары бойынша ота кезегінде 10 мыңдай азамат тұрса, оны қазір еліміздің дәрігерлері жасауда. Бұрын батыс елдерінде емделу үшін 50-60 мың доллар төлеу қажет болатын. Біздің еліміз жасанды жүрек орнатудан әлемде Германия мен АҚШ-тан кейін 3-орында тұр. Еліміздің медицина саласын әлемдік деңгейге көтерген екі дәрігер бар. Олар Юрий Пя мен Серік Ақшолақов. Олар күрделі зерттеулер жасап, ғылымға тың жаңалықтар әкелді. Отандык медицинаны әлемге танытты. Сондықтан да мен оларға Еңбек ері атағын бердім», – деді.
Соңғы деректерге сүйенсек, Ақтөбедегі медициналық мекемелерге де сырттан ем іздеп келетіндер қатары көбейіпті. Жыл басынан бері 100-ден астам шетел азаматы ақтөбелік дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Жергілікті оңалту орталығының өзінде 40 шетелдік ем қабылдаған. Олардың 16-сы стационарда ұзақ емделген. Корея, Түркия мен Америка азаматтары жергілікті дәрігерлердің біліктілігін жоғары бағалапты. Әсіресе, емделушілер Ресейдің шекаралас облыстарынан жиі келеді.
Жеке меншік клиникалардың есептеуіне сүйенсек, соңғы 10 жыл ішінде, қазақстандықтар 2 миллиард долларға жуық ақшаны шет елден ем алу үшін ғана жұмсаған. Қазақстаннан жылына 10 мыңға жуық науқас өзге елдегі дәрігерлердің көмегіне жүгінеді екен. Ал біздің елге ем алу мақсатында келетіндердің саны одан 3 есе төмен. Бар-жоғы 3 мыңнан асады. Өткен жылы Қазақстанда 3623 шетелдік азамат ем қабылдады. Бұл – өте аз көрсеткіш. Елімізге науқастар әзірге тек ТМД төңірегінен келеді. Әсіресе Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтары біздің медицинаны құп көреді. Өйткені шет елде жасалатын күрделі оталардың бағасы Қазақстанда әлдеқайда арзан.
Бірақ дертіне шипа іздеп, шекара асатын қазақстандықтардың қатары азаймай тұр. Олардың кейбірі шет мемлекеттердегі медицина қызметіне арзандығы үшін жүгінсе, енді бірі Қазақстаннан ауруына ем таба алмай амалсыздан көрші елдердегі ақ халаттылар қызметіне жүгінеді. Бұл еліміздегі медициналық туризмнің ақсап тұрғанының дәлелі болса керек. Қазіргі уақытта Азия елдері арасынан медициналық туризм бойынша Қытай, Сингапур елдері көш бастап тұр. Ал бұрынырақ қазақстандықтар Ресей, Беларусь, Германия елдеріне ем іздеп жиі баратын. Бүгінде отандастарымыздың таңдауы Сингапур, Корея, Қытай, Израиль елдеріне түсіп отыр. Тіпті, бұл тізімге көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан да енеді. Аталмыш елдерде стоматологиялық қызмет Қазақстанға қарағанда арзан. Сингапурға туристерден келетін қаржылық пайда өте жоғары деңгейде. Ал бұл елде емделу өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Мәселен, АҚШ пен Германиядағы медициналық қызметтен 40, Ұлыбританиядан 60 пайызға арзан. Сондай-ақ, Сингапурдағы клиникалар әлемдегі ең үздік емдеу мекемелерінің қатарында. Мұндағы клиникалар сапалы көпсалалы медициналық көмек көрсетуге негізделген. Медициналық туризмнің орталығына айналған елдерде шетелдіктердің емделу үрдісін жеңілдететін құрылымдар қалыптастырылған. Емделушілерге орнығу үшін арнайы орындар беру, аурухана мен дәрігерлер арасында байланыс орнатуды жүзеге асыратын және тұрмыстық мәселелерді шешуге көмек беретін аудармашы мен координатор дайындау ісі еш қиындық тудырмайды. Қазақстанда да осы мәселелердің тез шешілуі үшін әрекет ету қажет.
Негізінен, медициналық туризм тасқынында екі бағыт көрініс тапқан. Біріншісі, қызмет көрсету ақысы жоғары елдерден бағасы қолжетімді мемлекетке барып емделушілер. Екіншісі, медициналық көмек көрсету деңгейі төмен елдерден қызмет көрсету сапасы дамыған мемлекеттерге баратын азаматтар. Алғашқысына мысал ретінде Американы атауға болады. Онда медициналық тур бойынша сапар шегушілер саны 2012-2013 жылдары 750 мыңнан 3 миллион адамға дейін өсіп, бұдан өзге елдер 1 миллиард доллар табыс тауыпты. Ал екіншісіне бұрынғы кеңестік кеңістікте болған елдерді қосуымызға әбден болады. Соңғы жылдары өз еліндегі емдеу мекемелерінің шамасы жететін жай емдеу түрлерін де шетелден алуға әуестенушілер шоғыры қалыптаса бастады. Тіпті, шетелде босануды сәнге айналдырғандарды да жиі кездестіріп жүрміз.
Елімізде медицина саласын дамыту үшін жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ... Шетел асып, ем іздеген халық саны да азая қоймады, отандық медицинаның ахуалы да жоғары деңгейге жете қоймады. Егер медициналық қызмет сапалы әрі арзанырақ болғанда жыл сайын шет мемлекеттердің қазынасына құйылып жатқан милллиондаған доллар өз еншімізде қалар еді. Қазақстандықтардың шетелде ем алуға да, дем алуға да жұмсайтын қаржысы өзгелердің біздің елге әкелетін табысынан анағұрлым артық. Өзге елдің қазынасын өз қолымызбен толтырып отырсақ та, еліміздегі медициналық туризмді дамыту әлі де төмен деңгейде. Ал қазақстандықтардың ем алу үшін шетел асуы отандық медицина саласына үлкен сын емес пе?
Дегенмен, еліміздегі медициналық туризм мүлдем кенже қалды деп ауызды құр шөппен сүртуге болмас. Бүгінде елімізде медициналық туризмді дамытуға үлкен күш салынуда. Тіпті, соңғы жылдары Қазақстанда шетелдіктер үшін де халықаралық талаптарға сай медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік пайда болды. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2011-2014 жылдары Астана қаласындағы ұлттық медициналық холдингтің клиникаларында, Ұлттық ғылыми медициналық орталықтан әлемнің 30-дан астам елінен 5 мыңға жуық азаматқа медициналық көмек көрсетіліпті. Елімізде ем алу үшін келген емделушілер қатарында Ресей, АҚШ, Жапония, Италия, Ұлыбритания, Түркия, Болгария, Шри-Ланка, Филиппин, Қырғызстан азаматтары бар. Қазақстанда шетелдік азаматтар көбіне экстракорпоральды ұрықтандыру, жүректегі қан жолы тетігіне кардиохирургиялық ота жасау, жатыр артериясын эмболизациялау сынды медициналық қызмет түрлеріне жүгінеді. Ал мұндай оталардың құны Қазақстанда өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Бүгінде отандастарымыз шетелге медициналық көмек іздеп бармас үшін жағдайлар жасалуда. Еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қол қусырып қарап отыр дей алмаймыз. Жоғарыда аты аталған елордадағы үздік медициналық нысандар соның айғағы болса керек. Сонымен қатар, мамандарды даярлауға, оларды шетелде оқытып, шетелдік танымал медицина қызметкерлерін елімізге шақыруға баса назар аударылуда.