50601
Маймыл шешегіне қарсы вакциналау басталды
Маймыл шешегіне қарсы вакциналау басталды
Әлем бойынша маймыл шешегін жұқтырудың 9 мыңнан аса дерегі анықталды. Оның бір мың жеті жүзі Германияда тіркелген. Жалпы, бұл дерт 60-тан аса елде анықталды деп хабарлады turkystan.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Бұл коронавирус секілді тез жұғатын ауру болмаса да, науқастар саны өсіп барады. Мамандар бұқаралық шаралар мен фестивальдар өтетін жаз маусымында жағдай тіпті ушығып кетуі мүмкін деп отыр. Алайда Германияда осындай шараларға тыйым салуды көздеп отырған жоқ. Мұның орнына дерттен сақтануды ұсынды. Бүгін Берлинде вакциналау науқаны басталып кетті. Жалпы, Еуроодақ елдері бұл дертке қарсы 110 мың вакцина сатып алды. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты оларды одаққа мүше елдерге және Норвегия мен Исландияға үлестіреді.
«Маймыл шешегінің әлем бойынша тарауы – әдеттен тыс оқиға. Оны жұқтырған адамдар саны артып, географиясы да кеңейіп барады. Сондықтан бұл дерттің таралуына тосқауыл қою үшін күш біріктіруіміз қажет. Қысқа мерзімде ахуалды бақылауға алу мақсатымен біз сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз», – дейді ДДСҰ Бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус.